Семей полигоны
тақырыбындағы
әңгімелердегі ғасыр қасіреті
Айтбаева Айман
Ералықызы ф.ғ.к., доцент
Жақсылықова Сабира К-13-1 оқу тобы студенті
Қорқыт Ата
атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті. Қазақстан
Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев
Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарған күні – 1991
жылдың 28 тамызы. Көреген саяси көзқараспен
Қазақстан жаппай қырып жоятын қару жарақтан бас
тарты. Мұны әлем жоғары бағалады. Ядросыз өмір үшін
күрескен қазақ елінің басты мақсаты Семей
полигонын ғана емес, жер бетіндегі басқа да полигондарды жабу
болды. Осы аталмыш қасіретке толы жын жайлаған меңіреу
өлкенің трагедиялы күйінен қазақ
қаламгерлері хабар беретін туындыларын жазды. Бүкіл дүниені
алаңдатқан Семей полигонының адамзат баласына әкелген қасіреті
туралы әңгімелерге өз үлестерін қосты.
Олардың қатарын А.Алтайдың «Кентавр»,
А.Жақсылықовтың «Малғындар түсі» (2006),
Н.Ораздың «Жылқының көз жасы» (2007),
Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне»,
«Қаралы төбе», Д.Рамазанның «Соңғы дем»
әңгімелері толықтырды. Сонымен бірге атом зардабы-
драматургияның да сәтті игерген тақырыбы болды. Қазіргі
қазақ әңгімелерінің ішінде жазушы Р. Мұқанованың
психологиялық тақырыпта жазылған әңгімелері
өзіндік ерекшеліктерімен дараланады. Жазушының осы тақырыпта
жазылған
«Құбыжық» (2002), «Қаралы төбе»,
«Өзің», «Тұтқын» (2003), «Композитор»,
«Мұқағали» т.б. әңгімелерін атауға
болады. Жазушы Жүсіпбек
Қорғасбек: «Роза
Мұқанова шығармаларын адамның жанына
үңілуден туындатады. Адамның жаны үлкен қасіретте
барынша ашылады. Роза адам қолымен жасалған хайуани
қасіреттен адами мағына іздейді. Сезімге тиетін детальдар
табады»[1.4],-деп Р.Мұқанова әңгімелеріне талдау
жасайды.
Р.
Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне»
әңгімесінің басты кейіпкері Ләйлә - атомдық сынақтар
жасалған жарылыс даласының дәл кіндігінде — Қарауылда
туған зағип қыз. Прототипі –
Еңлік атты Семей қаласының тұрғыны. Әңгімедегі жалпы
психологиялық-эмоционалдық ахуал зарлы, шерлі. Сынақтан
зардап шеккен жұрт қатары күн санап сиреуде.
Қарауылдың басында азалы үн толастар емес. Күн сайын
көз жұмып, дүниеден көшіп жатқан
ауылдастарының қазасы ауыл-аймақтың еңсесін езіп
жібергендей. Адам қолынан
жасалып, жанына бітпес жара салған осынау қасіреттен зардап шегуші
тағы да - адам.
Әңгімеде жаны жаралы Ләйлә көбінде аймен
сырласып, бар мұң-зарын,
қайғы-қасіретін соған айтумен болады. «О, жарық Ай, мүсіркеме сен
мені. Мен күнәсіз қыз баламын. Сезімім бүтін,
ақылым дұрыс. Бірақ мынау тіршілік дүниесінен безінген
жұдырықтай жүрегім кек пен қасіретке толы» [2.,119]
- деп қамығады.
Осындай уақытта «Қатираның
оқудағы баласы келін әкеледі екен», «Той болады!» деген хабар
бүкіл ауылға бір қуаныштың бастауы сияқты,
өзгеше бір сілкініс әкелгендей. Ал Ләйләнің
тіршілігі мүлде бөлек.
Ол күн батысымен
сұғанақ кездерден аулаққа, Тереңсайға
жасы- рынып, көктегі аймен сырласуды әдет қылған.
Мүгедектігінен, жетімдігінен жуасып, жасып қалған шарасыз
қыз үнемі жұрттан жырақ жүреді. Оның ішкі
зарын, мұң-наласын Ай ғана құлақ асып
тындап, ұғып тұрған тәрізді көрінеді.
Рухани, физиологиялық тұрғыда бой жетіп келе жатқан қыздың ішкі
дүниесі арманға толы. Ертеден қара кешке дейін кекетіп,
мұқатқан жұрттың сөзі мен көзінен
әбден қажыған бой жеткен терең сайға келіп,
мүлде басқаша тіршілік кешеді. Мұнда ол өзін
бақытты, үріп ауызға салғандай сұлу деп санайды.
