ЖАСТАР АРАСЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Қызылорда қаласы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

оқытушысы, заңтану магистрі Саниязова Е.К

 

Қазіргі уақытта сыбайлас-жемқорлық әлеуметтік құбылыс ретінде әлемнің барлық елдерінде, оның ішінде Қазақстанда да тамырын жайып отыр. Сыбайлас-жемқорлық әлеуметтік экономикалық даму үрдісіне, рыноктық экономиканың құрылысына, инвестицияларды тартуға залалын келтіруде. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына да кері әсерін тигізуде, болашақтағы еліміздің дамуына үлкен қатер төндіруде.

Қазір әлем елдерінің алдында тұрған өзекті мәселенің бірі – жастардың  арасындағы  сыбайлас жемқорлық. Орасан зор салдары бар бұл әлеуметтік дерттен біздің қазақстандық жастар қоғамы да белгілі бір деңгейде зардап шегіп отыр. Сондықтан сыбайлас жемқорлық мәселесі мемлекет пен қоғамның бүкіл саласына қатысты өткір сипат алып, бұрынғыдан бетер өзектілене түсуімен назар аудартады. Себебі, жемқорлық дерті мемлекеттік қызметке баратын жастардың және  пара алатын лауазымды тұлғалардың беделін түсіріп қана қоймай, билік жүйесінің, сонымен қоса бүкіл әлеуметтік жүйенің құлдырауына әкеп соғуымен қауіпті. Алайда, еліміз тәуелсіздік алғалы бері қаншама заңнамалар қабылданып, сан алуан іс-шаралар үздіксіз жүргізіліп келсе де, бұл келеңсіз құбылыстың жолы кесілмей қойды.

Бүгінгі заманда жастар арасында сыбайлас жемқорлықтың таралуына:

-  жастардың жұмыссыздығы,

-   баспана мәселесі,

-  елдегі әлеуметтік ахуалдың әлі де төмендігі,

-  билік құрылымдарының жауапсыз іс-әрекеттері,

-  осы саладағы тиісті заңнаманың өз деңгейінде орындалмауы,

-   жастардың құқықтық санасы мен білімінің төмен болуы,

-  жастардың өз-өзіне сенбеушілігі,

-  жастардың санасына сыбайлас жемқорлық ұғымының дендеуі ,

-  қоғамда демократиялық дәстүрлердің сақталмауы, сот жүйесіндегі әділетсіздіктер және т.с.с. көптеген себептер әсер етеді. Әсіресе, жастардың сыбайлас жемқорлық көріністеріне көз жұмып қарауымен пара берушілікке бой алдыруы үрдіске айналғаны рас.

Жалпы, «мәдениет» ұғымының мағы­насы өте кең және бұл құбылыс ең маңызды әлеуметтік үдерістермен тығыз байланысты болады. «Мәдениет» түсінігі адамның қоғам мүшесі ретінде меңгерген білімдерін, білік-дағдыларын, қабілеттерінің жиынтығын білдіреді. Өзіңіз айтқандай, мәдениет ұғымының қолданыс ауқымы өте кең, рухани және материалдық мәдениет және т.б. түрлері бар, дегенмен барлық жағдайда оның қандай да бір нормалар мен ережелерге сүйене отырып, қоғамның маңызды элементі ретінде дамуын қамтамасыз етуге бағытталатынын көреміз. Осылайша «Мәдениет» түсінігі адам­ның өзін қоршаған дүниеге, әлемге, қоғамға көзқарасын білдіре отырып, оның болмыс-біті­мін айқындайды. Мысалы, кез келген адам өзінің сыбайлас жемқорлыққа деген көзқарасының мән-мағынасын анық та айқын ұғынуы тиіс. Соған сәйкес тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы, болмысы, іс-әрекеті қалыптасады. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы мәдениеті қалыптасқан адам жемқор­лықтың қоғам мен мемлекет, әрбір адам үшін қаншалықты қауіпті екенін сезініп, жемқорлық құбылысына қарсы тұратын болады, яғни осын­дай келеңсіз көріністерге мүлдем төзе алмайды. Сөйтіп, осы дерттің жойылуына үлес қосуы­на алып келеді. Мұның өзі сыбайлас жемқор­лыққа қарсы мәдениеттің азаматтардың саяси белсенділігін көтеруге ықпал ететінін көрсетеді.

Сондай-ақ, жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің толық қалыптасуы үшін бірқатар шарттар керек екендігі сөзсіз.

Ол үшін, ең алдымен, жастар:

-  сыбайлас жемқорлықты елдің дамуын тежейтін аса қауіпті қоғамдық дерт деп тану,

-  жемқорлық көріністерін анық ажырата білу,

-   мемлекеттің түрлі салаларында жем­қор­лықтың алдын - алу,

-   әр адамның пара беру және пара алуға қарсылығы, заңдардың орын­далуына үлес қосуы қажет. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы мәдениеттің болуы әр адамның құқықтық сауаттылығына да байланысты, бұл біреуде төмен, біреуде жоғары болуы мүмкін. Мемлекеттегі заңнамаларды жақсы білу әр адам­ның өз іс-әрекетіне деген сенімділігін нығайтады, сөйтіп ол сыбайлас жемқорлыққа қатысты кез- келген құқық бұзушылыққа тойтарыс бере алатын дәрежеге жетеді. Бұл әрине, әрбір адамның азаматтық ұстанымына, өмірлік қағидаларына, тұлға ретіндегі қасиеттеріне байланысты қалыптастады.

Сыбайлас жемқорлықсыз қоғамды құруда отбасынан алынатын тәрбиенің маңызы зор. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау қоғамның түрлі салаларын қамтиды, оның ішінде, әсіресе, білім беру мекемелеріне жүктелетін жауапкершілік аса жоғары. «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасында: «Отбасы және білім беру саласы бұл үдеріске мүдделілік таныта отырып қатысуы керек [2, 21б.]. Бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған абзал», делінген. Мұнда өскелең ұрпақтың жас­тайынан құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастыру, отансүйгіштік бағыттағы құндылықтар негізінде тәрбиелеу міндеті қойылып отыр. Өйткені, азаматтардың өз құқықтарын жақсы білуі қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына бірден-бір ықпал ететін фактор. Еліміздің әрбір азаматы қандай да бір заңнаманы сәйкесінше қолдана білсе, мемлекеттік қызметкердің өз лауазымын заңсыз қолдануына жол бермесе, яғни заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиімді қолданса еліміз дерттен арылып, әлемдегі дамыған елдер қатарынан орын алуына үлкен үлес қосылар еді.

Осыған орай, қазақстандық әрбір жас:

-  Ең алдымен, құқық­тық сауатты

-  мәдениетті,

-  жемқорлық көріністерін ажырата білетін,

-   «нөлдік» төзімділігі қалыптасқан,

-  білімді, бәсекеге қабілетті болу керек

-  азаматтық ұстанымы айқын тұлға болуы тиіс.

Мұның бәрі елімізде құқықтық мемлекеттің іс жүзінде орнауына, заңның үстемдігіне, әр адамның қауіпсіз өмір сүруіне, қоғамдық тәртіптің нығаюына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына, ең бас­тысы ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты дамуға жеткізеді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Әсіресе, жастардың осы тұрғыда сауатты болуы қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ҚР заңы 2015 жылғы 18 қарашадағы заңы

2. 2014 жылдағы 11 қарашадағы 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы