Филологические науки

 

Рапишева Жанат Дабылвона, фил.ғыл.,канд., Е.А.Букетов ат. Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті

Жеңісова Наргиза, филология факультетінің студенті, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ЭКОНОМИКА ТЕРМИНДЕРІНІҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ ТОПТАРЫ

 

Қазіргі тіл білімінде сөздерді біріктірудің екі жолы қарастырылады: тақырыптық және лексика-семантикалық. Тақырыптық жағынан топтастырулар заттардың ішкі арақатынасы мен шынайы құбылыстарға негізделетін болса, лексика-семантикалық тұрғыдан лексикалық бірліктердің тілдік жүйесінен игерілуіне негізделеді. Терминологиялық бірліктерді талдауда тақырыптық топтардың болуы шартты құбылыс, себебі терминдер арнайы ақпарат-түсінік беруге негізделген тілдік бірліктер санатына кіреді.

Экономика тікелей шаруашылық, басқарушылық қызметтерімен тығыз өзара байланысқа негізделгені баршамызға белгілі және бизнес нарықтық қарым-қатынастың алғышарттарына да негізделген. Соған сәйкес жаңа шаруашылық құрылғылар, еркін нарықтың жаңа заң-ережелері, экономикалық ақпарат пен коммерциялық жарнаманың маңызы күн санап артып келеді. Бұл іс-әрекеттер бизнес саласы бойынша келесі тақырыптық топтардың бөлінісіне алып келді: кәсіпкерлік қызметтердің түрлері, келісімшарттардың үлгілері, есеп айырысудың жолдары, коммерциялық қызметке негізделген ұйымдар мен бизнеспен айналысушы тұлғалар.

1. Тақырыптық топтардың ең көп бөлігін құрайтын терминдер кәсіпкерлік қызметтің түрлерімен байланысты. Кәсіпкерлік қызмет – азаматтар мен олардың бірлестіктерінің пайда немесе өзіндік табыс алуға бағытталған бастамашылық дербес қызметі. Кәсіпкерлікті азаматтар өз атынан, өзінің мүліктік жауапкершілігі кепілдігімен немесе заңды тұлғаның (кәсіпорынның) атынан және соның жауапкершілігі кепілдігімен жүзеге асырады. Бұл тақырыптық топқа келесі терминдерді жатқызуымызға болады: сауда-саттық, менеджмент, жарнама, сақтандыру, жалгерлік, көліктік қызмет, т.б.

Экономика терминдерінің тақырыптық топтастырылуы иерархиялық құрылымға негізделгенін ескеру керек. Яғни сәйкестендірілген терминологиялық бірліктер семантикалық белгісіне орай терминдік жүйеде жеке орынға ие. Бұл аталған тақырыптық топтың өз ішінде топшаларға бөлінуіне алып келеді:

а) сауда – тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, зияткерлік меншік нәтижелерінің айналымын, сатылуын ұйымдастыру жөніндегі шаруашылық қызмет аясы, яғни жеке адамның пайда алу мақсатымен тауарларды айналысқа түсіру, оларды сатып алу және сату жөніндегі шаруашылық қызметі. Бұл тақырыптық топшаға мына терминдерді жатқызуымызға болады: тауар, сатып алу, табыс, активтер, аукцион, офферта, консигнация, корссинг, жанама өтім (косвенный сбыт), сұрыпталым бойынша айырбастау (ассортиментный обмен), фьючерлік келісім,  т.б.

Аталған тақырыптық топша өз құрылымына келесі қосалқы жүйені біріктіреді:

сауда операцияларымен байланысты терминдер: айырбас (бартер) – тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді ақшасыз тікелей айырбастау [1, 11]; сауда делдалы, маклер, комиссияшы, агент (факторинг) – тапсырыскердің (клиент) айналым капиталын несиелендірумен айналысатын сауда операциясы [1, 83]; ыңғайласпа сауда (встречная торговля) мәмілелер жиынтығы, бұл мәмілені жасасқанда өнім сатып алу әр түрлі себептермен операциялардың тепе-теңдігіне қол жеткізу мақсатында тауарлардың жауап қадам ретіндегі жеткізілімімен ұштастырылады [1, 17] және тағы осындай көптеген мысалдарды келтіре беруге болады.

тауардың сапасына сәйкес терминдер: сарапшылық (бракераж) – тауарды куәлендіруі кезінде ақаудың анықталуы [2, 15]; өлшеуіш, үлгі, қалып (стандарт) – сапаға қойылатын талаптарға жауап беретін өнім түрі [2, 164]; топтама (лот) – тауар құнын өлшеуші бірлік [2, 71] және т.б.