Себебі мұнда оның сыртқы мешелдігіне көзін сатып,
сұқтана қарайтын адамдар жоқ, Жаны сұлу да таза
жас қыз өзін осы жерде ғана еркін сезінеді. «Бүгін
менің туған күнім. Жиырмадамын, жарықай!
Тұлымшағы желкілдеген жас бала емес, бой түзеген
Қарауылдың сұлуы Ләйләмін... Е...е...ей,
Ләйлә-қызбын. Бозбаланы ынтықтырып,
Тереңсайға қашамын»; «Түрім дейсің бе?
Түрім әдемі...і...і...і. Кім сияқты дейсің бе? Кім
сияқты десем екен? Роза Рымбаева сияқты сұлу...у...у...
Сұңғақ бойлы, биік қабақ,
аққұба қыз Ләйлә келе жатады... Әдемі ғой,ә!» [2.,126].
«Мәңгілік бала бейне» атты әңгімесінің
кейіпкерлері бір-біріне
ұқсамайтын жаны дертті жандар.
Әңгімедегі тағы бір
драмалық бейне — Шөкіш. Ол өзінің, отбасының,
халқының басына түскен қайғылы халден
есерсоқ жындыға айналған. Баласын мүгедек болып
туылғандықтан, өскенде елден зәредей қорлық
көрмесін, азаптанбасын деп суға ағызып жіберген. Қанды
қолының қылмысын, ішін күйдірген қасіретін
ұмытамын деп ақыл-естен де айырылған Шөкіштің
зары жан түршіктіреді. Ол да өз ішінде қамалған, іштей
саналы ғұмыр кешіп, сырттай есерсоқ күй кешкен
байбақ. Ләйлә сияқты полигоннан зардап шеккен
мүгедек-кемтарлардың көзін жою керек деген пиғыл
көкейінен мықтап орын алған. Ләйләнің Аймен
сырласуын көріп қалған Шөкіштің мына ойлары
есерсоқ жындының емес, қасірет пен зұлымдықтан
қабырғасы қайысқан жанның ішкі толғанысы:
«Бұл кейпіңнен Қарауыл ғана емес, күллі
қазақ түршігер. Аярлары құнжыңдап,
білімдісі күрсініп, надандарын оятар. Қарауылдың
қасіретін түсініп, оянар болса, сен керексің, мүсіркеп,
мазақтар болса... қажеті жоқ, онда» [2.,128].
Мына жарық дүниеде
ұсқынсыз кейпімен азаптанып күн кешкенше және
өзгелердің жанын жаралап азаптағанша мүлде
көздерін жойсын деп ойлайды қасіреттен жүрегі
шайлыққан Шөкіш. Ол Ләйләнің аянышты
тағдырына қинала қарайды. Себебі оны көрген сайын
бұның жан жарасы сыр береді. «Орындалмас арманға
құлаш сермеп, шаршадың-ау, зарықтың-ау.
Күнәсіз ақ періште, кімге сөйлеп отырсың.
Телміріп қиялыңды кімге айтасың. Айға?..
Тәңірге?.. Маған?..» Маған ба?.. Маған айтар
арызың жоқ. Естіртпе! Өлтіргенмін сол күні...
Зарлағанды тыңдамайды бұл Шөкіш. Өлтіргенмін...» [3.141].
Шығарма оқиғаларының тізбегі XX
ғасырдың соңындағы — тоқсаныншы жылдардағы
қазақ елінің саяси-әлеуметтік жағдайын шынайы
суреттейді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары
депутаттыққа үміткер азаматтар мен азаматшалар соңынан
шашпауын көтеріп, сөзін сөйлер нөкерлері мен сал-сері
артистерді ертіп ауыл-аймақты аралауды «дәстүрге»
айналдырғаны белгілі. Осындай бір топ пьесада Қарауылға да
келіп жетеді. Қайтсе де көп дауыс алуды көздеген топ
жергілікті халықтың қайғы-мұңын өз
мүдделеріне пайдаланбақшы. Осы мақсатта Ләйләні
«бетке ұстап», митинг өткізуді бұлар үгіт-насихаттың
таптырмас әдісі деп табады. Мұндай қорлыққа
шыдамаған Ләйлә жан күйзелісінен көз жұмды.
Қазіргі әңгімелердің
ішінде экологиялық тақырыптарға да өзгеше
өң беріп, көркемдік ізденістерімен толықтырып
жүрген жазушылардан Д. Рамазанның «Соңғы
дем»(2006), Н. Ораздың
«Жылқының көз жасы» (2007) әңгімелерін айта
аламыз.
