Бердишева А.О.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

МӘДЕНИЕТ- ҰЛТ ӨРКЕНИЕТІНІҢ КҮРЕТАМЫРЫ

                                                             

           

            Мәдениет мемлекеттің қалыптасуына, ұлттың ұйысуына, адамның азаматтық қасиеттерінің қалыптасуына өлшеусіз ықпал, шектеусіз қызмет ететіні хақ. Тәуелсіздігін алған елде мәдени фактордың жағымды ықпалы арта бермек. Мәдени қарым- қатынастың деңгейі ұлттық дамудың моделін жасауға немесе анықтауға оң ықпал ететіні даусыз. Мәдениет- біріншіден, тарихи дамудың нәтижесі әрі өлшемі; екіншіден, адамдардың қоршаған табиғи орта мен экономикалық мәселелерге ерекше бейімделуі; үшіншіден, адамдардың бойына биологиялық мұра ретінде берілмей, олардың үйреніп меңгерген мінез -құлығы мен әдебі. Оған адамдар жасайтын, ұрпақтан- ұрпаққа берілетін құндылықтар - құралдар, белгілер,ұйымдар, жалпы іс - әрекеттер, көзқарастар, нанымдардың бәрі де кіреді.

Қоғамдағы сенімнің, биліктегі жауапкершіліктің, адамдар арасындағы сыйластықтың, ұлттар арасындағы бітімгерліктің деңгейі мәдениетке, мәдени ықпалдастыққа  байланысты екенін түсінушілік артуда.

         Мәдениеттің маңызы адамның еркіндігі мен тәуелсіздігін, халықтың жарастығын арттырудан, білім беруді өндіріс пен өнер үлгісімен үйлестіруден, ел патриоттарын тәрбиелеуден білінеді. Мәдени қарым - қатынасқа орай адамның рухани- адамгершілік ниеттері қалыптасады, қоғамда ағартушылық жұмысы мен білім беру жүйесі жетіледі. Келісілген немесе өзара түсінісетін қимыл - әрекеттің аясын кеңейтеді. Мәдениет қоғамдық кеңестің қызметін жандандыруға, оның тәртібін ықпалдастыруға жөн салады, сол арқылы рухани және әлеуметтік ықпалды арттырады. Мәдениет адамның азаматтық және патриоттық сезімін сергітеді. Оның күш- қуатын қажетті деңгейге шоғырландырады. Нағыз патриот өз көзқарасына үйлеспейтін ой пікірлер мен тұжырымдарды біржолата жоққа шығармайды, қайта ел бірлігін сақтайтын, халық мүддесіне қайшы келмейтін ұстанымдарды төзімділікпен қабылдайды [1, 5б.].

         Н.Ә.Назарбаев Қазақ халқы Ассамблеясының XIX сессиясында сөйлеген сөзінде: «Этносаралық келісімді нығайту ұдайы күш жігер жұмсауды қажет етеді»-деп, ұлтаралық қатынастардың өзінен-өзі реттелмейтіндігіне назар аударды. Әр адамға ұлттық құндылықтары, үйренген ортасы соншалықты қымбат, қадірлі, тіпті өз ұлтынан артық құнды ештеңе болуы мүмкін емес сияқты. Сондықтан, басқа ұлттардың құндылықтары алыс, бұлдыр, көзге көрінерліктей бағалы емес деп қабылдауы да мүмкін. Ұлттық өркөкіректік бара- бара ұлылық дертіне, ұлттық масаттанушылыққа, паңдыққа шалдықтырады.

         Елді біріктірудің құралына айналған ұлттық тіл, мәдениет мәселелері жер- жерде, әр салада оңтайлы, нақты шешімін таппай, қоғамдағы қайшылықтардың ушықтанатыны күмән тудырмайды. Қазақстан Республикасы 2007 ж. «Мәдениет жылы» деп жариялады. Осы жеті жыл аралығында қоғамдық келісімді, халықтық татулықты, ұлттық бірегейлікті нығайтатын келелі іс- шаралар арнайы бақылауға алынды, соның ішінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама жасалынды. Еліміздегі «Мәдени мұра» бағдарламасының мәні – ескілікті, көнені аңсау емес, ұлттың бай рухани мұраның иесі екенін ең алдымен ұлттың өзіне таныту. Екінші жағынан, бұл – жаһандану заманының тасқынынан, сырттай қысымынан қорғану.     Тәуелсіздік пен еркіндікті нығайтуда мәдени фактордың ролі артты. Мәдениеттің ықпалын арттыратын бағдарламалар мен нормалар анықталынды, жинақталынды. Бағдарламадағы инновациялар өркениеттіліктің сұранысынан туындады.

         Тарихтың  алуан бет бұрысында ұрпақтар арасындағы сабақтастық, халықтың бірлік- бітімі мәдениет мәйегі аясында жаңғырды, жалғасын тапты. Халықтық болмыстың өзіндік өрісі мен өлшемі  мәдениетке, мәдени өнім мен алмасуға орай анықталына бастады. Тарихтан нәр алатын түп- тамырымыз мәдениетте сақталынатынын ұлттық деңгейде ұғынушылық артты.

