Алмешова Алтынай Қасымбекқызы

Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институт, аға оқытушы

Адамбаева Айжан Сұлтанбекқызы, аға оқытушы, з.ғ.магистрі

Мүсіралиева Үміт, Ю-14-1 топ студенті

Қызылорда қаласы

Құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары

 

Бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекетіміздің болашақ жас ұрпақтарын тәрбиелеуде «Ата заң» нормативтерін жүйелі қолдану арқылы құқықтық тәрбие мәселесіне назар аудару – басты мақсатымыз.

Қазіргі таңда тиянақты білім беру жүйесінде оқушылармен тәрбие жұмысын дамыту басты мақсат болып отыр. Осыған байланысты мектептің алдына қоятын ең басты мәселелердің бірі - өркениетті, прогресшілдік бағыттағы, азаматтық-адамгершілік қасиеті мол, сондай-ақ ұлттық тілін жоғалтпаған, өзге елдегі замандастарымен тең дәрежеде бәсекелесе алатын биік, өрелі, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар жеке басының сапасын көтеру.

Тәрбие – қоғамдық үрдіс, қоғам мен жеке тұлғаның арақатынасын қамтамасыз ететін басты жүйе. Оның негізгі өлшемі өмірге қажетті тұлғаның жағымды қасиеттерін дамыту болып табылады. Оқушылардың сапалы тәртібі мен пайымды мінезін қалыптастыру, оған сәйкес сезімін және сенімін тәрбиелеу тәрбиешінің мақсатқа бағытталған іс-әрекетіне байланысты.

Тәрбиенің негізгі міндеті – қоғамның қажетті талаптарын әрбір баланың борыш, намыс, ождан, қадір-қасиет сияқты биік адамгершілік стимулдарына айналдыру. Қазіргі таңда әсіресе көп көңіл бөлінетін мәселе – құқық бұзушылықтың алдын алу. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу қоғамдағы қылмыстың алдын алудың аса маңызды аспектісі болып табылады. Заңды, әлеуметтік пайдалы қызметке және қоғам мен өмірге ізгілікті көзқарас қалыптастырып, жастарды қылмыстық қызметке жол бермейтін қағидаларға тәрбиелеу қажет. Қазақстан Республикасында кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қадағалаусыз және қараусыз жүруінің алдын алу жөніндегі заңнаманы қалыптастыру және дамыту жұмысы қолға алынған. Кәмелетке толмағандар құқық бұзушылығының алдын алуды тікелей не жанама көздейтін құқықтың қайнар көздерінің осылайша  көп болуы қоғамдық қатынастардың кез келген саласында кәмелетке толмағандар тұлғасының дамуын қамтамасыз ететін қолдау жүйесінің көзделгендігін көрсетеді. Әсіресе бұл қауіпті жағдайда тұрған және ерекше қорғау мен қолдауға мұқтаж жасөспірімдерге қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен оқытуда отбасының маңызы зор. Осыған орай мемлекетіміз отбасының, соның ішінде кеңейтілген отбасының тұтастығын сақтауға аса назар аударып отыр. Отбасында тұрақтылық пен береке болмаса, осыған байланысты қоғам тарапынан көмек көрсету әрекеттері сәтсіз болған жағдайда, тіршілік етудің балама орындарын пайдалану мүмкіндігін қарастыру қажет.

Қазіргі «Білім туралы» Заңның талаптарын орындау әлі  де  көптеген экономикалық – материалдық, құқықтық – нормативтік базаны нығайтуды,  құқықтық тәрбиені  шығармашылықпен  ұйымдастыруды, жаңа технологияларды тәрбие жұмысында кеңінен қолдануды, шеберлікті  қажет етеді. Сондықтан  мұғалім жаңа   заңдылықтармен  танысып, оны жұмыс барысында басшылыққа  алып пайдалануды, оқу-тәрбие үрдісінде ұтымды, тиімді, мақсатты қолдану жолдарын,  тәрбиенің әдістерін,  түрлі  формаларын  біліп, жаңа технологияларды кеңінен қолданғаны жөн. Жастарды құқықтық  сауаттылыққа  тәрбиелеу – олардың  қылмысқа ұрынбауына, өздігінен өмірдегі мәселелерді шешуде дұрыс шешім қабылдауына, келеңсіз, жағымсыз  жағдайлардан  тартынуына,  қоғамға пайдалы іспен шұғылдануларына  жәрдемдеседі. Қоғам талабы – заман талабы, өйткені «әр адам - өз заманының баласы». Сол себепті адамды заман билейді. Біз құқықтық мемлекет орнықтыруды мақсат етіп отырған елміз, яғни құқықты жаппай оқыту мен құқықтық тәрбие беру саласында жасалатын іс-шаралар бұл мақсатты айқындай түспек. Халықты құқықтық жағынан білімін жетілдіре түсу мәселелеріне мемлекеттің өзі баса назар аударуда.

Қазіргі кезеңде жасөспірімдер арасында құқықтық тәрбие жұмысы белсенділікпен жүргізіліп жатса да, тәртіп бұзушылар саны күннен-күнге өсуде. Дегенмен біздің қоғамда қылмыс бой берместей етек алып кетті деуге тағы болмайды. Азаматтарымыздың басым көпшілігі дұрыс өмір сүреді, балаларын жақсы тәрбиелейді, өзіне және қоғамға пайдасын тигізіп, еңбек етеді, білімдерін көтереді. Бірақ қылмыстың қауіпті екені соншалық, бір адам жасаған қылмыстың зардабы басқа бір адамға немесе адамдар тобына зиян келтіріп, оларды қайғы-қасіретке ұшыратуы мүмкін. Сондықтан қылмысқа қарсы күрес тек қана құқық қорғау органдарының ісі деп түсінбеу керек. Әрине, қылмыс істегендерге қарсы күрес бірінші кезекте полиция, прокуратура, соттың тікелей міндеті. Бұл органдардың қызметкерлері халық арасында заң тәртіптерін түсіндіру жұмыстарын, облыстағы, қаладағы, ауылдағы құқық тәртібінің жайын кеңірек хабарлап, өздерінің осынау қауіпті де ауыр жұмыстары жөнінде әсерлі әңгімелеп отырса игі болар еді. Әйтсе де, саналы азаматтар оларға үлкен көмек көрсетіп отыруы керек. Мұның өзі – адал ниетті, заңды мүлтіксіз орындап жүрген адамдардың өздерін қорғауға қажетті іс. Жасөспірімдер қылмысы жылдан-жылға өсіп барады. Міне, сондықтан да заң категориялары мен ол туралы түсінікті адамның рухани дүниесі қалыптасатын балалық шағында, яғни неғұрлым ертерек кезеңде сіңіре білу керек.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.      А.Ә.Маханбетова, Р.С.Егізбаева «Кәмелетке толмағандарды құқықтық мәдениетке тәрбиелеу», Алматы, 2010ж.

2.     Ғ.Сапарғалиев, А.Ибраева, «Мемлекет және  құқық теориясы», Алматы, 2007ж.

3.     Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі N591 Заңы

4.     "Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 26 қарашадағы N1086 Қаулысы