Государственное  управление/ 2.Современные технологии управления.

 

«Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының магистранты Ертай Х.

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан Республикасы

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІН МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫҢ ЗАМАНАУИ ЖОЛДАРЫ

 

Еліміз егемендік алған алғашқы күннен бастап мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтің қазіргі заманғы тиімді жүйесін қалыптастыруға баса назар аудартады. Осы орайда елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Әбішұлы Үкімет алдына міндет етіп қойған әкімшілік реформасы республикамыздағы бүгінге дейін өзектілігімен танылып келе жатқан келелі өзгерістердің заңды жалғасы болып табылады. Ол ұзақ мерзімді «Қазақстан 2050» стратегиясында көрсетілген кәсіби мемлекет құру негізінде іске асырылмақ.  Реформаға сәйкес, мемлекеттік органдар құрылымдарын жетілдіру, шенеуніктердің жұмыс сапасына баға беру негізінде олардың жалақыларын ұлғайту, мемлекеттік қызмет көрсетудің оң сапасына қол жеткізу, сыбайлас жемқорлықтың тынысын тарылту және басқа да маңызды шаралар Қазақстанның әлемдік бәсекеге барынша қабілетті 30 елінің қатарына кіруіндегі басты  өлшемдердің бірі болып қалмақ. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылы жарияланған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына  жолдауында «Біздің міндет — Қазақстанда нарықтық экономика үшін оңтайлы болатын мемлекеттік қызмет пен басқару құрылымының осы заманғы, тиімді жүйесін жасау, басым мақсаттарды іске асыруға қабілетті үкімет құру, ұлттық мүдделердің сақшысы бола алатын мемлекет қалыптастыру» - деп айтып өткендей саяси сипаты бойынша да, әлеуметтік – экономикалық жағынан да мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудамыз. [1]

Мемлекеттің біртұтастығы мен қоғамның бірлігі – мемлекеттік басқару тиімділігінің нәтижесі, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізі және халықтың әл-ауқатын арттыру болып саналады. Ал бұдан билік пен басқаруды  ұйымдастырудың жалпыжүйелік нысанының түпкі маңызы туындайды.  Мемлекеттік басқару адамдардың әлеуметтік қызметін және соның негізінде қалыптасатын қоғамдық қатынастарды білдіреді. Ол әлеуметтік ортада жүзеге асатындықтан оған қоғамның әлеуметтік құрылымының тигізетін ықпалы зор.

Мемлекеттік басқарудың тиімділік мәселесі қазіргі кездегі ғылым мен тәжірибенің басты назарындағы мәселелердің бірі болып табылады.Бұл мәселеге шетел және ТМД елдерінің ғалымдары да өздерінің ғылыми еңбектерін арнағаны белгілі. Мемлекеттік басқарудың тиімділігінің категориясы келесідей түсініктер арқылы анықталады: «қоғамдық мақсаттар», «нәтижелер», «қоғамдық қажеттіліктер мен мүдделер». Олардың әрқайсысы мемлекеттік басқарудың саяси астарымен бірге  өзіндік белгілерін анықтайды. «Қоғамды мақсаттар» - түптеп келгенде – бұл саяси мәнді мақсаттар. «Нәтижелер» - (саясатта көрініс тапқан) қоғамдық қажеттіліктер мен мүдделерді қанағаттандырумен байланысты болатын объектілер, қызметтер, үрдістер. «Мемлекеттік ресурстар» - қоғамдық мақсаттарға сай болу тұрғысынан да, құқықтың негізделуі жағынан да мемлекетпен белгіленетін экономикалық, әлеуметтік, саяси, идеологиялық, ақпараттық капиталдары [1, 92 бет].

Мемлекеттік басқарудың тиімділігінің түсінігін анықтағаннан кейін тиімділік өлшемдерін қарастырған жөн. Тиімділік  өлшемдері басқарудың  көрініс табуының белгілерін, қырларын, әр түрлі жақтарын білдіреді. Оларды талдау арқылы басқару деңгейі және сапасы, оның қоғамның қажеттіліктері мен мүдделеріне сәйкес келуі анықталады.

