Куненова П.С,  Мұхамеджан Г.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

МӘҢГІЛІК ӨНЕР – МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛУДЫҢ БІР ТҰТҚАСЫ

 

Мәңгілік Ел болуға қажетті алғышарттардың бірі-әдебиетіміз бен өнеріміздің өміршеңдігі, қанша уақыт өтсе де өзінің о бастағы тұма бұлағы мен ұлттық қайнарынан айрылмауы десек, қателесе қоймайтын шығармыз. Өшпейтін мәңгілік жыр  Мәңгілік Ел болудың да бір тұтқасы екені  мәлім. Өйткені, халқымыздың қадір-қасиеті мен бітім-болмысы және туа бітті жаратылысын бейнелеген шығарманың ғұмыры ұзақ.

Әр ұрпақтың өз қабілетіне қарай көтеретін жүгі бар. Кешегі ұлы ұрпақ көтерген ұлттық өнеріміздің қасиетті қара шаңырағын сонан әрі қарай дамытып, тағы бір биікке асқақтатып әкету кейінгі ұрпаққа мүмкін болмаса да, сол бір елкөзі үйреніп, ел көңілі марқайған мақтаныш биігімізден күлдіреуіші сынған үйдей құлдыратып төмен түсіріп алмау бүгінгі ұрпақтың, белді-белді деген талантты студент жастарға, жалпыға  сын, бәріне бірдей міндет, борыш. Бәріне бірдей абыройлы іс.

Әрбір үлкен жазушы немесе драматург қалам тербегенде оқушыларына қашан да болмасын адам өмірі қақында ой толғаған. Көркем шығармаға қойылар талаптар мен талғамдардың ішінде шоқтығы шығып тұратын да осы фәнидегі адам өмірінің мәні мен мағынасы ғой. Әрине, адам деген өмірдің мәнін арттырып отыратын әлеуметтік ұлы оқиғалар. Баяғы ата –баба заманына қарағанда біздің кешегі және бүгінгі ұрпақтардың басынан кешкен оқиғалар тек өзінің масштабы ғана емес, әлеуметтік мәні мен мағынасы жағынан да әлдеқайда сүйекті де ірі. Ал, өмір бар жерде қозғалыс бар. Қазіргі өнер, егер, ол адам баласын алаламай түгел қызмет ететін  нағыз гуманистік тенденцияда дамыған өнер болса, сөз жоқ, ұлттық шеңбердің аз аясында қалып қоймауы керек. Қазіргі заманда әрбір ұлт мәдениеті мен әдебиетінің қаншалықты кемелденіп өскенін белгілейтін бірден –бір дұрыс өлшем  аталмыщ әдебиет пен өнердің алдымен осы дүниенің төрі мен мен өріне озып барып, биік өріс тапқанына байланысты. Шын мағынасында әрбір ұлттық өнер осы әлемге өзін таныту арқылы өзі туған ұлттық топырағында танылуға тиіс. Әрбір шығарманың негізгі арқауы қашанда адам өмірі қақында ой толғаған, көркем дүниеге қойылар талаптар мен талғамдарды ішінде шоқтығы шығып тұратын да осы фәнидегі адам өмірінің мәні мен мағынасы.. Қазіргі таңдағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің кемелденген шағында биік талғам мен талаптың қай деңгейде кетіп бара жатқанын байымдап, халықтың рухани жүгін арқалаған осынау ұзақ көштің басы мен аяғына ойша болса да тағы да бір сын көзбен назар салғымыз келеді.

Бағзы заманнан белгілі кез келген ұлттың рухани қуатын танытатын – оның әдебиеті, ғылымы, өнері дегенде мыңдаған адаммен сырласады, көрермен қауым тарихымен тілдеседі, бүгінгісінің берекесін іздейді. Ертеңгі мұратына көз жіберіп, арманын аңсайды. Осы арнаға да бастайтын – актер құдіреті. Басы ашық ақиқат біреу: драматургтің бағы да, режиссердың шамы да актер арқылы жанады. 

Қашаннан театр өз ұлтының бойындағы ерлікті, адалдықты, бірлік пен әділдікті уағыздайтын ұлы мектеп. Ұлттық сананың ұйытқысы, тілдің зергер панасы, ел болудың жаршысы. Актердың өнерінен жасаған образдарынан ұлттың психологиясын, халықтың мінез-құлқын, адам бойындағы асыл қаситеттер мен кесапат, келеңсіз мінездерді көресің.

