Өскемен
қаласы С. Аманжолов атындағы ШҚМУ
«Психология және педагогикалық
коррекция»
кафедрасының
аға оқытушысы
Смаилова Жанар Утегеновна, магистр
Өскемен қаласы С.
Аманжолов атындағы ШҚМУ
«Дефектология»
мамандығының
3 курс студенті
Елубай Айгүл Елубайқызы
Нейропсихологияның теориялық негіздері
және практикалық маңызы
Нейропсихология
– мидың локальды зақымдануын көрсететін материалдар негізінде
ми механизмдерінің психикалық үдерістерін зерттейтін
психология, медицина (неврология, нейрохирургия) және физиология
ғылымдарының тоғысуынан пайда болатын психология
ғылымдарының бір саласы. Біздің елімізде
нейропсихологияның әртүрлі мәселелерін зерттеуде А.Р. Лурия мен оның шәкірттері 50
жыл бойы көп еңбек сіңірді. 40-50 жж. нейропсихологияның
жеке ғылым ретінде қалыптасуына мынадай бірқатар себептер
әсерін тигізді: - біріншіден, жаңа физиологиялық теориялар
(П.К.Анохинның қызметтік жүйе теориясы және Н.А.
Бернштейнның көпдеңгейлі қозғалыс
құрылымының тұжырымдамасы). П.К. Анохинның
ұсынған жоғары дәрежелі психикалық қызметке
жүйелі көзқарас идеясы және Н.А.Бернштейнның
жасаған қозғалыстың тұрақты және
ауыспалы компоненттері туралы түсінігі А.Р.Лурияның теориялық
түсініктердің негіздеріне сүйенді, осы жағдайларды
адамның жоғары дәрежелі психикалық
қызметінің жүйелі динамикалық локализация
теориясының қалыптасуына қолданды; - екіншіден, Л.С.
Выготскийдің жоғары дәрежелі психикалық
қызметтің мәдени-тарихи дамуы тұжырымдамасының
пайда болуы. Л.С.Выготский қалыптастырған принциптер А.Р. Лурия мен
оның әріптестері жүргізген мақсатқа сай
бағытталған көп жылдық зерттеулерінің бастамасы
болды. Л.С.Выготскийдің зерттеулері әртүрлі психикалық
үдерістердің жүйелік құрылымын зерттеудің
ғылыми негіздеріне және мидың локальды зақымдануы
кезінде бұзылған психикалық қызметтердің орнын
толтыру мүмкіндіктерін қалыптастыруға сүйенді; -
үшіншіден, неврология, нейрохирургия мен патопсихологияның
жетістіктері. Ұлы Отан соғысы жылдарында миынан зақым
алғандардың саны көп болуына байланысты теориялық
зерттеулерге клиникалық тексеру жүргізуге мүмкіндік туды.
Б.В. Зейгарник өзінің әріптестерімен бірге мидың
табиғи жолмен зақымдануы кезінде ойлау үдерістері мен
күйзеліс өрісінің патологиясын зерттей отырып, нейропсихологияның
дамуына зор үлес қосты.
Нейропсихологияның
негізгі мақсаттарын атап өтуге болады: 1. Мидың локальды
зақымдануы кезінде психикалық үдерістердің
өзгеруін зерттеу. 2. Мүлдем әртүрлі психикалық
үдерістердің жалпы құрылымын анықтауға
мүмкіндік беретін нейропсихологиялық талдау жүргізу. 3.
Мидың зақымдану ошағын ертерек диагностикалау.
Соңғы жылдары балалар нейропсихологиясы жеке сала болып
бөлініп шықты. Бұл бала миының локальды
зақымданулары кезіндегі психикалық қызметтердің
бұзылу өзгешелігін зерттейтін нейропсихологияның жаңа
бағыты. Нейропсихологиялық диагностика онтогенездегі
психикалық қызметтер мен ми байланыстарының
заңдылықтарын түсінуге және қандай да бір
қызметтердің даму деңгейі мен қарқынындағы
ми ауытқуларының детерминанттарын анықтауға
мүмкіндік береді.
Нейропсихология
практика сұраныстарының арқасында қалыптасты, бірінші
кезекте мидың локальды зақымдануын диагностикалау қажеттілігі
және бұзылған психикалық қызметтердің
қалпына келу мәселесі тұрды. Нейропсихологияны іс
жүзінде қолданудың диагностикалық, реаблитациялық
және нейропсихологиялық сияқты бағыттары
бұрынғыдай өзекті мәселе боп қала береді. Диагностикалық бағыттың
мақсаты мидың зақымдалған аймағын анықтау
үшін әртүрлі нейропсихологиялық зерттеу әдістерін
іс жүзінде қолдану және жоғары дәрежелі
психикалық қызметтердің операцияға дейінгі және
одан кейінгі кезеңдегі жағдайының динамикасын бағалау
болып табылады. Бұл әдістерді жарақаттанған және
ісік шалған мидың зақымдалу материалы негізінде А.Р. Лурия
ойлап тапқан болатын, бірақ оларды көбінесе инсульттерді
емдеу ауруханасында мидың басқа да зақымдану түрлерін
зерттеу үшін де қолданады. Қандай да бір сиптомдар ерте пайда
болып, кеш жойылатын мидың қызметтік жағдайында
көрінетін нейропсихологиялық синдромдар болғандықтан,
олар жоғары дәрежелі психикалық қызметтердің операцияға
дейінгі және одан кейінгі кезеңдегі жағдайының
динамикасын бағалау үшін жиі қолданылады. Одан басқа
бұл әдістерді нейрохирургиялық операциядан өткен
ауруларды дәрі арқылы емдеу кезінде бақылау үшін
қолданады. Реабилитациялық
бағыт бұзылған жоғары дәрежелі психикалық
қызметтерді, сөйлеуді, зияткерлік және мнестикалық
іс-әрекеттерді қалпына келтіретін нейропсихологияның
әдістерін іс жүзінде қолдану болып табылады. Қазіргі
кезде сау адамды зерттеу кезінде, мысалы, сыңараралық асимметрияны
зерттегенде нейропсихологиялық әдісті қолдану кеңінен
дами бастады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Е.Д.Хомская.
Нейропсихология
2.
Т.Г.Визель
Основы нейропсихология
3.
А.Р.Лурия
Основы нейропсихология