ӘОЖ 37.012

 

ҚЫЗДАРДЫ ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІРГЕ ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫ АРҚЫЛЫ ДАЙЫНДАУ МӘСЕЛЕСІ

Шокалакова С.Б., Ушакбаева К.Р.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, Тараз қ.

 

Қазақ халқы ғасырлар тоғысында тәуелсіз мемлекет болып, өзінің қоғамдағы саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени білім  парадигмасы жүйесін әлемдік өркениет үлгісі бойынша дамыту үстінде. Қазақ елінің тәуелсіздік алып, әлеуметтік-экономикалық жағынана нығая бастауы, ұлттық санасының қайта жаңғыруы ұлтымыздың сан ғасырлар бойы жинаған тәлімдік тәжірбиесін қазіргі жастарға білім беруде қолдану қажеттілігін туғызды. Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты кітабында «... ұлт мәселесіне қатысты жалпы үрдісті танып  түсіну, сөз жоқ, қажет, мұнсыз мемлекеттік дамудың жалпы логикасын болжау мүмкін емес»-делінген[1]. Тәуелсіздіктің туын тігіп, еңселі ел болсақ деп ежелден армандап келген бүгінгі түркі жұртының тағдырына тікелей қатысты өзекті мәселенің ең бастысы – қазақ халқына тән ұлттық тәрбиенің озық, өнегелі дәстүрлерін қыздар тәрбиесінде пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз. Бүгінгі таңда қазақ халқының алдында тұрған ең келелі мәселелердің бірі – халық педагогикасы арқылы қыз балаларды отбасылық өмірге дайындау мәселесі.

Қазақстан Республикасының Конституциясында «балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи  құқығы әрі парызы» деп, отбасының міндеті нақты айтылса, «Қазақстан жолы -2050 жолдауында   халқымыздың игілігі жолында ұлы мақсаттарға жетуде ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы  ертеңіне сеніммен қарайтын бақуатты Ел болу» деп  ұрпақ болашағы жайлы ондағы отбасының міндетін қандай сапада көруіміз керектігі белгіленген [2] .

Отбасы тәрбиесінің қызметі және ондағы қыз тәрбиесі сонау қазақ халқының қалыптасуының бастау кезеңінен келе жатқандығын білеміз. Бұл жайлы Қорқыт, Ж.Баласағұн, «Қабуснама», М. Қашқари жырлары мен дастандарындағы әйел бейнесін отбасының ынтымағы мен ырысының ұйтқысы екендігін көрсетеді. Демек, әрбір отбасындағы тәлім-тәрбиенің болашағы ондағы болашақ ана-қыз бала тәрбиесіне байланысты екендігін, әйелі жақсы үйдің тәрбиесі жақсы, әйелі жаман үйдің тәрбиесі де жаман деген қорытындыға келдік [3].

Қазақ отбасындағы қыз бала тәрбиесінің әртүрлі бағыттары ертеден жан-жақты қарастырылып, тәрбие жүйесі анықталған.  Қыз бала тәрбиесіне байланысты әр ата-ананың өзіндік ережесі қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жазылмаған заң тәрізді ауызша жалғасын тауып отырған. Бұл жөнінде қазақстандық ғалымдар С.Қалиев, Қ Жарықбаев, С. Ұзақбаева, Ж.Т. Сарыбекова, К. Қожахметова, А.А. Бейсенбаев және т.б. этнопедагогикалық материалдар негізінде қазақ халқының қыз баланы отбасына тәрбиелеуге деген көзқарастарын және ондағы ерекшеліктерді кеңінен қарастырып, онда қыз баласының кескін келбетіне қарап, оның мінез-құлқы мен қабілетін, қыз балаға тән болатын қасиеттерін  зерттеп келеді.

Осы орайда бүгінгі күннің тәжірибесіне көз жіберетін болсақ, отбасындағы тәлім-тәрбие мен қарым-қатынас мүлдем басқаша болып өзгерді. Қазақтың салт-санасындағы отбасы өмірінің дәстүрлері еуропалық үлгідегі дәстүрлермен алмастырылып, ұлттық психология мен қарым-қатынас түбегейлі басқаша бағытқа бет алды. Халқымызда ғасырлар бойы отбасылық өмірдің тірегі мен діңгегі деп саналып келген ұлттық отбасы тәрбиесінің мазмұны мен формалары жыл санап өзгеріп келеді.

Отбасы-болашақ азаматтық әлеуметтену жолындағы алғашқы қадамдарын жасайтын бастапқы адым. Ол балаға алғашқы түсініктер береді, оны еңбекке баулып, өз-өзіне қызмет ету дағдыларын қалыптастырады. Ата-ананың іс-әрекеті мен мінез-құлқы, өмір сүру салты арқылы балаға дүниетанымдық, адамгершілік, әлеуметтік-саяси құндылықтар беріледі. Баланың бас ұстазы –«ата-ана». Сондықтан мектепке дейінгі қоғамдық, ұлттық тәрбиені жаппай енгізу қыз балаға ана тілін, тарихи зердені, дәстүр мен ғұрыпты дарытатын дара әдіс-отбасылық тәрбие. Білім берудің қазіргі заманға тән тағы бір талабы – өзге мәдениетті тану, онымен өзін байыта түсу. Отбасында қыз тәрбиесін халықтық дәстүрлі тәрбие негізінде ұйымдастырудың бағыттары төмендегідей:

-         отбасының толық (толық емес) болуы;

-         отбасы қарым-қатынасының қыз балаға дұрыс болуы;

-         отбасында қыз баланың мінез-құлық ерекшеліктерін ескеруі;

-         отбасында қыз баланың жүріс-тұрысын ескерусіз қалдырмау;

-         отбасында қаталдық, ата-ананың өзара қарым-қатынасындағы қаталдық;

-         қыз балаға шамасы келмейтін міндеттер жүктеуі;

-         отбасы тәрбиесіндегі қарама-қайшылық (әкенің айтқанына, анасының қарсы болуы);

-         отбасы тәрбиесінде дәстүрдің болмауы;

Кез-келген ата-ана өз баласын өнегелі сөзбен жеке басының үлгісімен тәрбиелейді.Әсіресе, ата-ана балаға өз  ана тілін, ұлттық діні мен ділін беруде үлкен роль атқарады. Ұлтты ұлт ретінде танытатын екі нәрсе бар. Бірі қасиетті Жер-ана, екіншісі- тіл. Міне, отбасындағы ұрпақ тәрбиесінде қыз балаға өз Отанын қорғау мен тілін сақтауды үйрету ұстаздар мен ата-аналарға байланысты. Қыз балада үлкендердің сөзіне, қылығына, іс-әрекетіне байланысты еліктеушілік басым болып, құрбы-құрдастарының, жора жолдастарының да ықпалы болатындығы белгілі жәйт. Сонымен бірге, қыз балаға жасалатын ерекше мейрімділіктің де, керемет қаталдықтың да, отбасындағы баланы бір-бірінен алалап қараудың да теріс нәрсе екенін, ал қыз баланың жеке басын құрметтеп, елеу, оның психологиясының дұрыс қалыптасуына жағдай жасайтынын халқымыз нақыл сөздермен және т.б. жағдайлармен дұрыс көрсеткен [4].

Халықтық педагогиканың ішіндегі отбасы мәселесі қыз балаларға нақты әдет, дағдыларды меңгерту, іскерлікке баулу, ұқыптылыққа, ерінбеуге, бастаған жұмысын аяқтауға қалыптастыруды қажет етеді. Ата-ананың дауыс ырғағын қабылдауы, көңіл-күйін білдіретін ым-ишара тұстарын дұрыс түсінуі қыз баласының ең басты міндеті болып саналады. Әке- шешенің қыз баламен қарым-қатынасында оның мінез-құлқындағы ерекшеліктерін ескермеуінен келіспеушілік туындап, ол қыз баланың түрлі психикалық кеселге ұшырауына (ашушаң, қырсық, жасқаншақ) соқтырады. Осыдан барып отбасында қыз тәрбиесінде қателіктер пайда болады.

Халықтық педагогикасы арқылы отбасында қыздарды тәрбиелеуде ананың ролі ерекше екендігіне көз жеткізе отырып, қыз баланы болашақ ана болуға даярлау-ерте жастан бастау алса, жас отаудың іргетасы да бекем қаланады. Олай дейтініміз, болашақ ұрпақ жалғастырушысы-ер психологиясының ерекшелігін, анасы ертерек  түйсігіне енгізгенде,бала күтімі, үй күтімі, ата-енені сыйлау, күйеуінің туған-туыстарымен тығыз қарым-қатынас жасауы-қыз баланың анасынан алған тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесіне байланысты, яғни отбасы тәрбиесінде қыз тәрбиесіне терең көңіл бөліп ұйымдастыру оң нәтижесін береді.

Қыз баланы өмірге бейімдеуде мектеп, мұғалім және отбасында ата-ананың бірлескен одағы қажет екені сөзсіз. Кез-келген атаның педагогикалық білімі бола бермейді. Сондықтан мектепте отбасындағы қыздар тәрбиесіне бағыт-бағдар берерліктей мүмкіндіктер жасалып тәрбие орталықтарына сұраныс тууы –кезек күттірмейтін іс.

Отбасындағы қыздар тәрбиесіне мектеп тарапынан ықпал жасалып, қамқорлық қарастырылмайынша, қыздарымызды шынайы өмір- отбасылық өмірге, жұбайлық өмірге даярлау сол күйінде қала бермек.

Үздіксіз білім беру жүйесіндегі қыздарды тәрбиелеуде өзіндік қабілеттерін, іскерлік мүмкіндіктерін білімділігімен, қазақ халқының дәстүрлі тәрбие түрлері арқылы әрекет жасауда.

Осы туындаған мәселелер халықтық педагогика ғылымында қазақ халқының дәстүрлі тәрбие түрлері арқылы қыздарды тәрбиелеуде жаңа ұлттық келбетін қалыптасыру көзделіп, қыз балаларымызды өз халқының рухани қазынасымен, оның ұлттық мәдениетімен, әдет-ғұрып дәстүрлерімен тереңірек танысу қажеттігін көрсетіп отыр.

 

Әдебиеттер тізімі:

1. Н.Ә. Назарбаев Тарих толқынында. Алматы, 1999.

2.Н.Ә. Назарбаев Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ. 2014

3.Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. Алматы,1995

4.Сарыбекова Ж.Т. Қыздар тәрбиесі. Тараз, 2015