тауар құнына байланысты терминдерді жатқызуға болады: бонификация – тауардың сапасы шартта көрсетілгеннен жоғары болып шыққан жағдайда сол шарттағы келісілген үстеме баға [2, 15]; шегерім (рефакция) – тауардың бүлінуіне байланысты сауда мәмілесі кезінде оның бағасын немесе салмағын шегеру [2, 62]; куәландырма (фактура) – нақты тауар құнын анықтайтын шот [2, 94].

ә) Бұл тақырыптық топша менеджмент аясындағы экономикалық терминдерді біріктіреді. Яғни кіріс пен нәтиженің деңгейін көтеру мақсатында басқарудың амалдары мен тәсілдерінің жиынтығы. Аталған тақырыптық топша өз құрылымына келесі қосалқы жүйені біріктіреді:

Бизнес саласы бойынша амалдарды жобалауға қатысты терминдер жиынтығы: гамак – жобаның қосалқы құжаттарын анықтаудағы жұмыс [3, 95]; тәуелділік (зависимость) – уақытқа қатысты шектеу немесе жұмыстың орындалуы бойынша шарт [3, 98]; Сондай-ақ оқиға, қор (резерв), тексеріс (ревизия), шығын (затраты), өзіндік құн (себестоимость), смета, кеміту (уступки), калькуляция, жағдаят (конъюнктура) және т.б. терминдерді де атасақ болады.

менеджментті басқаруды ұйымдастырудың құрылымына сәйкес терминдер жиынтығын көрсетуге болады: жүктелім (наряд) – ұйым басқарушысының анықтауымен жүргізілетін қысқа мерзімді жоспарлы жұмыс [3, 44]. қарқындандыру (интенсификация) – шығынды көбейту арқылы операцияның мерзімін қысқарту мақсатындағы ұйымдастырылған іс-әрекет [3, 52], сонымен қатар менеджментті басқаруды ұйымдастырудың құрылымына сәйкес терминдер қатарын ақыл-кеңес беру (консалтинг), кері байланыс (обратная связь), ішкі орта (внутренняя среда),  т.б.

б)  жарнамамен  байланысты тақырыптық топтар терминдері. Жарнама (реклама) – тауарлардың, қызмет көрсетудің тұтынушылық қасиеті туралы ақпарат беру және оған деген сұранысты көбейту мақсатында таратылатын хабарлама. Оларға мыналарды келтіруге болады: имидж – әсер ету мақсатында құрылған фирма тауарының таңбасы [4, 28]; индекс – көрсеткіш, реестр, бағалар тізбегі, есімдер, тауардың атаулары [4, 29]. Логотип – фирманың немесе ұйымның өз тауарын (өнімін, бұйымын) таңбалау үшін ұдайы пайдаланатын тауар белгісі [4, 43]. Сондай-ақ аңдатпа (аннотация), аранжирлеушілік (аранжировка), басорама, биенале, бирго-карта, бук-марс, бум, көрме (витрина), әрленім (дизайн), диарама,  доджер, зеро, картуш, үндеухат (листовка), таңба (марка), таңбалау  (маркировка), промоушн, нобай (проспект), көшірме (репродукция), ұран (слоган), спот, санақ (статистика), стереожарнама (стереореклама),  тезаврация, танымбелгі (эмблема), т.б.

в) cақтандыру бойынша тақырыптық топшаға қолайсыз жағдайларға сәйкес белгілі мөлшерде қаржылай өтемақы бойынша қызмет көрсету, салым бойынша активтердің кірісі туралы өтемақылы қор қызметтеріне сәйкес терминдер топтастырылған. Мысалы: кепіл (гарантия), мүлік (имущество), баға (оценка), сыйақы (премия), полис, өсімпұл (пеня), шегініс (регресс), фрашиза секілді терминдерді атауға болады.

г) жалға (аренда) беру қызметіне сәйкес тақырыптық топшалар мүлікті жалдау, ол бойынша жалға беруші жалгерге мүлікті жалақысына уақытша пайдалану секілді қызмет тұрғысынан терминдерді біріктіреді. Бұл тақырыптық топшаға букинг-нот – теңіз көліктерін жалға берудің бір түрі; дейстонт – кіші дүкендерге үлкен дүкендерді жалға беру болса, рейтинг – қысқа мерзімді көлік және жабдықтау құралдарын құқысыз келесі жалға беру.

