Бейсенбекова Г.Б. доцент

Шакимова Д.Д. магистрант

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті.

Қазақстан.

 

Қазақстанда педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырудың жаңа, сапалы тәсілдері

 

Педагогтың біліктілігін арттыру үдерісі жүйелілік тұрғысынан алғанда дамудың тұрақты байланыстары мен қозғаушы күштерін қамтитын негізгі компоненттерді қарастырады. Бұндай компоненттерге: қоғам мен мемлекеттің мектепке қоятын талабынан туындайтын қалыптасу және даму мақсаттары; біліктілік арттыруды ұйымдастыру формалары; педагогтың біліктілігін арттыру кезіндегі оқу мазмұны мен тәсілдері; оқытушы кадрлар; жүйенің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жағдайлар; өз біліктілігін арттыратын педагог пен біліктілік арттыру бағасы жатады.

Біліктілік арттыру жүйесін дамытудың әр кезеңінде педагогикалық кадрлардың  меңгерген дайындық деңгейі мен оларға қойылатын талаптар арасында қарама-қайшылық туындайды. Осы қарама-қайшылықтан шығу қажеттілігі жүйені жетілдіру көзі болып табылады.

Қазақстанда біліктілік арттыруды ұйымдастырудың жаңа, сапалы тәсіліне қажеттілік туындады. Қазіргі жағдайда біз үшін ең маңыздысы британдық тәжірибеден Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан қайта жаңарулар ішіндегі өзектісі, Қазақстан педагогтарының біліктілігін арттыру жүйесінің әлемдік мәнмәтіне кірігуіне ықпал ететін идеяларды алу керекпіз. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың педагогтардың кәсіби дамуы саласындағы жаңа көзқарасы Қазақстанның білім беру жүйесіне оң өзгерістер енгізуге зор мүмкіндіктер тудырды. Бүгінгі таңда мемлекет басшысының тапсырмасына орай «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығымен Кембридж университетінің Білімберу факультеті бірлесе әзірлеген деңгейлі бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында Кембридж университетінің Білім беру факультетімен Халықаралық Емтихан кеңесі және Педагогикалық шеберлік орталығымен Педагогикалық өлшеулер орталығы арасында стратегиялық әріптестік, ал педагогтар, тренерлер, эксперттер арасында өзара әрекеттестік орнаған. Аталған ұйымдар мен тұлғалар арасындағы өзара әрекеттестік пен әріптестік анық және ортақ кәсiби құндылықтарға, бiлiм және түсiну, дағдылар мен тәжірибеге негізделген. «Осы әрекеттестік негізінде оқушылар педагогтарынан көмек алады, педагогтар өз кезегінде Кембриджден қолдау тауып отырған өздерінің тренерімен экспертінен көмек алады» [1,7 б.].

Тренердің өз стандартына сәйкес болуы үшін оның оқуы мен практикасын қолдап, дамыту мақсатында эксперт өзіне бекітілген тренерлер тобының педагогикалық практикасын формативті бағалау үдерісін жоспарлайды.

Формативті бағалау мәселесін зерттеушілер Брангерт-Драунс, Куликпен Морган және Элавар мен Корно өз жұмыстарында: «формативті бағалау – оқушылармен кері байланыстың үзіліссіз легі», «оқушының алға жылжуы үшін жеткілікті ақпараттың болуына байланысты өзінің жеке қабілеттерін білуіне көмектесетін орынды комментарийлер және анықта түсінікті ұсыныстар» деп түсіндіреді [2, 37 б.].

П. Блек пен Д.Уильям«Черный ящик: что там внутри? Оценка знаний учащихся как способ повышения эффективности учебно-воспитательного процесса» деген еңбектерінде формативті бағалаудың келесі компоненттерінұсынады: педагогтың оқушымен тиімді кері байланысты қамтамасыз етуі; оқушының өзінің жеке оқу үдерісіне белсене араласуы; бағалау нәтижелерін ескере отырып, оқу үдерісін түзету; өз кезегінде оқуға маңызды әсер ететін бағалаудың оқушылардың мотивациясы мен өзін-өзі сыйлауына терең ықпал ететінін мойындау; оқушылардың өз білімін дербес бағалай алуы [2, 14 б.].

