Бимурзаев Е.Т., Утепова А.К

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,Қазақстан

 

ТЕАТР ӨНЕРІНІҢ ҚЫР-СЫРЫ

 

Театр– сахналық өнердің өмір көріністерін драмалық әрекет арқылы көрермендердің көз алдында актерлер күшімен бейнелейтін бір түрі; ойын-сауық немесе спектакль; түрлі сахналық ойын-сауықтар, сонымен қатар жалпы мәдени шаралар өткізілетін орын-жай. Театрдың тарихи жағынан қалыптасып, даму, өсіп-өркендеу жолы әрбір ұлттың, әр халықтың өмір-тұрмысымен, олардың жалпы тарихымен және тұрлаулы мәдениетімен тығыз байланысты. Басқа өнер түрлері сияқты театр өнері де қоғамдық ой-сананың негізгі бір формасы болып табылады.

Театр әдетте өз заманының озық идеяларын бойына сіңіре отырып, ізгілік мұраттарын паш еткенде, ең бастысы адамның өмірлік және рухани ой-мақсаттары мен оның күрделі ішкі жан дүниесін терең де шынайы ашып бейнелегенде ғана ол өзінің жоғары көркемдік сатысына көтерілумен қатар қоғамдық-әлеуметтік  міндеттерін орындай алады. Театрдың да өнердің өзге салалары секілді өзіне тән ерекшеліктері бар.

Мақалада  сахна өнеріне деген алғышарттар қарапайым жазылған. Өнер саласы өте күрделі құбылыстардан тұратындықтан бұл жерде актерлік өнердің алағашқы элементтері мен адам ағзасына қомақты ықпал ететін дене бітіміне арналған тренинг жаттығулар берілген. Сахнадағы актерге керек бірден-бір құрал дауыс элементтері мен тіл әдістемесі де жазылған. Театр әлемінде қомақты тер тегуді талап ететін  актер мамандығын таңдаған студенттерге бұл қыруар еңбекті, маңызды ізденулерден тұратынын ұмытпағаны абзал.

Осы ретте, студенттерге театр халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құрал екенін түсіндіру. Оның өзгеше бір қасиеті, яғни әрекетке құрылған табиғаты сахналық ойын-сауықтың мазмұн-желісі мен идеялық-эстетика негізін құрайтын драма арқылы ашылады. Театр әдеби шығарманы сахналық әрекетпен, өзіне тән бейнелі театрлық бояу-өрнекпен жаңа күйге түсіреді де драмадағы мінез-кейіптерді, олардың өзара қарым-қатынастарынан, қақтығыстарынан туатын талас-тартыс пен іс-қарекеттеріне жан бітіріп, тірілтіп жібереді. Осыған орай көрермендер де театр сахнасында өтіп жатқан оқиға әрекет пен оған қатысушы-қаһармандардың ой-арманына, шат күлкісі мен сезім діріліне, күйінішіне, жалпы тіршілік-тынысына бейжай, немқұрайлы емес, қайта бар ынта-зейінімен, ынтызар көңілімен қарайды, яғни олар осы сәтте сахналық өмір көріністерінің жай бейтарап, салқынқанды бақылаушысынан гөрі тікелей қатысушысы ретінде бой көрсетеді. Түптеп келгенде театрдың қоғамдық-тәрбиелік қызметі мен идеялық-эмоциялық және көркемдік-эстетикалық әсер күші де осыған саяды. театрдағы басты тұлға, пьесадағы берілген жағдайға байланысты әрекет етіп, сахналық қаһарманның характерін жасайтын – актер. Ол сахнада шығармалық процесс кезінде пьеса материалын өзінің болмыс шындық туралы ой-түсінігімен, өмірде көріп-байқағандарымен, эстетикалық сезім-түйсігімен үнемі байытып, толықтырып отырады. Бұл тұста актердің бойынан орындаушылық өнерге қоса ойшыл суреткерлік қасиет те айқын аңғарылады. Актер образы пьеса және спектакльді қоюшы-режиссердің  мен түсіндірмесі негізінде өмірге келеді. Өнердің өзге түрлеріндей театр да өмір шындығын көркем образдар жүйесі арқылы бейнелейді. Ал мұның өзі спектакль бойынша жүзеге асады.

Осы салада шығармашылық адамына актер өмірі мен шығармашылығы ұжымдық өнер екенін жіті түсіндіру, өйткені қазіргі театр спектакльі драматург, актерлер, қоюшы-режиссер, сценограф ореографиялық өнерінің және киім-кешек жасаушылар,гримшілер, жарық берушілер секілді, театрдағы т.б. көптеген қызметкерлер еңбегінің өзара тоғысуы нәтижесінде туады. Театр өнерінің синтездік табиғаты оның тарихи даму сатысымен тығыз байланысты. Әсіресе, театрдың өзіне тән мұндай ерекшелігі драмалық әрекет, музыка, ән мен бидің бір-бірінен бөлінбей тұрған кезіндегі кең таралған халық ойын-сауықтарынан айқын көрініс тапты. Кейінгі дәуірлерде өнер түрлерінің жіктеліп шығуымен және олардың одан әрі ілгері дамуымен байланысты театр өнері өзінің синтездік қасиетінен айрылды. Сөйтіп, театр негізінде драма, опера және балет секілді 3 түрі қалыптасты. Енші алып, отау тігіп, өз алдына жекеленіп шыққанымен музыкалық театр өзінің драмалық негізінен айрылған жоқ, тек мұндағы уақиға-әрекет музыкалық драматургияның тәсілдерімен, музыка-поэзиялық образдар арқылы ашылды. Театр – табиғатынан көпшілік қауымға ғана арналған, қоғамдық-мәдени мән-маңызы үлкен өнердің бірі. Ол көрерменсіз, жеке өз алдына өмір сүре алмайды. Осыған байланысты сахна мен көрермен бірігіп отырып шынайы өмір құбылысына ой жүгіртеді, оған өз тұрғысынан баға береді; театр көрермендердің ішкі жан сезіміне әсер етіп, терең толғандырған жағдайда ғана өзінің қоғамдық-әлеуметтік қызметін атқарып, эстетикалық мақсат-мұратына жетеді.

