Сейдрахманова Раушан Избасаровна, Құттыбек Аида Құттыбекқызы

М.Х. Дулати  атындағы  Тараз Мемелекеттік Университеті, Қазақстан

Валиева Сарсекуль Ерсайыновна

Б.Момышұлы атындағы орта мектеп, Т.Рысқұлов ауданы, Қазақстан

Отбасы тәрбиесінде халық педагогикасының озық үлгілерін пайдалану негіздері

 

Отбасы ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан адам баласының өмір сүру ортасы. Халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарының сақтаушысы. Сондықтан отбасы тәрбиесі халықтың ой арманымен мол тәжірибесімен ұлттық дәстүрімен дамып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тарихи мұра. Отбасының ең негізгі, ең алғашқы мақсаты жас ұрпақты тәрбиелеу. Әрбір отбасында балалардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру ең бірінші ата-ана тәрбиесіне байланысты. Сондықтан да, әр ұрпақ өз уақытын, өз талаптарын негізге ала отырып, ата-ана тәрбиесін, отбасы тәрбиесін, яғни халықтық педагогиканы игеріп отырғаны жөн.

Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің қайта өркендеу жағдайында жастарды ұлттық дәстүрлерде тәрбиелеудің заңды обьективті қажеттігі туды. Халықтық педагогика арқылы оқушыларының - адамгершілік қасиеттерін қалыптастырудың педагогикалық мәні де оған қоғамдық салт-сана, әлеуметтік экономикалық, мәдени өмірден саяси көзқарас пен тарихи кезеңнің айқын айғағы болып табылады. 

Тілімізге, дінімізге, қайта мойын бүрған кезде, болашақ ұрпағымыздың өз ана тілін білмеуі, салт-дәстүрден бірте-бірте қол үзе бастағаны, әке-шешесін, ата-әжесін, бауыр еті баласын тастап кету, жетімсірету сияқты қатыгездіктің етек алуы, арақ ішу, есірткі пайдалану, зорлық-зомбылық, ұрлық жасау сияқты жағымсыз қасиеттердің көбеюі, біреудің айытқанына оңай ерігіштік, көнгіштік, табансыздық, тағы басқа да сүреңсіз жағдайлардың етек жайып еркінсуі-халықтық тәрбиеден қол үзудің салдары екені даусыз. Жағымсыз құбылыстардан құтылу үшін халқымыздың өзі жасаған, ұлттық дәстүр, салттарын оқу-тәрбие ісіне кеңінен пайдалану жолдарын іздестіру өмір талабы болды.

В.А.Сухомлинский халық тәрбиесіндегі Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімге толы аса маңызды еңбектерінің қайнар көздері оқушылардың терең танып-білуіне қол жеткізді. Ол мұндай қайнар көздер ата-ана махаббаты, бесік жыры, ана тілі, туып өскен жер табиғаты, халықтың тарихы және т.б. болатынын атап көрсетті[1].

Халықтық педагогика мәселелері ғылыми тұрғыда 19 ғасырдың екінші жартысынан бастап  А.Н. Измайлов, С.А.Ұзақбаева, К.К.Қыдыралиеа және т.б. өз еңбектерінде халықтық педагогиканың түрлі бағыттарын қарастырады. «Халықтық педагогика - тәрбие мен оқыту саласындағы халық бұқарасы білімдерінің, іскерліктердің, дағдылардың жиынтығы, солардың негізінде ұрпақтан-ұрпаққа халық шығармашылығы арқылы беріліп отыратынын әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер қалыптасқан». Халықтық педагогиканың мақсаты - ата-бабалар тәжірибесінің ең жақсы мұраттарында бай ұрпақты тәрбиелеу[2].

Халық педагогикасы ұлт тәрбиесіне қатынасты барлық өмірлік негіздерді қамтып, ұлттық ерекшелікті даралай көрсетуге, сонымен қатар барлық адамзаттың мәдени тарихын даралай көрсетуге үлесін қосады. Ы.Алтынсарин және оның пікірлестері мен ізбасарлары халық ағарту жүйесін құра бастады. Қазақ мектептері ашылып, ұлттық тәрбие ордасын құру барысын зерттеу және қолдану жолдарын анықтау мәселесі тереңдеді[3].

Дүниенің ең асылы, бағалысы Адам болып саналады. Олай болса сол асылдың бойындағы ең басты шешуші қасиеттері неден тұрады деген сауал туындайды. Осы жас ұрпақтың адамшылық сипаттарының негіздері қандай болмақ деген сұрақ Абайды қаттты ойландырған, толғандырған. Ұлы ақын мұны «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым»- деп берілетін тезисінің негізінде таратып, түсіндіріп отырғанынан көреміз. Осы мүдде тұрғысынан  Абай адам болам деп талпынған әрбір талапты жастың бойында адамшылықтың қандай нәрі, ізгіліктің сипаттары басым болу керектігін алғаш рет «Ғылым таппай мақтанба» деген атақты өлеңінде саралап, көп нәрсенің төркіне назар аударады.