Еліміз өзінің жаңа даму кезеңіне қадам басып келеді. «Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы Н.Ә. Назарбаев белгілеп берген басымдықтарға сәйкес мемлекетті басқару жүйесін одан әрі демократия¬ландыру, жекелеген билік өкілеттіктерін жергілікті орындарға беру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау сынды көптеген игі мақсаттарды жүзеге асыруға ерекше мән беріліп отыр. Осыған орай, елімізде мемлекеттік қызметтің дербес даму моделін әзірлеу жұмыстары қарқын алып, заңға да тиісті өзгерістер енгізілді [5].

Қазақстан Республикасының қазіргі таңдағы мемлекеттік басқару жүйесі 3 негізгі тәжірибеге негізделеді:

 1) Кеңес Одағының органдарының ұйымдастыру және қызмет көрсету тәжірибелері алынған;

 2) Алдыңғы қатарлы батыс елдерінің нормативтік шығармашылық қызметі қарастырылған;

 3) Мемлекеттік басқаруды  ұйымдастырудың жеке ұлттық ерекшеліктеріне сүйене отырып жасалған.

Кеңес Одағынан бері келе жатқан басқарудың кейбір қырлары жаңартуды, өзгертулерді енгізуді қажет етеді. Ал Батыс елдерінің басқару жүйесін толық көшіріп алу біздің ұлттық менталитетіміз бен мүдделерімізге, басқару құрылымымызға және әлеуметтік-экономикалық ортамызға сай келе бермейді.

Осыған орай мемлекеттік басқаруда туындайтын негізгі өзекті мәселелерге төмендегілерді қарастыруға болады: мемлекеттік басқарудағы бюрократиялық жүйенің мемлекеттік органдарда орын алуы; мемлекет пен қоғам арасында тиімді коммуникациялық жүйенің жеткіліксіздігі; сыбайлас жемқорлықтың орын алуы; мемлекеттік басқару органдарының кейбір функцияларының қайталануы.

Жоғарыдағы мәселелерге қатысты мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру үшін мынадай бірқатар міндеттерді қойып көрсетуге болады: мемлекеттік аппараттың санының өсуін шектеу; республикалық және аймақтық деңгейлер үшін мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық өсуінің бірыңғай ережесін, оның ішінде бірыңғай мемлекеттік қызмет жүйесінде кадр резервін тиімді қолдану механизмін әзірлеу; мемлекеттік қызметкерлерді әзірлеу, білімін жетілдіру және еңбегін бағалаудың қазіргі инфраструктурасы мен нормативтік негізін жасау; мемлекеттік қызметкерлерді тәртіптік және материалдық жауапкершілікке тарту мен себептерін белгілеу; мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын

aрттыру [2, 251 бет].

Осы әдістердің ішінде Қазақстан үшін ең тиімдісі «икемді күш» әдісін қолдануымыз керек. Себебі ол барлық ұсақ жемқорлыққа қарсы емес, ішкі саяси тұрақтылыққа қауіп төндіретін жемқорлықпен күрес ретінде болады. Ал қалған әдістер жемқорлықпен күреске бағытталған, бірақ одан толық құтылу әлем елдерінің тәжірибесі көрсеткендей мүмкін емес.

Қазіргі заманғы радикалды бюрократия мемлекеттік басқарудың тиімділігінің факторы ретінде мемлекеттік билік органдары мен қоғамдық институттардың төменгі буындарының бақылауында болғаны жөн. Әйтпесе басшылық лауазымдарды  өз мүдделерінің құралына айналдырып, тиімділікке қол жеткізуге теріс әсерін тигізеді.

Мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды орынды ақпарат алмасу және өңдеудің жоғары технологияларын енгізу, ақпараттық нарықты ұлғайту, ақпараттық инфраструктураны кешенді дамыту, ішкі ақпараттан шет қалуды жою орын алып отыр. Ол үшін әр аймақта интернет жүйесін орнату және шетел инвесторларын тарту арқылы өндірісте жаңа ақпараттық технологияларды енгізу. Интернет желісі арқылы кез келген ұйым тек ақпарат жинап қана қоймай, сонымен қатар әлемнің кез келген нүктесінде  тұрса да басқаруды қиындықсыз жүзеге асыра алады [3, 48-52 бет].

«Мемлекеттің негізгі мақсаты – біздің халқымыздың әл-ауқатын жақсарту. Халқымыздың әл-ауқаты Қазақстанның экономикасы осы салаға жұмсалатын қажетті қаражаттарға ие болса ғана жоғарылай түседі. Осы күнге дейін өзімнің жыл сайынғы Қазақстан Халқына жолдауларымда халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған қаражаттардың көлемін ұлғайту жөнінде мәселе қаралады. Адамдардың денсаулығы мен білім деңгейі – бірінші орынға ие» - дей келе, Елбасы экономикалық тұрақсыздық жағдайында әлеуметтік қызметтердің назарсыз қалмайтынын басып айтады [3].

