Д.О.Оразбекова, Ә.Ж.Маделиева

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлкеттік университеті, Қазақстан

 

БИ ПАДИШАСЫ – ШАРА

 

  Ұлтымыз өнерге бай халық. Қазақ халқының би өнері өзіне ғана тән ұлттық бояуымен ерекшеленіп, қоғаммен бірге жаңарып, дамып, мәдениеттің өркендеуімен бірге жаңа сарында қалыптасып келеді. Өйткені, ол ұлттық музыка және ұлттық поэзия жанрларымен біте қайнасып ұзақ тарихты басынан өткеріп келген. Біздің биіміз күй, немесе, әннің сазына қосылғанда ғана өзіне үйлесімді әсемдікке, баурағыштық қасиетке ие бола алады. Осы киелі өнердің іргетасын қалап, киелі де рухани дүниенің сырын ашып, талмас талап пен қажымас қайраттың үлгісін көрсеткен саңлақтарымыздың тарих қойнауында есімдері жаңғырып тұрары аян.          Қаз-қаз басқан ұлттық өнерімізді өркендетуге отызыншы жылдары еліміздің түкпір-түкпірінен табиғи дарындар келіп бас қосты. Олар күнделікті өмір сахнасында тәрбиеленді және кейінгі буынды тәрбиелеп, сахна шеберлерінің қатарына қосылды. Халқымыздың бұлбұлы  Күләш десек, би өнеріндегі жарық жұлдызы - Шара  Баймолдақызы  Жиенқұлованың есімі қазақ баласына танымал.

Кезінде ұлы жазушымыз Ғабит Мүсірепов: «Жан тебіренте, терең сезімге бөлейтін келісті өрнек Шараның бойынан айқын сезіледі. Сахнаның еркесі де, сәні де Шара! Оның сезім сергітетін шыншыл өнері мен қайталанбас қолтаңбасы мейлінше  жарқырап көрінді. Бұл дарын иесінің туған халқына қызмет етуінің тамаша үлгісі, - деп майталман бишінің өнеріне әділ баға берген.

  Кезінде Сәкен Сейфуллин ағамыз Шараның сахнадағы шеберлігіне, оның жалт-жұлт еткен отты жанарының көрермен көңіліне сәуле түсіретін  әсеріне таңғалып, сұлулыққа мейірлене  шығарған «Сыр сандық» өлеңінің Шараға арналғаны ақиқат:  «Тыныс керек кейде жанға,  кейде жанға ән керек,

Күй шертуге анда-санда, Сырласарлық жан керек.

Сарыарқаның бір тауы бар, Бір тауы бар сымбаттым, Сол таудан сен сыр тауып ал, Сыр тауып ал қымбаттым- деген жыр шумақтары Сәкеннің көңіл сезімі, жүрек  лүпілі  десе  де  болғандай.

  Қазақ биі халықтың жан дүниесі, оның таным түсінігі, табиғатпен байланысы, оның философиясы. Міне, осының бәрі кез-келген бидің құрылымынан, болмысынан айшықты көрініс тауып жататынына күмән жоқ. Би де жақсылыққа, ізгілікке, әсемдікке құрылатынын білеміз. Олар адамның бойындағы асыл қасиеттерді мақтаудан тұрады десем қателесе қоймаспын. Енді бір сәт қазақ биінің жүріп өткен жолына үңілсек оның аумалы-төкпелі, өрлеу мен тоқырау кезеңдері аз болмапты. Бірақ Шара сынды саңлақтың арқасында біздің биіміз әлемдік сахнаға азды-көпті шыққанын әсте жоққа шығаруға болмас. Осы дара тұлғаның еңбегінің нәтижесінде қазақ биінің әр өрнегі халыққа жетті. Ол өзінің түсінікті де тартымды, әсерлі де мәнерлі  билерімен сол өзі өмір сүрген заманның талабын орындады, жүгін көтерді. Сөйтіп, Шара апамыз қазақ би өнерінің қайталанбас жарық жұлдызына айналды. Әрине, Шара Жиенқұлова, Дәурен Әбіров, Зауыр Рейбаев, Болат Аюханов, Гүлжан Талпақова сынды бишілер қалыптастырған салт та, дәстүр де қазақ биінің өзіне тән ерекшеліктерді бойына сақтаған әрі оны басқа елдердің билерімен салыстыруға әсте келмейді. Қай жағынан алаңсыз да оның ұлттық иірімдері, билеу мәнері дараланып тұрады. Себебі, біздің табиғатымыз даламен, еркіндікпен, кеңдікпен тікелей байланысты. Олар халық өмірін би тілімен баяндайды, соны мың бұралған әсем қимылдармен көрерменге жеткізеді.        Би - адамның ішкі дүниесін байытып, жанын тазартатын құдіретті күш. Оқушылардың өнерге сүйіспеншілігін, өмірге құштарлығын, еңбекке, іскерлікке ынтасын арттыруда жеке тұлғаның қалыптасуына би өнерінің әсері ерекше.

  Бірде ұлтымыздың ғұлама жазушысы Мұхтар Әуезов: «Бiздiң қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән, күй деген мұрамызда шек жоқ. Ал, бұл қазақ халқынан қалған биден мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы бидi қолға алғаны жөн. Менiң байқауымша, осы өнерге талпынып жүрген Шара сияқты жастар бар көрiнедi. Одан бiр нәрсе шығатын түрi бар. Ал, қай өнердi алсақ та, опера болсын, музыка театры болсын, оның бәрi бисiз болмайды» деген екен.

