Музыка и жизнь/ Музыка: изучение и преподавание

 

Жайынбаева Ф.С.

Карагандинский колледж искусств имени Татимбета, Казахстан

Оқушыға қобыз-прима аспабында дыбыс шығаруды үйретудің кейбір мәселелері

 

Қобыз аспабы – қазақ халқының өте ерте заманнан, ұрпақтан – ұрпаққа мирас болған қасиетті асыл мұрасы. Қобыз аспабында ойнаған Қорқыт, Кет-Бұға сияқты халқымыздың дарынды сазгерлерінің біздің заманға күйлері жетіп, қазіргі жас орындаушылардың репертуарынан өз орнын алды. Қорқыт күйлерін бізге жеткізген дарынды күйші әрі сазгер Ықылас Дүкенов (1843-1916 жж.). Қорқыт атаның жиырмадан астам күйлері нотаға түсіріліп, жас музыканттардың орындаушылық қорының негізін қалады [1].

Қобыз аспабының үні, музыкалық дыбысы ерекше. Адам дауысына ұқсастығы бар. Қобызшы аталарымыз жан-жануар, құстың, т.б. табиғат көрінісіне байланысты құбылыстарды қобызда ойнап, дәл көрсете білген.

Ең алғаш прима-қобызда сабақ берген ұстаз - скрипкашы И.А.Лесман болды.  Консерваторияда 1945 жылдардан бастап профессор А.Жұбановтың өтінішімен скрипка класының мұғалімі И.Лесман алғашқы оқушыларының бірі Ф.Балғаеваға прима-қобызда шығарма орындау тәсілдерін үйретіп, сабақ беру әдістемесінің негізін салды. Талантты жас домбырашы Ф.Балғаева Лесманнан дәріс алып, прима-қобызды жете меңгеріп қана қоймай, прима-қобызда ойнайтын өнерпаздарды әзірлеген ұстаз болды [2].

  Прима-қобызда ойнау тәртібі қыл қобыз аспабындағы орындаушылықпен ұқсас: сол қолдың шектегі нотаны басу тәртібі, тырнақтың түбімен шекті нық басып, таза дыбыс шығару тәсілі бірдей. Қобыз аспабындағы дыбыс тазалығы әрбір музыканттың есту қабілетіне байланысты. Қобыздың пернелерінің болауы қобызшының есту қабілетінің өте өткір болуын талап етеді. Оқушының есту қабілетін дамытуда музыкалық оқу орнының оқу жоспарында белгіленген сольфеджио, гармония пәндері сабақтарының көмегі мол екенін әрбір оқушы түсінуі керек.

  Прима-қобыздың шектері темірден жасалған, бұрауы квинта интервалына келтіріледі (кіші октаваның ми, ля, бірінші октаваның ре, соль дыбысы). Сол қолмен қобыздың шегінен  дыбыс шығарудың  өзіндік қиыншылығы бар: біріншіден, сым шектен тырнақ тайып кете береді, сондықтан шекті тырнақтың түбімен басып, бірқалыпты басу қажет; екіншіден өте қатты, не өте жұмсақ басса дыбыстың тазалығы өзгеріп отырады. Аса қатты басса дыбыс жоғарылап, өте жұмсақ басса - дыбыс төмендеп кетеді, сол себепті дыбысты таза, дәл шығаруды меңгерту үшін жас музыканттарды осы ерекшеліктерді ескеріп, шекке тырнақты қою тәртібін үйрету  мұғалімнен аса мұқияттылықты талап етеді [3].

  Қобыз-прима аспабында оң қолмен ысқышты ұстау тәртібі скрипканың ысқышын ұстау тәсілімен бірдей. Бұл скрипка аспабына арналған шығармаларды орындағанда қажет негізгі штрихтарды меңгеруге көмектеседі. Осы тәсілді қолдану арқылы қазіргі қобызшылар шетел және орыс композиторларының шығармаларын қобыз аспабында еркін ойнайтын дәрежеге жетті десек артық болмайды.