Думан Рамазанның
«Соңғы дем» әңгімесінде өз елінің
тағдырына деген алаңдаушылық байқалады.
Әңгіме қазақ жерінде жасалған
сынақтардың кінәсыз құрбандары жайлы
толғанысқа толы. Семей ядролық полигонының
жарылыстарынан зардап шеккен бір ауылдың тұрғындары мен
Нүркен отбасынының тас-талқан болған тағдырлары
баяндалады. Иен қалған ауылда өсіп жатқан жас
ұрпақтың тағдыры да оқырманды бей-жай
қалдырмайды. Адамдардың ойлау жүйесіндегі кереғар
тұстар нанымды бейнеленген. Автор ара-арасында Семей өлкесіндегі
сәбилер өлімінің ұлғайғандығы,
қаншағы көтерілгендігі жайлы тәрізді
құрғақ деректерді де келтіреді. Жанталаса қаруланудың тежеусіз салдары әлемдік
экологиялық дағдарысты тереңдете түскендігі
оқырманның бойын шымырлатарлықтай деңгейде.
«Айналадағы шөп
сарғайып, қурай бастаған. Ойы он сақта, өзен
жағасымен iлби басып келе жатқан Гүлжан су бетiнде
қалқып жүрген өлi шабақтарды көргенде
әрi - сәрi күйге түстi. "Қайран,
"Шаған” бiр кездерi көздiң жауын алатындай
мөлдiреп, арнасына симай буырқанып жататын арынды өзен емес
пе едiң!”
Кенет, қатты жел тұрды. Аспанды қара қошқыл
бұлттар қаптап, жаңбыр себезгiлей бастады. Ауылға
тақай бергенде әлдененi шоқып жатқан үш
құзғынды көзi шалды. Гүлжан жақындағанда
олар дүркiрей көкке көтерiлiп, жерде жүнi
жұлмаланып, iшек-қарны ақтарылған ақ
көгершiн жатты»[4.,13]. Міне, кешегі қазақ
даласының экологиялық халі. Жазушы бір ғана «Шаған»
көлінің пейзажы арқылы экологиялық дағдарысты
нанымды суреттеген. Ал Н.Ораздың «Жылқының көз жасында»
әбден азып –тозған өлкені «Жын жайлаған меңіреу
өлке» деген тіркес арқылы береді.
Әңгіменің
басталуында көрер таңды көзімен атқарып, қиналып
жатқан Нұрбекті кездестіреміз. Небары үш-ақ кейіпкер.
Осылар арқылы сол заманның ауыр тұрмысын, қарапайым
халықтың басындағы дауасы жоқ дертті көрсетеді. Қолынан
аурудан құтқарар дәрмені жоқ дәрігердің
емі де жоқ. Тек ащы суды іше берсін, көбірек ішсін деген ем-дом
жасайды. «Нұрбек көрер таңды көзімен атқарды. Терезенiң сынығынан
аңқылдаған салқын желден үй iшi азынап тұр.
Суықтан бойы тiтiркенiп көрпе астында бүрiсе түседi.
Шырмауықтай шырмаған ауыр ойдан арыла алар емес. Басы
мең-зең. Төрде жатқан әйелi мен қыздары
алаңсыз ұйқы құшағында. Нұрбек
олардың ысырылып қалған көрпесiн жапқысы келiп,
басын көтеруi мұң екен, тұла бойы дуылдап қоя бердi.
Дәлірек
айтқанда, кейіпкердің ішкі рухани әлеміне үңілу,
жан сарайына психологиялық талдау жасау саласында терең
толғану , тынбай іздену керек болып отыр. Бұл тұрғыдан
алғанда Д.Рамазан кейіпкерінің халінен хабар бере отырып,
оның жан күйзелісін ашуға, оның себеп-салдарына талдау
жасай алған. Нұрбек жаны неге соншама қиналыс үстінде.
Күйеуінің қинала шыққан даусынан келіншегі
Гүлжан оянып кетеді. Нұрбек ауруын жұқтырып алам дей ме
ешкімді жанына маңайлатпайды. Гүлжанның «Арыстай азамат-ай»..
Ай,өмір-ай. Бір уыс болып, бүрісіп жатқанын қарашы»
деген сөздерінен жан азабын тартып жатқан Нұрбекке деген
аяушылығын көреміз. Қолынан келер дәрмен жоқ.
Сиырын саууға бара жатып, Гүлжан Қаншайым әжейден хал
сұрайды. Қаншайым халі де тым ауыр.