Жоғарыдағы зерттеушілер атап көрсеткендей, кері байланыс әрекеті тиімді оқытудың негізі болып табылатын формативті бағалаудың маңызды компоненттерінің бірі.

-    Педагог (оқушы) үшін – жеке жетістіктері мен білім алудағы олқылықтарды сезінуге көмектесетін және алға жылжуға бағыттайтын нақты ұсыныстар үшін алынған ақпараттар;

-    Тренер (педагог) үшін – оқытудағы олқылықтарды түсінуге және өз іс-әрекетіне (жаңа әдістер таңдау, оқыту техникасы, сабақ кезеңдерін бөлудегі өзгерістер және т.б.) өзгерістер енгізуде көмектесетін ақпараттар алу.

Тренерлер педагогтардың,эксперттер тренерлердің алға ілгерілеуін қадағалай отырып, оқу мен оқытудың барлық сатыларында және бағалау кезеңінде ауызша және жазбаша түрде қалыптастырушы кері байланыс ұсынады.

Кері байланыс түрлері

Ауызшаберілген керібайланыс

Жазбашаберілген керібайланыс

Кеңейтілген, толық немесе қысқа, кеңейтілмеген («жақсы», «жарайсың», «дұрыс», «дұрысемес») т.с.с.

Жазбаша пікірлер, комментарийлер, рефлективті кесеп, эссе, мәдени күнделік жүргізу т.с.с.

Кері байланыстың қай түрі болмасын, тренер (педагог) мыналардың маңыздылығын үнемі есте сақтауы керек: педагог (оқушы) нені жақсы орындағанын белгілеп отыру; қателіктер болған жағдайда тренерге, педагогқа (оқушыға) өзінің жұмысын жақсартуға байланысты нақты ұсыныс беру. Деңгейлік курс кезіндегі тренинг барысында кері байланыс нәтижесі бойынша оқыту үдерісін жақсарту мақсатында педагог іс-әрекетіне түзетулер енгізіледі. Күнделікті рефлексиялар, жазбаша комментарийлер, бақылау, сындарлы және фронтальды сұрақтар, эсселер, мәдени күнделік жүргізу, өзін-өзі бақылау дәптерлері және т.б. кері байланыс құралдары болып табылады.  «Деңгейлі бағдарлама аясында дайындықтан өткен барлық тренерлер тыңдаушылардың қажеттіліктеріне, білім беру жоспарларының талаптарына жауап беретін, оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді қамтитын келісілген оқу бағдарламаларын жоспарлайды» [3, 10 б.].  Тренерге тізбектелген сессияларды жоспарлауға қолдау көрсету мақсатында бақылауға дейінгі сұхбат кезіндежоспарлау бойынша эксперт тарапынан формативті пікір ұсынылады. Педагогтарға, тренерлерге арналған стандарттар оқыту мен оқу қағидаттарын және оларды Бағдарлама аясында іс жүзінде қолдану тәсілдерін зерделеуге негіз болып отыр.Тренерлердің практикасын бақылау жолдары арқылы тренерлерге кеңес беру, өз практикасы мен білімін дамытуға қолдау көрсету, тренерлер мен педагогтардың стандарт талаптарына сәйкес келуіне көмектесу мақсатында тізбектелген сессиялар бақыланады.Тренердің оқыту тәжірибесіне қолдау көрсету мақсатында конструктивті пікірмен қамтамасыз ету үшін тренердің оқытуына формативті пікір ұсынылады. Тренерлердің сабағы эксперттің бағалау құралына сәйкес  Жоспарлау, Оқыту, Оқу, Бағалау деген төрт критерий бойынша қадағаланып, бағаланады. Уақыт өткен сайын практиканы бақылау кезінде тренерлер тәжірибесінің байығаны, формативті бағалаудың түрлі тәсілдерін қолданатыны көрініс табуда. Бірін-бірі бағалау, өзара бағалау, өзін-өзі бағалау, ауызша және жазбаша кері байланыстың түрлі құралдары қолданылады. Кейбір тренерлердің өзінің кері байланысын сызба, схемалар арқылы визуалдандырып ұсынуы үйренушілердің тиімді қабылдауына ықпал етеді. Ауызша және жазбаша кері байланыс оқытудың кез келген бөлігінде қолданылады. Ауызша кері байланыс кезінде педагогтар Бағдарлама ресурсында берілген сыни ойлауға жетелейтін сұрақтарды басшылыққа алады және тренер тарапынан да сындарлы, формативті сұрақтар беріледі. Мәселен, бақыланған сабақтардан мысалдар келтіретін болсақ:-Коучинг тақырыптары мектепті дамыту жоспарындағы басымдыққа сәйкес келе ме? Коучинг пен тәлімгерліктің тиімділігін қалай анықтадыңыз? Келешекте қалай қолдау көрсетесіз? сипатындағысұрақтар қойылды. Гиббс пен Симпсон (2002) оқуды қолдайтын формативтік бағалаудың он бір талабының жетеуі пікірлерге негізделенгенін айтады [4, 35б.] Кері байланыс әрекетін жүзеге асыру мақсатында педагогтар ортаға салған әріптестерінің жұмысына жазбаша пікірлерін білдіреді. Үйренушілер әріптесінінің жұмысына және өзіне-өзі баға берген кезде тренер:-Басқа әріптесіңіздің есебін оқып отырып, өзіңіз не үйрендіңіз? немесе -Сізге әріптесіңіздің берген кері байланысы қаншалықты пайдалы болды? деген сұрақтар қоя отырып,  педагогтар үшін берілген тапсырмалардың тиімділігін анықтай алады. Профессор Джон Хэттидің кері байланысқа қатысты зерттеуі көрсеткендей, пікір кез келген басқа факторға қарағанда жетістіктерге жету үшін үлкен ықпалға ие және келесіні айтады: «Пікір оқушылардың үлгеріміне ықпал ететін ең қуатты факторға ие» [4, 35 б.]