Қобызда әдемі қою дыбыс шығара білу - үлкен шеберлік. Жас музыканттарға ысқышты шекке жүргізу тәсілін үйреткенде мұғалім ерекше ден қойып, асықпай, ерінбей түсіндіріп отыруы керек. Қобыз аспабында музыкалық дыбысты әсерлі шығаруда әрбір музыканттың орындаушылық шеберлікке жетуінің маңызы зор. Орындаушының техникалық ептілігі қанша мықты болса да, дыбыс әдемілігі жетіспей тұрса, ол шығарманы толықтай мәнерлеп орындады деп айту орынды болмас еді.

Қобызда дыбысты шығару және оның сапалы шығуы  оқушының ысқышты дұрыс жүргізу дағдысына байланысты. Сондықтан оң қолды қойғанда оқушының саусақтарын еркін босатып, білезік буыны мен саусақтарын жартылай бүгіп, бас бармақты жартылай бүгілген қалпында ортаңғы саусақтың тұсына орналастыруын мұғалім ұдайы қадағалап отыруы керек. Шынашақты бос ұстап, ысқыштың үстіне еркін, жартылай бүгіп орналастыруды талап еткен орынды. Сонымен қатар, оқушының оң қолын иықтан босатып, жауырынын тік ұстауына көңіл бөлу керек [4].

  Тағы бір айта кететін жайт: ысқышты ұстағанда бас бармақ ұзын болса, ол жартылай бүгіліп, егер қысқа болса, тік қойылуы керек. Оқушы ысқышты шектің үстіне жүргізген кезде бір жермен сызып отыруын және ысқышпен шектің «жанасу нүктесін» сезінуді, дыбысты қырылдатпай, біркелкі шығаруды талап ету - ең керекті шарт. Сондықтан, оқушының ысқышты ұстағанда қолдың құрысып қалмауына, буындардың бос болуына көңіл бөліп, шынтақ, білезікті бос ұстап, дыбысты біркелкі, қою шығаруға тырысуын талап еткен орынды. Жалпы ысқыштың қылын шекке түгел жатқызып, ысқыштың басынан аяғына дейін біркелкі дыбыс шығаруға оқушыны жаттықтыру – ойын шеберлігін жетік меңгертудің жолы. Егер дыбыстың күшін азайту керек болса, онда ысқыштың қылын толық жатқызбай, жартылай қисайтып, ысқыштың салмағын жеңілдете есуді оқушыға түсіндірудің  маңызы зор.

  Қобыз-прима аспабында дыбыс шығару тәртібін меңгерткенде жас орындаушының көңілін мұғалім мына мәселеге аударып отыруы керек: біріншіден, оқушының ысқыштың шекке жанасқандағы үйкеліс нүктесін тауып, оны сезіну дағдысын; екіншіден, ысқыш пен шек әрдайым бірімен-бірі тығыз байланысты болып, дыбыстың үзілмей жалғасуын сақтап отыру дағдысын қалыптастыру [4].

Ысқыштың шекке жанасқандағы үйкеліс нүктесі өзгеріп отырады, тиектен алыстауы, не тиекке жақындауы әуен ерекшелігіне байланысты. Осы ойнау нүктесінің көмегімен дыбыс күшін күшейтіп немесе бәсеңдету арқылы әуен нюанстарын ерекше орындауға болады. Дыбыстың әдемілігі, оның жағымды  әсері – бұл орындаушының ысқышты қандай шеберлікпен жүргізуіне байланысты.

  Егер ысқыш (ысқы) тиекке перпендикуляр (тік) жүрмей, қиғаш жүретін болса, онда дыбыстың тазалығы, қосымша керексіз дыбыстардың қосыла үндесуіне әкеліп соғады. Ысқыштың қиғаш жүруі шектің ұзын бойындағы керексіз тербелісті тудырады. Осыған байланысты «ойнау нүктесін» тауып, ысқышты тиекке параллель жүргізу керек. Музыкалық шығарманы  әсерлі орындау орындаушыдан шеберлікті талап етеді. Дыбыстың тазалығын, құлаққа жағымдылығын сақтап, әр шығарманың орындау ерекшелігін, әрбір сазгердің шығармашылық қол таңбасының өзіндік ерекшелігін ескеріп шығарманы орындау – оқушының ысқышты шек бойымен жүргізу шеберлігіне байланысты. Егер ысқышты ұстауда небір кемшілік болса, орындаушының шеберлігі аса мәнді болмайды.  Сондықтан, ысқышты еркін ұстау, саусақтардың әрқайсысының өз орнын дұрыс орналастыру, «ойнау нүктесін» сезіну; ысқыштың жай және жылдам жүру ерекшелігін шығармаға байланысты айқындау; ысқышты шекке батыра жүргізу тәртібін есте ұстау оқушының орындаушылық шеберлігін шыңдатудың бір жолы. Ысқыштың жүру жылдамдығы шығарма әуенінің екпініне, негізгі штрихтарға, шығарманың жалпы дыбыс күшіне, басқа да көптеген мәселелерге байланысты екенін оқушының есіне мұғалім ұдайы салып отыруы керек [5].

