Бескемпірова Әйгерім Мұратқызы.

М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университеті, Қазақстан

Жаңа Жамбыл фосфор зауыты кәсіпорына жалпы сипаттама

   Кейінгі кезде химия өнеркәсібін өркендету – еліміз экономикасының қарыштап дамуына қол жеткізетіні тағы да іс жүзінде дәлелденуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2008 жылы облысымызға жұмыс сапарымен келген кезде химия өндірісін кешенді өркендету бойынша Жаңа Жамбыл фосфор зауытында республикалық кеңес өткізді. Кеңесте сөз сөйлеген Президент: «Химия кластерін дамытатын кез келді. Еліміз фосфор кені жөнінен әлемде төртінші орында. Оның 15 миллиард тонна қоры барланған. Кейінгі кезде көптеген мемлекеттер азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салуда. Ауыл шаруашылығы өнімін мол өндіру үшін минералды тыңайтқыш аса қажет. Қытай мен Үндістан мемлекеттері 60 миллион тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға әзір. Сондықтан да химия өнімдерін көп өндіру арқылы еліміздің әлеуетін арттыруға болады» деді. «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі фосфат кенін барлау, оны өндіру, өңдеумен және өткерумен шұғылданады. «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені қарамағындағы 6 кеніште барланған 1 миллиард 600 миллион тонна кен шоғырланған. Жаңатастағы 3 және Қаратаудағы осы мөлшердегі кен көздерінде өндірілген фосфор әуелі ұсақтау, сұрыптау, одан кейін оның бір бөлігі орталық байыту фабрикаларында өңделеді. Орталық байыту фабрикасында өңделген фосфор ұны сары фосфор өндіру үшін Жаңа Жамбыл фосфор зауытына, ал ұсақтау, сұрыптау фабрикасының өнімінің бір бөлігі Тараздағы Минералдық Тыңайтқыш зауытына жөнелтіледі. Жаңа Жамбыл фосфор зауыты «Казфосфат» ЖШС-дағы ірі филиалдың бірі. Компания өзінің өнімінің 94 пайызын Үндістан, Еуропа, ТМД және басқа да мемлекеттерге экспорттайды. Кәсіпорында минералдық тыңайтқыш, сары фосфор, триполифосфат натрий, трикальций фосфат және басқа да химия өнімдерінің 20 түрі өндіріледі. Химия өнімдері әлемнің 33 еліне экспортталады. «Казфосфат» құрылғалы бері 14 жылдың ішінде 380 миллиардтан астам теңгенің тауары өндіріліп, Қазақстанның химия өнеркәсібіндегі көшбасшы компанияға айналды. Өндіріске осы мерзімде 46,5 миллиард теңге инвестиция құйылған. Өткен жылы кәсіпорын 69,3 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 66 миллиард теңгенің өнімін өткерген. Былтыр 2013 жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігі 22 пайызға артып, тауар сату 15 пайызға өскен. Осы мерзімде серіктестікте 30-ға жуық ірілі-ұсақты инвестициялық жобалар жүзеге асырылған. Олардың қатарында пеш газын кәдеге асыру, сары фосфорды зиянды қоспа – органикадан тазарту, құрамында фосфоры бар қалдықты кәдеге асыру, тағамдық фосфор қышқылы өндірісінің құрылысы, күкірт қышқылы өндірісі цехы құрылысы және түйіршіктелген натрий триполифосфаты өндірісі жобалары бар. Қазір зауытта жылына орта есеппен 130 мың тонна минералдық тыңайтқыш өндірілсе, жаңа жоба жүзеге асқан кезінде оның көлемі бірнеше есеге ұлғаяды. Сондай-ақ келешекте пеш газынан этонол өндіру көзделуде. Мұның өзі қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттар мөлшерін азайтумен қатар электр энергиясының тапшылығын жоюға игі ықпалын тигізетін болады. Әлемдік қаржы дағдарысы кәсіпорынның өндірісті қарыштап дамытуына аз кедергі келтіріп отырған жоқ. Олар соған қарамастан еңбек ырғағын бәсеңдетпеуге күш салуда. Компания өз филиалдары мамандарының қатысуымен 2015 жылы энергетикалық және материалдық ресурстар, шикізат шығынын төмендету жөнінде бірлескен шара қабылдады. Мұның өз нәтижесін беруде. Үстіміздегі жылдың 4 айының қорытындысында мұнда 20,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Осы мерзімде 19,8 миллиард теңгенің тауары өткерілді. Кәсіпорын үстіміздегі жылы 71 миллиард теңгенің өнімін өндіруді көздеп отыр. – «Казфосфаттың» өндірісті қайта жарақтандыру жөніндегі 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бар. Бағдарламада жоғарыдағы мақсатты жүзеге асыруға 120 миллиард теңге қарастырылған. Осы мерзімде өндірісті жаңартуға 50 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бағдарлама толық жүзеге асқанда өнім өндіру көлемі – 5, өнім сату – 4 және еңбек өнімділігі 3,5 есеге өседі. Мұнда халық шаруашылығына аса қажетті сары фосфор, термикалық фосфор қышқылы, триполифосфат натрий, гексаметафосфат натрий және феррофосфор өндіріледі. Сары фосфор тұрмысқа қажетті заттармен қатар оқ-дәрі өндірісіне қолданылады. Термикалық фосфор қышқылы түрлі фосфор тұздарын түзуге пайдаланылады. Кәсіпорын кейінгі кезде үздіксіз қайта жарақтандыру жұмысын жүргізу нәтижесінде өнім өндіру көлемін және сапасын бірнеше есе арттырған. Мәселен, осында кеңестік кезеңде сары фосфор өндірудің жылдық көлемі 82 мың тоннадан аспаса, өткен жылдың қорытындысында ол 100 мың тоннаға жеткен. Үстіміздегі жылдың 4 айының қорытындысында кәсіпорында 24957 тонна сары фосфор өндірілген. Филиалда соңғы 10 жыл көлемінде өнімнің өзіндік құнын төмендету, сапасын жақсарту, бәсекеге қабілетті өнім өндіру және қалдықсыз технологиямен жұмыс істеу мақсатында ірілі-ұсақты жиырмаға жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Мұның өзі қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттарды азайтумен қатар елеулі экономикалық тиімділік әкелді.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.  «Қазфосфат» ЖШС Қазақстан Республикасы, 2001-2015 ж.

2.  Мұнай және газ геологиясы танымдық және кәсіптік-технологиялық терминдерінің түсіндірме сөздігі. Анықтамалық басылым.- Алматы: 2003. ISBN 9965-472-27-0

3. Қазақстанньң физикалық географиясы, Алматы: Атамұра, 2008. ISBN 9965-34-809-Х

4. Мұнай және газ геологиясы терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігі. Т.Н. Жұмағалиев, Б.М. Куандықов. — А.: АРНGroup, 2000. — 328 бет.