         Өркениеттік тұрғыдан алғанда, адамдар мен халықтар арасындағы келісімде мәдениет түрлері қоғамдық шеңберде тоғысады,  мәдени бірегейлік нығаяды, мәдени серіктестік өрбиді. Десек те, бірінші ұстаным: өзгенікін де ұлықтайық, өзімізді де ұмытпайық. Мәдениет тұлғалықтың тәсілі, адам болудың құралы, сондай - ақ әлемдік тәжірибеге енудің пәрменді әрекеті екендігі күмән тудырмайды. Бірақта, осындай әлемдік тәжірибе мен өркениет үлгісі қазақтың тілі мен мәдениетін жетілдіруге қаншалықты қолайлы жағдай тудыруда деген мәселе толғандырады. Екінші ұстаным: Қазақтың келбетінсіз Қазақстанның тұрақты бүгіні мен болашағының бейнесін елестету мүмкін емес. Өйткені, қазақ республика халқының 70- тен артық пайызын құрайды. Бірақта, сандық көрсеткішті сапалық деңгейге көтеру үшін Қазақстандағы ұлтаралық өзара тәуелділікті, яғни, толерантты қағиданы басшылыққа алу шарт. Осыдан үшінші ұстаным: толеранттылықты мемлекеттік, ұлттық, мәдени саясаттың темірқазығына айналдыру.

         Әр ұлттың жинақтаған өмірлік тәжірибесін бір- біріне қарсы қойып немесе бірін жоққа шығарып, бірін жасанды түрле көтермелеу -  адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығынан, тіпті көптеген ұрпақтардың рухани жетістігінен айыру деген сөз. Халықтың даналығы бірлік, бітім, бәтуаны қолдайтын қағиданы басшылыққа алуында, ақылға бай, ойға терең, сезімге кенен, сабырлылығы мен ұстамдылығы айқын азаматтарға арқа сүйей білуінде, қажырлылық пен қайырымдылықты  әдет- ғұрыпқа айналдыруында. Сондықтан, халқымыз ойданып - толғанбай жансыз жерге «пышақ салудан» сақтанды  [1, 49б,].

Елдің, ұлттың рухани болмысына діннің жағымды ықпалы орасан. Діннің жағымды факторларын ескеріп, елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Елдегі саяси тұрақтылықтың бірден бір  кепілі ретінде Елбасы: «Біз мәдениеттер мен діндердің қатар өмір сүруі жағдайында өмір сүріп үйренуіміз керек. Мәдениеттер мен өркениеттер диалогына бейілді болуға тиіспіз. Тек басқа ұлттармен жарастықта ғана еліміз болашақта табыс пен ықпалға қол жеткізе алады»- деп бұл саладағы басты бағытты белгілеп берді.

         Стратегиялық тұрғыдан сараптасақ, толеранттылық саяси тұрақтылықтан, қоғамдық келісімнен, әлеуметтік түсінушіліктен, елді басқаратын қатынастан, татулықтан, ұлтаралық келісімнен және саяси этникалық - діни төзімділіктен тұрады. Мәдениеттегі толеранттылық тактикалық  амалды әрекеттен- төзімділік, шыдамдылық, сабырлылық, жанашырлық, қолдаушылық, көрегендік, мейірімділік сияқты ұстанымдардан құралады. Мемлекеттің дамуын және рухани мәдени келбетін қамтамасыз ету үшін төзімділік таныту, тіл табысу, өзара көмектесу- мәдени мүдденің мәйегі. Мәдени тәжірибенің үйреткені: өз халқың мен мемлекетіңнің мүддесін өзіңше қорғай біл, қамқорлық жаса; өзіңнің қабілет- қасиетіңді әрекетте көрсет. Бірлікте бас қосқан өз әлемін ашады. Ал, «өзінің тарихын қадірлемейтін, өзінің ұлттық байлығын бағаламайтын халық табысты да бола алмайды» (Н.Назарбаев)  Ұлағатты тоқтам көкіректің көлеңкелі астарына басып тастайтындай, соған меңзейді [ 3. 48 б.].

                   Мәдениеттіліктің жоғары түрі және көрсеткіші адам еркіндігі, ел егемендігі, мемлекет тәуелсіздігі. Еркіндік, егемендік, тәуелсіздік орныққан ортада қазақ елі: ашық сұхбатта басқа ұлттармен тіл табысты, жарасты ықпалға қол жеткізді; қоғамдық келісімді сақтады және нығайтуда; ұлттық мәдениет пен дәстүр артықшылығын қорғай білді, мәдени игілікті жинастыруда; мәдениеттер мен өркениеттер диалогына бейілділік танытуда; ұлт ретінде өмір сүрудің қоғамдағы тұрақты кепілдікті арттыруда. Бұл қағидалар мәдениеттіліктің ұстанымын құрауда, мәйегін құнарлауда.