Сонымен қатар, сабақ соңында берілген стикерлерге әр педагогтің өзінің қандай нәтижеге жеткенін көрсетіп, сабақтың сәтті және сәтсіз тұстарын саралап, сұрақтарын беруі арқылы сабақтың қорытындылануы жалпы барлық тренингтерге тән рефлексия. Мәселен, бақыланған тренингтердің бірінде тренер көшбасшы ретінде оқытуды басқара алатынын, топта ынтымақтастық қарым-қатынасқа, жоғары мәдениетке негізделген оқыту ортасын құра білетінін, өзінің белсенділігі өте жоғары, кері байланыс берудің түрлі тәсілдерін қолданатынын көрсетті. Дегенмен, үйренушілердің кері байланыс беруде әлі де сындарлы (конструктивті) пікір бере алмай жатқандығы көрінді. – Сіздің осы тақырыпқа қатысты көп еңбектенетініңізге қарамастан, бұл мәселенің туындауы неліктен? деген эксперт сұрағына бір тренер: - Кері байланыс беру сыни ойлаудың жоғары дағдысын талап ететіндігін, педагогтерда  әлі де болса қалыптасқан дағдының жетіспей жатқандығын дәлел ретінде ұсынды. Тренерге болашақ практикасында педагогтардың кері байланыс бере алуын жетілдіру мен белсенділігін арттыру қажеттілігі жайында ұсыныс айтылды. Бұл – тренингтерді бақылау барысында өте жиі айтылатын ұсыныс: не тренердің тарапынан берілетін ашық, сындарлы сұрақтардың аз қойылуы немесе педагогтардың сындарлы сұрақтар мен ұсыныстар беруде қиналатыны барлық деңгейлердегі тренерлер мен педагогтар үшін әлі де ойлануды қажет ететін ортақ мәселе.

«Возможно, самый важный навык для любого тренера –  умение давать обучаемым эффективную обратную связь относительно результатов их работы на тренинге» деген Тим Расселдің пікірінше, кері байланыс тиімді тренингтің түйінді элементі[5,12б.] . Тим Рассел кері байланыстың төмендегі он ережесін ұсынған:

1.            Кері байланыстың теңгерімді болуы.Оқушылар кері байланыстың жаңа игерілген дағдыларды қолдау немесе қолданыстағыларды жақсарту үшін қажет екенін білуі тиіс. Кері байланыс шын мәнінде назар аударарлық нәрселерге қатысты болып, жағымды және жағымсыз пікірлер айтуда тепе-теңдік сақталуы тиіс.

