ОҚУ ӘДІСТЕРІН ЖЕТІЛДІРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

 

Аметова А.Ж.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ, Қазақстан

Елбосын Б.И.

№24 қазақ орта мектебі,  Қазалы ауданы, Қызылорда облысы, Қазақстан

 

         Еліміздің білім беру жүйесі қазіргі кезде өзгермелі және өскелең талаптар мен қажеттіліктерді қанағаттандыра отырып, отандық білім саласын әлемдік білім кеңістігіне біріктіруге ұмтылыс жасауда. Бұл білім сапасын жетілдіру және оны жоғары деңгейге көтеруді алға тартады. Осыған сәйкес, ғылыми-зерттеу барысында әлемдік озық тәжірибелер мен отандық білім жүйесіндегі ерекшеліктер зерделенуде.    

         Осы ретте Қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың түйінді факторы ретінде үштілді білім беруді дәйекті түрде дамытуда  қазақ тілін оқытумен қатар үйренудің қажеттілігі артқан үстіне артуда.          

          Қазақ тілін оқытудағы мақсат – мемлекеттік тілде таза сөйлей білуге, сауатты жазуға дағдыландыру болып табылады. Тіл үйренушілердің ойлау, қабылдау, түсіну әрекеттерін жетілдіруде сауатты сөйлеудің маңызы өте зор. Бұл үшін  тілдің фонетикалық жүйесін, сөздің орфоэпиялық нормаларын, сөз және оның мағынасын, сөзді орнымен қолдана білуін, сөздің морфологиялық құрылымын, сөзден сөйлем құралу жолдары сияқты күрделі нәрселерді меңгереді. Оларға жалаң сөз жаттау ғана емес әрбір үйренген сөзін сөйлеуде, сөйлем құрамында дұрыс қолдана білуге үйретеміз. Олар сөзді көп білсе, жұмыстың басқа түрлері де ұйымдастырылады, түрлі жазба жұмыстары түрлері жетіле түседі. Әртүрлі жұмыс түрлері  оқу материалдарын меңгеру деңгейін анықтау үшін қажет. Сонымен бірге, білімді қайталаудың, тереңдетудің, баяндаудың және жүйелеудің құралы болып табылады.

Сабақ барысындағы іс-әрекеттер:

Ø Оқу, тыңдау, сөйлесу, айту, жазу;

Ø ойлау, талдау, салыстыру, топтастыру, түйіндеу;

Ø сөйлесім әрекеті арқылы басқа тұлғалармен сұхбаттасу, жұппен,  топпен жұмыс істей білу;

Ø тыңдалым әрекеті арқылы басқа топ мүшесінің, оқытушының айтқанын тыңдай білу, оны түсіне білу;

Ø айтылым әрекеті арқылы тыңдағанын, түсінгенін басқаларға сауатты түрде жеткізе  білу;

Ø оқылым әрекеті арқылы мәтінді түсініп оқу, түсінбегенін оқытушының, топ мүшелерінің көмегімен түсіне білу;

Ø оқу, тыңдау, сөйлесу, айту әрекеттерінде қалыптасқан дағдыларын сауатты жазуда тиімді қолдану.

         ХХ  ғасырдың  басында  Ж.Аймауытов:  «Сабақ  беру – жай  ғана  шеберлік  емес,  ол – жаңадан жаңаны табатын өнер» деген екен. Сондықтан оқыту әдістерін жетілдіру арқылы тіл үйренушілердің  белсенділігін,  қызығушылығын,  ұғуын,  ойлауын,  іскерлігін  арттыратын  жұмыстарды көптеп іздестіріп, жүргізу қажет. Мұнда оқытушының әр сабағы тыңдаушылардың есту,  көру,  ойлау,  сезу,  есте  сақтау  қабілеттерінің  бәрін  іске  қосатындай  дәрежеде ұйымдастырылуы  үлкен  рөл  атқарады.  Ал  сабақтың  мазмұндылығы,  тартымдылығы, түсініктілігі оның дұрыс ұйымдастырылуына байланысты.