2. Бизнес саласы мен оның қызметіне сәйкес келісімшарттың түрлеріне сәйкес топтастырылған келесі бір үлкен топ. Келісім-шарт (контракт ) – екі және одан көп тараптардың азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеу, өзгерту, тоқтату туралы ерікті келісімі. Бұл топқа мынадай терминдерді келтіруге болады: келісім-шарт (контракт), сақтандыру (стархование), фрахт және т.б.

а) келісім-шарт – сауда-кәсіпкерлік шарттың ең көп тараған түрі. Келісім-шарт – сыртқы саудада бір жақ келісім-шартта көрсетілген мүлікті (тауарды) екінші жақтың меншігіне беруге міндеттенетінін, ал екінші жақ өз кезегінде бұл мүлікті немесе білімді көрсетілген мерзімде алып, белгіленген бойынша төлеуге міндетгенетінін көрсететін құжат түрі. Келісім-шарттар өз кезегінде мынадай белгілері бойынша да бөлінеді:

Келісім-шарт түрлері: ұзақ мерзімді (долгосрочный), қазіргі (настоящий), жарамсыз(недействительный), негізгі (основной), алынған (полученный), мерзімдік (срочный), күшін жойған (аннулированный) келісім-шарттар, т.б.

Келісім-шарттың бап-тармақтары бойынша: шығын (издержки), баға, құн (расценки), алым (сбор), баға-тізбе, бағанама (прейс-курант), тиімділік (рентабельность), тариф және т.б.[5, 56].

ә) лицензия (жеке тұлға немесе ұйымның коммерциялық не өзге де ақпараттар көзімен белгілі бір мерзім аралығында қолдануға рұқсат беретін құжаттың түрі) термині аясында тектік тұрғыдан біріккен тақырыптық топшаға сый грамотасы (жалованная грамота), баспа құқығы (издательское право), лицензиялық паспорт (лицензионный паспорт), патенттік қамтамасыз ету (патентное обеспечение) сияқты арнайы терминдерді енгізуімізге болады.

б) көлік қызметіне байланысты келісім-шарттар топшасында мынадай бизнес терминдерді атап көрсетуге болады: авариялық бонд, демередж, дератизация, диспач, канцеллинг, коносамент, лихтер, рейминг, фрахт, чартер және т.б. терминдер.

3. Келесі бір тақырыптық топ өз құрамына төлеу, есептеу амалдары аясындағы терминологиялық бірліктерді шоғырландырған.

а) есептеу амалдары – ақша есептеумен байланысты белгілі операция түрі. Бұл тақырыптық топқа келесі терминдер кіреді: салым (вклад), қарыз (долги), қарыз (заем), күрделі қаржы (капиталовложение), өтеу қабілетсіздігі (неплатежеспособность), мерзімді ұзарту (отсрочка), төлем (платеж),  кепіл (поручительсто), табыс (прибыль), бөліп-бөліп төлеу (рассрочка),  есеп (расчет), депозит, қолма-қол ақша (наличные деньги), клирингілік шот (клиринговый счет), тратта, жәрдемақы (субсидия), ресурстар, ремитент,  инвестиция, валюта,  мөлшерлеме (ставка), маржа, дебет, сальдо, клиринг, банк операциялары (банковские операции), жеңілдік мерзімі (льготный срок), овердрафт, несиелік нарық (кредитный рынок), ссуда, алғытөлем (капитал), жеңілдікті кезең (грационный период), вексель, ақша (деньги) және т.б. терминдер.

Енді осы үшінші тақырыптық топ өз ішінде де тақырыптық топшаларға бөлінеді. Енді оларды жеке-жеке қарастырсақ:

ә) есептеу үлгілеріне мынадай терминдер кіреді: сенімдеме (аккредитив), кепілхат (аваль), алғытөлем (аванс), авиао, құптама (акцепт), ванос, төлеу (выплата), төлеу (уплата), т.б. Ал есептеу үлгілері де өз ішінде бірнеше түрлер бойынша топтастырылды екен. Мысалы: Сенімдеме (аккредитив)  үлгілеріне: кері қайтарып алынатын-қайтарып  алынбайтын аккредитив (отзывной-безотзывной), бөлінбелі-бөлінбейтін  аккредитив  (делимый-неделимый), расталған-расталмаған аккредитив (подтвержденный-неподтвержденный),  т.б. Құптама (акцепт)  үлгілері: банк құптауы (банковский), сөзсіз құптау (безусловный), толымсыз ризалық (неполный), шартты құптау (условный).