Автор адам қиянаттарының
тоқтатылуын баяндай отырып, оқырманды жақсылық пен жауапкершілікке
шақырады. Әдебиет сыншысы
Н.Ақыш «Заманауи тақырыптардағы қазақ
әңгімелері» мақаласында: «Н.Ораз, Д.Рамазан, Р.Мұқановалар
қазіргі прозаиктер көп қозғай бермейтін
тақырыптарға барады. «БОМЖ»-дар, қабіршілер, солардың
төңірегіндегі қиянат, зорлық, немқұрайдылық,
азу мен тозу көріністерін шынайы бедерлейді. Қоғам
енжарлығы мен жеке адам қасіретін замана қайшылығы,
табиғи тамыры терең кінәрат есебінде суреттейді. Көріп
отырғанымыздай олардың туындыларында романтикада бар, бірақ
трагизм басым. Бұл бітпейтін дерт сияқты. Қаламгер дүние
қайғысын шыдамның шерімен жазуды көздейді.
Поэтикалық ұстаным орайында постмодернистерге тән
бейтараптықты пайдаланады. Мықты тоқылған жамылғы
зерделі сананың ізгі жүзін жасырып тұрады» [6.,181],-дейді.
Суреткер
бүкіл адами проблемаларды, бір кезендік қазақ өмірін,
ондағы жаңа тіршілік-тынысты, сыртқы реалдық өмір
шындығын сана күресі, ой арпалысы, көзқарас
қақтығысы арқылы бейнелейді. Сөйтіп, жазушы Абат
қартты үлкен психологиялық образ дәрежесіне
жеткізеді.Сол жазылмас дерттен Абат жігіт кезінде қасқа
биенің сүті арқылы тәуір болады. «Сол жылы жазда
Құдай жарылқап қасқа бие құлындады
емес пе. Әй бір сүйкімді,әй,бір сұлу құлын
туды ғой. Иә, сол бір сүп-сүйкімді қызыл
құлынмен жарысып қасқа биенің бір емшегін Абат та
емді. Сүттей ішті, саумал күйінде ішті, қымыз қып
сапырып ішті. «Айналайын аруағыңнан қасқа бие-ай,
әуелі құдайдың, содан соң сенің
арқаңда сауығып, аман қалдым ғой. Бәлкім
шиттей бала шағамның көз жасын ескерген шығар, жас еді,
жалғыз еді деп есіркеген болар. Әйтпесе көздеп мені тура
келген ажал еді ғой ол...»[5.,48]. Абаттың
үйінен бір сәт те қымыз үзілген емес. Соңынан
ерген ұл-қыздарының барлығы Жынның дертінен аман,
ақыл-есі бүтін, ойы да, бойы да биік, келісті, келбетті азаматтар
болып өсіп, жетіліп жатты». Кім-кімнің болса да ойына
қасиетті жылқы малының сүтін ішкен
ұрпақтың ойы жүйрік, алғыр азамат болатынына осы
оқиға ой саларлықтай. Бүгінде бие сүтінің
ем болмайтын дауасы жоқ.
Сол
қасқа бие әл үстінде өлгелі жатыр. Көршісі
келіп, малды бауыздау керектігін айтады. Абат қатты шошып кетті.
Қол бармайтын іс. Не істеу керек?! Қасқа биені арулап
көму керек. Бірақ жылқыда зират бола ма? Бір болса
Құлагерде болар, Айтұмарда болар. Иә, санаулы
ғана сәйгүлікте бар. Енді, міне қасқа биеде
болмақ... Қасқа биенің құлыны күрең
атқа оның өлігін тиеп
сары бел жаққа бет бұрды. Күрең атты анасы
қасқа биені жер қойнына беру сәтінде көзінен
жерге жас тамшылап тұрды». Қорыта айтқанда,адамды да, аңдарды да
алапат құшағына алған табиғат симфониясында
қаһармандық пен трагедиялық әуен басым. Екі
аяқтылардың қанқұйлы әрекеттерінен
қаншама өмір үзілді, қаншама кемтар ұрпақ
азап шегуде.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Қорғасбек Ж.
«Мәңгілік бала бейнені іздеу» // «Түркістан» газеті,
№19. 2014.
2.Мұканова Р. Муза. Әңгімелер мен
хикаяттар. — Алматы: Жазушы, 2014, — 328 бет.
3. Мұканова Р. Көп томдық
шығармалар жинағы. Т.2. — Алматы, 2008.
4.Ораз Н. Жылқының көз
жасы.-Алматы,2009
5.Рамазан Д. Соңғы дем.-Алматы:
Жазушы,2008
6.Ақыш Н. Қазіргі қазақ
әңгімесі.-Алматы: Арда.-181б
7.Қазақстан
халқы Ассамблеясы туралы Қазақстан Республикасының 2008
жылғы 20 қазандағы N 70-IV Заңы. http: adilet.zan.kz.kaz.Z080000070