Ысқыштың шекке тығыз жанасуы «ойнау нүктесін» тудырады. Дыбыстың қою шығуы немесе баяу шығуы осы «ойнау нүктесіне» байланысты. Сондықтан жас орындаушының ысқышты ұстау тәртібін дұрыс үйретіп, дыбыс өрісін қатты қадағалап отыру – мұғалімнің ең басты міндеті. Қобыз аспабында ысқыш арқылы дыбыс шығаруда  ысқыштың сапасы да өз ықпалын тигізеді. Ысқыштың қылы бағалы қылдан тағылып, таяғы бағалы ағаштан жасалған болса қобызда неше түрлі штрихтарды орындау жеңіл болады.

  Прима-қобыздың штрихтары скрипка аспабының штрихтарымен бірдей. Мысалы: Ықыластың күйі «Жез киік». Бұл күй әуені ұшқыр, киіктің мазасыздығын, секірісі мен жүгірісін танытатын ойнақы пьеса. Шығарманы орындауда оқушы оң қол шеберлігіне аса көңіл бөлуі керек. Қолын бос ұстап, иығын қатты көтермей, шектен шекке ауысқанда қимылы еркін болуы тиіс. Әрі оқушы ІІІ-ші позицияда ойнау дағдысын меңгерген болуы керек. Шығарма әуені жеңіл болғанымен, орындаушылық тұрғысынан алғанда көп шыдамдылықты, төзімділікті, тиянақтылықты, ой-сананың толықтылығын қажет етеді. 

Қобыз аспабындағы орындаушылық шеберліктің көрсеткіші – ішектен тербелте дыбыс шығару тәсілін жетік меңгеру. Прима-қобызда лирикалық шығармаларды әндете орындауда тербеліс тәсілін қолдану тиімді.  Сондықтан тырнақты шекке басқанда әуелі нотаны таза тербеліссіз шығарып, сонан кейін тербеліске көшу керек. Тербеліс бірнеше нотаның арасында емес, сол нотаның өзінен кетпей жасалуы керек.

Тербеліс тәсілін орындағанда көптеген орындаушылар аса сезімталдылыққа салынып, тербелісті өте қатты жасап, нотаның аса жоғарылап кетуін ескермей қалатын жағдайлары жиі-жиі кездеседі. Сондықтан оқушының тербеліс тәсілін меңгеріп, шеберлігін шыңдауға мұқият болуын мұғалім ұдайы еске салып отыруы керек. Тербелісті жылдам жүретін шығармаларда қолданбаса да болады. Дыбыстың таза алынуын мұқият қадағалап отыру міндет.

 

Әдебиет:

1. Ахмет Қуанұлы Жұбанов:ұсыныстық-библиографиялық көрсеткіш/құраст. Ш.Б.Үсенбаева, А.Б.Рақышева. - Алматы: ҚР Ұлттық кітапханасы, 2006.-122 б.

2. Қобыз аспабын сатылай үйрену: Хрестоматия. - Астана, 2007.

3. Уразалиева-Шильдебаева Г. Ғасырлармен үндескен қобыз. –Астана:Елорда, 2006.

4. Молдакаримова Ғ. Қобыз үйрену мектебі. – Алматы: Жазушы, 2004.

5. Бисембаева З. Қобыз аспабын үйретуге арналған оқу-әдiстемелiк құралы: музыка оқу орындарының оқытушылары мен студенттерiне арналған оқу құралдары.-Алматы:Ценные бумаги, 2006. - 155 б.