Абай «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретін себебі жұмысының жоқтығы», «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық-аздырар адам баласын» дейді. Үлкен саналы мақсат жақсы нэрсені үйренуге талпынбаса адам ақыл тізгінінен айрылып қалады, тоғышарлық алға шығады. Оны тек еңбек қана айықтырадың дейді ұлы ақын. Абайдың пікірінше, еңбек-мінездің де емшісі. Адам бойындағы жаман қасиеттерді тек еңбек қана жаза алады, жоя алады[4].

Қазақ халқының өнегелі дәстүрлері арқылы ұлтжанды терең білімді ұрпақты тәрбиелеу жайлы 20-шы жылдары ең алғаш сөз қозғаған М.Жұмабаев болды. Ол сол кездің өзінде-ақ бала тәрбиесінде халық педагогикасының үлгілерін кеңінен пайдалануды уағыздаған. Оның айтуынша әр тәрбиешінің қолданатын жолы - ұлт тәрбиесі. «Әрбір ұлттың баланы тәрбиелеу туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»- деген көрегендік тұжырым жасаған.  Өзінің «Педагогика» атты еңбегінде педагогика мен психологияның, физиологияның қарастыратын мәселелерін қазақ халқының өзіне тән ерекшеліктерімен ұштастыра отырып баяндайды. Мысалы, «балада,- дейді ақын және ғалым-психолог Мағжан,- анасын сүю сезімі оянады. Ананы сүю - анаға жауыздық тілемей, ізгілік тілеу деген сөз. Бірақ ес білген соң туысқандық сезімі, яғни араласып, айналасында жүрген адамдарды сүю сезімі оянады. Онан соң, білім тереңдетілген кезде, адамда елін сүю сезімі оянады. Өз елін сүю сезімі жер жүзіндегі барлық адамзатты сүю сезіміне алып барады. Бұл сөздерден көрінері - ізгілік деген сөздің дүрысы, толық мағынасы мынау екен: әр адамның өзін сүюі, яғни жауыздықтан безіп, ізгілікке ұмтылуы, туысқандарын сүюі, өз елін сүюі,  басқаларға зиян келтірткізбеу, ең негізінде барлық адамзатты дос һәм бауыр көру екен. Міне, кімде-кім өзін сүйсе, туысқандарын сүйсе, өз елін сүйсе, әсіресе адам баласын бауырым деп білсе, сол адамды ізгі деп атаймыз. Адамның шын мағынасымен адам болуы өзін-өзі сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбай, жалпы адамзатты сүюі шарт». Біздің ойымызша Мағжанның осы айтылған даналық сөздері адамгершілік тәрбиесіне тікелей байланысты. Олай дейтініміз, адамгершіліктің асыл қасиеттерін меңгеріп, бойға сіңіріп, дағдыға айналдырмай тәрбие мәселесін жан-жақты шешу мүмкін емес.

Кезінде М.Әуезовтың «Қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымың мен бесігіңді түзе» - дегенінде үлкен мән жатыр. Ал мұның өзі халықтық педагогика саласында терең мазмұнды, ғылыми тұрғыда дэлелденген зерттеулер жүргізуді талап етті. Кейіннен Қ.Б.Жарықбаев, М.Х.Балтабаев, Б.Әлмұхамбетов, С.Қалиев және т.б. алғашқы еңбектертері жарық көре бастады. Оларда қазақтың халықтық педагогикасындағы құнды ой-пікірлерге талдау берілді. Халықтық тәрбие саласында қалыптасқан дәстүрлері мазмұндалады, ондағы адамгершілік тәрбие берудің жекелеген әдістері мен амал-жолдары баяндалып, олардың қазіргі жағдайдағы тәрбиелік мәні саралап көрсетіледі[5].

Қазақтың халықтық педагогикасындағы балалар мен жастарға адамгершілік тәрбие берудің тамыры тереңде жатыр, оның өзіне тән жүйесі, ерекшеліктері, әдіс тәсілдері мен амал жолдарын қалыптастыруға үлес қосу біздің негізгі мақсатымыз. Сондықтан, еңсе көтерген қазақ елінің жаңа тұрпаты халықтық тәрбие жүйесінде ең алдымен өз халқының ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірибесіне арқа сүйері және оны қастерлеп дамыта түсуі заңды құбылыс болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Алтынсарин Ы. Таңдамалы педагогиалық мұралары. Алматы. 1991.

2. Алдамұратов Ә. Жалпы психология. Алматы, 1996.

3. Әлімбаев М.. Халық-ғажап тәлімгер-Алматы, 1994.

4. Бержанов К., Сейталиев К. Ауыз әдебиетіндегі адамгершілік тәрбие мәселелері.

5  Бап-Баба С. Жантану негіздері. Алматы, 1998.