  «Әнші болу үшін дауыс керек. Биші болу үшін дене құрылымы дұрыс болу керек. Аяғы, қолы түзу, мойны алма мойын, түрі жақсы болу керек. Музыканың ритмін жақсы сақтай білу керек. Бір жыл бойы балалардың қол-аяғын сылап, жөнге келтіреміз. Содан кейін білім береміз. Жаратылыстан дене құрылымы дұрыс болу керек. Өздеріңіз бір көргеннен «ой, әдемі екен» дейсіңдер ғой. Сахнада сұлулық бірден-бір қажет» деп  Шара апамыздың өзі айтқандай би өнері тек қана ұлтшылдыққа, патриоттыққа ғана тәрбиелеп қоймай сондай-ақ, дене бітіміңнің келісті, сымбатты, сұлу болуында қамтамасыз етеді.

  Қазақ халқында би болған ба? деген  сұрақ көпшілікті ойландыратыны анық. Қазақ халқының үлкен қазынасы күйдің ырғағы, бидің қимылы және әр күйдің өзінің мағынасы бар. Сол мағынаны бидің ырғағына келтіріп қимыл жасасақ, би боп шығады. Халықтық қолөнер - кесте, кілем түрлері, оюлар, осының бәрі бидің қимылдары. «Мені халқым бірінші биші деп атайды, сол атақпен қоса маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан мен халықтан жинап жүріп неше түрлі ұлттық ойындардың негізінде бидің ырғағын ойлап тауып, солардың бәрін би етіп шығардым. 1936 жылы Қазақстанның Мәскеуде өткен онкүндігінде халық билеріміз заңды өзінің орнын тапты. Содан бері би өнері қаулап өсіп келеді» дейді Шара апамыз. Ендеше, осы дара тұлғаның қажымай, талмай, тірнектеп жинақтаған маржан дүниесін жоғалтпай, заманауилыққа бұрмаламай, одан ары қарай жанғырту келешек ұрпақтың міндеті деп қабылдайық.

  Би  өнерінің іргетасын қалап, киелі де рухани дүниенің сырын ашып, талмас талап пен қажымас қайраттың үлгісін көрсеткен саңлақтарымыздың тарих қойнауында есімдері жаңғырып тұрары аян. Көп білетін және алған білімдерін жұмыста, үйде, демалыс кезінде қолдана алатын адам рухани бай, мәдениеті жоғары адам. Адам өз халқына, еліне мүмкіндігінше пайдасын тигізу үшін - дені сау, күшті, епті, төзімді болуы тиіс. Ондай адам қандай жұмысты да шаршамай шалдықпай істей алады. Шаршаса да оңай әл жинап, тез тыныға біледі. Ондай адамды өз денесін тәрбиелеген, шыныққан, төзімді, қайратты адам дейміз. бұған би пәні де негіз бола алады. Бұл пән оқушының салауатты өмір салтын қалыптастыруға бастар бірден-бір жол. Биде тәрбиеленген балалардың жүріс-тұрысы, дауыс ырғағына дейін, ішкі сезімінің дамуы ерекше келеді. Би - бұл өнер, әрі спорт, ал бимен әрдайым шұғылданатын болса, ол денсаулыққа, әрі өзін жақсы сезінуге пайдалы.

Бидің денсаулыққа пайдасы: түрлі жаттығулар жасаған кезде денеден көп мөлшерде көмірқышқыл газы бөлінеді, бұл жүректегі қан айналымын жақсартады,  қалыпты ұстауға әсер етеді және қан қысымының көтерілуін тежейді.

  Би тек қана сырт келбетті емес, сонымен қатар, ішкі дүниенің қалыптасып, сана-сезімнің артуына және түрлі зиянды заттардан аулақ болуға баулиды.  Би өнері ішкі рухани әлемді ашады, адамды сұлулыққа тәрбиелейді, игі қасиеттерді оятады, адамгершілік идеяларды насихаттайды.

Қазақ биінің түп төркінінде халықтың рухани таным түсінігінің жиынтық көрінісі бар. Біздің ұлттық мәдениетіміз оның ішінде өзіміз тілге тиек етіп отырған би де еліміздің қоғамдық өмірінде орын алған өтпелі кезең кезінде басқа өнер түрлері тәрізді біраз қиындықтарды бастан кешіргені рас. Бірақ ол ертеден келе жатқан желісін үзіп алған жоқ, классикалық негізінен адасып, оны жоғалтқан жоқ. Өйткені оның тамыры тереңде, халықтың санасында жатыр.

 

Әдебиет:

1.       Б.Тоғысбаев, А.Сужикова Тарихи тұлғалар. Танымдық-көпшілік басылым.

2.       Ш.Жиенкулова Танцы друзей. Алматы 1989

3.       Ш.Жиенкулова Өмірім-менің өнерім. Алматы 1985

4.       Өнер тарихы. Алматы кітап баспасы 2002

5.        Т.Ғабитов, Ж.Мүтәліпов, А.Құлсариев  Мәдениеттану.-2001

6.       Ш.Жиенкулова Қазақ биі. Алматы баспасы