Сонымен қатар, болашақ студент атануда ЖОО-дарына шығармашылық емтихан тапсыруда әр абитуриенттен қара сөз сұрағанда барлығы ақылдасып алғандай, Абай атамыздың қара сөздерін жатқа айта бастайды. Мұнда қара сөз яғни повестен болмаса романнан алынатын үзінді екенін көбісі біле бермейтін. Сондай түсініспеушіліктер болмас үшін әр жанрға, олардың түрлеріне қысқаша кіріспе,түсініктеме, тарихнама беріп кеткенді дұрыс санап отырмын жалпы:

Жанр – даму үстіндегі ұғым. Біздің әдебиетімізде үш негізгі жанр бар екенін айта кету де абзал. Олар – эпос, лирика және драма.

Эпос – грек тілінен - әңгімелесу, шежірелер айту, өмір шындығын мейілінше мол қамтып, кең суреттейтін, адам мінезін терең ашып, жан-жақты танытатын іргелі, күрделі жанр.

Шағын эпикалық шығарма – деген де ұғым бар. Оның қатарына: аңыз, ертегі, мысал, новелла, әңгіме, очерк, фельетон т.б. жатады. Соның бірнеше түрінің ережесімен таныстырып өтейін.

Аңыз – эпостың көне түрі, әр халықтың тарихындағы әлде бір абзал жандар туралы аңыз туған. Мысалы: «Асан Қайғы» - көлемі жағынан шағын, оқиғасы қызық, адамдары аз, тілі таза, идеясы айқын.

Ертегі – адам өмірінде, не хайуанат дүниесінде болуға лайық, әр алуан қызық, кейде тіпті ғажайып оқиғаларды ойдан шығарып, айтатын хикая.

Мысал – шағын эпикалық шығармалар ішіндегі ең қысқасы, ол қашанда сатиралық сипатта, көбіне аң, хайуанаттар туралы болады.

Әңгіме – шағын, көлемді эпикалық шығарманың ішіндегі ең айырықша асыл үлгісі, қысқа, жинақы, бірақ өте күрделі, қиын жанр. Әңгіме барысында, адам жеке дара көрінбейді. Оның қоршаған айналасы айқын көзге түсіп, сол арқылы белгілі бір қоғамға танылуы тиіс.

Повесть – орта көлемді эпикалық шығарма. Онда бір емес, бірнеше оқиға, адам өмірінің бір не бірер эпизод ғана емес, бір алуан кезеңді құбылыстарды кеңірек суреттейді. Көлемі үлкен, сюжеті өте күрделі болады.

Роман – көлемі үлкен, мазмұны қат-қабат, сюжеті мен композициясы күрделі болып келеді және текстпен жұмыс істеуге бел буған студент, тіл тазалығына көңіл бөлгені де абзал.

Тіл тазалығы – тілдік қатынастың сапасының бірі, оның тазалығы болып саналады. Таза тілге ие студент енді сөзінің әуезіне, мәнеріне ден қойсын.

Мәнерлілік тіл бірліктерін барлық деңгейде көтере алады, дыбыстан бастап, синтаксис және стильмен аяқталады.

Қазақ елінің тарихы қанша қатпарлы, қырлы-сырлы болса, тілі де сол іспеттес шежірелі, теңеуге толы, ауыспалы мағыналы, сөз астары сөзінен көр мән беретін, өте бай тіл. Сондай қасиетке толы тіл – қазақ тілі. Осы тұтынып жүрген тіліміздің жүз құбылып тұспаттауға келетінінің бір дәлелдеріне кезек берсек ең басында лексикаға тоқталсақ.

Лексика – сөз мәнерлігінің ең негізгі қайнар көздерінің бірі. Тілдің бейнелеуінің құралы – лексика.

Эпитет – грек тілінен аударғанда – заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын айқындайтын суретті сөз. Мысалға Абай атамыздың:

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болып дымқыл тұман жерді басқан.

Деген өлең жолдарында айқын  көрініс тапқан.

Теңеу – заттың құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыстармен салыстыра отырып суреттеу.

Театр өнері көрерменнің өзгелерге деген, басқа халықтар өмірі мен қоғам тіршілігіне деген ынта-ықыласын арттырумен қатар, достық сезімін де күшейте түсуге игі әсер етеді. Дүние жүзіндегі түрлі халықтардың географиялық-тарихи даму өзгешелігі мен олардың өмір-тұрмысы, әдет-ғұрпы, психикалық хал-жайы әр алуан театр жүйелерінің туып, қалыптасуына ықпал жасады. Өнеріңе, кәсіби шеберлікке ден қою,өз ісіңнің хас шебері мол жауапкершілікті қажет етеді. Бұл ретте қарапайым қазақ даласы өзін өзі қамшылайды деген сенімдемін.

 

Әдебиет:

1.       Байсеркенов М. Сахна және актер. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 236 б.

2.       Жұмабаев М. Педагогика. 3 том. – Алматы: Білім, 1996. – 512 б.

3.       Аймауытов Ж. Психология. – Алматы: Ғылым, 1991. – 448 б.

4.       Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік

5.       «Дене тәрбиесі және спорт». – Алматы: Рауан, 2000. – 274 б.

6.       Қазақстан балалар энциклопедиясы