         Сабақты дұрыс ұйымдастыру, әдіс- тәсілдерді орынды қолдана білу – оқытушының алдында тұрған ең басты мақсат. 

         Әдіс дегеніміз – оқу барысындағы міндеттерді дұрыс орындау үшін оқытушымен оқушылардың бірлесіп жұмыс істеуі үшін қолданылатын тәсілдері. Әдіс арқылы мақсатқа жетуге бағытталған жұмыстар ретке келтіріледі. Оқыту әдістері танымға қызығушылық туғызу керек. Олар оқушылардың ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді. Оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қамтамасыз етеді, теория мен арасын жақындатады. Тәсіл – оқыту әдісінің элементі. Тәсіл материалды түсінуге үлес қосады. Тәсілдер оқыту әдістерінің құрамына кіреді, әдістің жүзеге асуына көмектеседі. Оқыту әдістерінің басты қызметі – оқыту, ынталандыру, дамыту, тәрбиелеу, ұйымдастыру.

          Мысалы, А2 деңгейінде төмендегідей тапсырмалар беріледі:  

Тақырып: Біздің үй

1.              Сұқбатты толықтырыңыз:

                    Қайырлы күн, жаңа қонысың құтты болсын!

                    ..................................................

                    Сен қай жерден пәтер сатып алдың?

                    .................................................

                    Нешінші қабатта тұрасың?

                    .................................................

                    Ас бөлмесі үлкен бе?

                    .................................................

                    Аялдама, жұмыс орның үйге жақын ба?

                    .................................................

                    Мен де пәтер алуды жоспарлап жүрмін.

                    .............................................

                    Қоныс тойында кездесейік!

                    ...................................................

2.Өз бөлмеңізді (үйіңізді) сипаттап беріңіз және танысыңыздың досыңыздың бөлмесімен салыстырыңыз.

3.Газетке хабарландыру беріңіз:

*    Сатамын, сатып аламын, айырбастаймын, жалға беремін.

4.Тұрмыстық техника түрлерін таңдаңыз, сатып алу үшін менеджермен кеңесіңіз.

 

 

 Атаулары

Сізге қажет пе?

Теледидар

 

Тоңазытқыш

 

Компьютер

 

Электр пеші

 

Қысқа толқынды пеш

 

Шаңсорғыш

 

Үтік

 

Кір жуғыш машина

 

 

5.Жұптастырыңыз.

         Түсқағаз        үй

         Паркетті        шам

         кіреберіс        жапсыру

         қабырғаны     таңдау

         аспалы           жөндеу

Жиһаз            еден

Күрделі          бояу

         Киіз                бөлме

 

6.Мәтінді тыңдаңыз. Өз үйіңіз туралы  мәтін құрастырыңыз.

Біздің үй екі қабатты. Қала сыртында орналасқан. Ауласы кең. Үйде демалу бөлмелері, балалар бөлмесі, жұмыс бөлмесі, жатын бөлме, үлкен ас бөлмесі бар. Үйдің жанында қалалық аурухана орналасқан. Аялдама алыс емес. Қаланың орталығына бір сағатта жетуге болады. Кешке аулада көршілер жиналады. Көршілер тату. Біздің үй өте сәнді, заманауи үлгімен салынған. Қыста жылы, жазда салқын. Үйдің іші әдемі жиһаздармен жабдықталған.

         Сөзімізді түйіндей келе, қазіргі заман талабына сай өтілетін сабақтар білім берудің жаңа мазмұнына, өмір талабына сай, оқушылардың ой өрісіне ықпал ететіндей болу қажет.       

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Аймауытұлы Ж. Таңдамалы шығармалар. Алматы: Жазушы, 1991

2.     Педагогика. Учебное пособие для студентов педагогических вузов и педагогических колледжей / Под. Ред. П.И. Пидкасистого. - М: Педаг. Общество, 1998. - 640 с.

3.     «Қазақ тілі» пәні бойынша  оқу-әдістемелік кешені / Құраст. – Ж.А.Кенжебекова, А.Ж.Аметова. Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2015.