         Біз - Мәңгілік Қазақтың перзентіміз. Мақсатымыз - туған ел мен жердің көсегесін көгерту. Басты идеямыз және арман аңсауымыз - Мәңгілік Ел идеясы. Елбасы Жолдауының өзегі осы. Мәңгілік дегеніміз - ұлттық бірлік, зайырлы қоғам екеніне  ден қоя отырып, жолдауда айрықша атап көрсетілгеніндей: «Тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы»  екенін ойлау парыз. Осыған ұйытқы болуға тиісті, елге ақыл да, нақыл да болуға міндетті  лауазым иелері ұлттық әдебиет пен өнердің уызына жарымай, ұлттық салт - дәстүрді ең құдіретті тәлімгер деп есептемей, бүкіл мәдениет атаулының  тәңірі - ана тілін жетік білмей, туған халқының жанын түсіне алмайды. Жолдауда көрсетілген ұлт мұратын көздеуде , мәдени саясаттың ұзақ мерзімді тұжырымдамасын әзірлеп, онда  ең алдымен , астамшылықтан ада ұлттық сүйіспеншілік туғызуға, ұлттық кіршіксіз бірлікке бастауға, ұлтты ұдайы ұлықтауға, ұлттық намысты оятуға, барлық салада ұлттық жоғары талғамды қалыптастыруға бағытталуы керек [2, 2б. ].

         Асылында біз, Жолдауда атап көрсетілген заманауи мәдениет кластерлерін дамыту үшін ұлттық мәдениеттің тұнығына бұрынғыдан да терең бойласақ, орынды болар еді. Неге десеңіз, біздің бүгінгі жас таланттарымыз әдебиетте Ақтамбердіні, Доспамбет, Қазтуғандардың тіл байлығы мен көркемдігін, Абайдың ойшылдығын, Қасым мен Мұқағалидың сыршылдығын, Мұхтар Әуезовтың кеңдігі мен Қадырдың тапқырлығын сіңірмей, жаңа сұңғыла дүние тудыра алмайды. Сондай тума таланттардың бай мұрасы балаларға мультфильмдер  түрінде жетіп, халыққа классикалық кино мен драмалық туынды болып оралуы керек.

Біз дамыған елдердің озық мәдениетін талғап таңдап қабылдай отырып, оларға төл мәдениетіміздің жауһарларын ұсынуға тиіспіз. Ғаламдық өркениеттің ғұмырбаянына көз салсаңыз, рухани байланыста болған елдердің жақсысын алып, оны ұлттық мәдениет арқылы байытып, сыртқы әлемге қайта ұсынатын ұлттар да жоқ емес. Мұндай елдердің ішінде Қытай көзге ерекше шалынады. Мәдениет дүниесінде бар бұл тәжірибе бізге де жат емес. Олай дейтініміз: әлемдік кино түсіру өнерін меңгере жүріп, қазақтың ұлы тарихын ұлттық бояумен  ғалам экранына шығару міндеті өткір тұр. Жаһанға өнерімен енбеген ел әлемнің көзіне мәдениеті кенже ел болып көрінеді.

Қазақ тіліне деген қажеттілікті қалыптастыру үшін, біз ана тілімізді білім беру стандартына түбегейлі енгізсек, оны игерушілір жүздеп, мыңдап көбейер еді. Егер біз, Елбасы міндет етіп қойғанындай, қазақ тілінің  2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етуіне, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналуына және ұлттың ұйытқысына қол  жеткізуге тиіс болсақ, мемлекеттік тіл ұлттық бірыңғай тест тапсырғанда негізгі пән ретінде қаралуы керек. Туған тілдің беделін осылай көтермесек, ұлт мәдениетінің ұпайын түгендей алмаймыз. Себебі, сана мен тіл – мәдениеттің негізі. Мәдениет өз кезегінде оларды жетілдіреді және рухани өмірдегі барлық жетістіктердің жиынтығы бола отырып, ұлттық салт - дәстүрмен өзектеседі. Ал салт - дәстүрің - халық пен тарих жазған ата заңың. Сондықтан да дәстүр мен мәдениетті Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы   - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты өткен жылғы Жолдауында ұлттың генетикалық кодына теңеген болатын [4, 2б.]. Олай болса, ата бабамыздың салт - дәстүрін ұлт өркениетінің күретамыры ретінде қарап, мемлекеттік қамқорлыққа алуға, қорғауға, насихаттауға тиіспіз және тәрбие көзіне айналдыру мәселелерін жан - жақты қарау парыз. Тілін төрге, рухын өрге оздырған, салтын сақтаған, өнерін дәріптеген ұлт шексіз уақытпен бірге жасай бермек, яғни ұлт - мәдениетімен мәңгілік бола бермек.

                                           

Әдебиеттер:

1.       Смайыл А.  « Ұлттық мәдениет» Егемен Қазақстан, № 145, 2014. 2б.

2.       Молдабеков Ж. «Мәдениеттілікті мәйектеу»,  «Ақиқат»  журн. № 3.2014.

3.       «Ата салтың  - халықтық қалпың» (Құрастырғандар А.Зәкірианов, М.Молдабаева)  Алматы: Рауан, 1998

4.       «Қазақстан жолы – 2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, Егемен Қазақстан, 2014