Әлеуметтік саладағы реформалардың басты мақсаттары:

туылуды ынталандыру және өлім деңгейін төмендету бойынша шараларды қамтамасыз ету және салауатты өмір салтын насихаттау есебінен өмір сүру ұзақтығын көтеру арқылы демографиялық жағдайды өзгерту; медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру және тұрмыс пен өндірістегі жарақат алуды қысқарту, сонымен қатар көші-қон процестерінің реттелінуіне қол жеткізу;

әлеуметтік тұтынудың жоғары деңгейін қамтамасыз ететін табыстарды алуға мүмкіндік беретін еңбекке қабілетті халыққа қолайлы жағдай жасау арқылы халықтың аз қамтылған тобы үшін экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту;

экономиканың нақты секторында жұмыспен қамтуды ынталандыру;

халықтың экономикалық және әлеуметтік әлсіз топтарына тиімді мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету;

әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған қаражаттарды бөлудің жетілген мехнанизмін құру;

халықтың өмір сүру деңгейін, жұмыспен қамтылуды көтеру және кедейшілік деңгейін қысқарту;

     -  медициналық қызмет көрсету, жалпы және кәсіби білім берудің ашықтығы.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет институтының қалыптасуы мен оның бүгінгі күнге дейінгі жалғасып келе жатқан дамуы көптеген мәселелерді шешуді қажет етеді. Ол мәселелердің бірі республикада арнаулы әлеуметтік қызмет ету саласымен байланысты.

Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік реттеудің механизмдерін жетілдірудің мынадай жолдары белгіленеді:

1. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету жүйесін реформалау:

- әлеуметтік қызметтердің медициналық-әлеуметтік үлгісіне көшу;      

- әлеуметтік қызметтерді көрсетудің мемлекеттік стандарттарын өңдеу;

- ақылы және ақысыз негізде көрсетілетін әлеуметтік қызметтерді тізімін жетілдіру;

- әлеуметтік қызметтерді алуға құқылы азаматтардың барлық категориясының сапалы арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіуін қадағалау; 

2. Әлеуметтік қызметтерді көрсетудің институттық жүйесін жетілдіру:

- мемлекеттік емес секторда әлеуметтік қызметтерді көрсетуге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетіктерін енгізу;

- арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету нарығын кеңейту;

- өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдарды институттық қамтамасыз етудің жаңа формаларын дамыту.

3. Әлеуметтік қызметкерлер институтын қалыптастыру.

4. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетуді қаржыландырудың жүйесін жетілдіру (жаңа стандарттарды ескере отырып).

Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласын мемлекеттік реттеу процесін жетілдіру қажеттілгі  төмендегідей тұжырымдарға ұсынады:

1. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету мәселесіне кешендік тұрғыдан қарау қажет.

2. Мемлекеттік құрылымды, оның саяси және заңнама­лық құрылымын тез арада құрғанмен, адамдардың ділдік, дәстүрлік, әлеуметтік-психологиялық стереотиптері өзгеріп және т. б. алғышарттар жасалмайынша, мемлекеттің жаңа бастамаларын халық толық түсініп, іштей сеніп, соларға сәйкес жаңаша белсенді өндірістік-экономи­калық қатынастарды тиісті деңгейлерге өз еңбектері арқылы көтер­мейінше, тек мемлекеттің өзі ғана жаңа қойылымдарды іске енгізе алмайды. Бұл істе қатардағы азаматтардың, қоғамның басқа да әлеуметтік инс­ти­туттарының, соның ішінде мемлекеттік емес ұйымдардың, жаңа жағ­дайларда жаңа серпінмен ортақ істерге араласуы керек.

3. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің атаулығын тия­нақтау. Басқаша айтқанда, өмірдің қиын жағдайына тап болған адамның (отбасының) сұраныстары мен қажеттіліктерін анықтау және бағалау жүргізу. Сол критерийлерге байланысты тұрақты қайталанымды әлеуметтанулық зерттеулер жүргізіп отыру өте маңызды.