б) есептеу операцияларына негізделген терминдер болып табылады. Оларға келесі терминологиялық бірліктерді жатқызамыз: ақша бөлу (ассигнование), есептеу (расчет),  қаржыландыру (финансирование), несиелендіру (кредитование), аллонж, шегеріс (дисконт), депозитке салу (депонирование), демеуқаржы (дотация), цессия, бонус, т.б.

в) валюталық операциялар тақырыбы аясындағы терминдерге: құнсыздану (девальвация), құнсыздану (инфляция), конверсиялау (конверсия), баға белгілеу (котировка), дағдарыс (кризис), курстар (курсы), ескертпе (оговорка), тепе-теңдік (паритет), валюта бағамын қайта бағалау, ресми  түрде жоғарылату (ревальвация).

г) есептеудің жағдаятына сәйкес тобында жиі қолданылатын бизнес терминдер: төлем қабілеттілік (платежеспособность), өтемпаздық, өтемділік (ликвидность), залалдық (убыточность), несие қабілеттілік (кредитноспособность) [6, 201].

4. Коммерциялық қызметпен байланысты деп есептелетін мекеме тақырыптық топ өз ішінде үш топшаға бөлінеді: сауда мекемелері, қаржы  мекемелері, кәсіпкерлік бірлестіктер.

а) сауда мекемелеріне сәйкес қолданылатын бизнес терминдері: дүкен,  кооператив, сауда үйі, тауар биржасы.

ә) Қаржы мекемелеріне сәйкес қолданылатын бизнес терминдері: банк, қор биржасы, айырбастау бекеті, айырбас кеңсесі.

б) Кәсіпкерлік бірлестік-одақ мекемелеріне сәйкес қолданылатын бизнес терминдері: картель, концессиялық кәсіпорын, компания, бірлестік, фирма, консорциум, корпорация.

5. Бизнес саласына қатысты тұлғалар, мамандар бойынша топтасқан терминдер бесінші үлкен бір тақырыптық топты құрайды. Соларға тоқталып өтсек:

а) кәсіпкерлік қызметімен айналысатын тұлғалар: бизнесмен, делдал (брокер), бонифициар, бітімші (посредник), кәсіпкер (предприниматель), шеттен тауар әкелуші (импортер), делдал (дилер), саудагер, алыпсатар (коммерсант), банк иесі (банкир),  т.б.

ә) коммерциялық құрылымдарда қызмет етушілер: агент, маклер, менеджер, сенімді өкіл (доверенное лицо), комиссияшы (комиссионер).

б) кәсіпорындарда үлесі бар тұлғалар: жарнашы (пайщик), серіктес (партнер), жинақшы (вкладчик), акция иесі (держатель акций), вексель  ұстаушы (векселедержатель), т.б.

в) қарызы бар тұлғалар не ұйымдар : құптамашы (акцептант), аударма вексельді ұстаушы (трассант),  т.б.

г) коммерциялық қызметті тексеруші-бақылаушы тұлғалар: аудитор, тексеруші (контролер), бақылаушы (ревизор), салық қызметінің қызметкері (служающий налоговой службы).

Терминологиялық бірліктердің құрылымдары туралы сөз қозғағанда, зерттеушілер тіркесті терминдердің құрамдастарының құрылымына, байланыс тәртібіне, сондай-ақ олардың құрылымдық қатынастарының тәсілдеріне назар аударады. Бұл жерде терминологиялық бірліктерді жүйелендірудің жолдары қарастырылады. Бұл дегеніміз бір сөзден тұратын терминдердің тақырыптық, ұғымдық топтар құрып, ешқандай құрылымдық топтар құрмайды дегенді білдіре ме? Бір сөзден тұратын терминдерді қарастыру нәтижелері көрсеткендей, тіркесті терминдерге қарағанда, бір сөзден тұратын терминдерге дәлелділік, нақтылық тән. Бұл көпқұрамды құрылымдарды жасауда емес, күрделі атауларды жасауда, сондай-ақ қосымша компоненттерді, аффикстерді қосу арқылы терминдер жасауда да көрініс табады.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Орысша-ағылшынша түсіндірме сөздік. – Aлматы, 1991. – 225 б.

2. Нарықтық экономика терминдерінің сөздігі. – Алматы, 1991. – 200 б.

3. Толковый словарь по управлению проектами. – Алматы, 1992. – 112 с.

4. Словарь-справочник терминов и понятий, применяемых в рекламной практике. – М., 1992.

5. Ақша, несие, банктер теориясы: Оқулық. – Алматы: Жеті жарғы, 2011.

6. Экономика және қаржы. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. – Алматы: Мектеп, 2003. – 304 б.