Кабиева А.К.,  Рахманбердиев Қ .

М.Х.Дулати  атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ӨНЕР- АДАМЗАТ БАЛАСЫНЫҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫ

 

Туған жердің тауы мен даласы, өзен мен көлдері, орманы мен құмы қазақ халқының  аңыз-әңгімелеріне, өлең-жырларына,  шығармашылығына  арқау болған. Соның негізінде қазақ халқы өз алдына тәуелсіз мемлекет болып өмір сүргенде оның тілі, мәдинеті мен әдебиеті, өнері де қатар қалыптасып дамыған.

Біздің ұлттық мұрамызда халықтың ғасырлар бойы басынан өткерген тарихи тағдыры, арман-мұраты, мұң-мүддесі жатыр.

Қазақтың мәдени құндылықтарының ішінде ұлттық өнер ерекше дамыған.  Өнердің дамуы негізінен сол ұлттың күнделікті өмір салтына байланысты  халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі қажеттіліктен туындайды. Сол сияқты күнделікті тұрмыс қажеттілігінен туындыған қол өнерін айтуға болады. Оның ішінде – ағаштан, теріден жасалған  ыдыс-аяқ; жүннен, теріден істелінген киім-кешек; асыл тастармен әшекейленіп, алтын күмістен жасалынған зергерлік бұйымдар; кілем, алаша тоқу, киіз басу т.б. Мұнан басқа қазақ ұлтының рухани мәдениетіне байланысты – сөз өнері, күй өнері, сән өнері сияқты ән өнері де жоғары дәрежеде дамыған.

«Дыбыс герцпен өлшенеді. Пәленбай герцке дейін адам ағзасына жағымды, одан асып кетсе, кері әсер етеді. Соны білген қазақ  қоңыр дауысты қалап, өңеш жыртуға бара бермеген. Эстраданың әулекі әуені қазіргі сахналарды, той-домалақтарды жаулап алды. Қазіргі тойлардың көбісі құс базарына ұқсап, даңғаза –дарақылылққа айналып бара жатыр»,- дейді талантты ақын Серікбай Оспанұлы.

Әлем дыбысқа толы. Адам ғана емес, жан-жануарлардың да өз үні бар. Оған миллиардтаған әртүрлі машиналардың гүрілі мен ысқырығын, күннің күркірін, судың сылдыры мен қамыс сыбдырын, дауылды күндердегі ағаштардың шуылын қосыңызшы. Әнші құстар үні жаныңды жадыратып, алпыс екі тамырыңды идірсе, қыранның саңқылы адам рухын көтереді, күннің күркірі, қасқырдың ұлығаны үрей тудырады. Қарғаның қарқылы мен қараторғай үнін салыстыруға келе ме? Сол сияқты диапазоны кең, «биік» әндердің де жүрек түкпіріне жетіп, тұла бойыңды шымырлатып баурап алатын жанға жағымды, әсерлі, әсемі болады.

Кейбір ән мәтіндерінің көркемдігі кемшін соғып жатады. Ән де, ән мәтіні де еленіп, екшеленіп, сан мәрте сұрыптаулардан өтуі тиіс Ол ұрпақтан-ұрпаққа берілетін халық қазынасы. Қағыс естуден мағынасы мүлде  өзгеріп дұрыс айтылмай жүрген сөздер жетерлік. Бұл қателік ән мәтіндерінде жиі кездеседі. Мысалы, халық әні «Илигай» әнінің аты мағынасыз. Дұрысы «Еңлік-ай» - Сегіз Сері Бахрамұлының әні:

Шақырған соң жаның келіп тұрмын,

Екі етпейін сөзіңді дедім, құрбым.

Достық жайда сен тұрсаң Еңлік жан,

Ұмытпасқа уағда беріп тұрмын.. Бас аяғы алты шумақ бұл өлең 1985 жылы жарық көрген «19 ғасырдағы қазақ поэзиясы» жинағындағы Сегіз Серінің әнінің мәтіні. Кейбір әншілеріміз жинақтардағы ән мәтіндерін алып жаттамай, басқа біреулердің айтып жүрген нұсқасын пайдаланады.

Ән өлеңі тармақтарының буын, бунақ сандары біркелкі болуы керек. Мәтін сөздері негізінен дауысты дыбыстарға құрылып, соңы да дауысты дыбыстармен аяқталса дұрыс. Бұл ән мәтіндеріне ғана емес, жалпы өлеңге қойылатын талаптар. Кейбір әншілер ән мәтініне онша көңіл бөлмейді, ән мен өлеңі қабысып тұр ма, соны жақсы білуі тиіс. Кейде төгіліп тұрған жырларды оқығанда «мынау өлең әнге сұранып тұр екен» деп жатамыз..Өйткені соны жазған автор сол талаптарды, заңдылықтарды сақтап жазуында. Оны Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» еңбегінде соқырға таяқ ұстатқандай етіп егжей –тегжейлі көрсетіп жазған. Өлеңнің әуезділігі  ырғағын сақтап жазуда. Кірпішті дұрыс қалай білмесе, үй құлайды. Өлең де сол сияқты.

Өнер - адамзат баласының рухани байлығы дейміз, енді сол байлықты игеру ізденумен байланысты. Театр, теледидар, радио, экран мен сахнада айтылар әннің нақышын және тазалығын сақтай отырып, сазды үні арқылы тыңдаушымен және көрерменімен байланысқа түседі. Әнші дауысы зор, икемді, барынша кең диапазонды және сахна мен көрермен залында кез келген жағдайда төзімді болуы керек. Сахнада әншінің аузынан шыққан үнге қойылатын басты талап – дыбыстың таза, анық шығуы. Бұл орайда материалды меңгеру үшін студентке барынша кең әрі ыңғайлы тыныс қажет, дыбысталу да әр түрлі болғаны дұрыс. Мәтіннің және әуеннің сезімталдығын меңгеру, өлеңнің әуезділігін сезіну, өз сөзінің құндылығына жетуге тырысу керек. Дауыстың бұл сапалары  сөйлеу аппараты таза жағдайда жасалған жаттығу процесі барысында жүзеге асырылады.

Дауысты дұрыс жолға қою» - дегеніміз  дауыс әншіге ұзақ жылдар бойы қызмет ету үшін дауыс аппараты жұмысына жағдай туғызу деген сөз. Оның үстіне әр әнші өмір бойы өз дауысын дамытып,  сақтап отыруға міндетті.

 

Әдебиет:

1.   Кенжеахметұлы С. Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті – Алматы: «Алматы кітап», 2007.348 бет

2.     Әкімқұлов Е.  Білгенге маржан. Өнер жайлы түсініктеме – сөздік, Алматы «Өнер», 1988 ж. – 24 бет.

3.   Байтұрсынов А.  Шығармалары: өлеңдер, аудармалар, деректер, Алматы «Жазушы», 1989 ж., 320 бет.

4.   Егеменді Қазақстан. Айнаш Есалы «Ән тағдыры». 15 бет

5.   Жұмағұлов С.  Кеш жарық , Алматы «Өнер», 232 бет.