Режиссер – сахна суреткері, ұлағатты ұстаз, шебер ұйымдастырушы десек, бұл қасиет – оның бойынан ұлттық өнерімізді өркендетуге жұмсаған ізденіске толы шығармашылық еңбегінен анық көруге болады.  Ұстаздың режиссерлық мектебінен өтіп, тәлім-тәрбие алған көптеген азаматтардың алды өнер саңлақтарына айналып, бүгінде республика театрларында режиссер болып еңбек етіп жатыр. Дана халқымыз «ағаш жапырағымен көрікті, ұстаз шәкіртімен өмірлі», -демей ме, сол даналардың сәуегейлік сөзі алдыңғы толқын ағаларынан ақжолтай болып, кейінгі толқын інілеріне жалғасқандай.

Театр деген тылсым құдірет, өзін-өздері танып, білемін, іргесі берік, рухы биік, жұдырықтай жұмылған ел боламын деген талай елді, талай ұрпақты өзіне табындырған, тамсандырған өнер.

Өнер адамының тартатын азабы жеткілікті, бірақ қуаныш құшақтайтын сәттерде баршылық. Актер ойынын құлпыртатын –эстетикалық талғам мен сахналық өмірдің құп үйлесімі. Құлақ қойып тыңдап отырсаң, көкірегің күмбірлеп, қиялың қанаттанып, ойың тереңдейді. Актер - образбен ойлайды. Образсыз, бейнелеусіз, елестетусіз – актер саңырау кісіге парапар. Осынау актер көкейіндегі көркемдеу, бейнелеу шоғын үрлеп, ойға, сөзге көмілген актер дарынының отын маздататын режиссер ғана.

Актердың сыйынатын құдірет күші – ақыл – ойы, жады, болмысы, табиғи зердесі десек, режиссердың сыйынатыны – актер көмейіндегі көркемдікті тап басып тану, жын-перісін сыртқа шығару, актер мен көрермен арасындағы аткөпір құру бейнеті. Актердың сахнада өзін-өзі сезінуі мен өзін-өзі бақылауын ұмытпауын қатты қадағалайды. Алдына ұстаған актерды шабытты шаққа жетелеп енгізе білу, әрі сахнада тұрғанын ұмытқызбау – режиссер пайымының темірқазығы.

Бір қарағанда, өнерді бәріміз түсінетін, жанымыз ашитын сияқты, бірақ оның дертімен ауыратын адам сирек.  Осының бәрін көріп, ой елегінен өткізіп салмақтай келе, өзіміздің ұлттық дәстүрлерімізді дәріптей алатын театр керек екендігіне көзіміз жетті.Театр халық үшін керек. Ендеше халық нені қажет етіп отыр, әуелі соны ойлауымыз керек. Біз үшін сал-серілер өнері рухани нәр алатын бастауымыз емеспе! Қазақтың ұлттық театрында халқымыздың әдет-ғұрпы, салт-санасы, дәстүр, шешендік өнері, әзіл-қалжыңы. Бәрі-бәрі көрініс беруі керек. Ұлттық дәстүрлі театрдың мақсаты- сахна арқылы көрермендерге ой салу, насихат айту, бір сөзбен айтқанда тәрбиелеу және үлкен мерекелерді өткізетін  орын. Бұл жерде қазақ классикасының алар орны ерекше. Сондай маңдай алды шығарманың бірі Ғ.Мүсіреповтың «Қозы көрпеш Баян сұлу» пьесасы. Шығарманы сахналауда  қазақтың домбырасын шертіп, қобызын тартып, дастанын, ұлағатты сөздерін айтқанда, жұртты баурап әкетуі тиіс. Халық театрға дем алу үшін келеді. Жанына рухани азық, сая іздейді. Ендеше, театрдан халық іздегенін табу керек. Ұлттық театр- ұлттың рухани құтханасы болуы тиіс. Жалпы театрда қазақтың жас ұрпағы табынатын құдіретті образдар көп болу керек. Сол үшін бүгін өнерге жаңаша көзқарас, биік талап қажет.

 

Әдебиеттер:

1.       Тұранқұлова Д.  Сахна тілі – сахна сәні. Оқұ құралы, Алматы. «Білім»,  2003-204 бет.

2.       «Алаш» Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газеті, «Қазақтар» қойылымы - 5 бет.

2.       Әкімқұлов Е.  Білгенге маржан. Өнер жайлы түсініктеме – сөздік,   Алматы «Өнер», 1988 ж. – 24 бет.

3.       Байтұрсынов А. Ақ жол, Алматы «Жалын», 1991 ж., 404 бет.

4.       Сыздықова А. Сөз сазы. Оқу құралы, Алматы «Санат», 1998 ж. – 120 бет.