4. Мемлекет, сондай-ақ басқару органдары халықтың осал қабатын әлеуметтік қорғаудың мынандай жаңа жолдарын, құралдары мен әдістемелік тәсілдерін қарастырғаны жөн:

- аймақтық ерекшеліктерге сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетудің нақтылы бағдарламалары мен жоспарлары жасалынып  отырылуы;

- адамдардың демократиялық, саяси, құқықтық білімділіктерін, белсенділіктерін  қалыптастыру;

- мемлекет­тің қызметі халықтың бақылауы арқылы, оның өзінің араласуы арқылы жүзеге асырылуы;

- арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандардың біліктілігін жоғарылату курстарының жиі ұйымдастырылуы;

- арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында қызмет атқаратын мамандардың әлеуметтік мәртебесін жоғарылату.

5. Қоғам құрылымында үкіметтік емес ұйымдар секторының пайда болуы кездейсоқтық емес, ол - социум дамуының заңды салдары. Бұл терең экономикалық және әлеуметтік-саяси тамырлы құбылыс.

6. Жоғары оқу орындары шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерді оқытудың арнайы бағдарламаларын жетілдіру көптеген оңтайлы көрсеткіштерге алып келеді;

7. Арнаулы әлеуметтік қызметтің нысаны – халықтың әлсіз қабаты болса, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласын басқару субъектілері болып  мемлекет, коммерциялық ұйымдар және үкіметтік емес ұйымдар болып саналады. Қоғамның әрбір секторы халықтың әлсіз топтарына көмектесуді мақсат етеді, себебі 3 сектордың да өзіндік қызығушылығы бар [9].

Қорыта келгенде, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету тек мемлекеттің, өнеркәсіптің және оның қоғамдық қорларының қызметімен ғана шектелмеуі қажет. Арнаулы әлеуметтік қызмет сапасы тиімді мемлекеттік реттеу жүйесіне әбден тәуелді болып табылады.

         Қорытындылай келе, бұл жоғарыдағы аталған мәселелердің шешілу жолдарын жүзеге асырудың нәтижесінде мемлекеттік басқарудың аса тиімді деңгейіне көтеріле аламыз. Яғни, шалғай аудандар мен ауылдар үшін және кез келген басқару органдарының арасындағы ақпарат алмасудың жедел әрі сапалы болуына, бюрократиялық қағазбастылықтың кемуіне, сыбайлас жемқорлықтың ең төменгі деңгейіне жетуге және мемлекеттік органдардың функцияларының нақты айқын бөлініп қайталанбауына қол жеткізетінімізгеа нық сенімдіміз. Сайып келгенде, еліміз Қазақстан Республикасының жағдайы қазіргіден де артып, мерейі үстем болып, бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарынан жуық арада көрінетінімізге бар септігімізді тигіземіз. Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де, кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Мен айтып өткеннің барлығы жеңуге болатын, біз жеңе алатын бөгеттер. Біз көлденең шыққан кедергілерге кідірмей, дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатына қадам басамыз.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1.                     Қазақстан республикасы президентінің жолдауы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»

2.                     Ихданов Ж. Мемлекеттік басқару теориясы - Алматы: 2007.

3.                     Шоманов А.Ж., Бельгибаев С.Т. Реформирование системы государственного управления.- Атырау: 2004 - 270с

4.                     Богачек И.А. Системы управления в ХХI веке // Мост.

5.                     http://pa-academy.kz/index.php/ru/obuchayushchimsya/grafik-rubezhnogo-kontrolya/2-uncategorised/617-memlekettik-yzmetti-zha-a-modeli

6.                     Арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету саласын мемлекеттік реттеу әлеуметтік мәселе ретінде //Ұлт тағылымы. -№3. -2009. 315-318 бб.

7.                     Richard H.K. Vietor. How Countries Compete: strategy, structure, and government in the global economy. – Harvard Business school press, 2007.

8.                     Арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетудің институттық жүйесін жетілдіру мәселелері //«Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуы» тақырыбындағы жас ғалымдар, аспиранттар мен магистранттардың халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары, -Астана: ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, 2010. 205-207 бб.

9.                     Қазақстан Республикасының арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсету саласына сыбайлас жемқорлықтың әсері //«Сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясы: мәселелері мен басымдықтары» атты халықаралық конференциясының материалдары, –Астана: ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, 2009.