2.            Кері байланыстың нақты болуы.Тренер шын мәнінде не болғанын белгілеп, нақты детальдарын атап өткен жөн.

3.            Кері байланыстың объективті болуы. Кері байланыс шын мәнінде болып жатқан фактілерді, осы оқиғалардың жағымды және жағымсыз әсерлерін қамтуы тиіс.

4.            Кері байланыстың орынды болуы.Тренингте үйренушілер нақты қандай дағдыларын жетілдіріп жатқанын біледі, сондықтан осы дағдыларға қатысты кері байланыс алуы керек.

5.            Кері байланыстың түсінікті болуы.Тренер кері байланыс беру кезінде кәсіби терминдерді абайлап қолданғаны,  тілінің түсінікті болғаны жөн.

6.            Үйренушінің көзқарасы мен мүмкіндіктеріне сай келуі. Кері байланыс сәтті болуы үшін тренингке қатысушылар ұсынылған тәсілмен жұмыс істеуге келісілген болуы керек.

7.            Алдыңғы кері байланыспен салыстыру мүмкіндігінің ескерілуі. Ағымдағы жұмыс нәтижелерін алдыңғы әрекетпен қайта салыстыру мүмкіндігі болған жағдайда ғана прогресті бақылауға болады.

8.            Іс-әрекет жоспарын қамтуы тиіс. Үйренушілерге олар пайдалана алмайтын ақпарат ұсынудың маңызы болмайды. Кері байланыс мақсаты - адамға бір нәрсе үйренуге және зерделеуге көмектесу, сондықтан кері байланыс тек жетілдіру қажет мәселеге ғана назар аудару емес, сүйенетін әрі келісілген іс-шаралар жоспарын да қамтиды. 

9.            Жеткілікті болуы.Тренер табысы мен сәтсіздіктерін талдай отырып, әр қатысушыға жеткілікті уақыт бөлуі керек.

10.        Кері байланыс барысында ұсыныстың иерархиялық тәртіппен берілуі. Пікірлердің иерархиялық тәртіппен берілуі дегеніміз, ең маңыздылары бірінші кезекте болып, содан кейін аз көңіл бөлінетініне ауысу[5, 30 б.]. Кері байланыс ұсыну тренердің негізгі және ең күрделі дағдыларының бірі десек, оған қол жеткізу үшін аталған ережелерді ескере отырып, жаттығудың ықпалы болуы тиіс .

Сонымен қатар, тиімді кері байланыс ұсынуда Бағдарламаның негізгі идеясының өзегі, мәйегі болып табылатын сыни ойлауға жетелейтін сұрақтар қоя білу аса маңызды. Ал осы дағдыны дамытуда тренер, педагог, оқушы арасындағы циклдік үдеріс, үздіксіз байланыс мықты болса ғана нәтиже болмақ және бағдарламаның негізгі миссиясы орындалмақ. Осы тұста эксперттің де өзіндік үлесі болуы шарт. Эксперт кері байланыс кезінде ашық та сындарлы сұрақтар қоя білудің үлгісін өз іс-әрекетімен көрсеткені абзал. Эксперт сабақты бақылауға дейін және сабақтан кейінгі кері байланыс барысында тренерлермен құрылымдалған сұрақтар бойынша  кәсіби сұхбат жүргізеді.

 

Кәсіби сұхбат үлгісі

 

Сабақты бақылау алдындағы сұхбат

Бақылаудан кейінгі сұхбат

1.Бүгінгі бақыланатын сабақтың тақырыбына, топтың ерекшелігіне сәйкес жоспарлауыңызға қатысты қысқаша айтып берсеңіз...

2. Сабақтың мақсаты қандай?

3. Үйренушілер осы сабақтан нені біліп шығулары керек? Күтілетін нәтиже қандай?

4.Сіздің рөліңіз қандай болмақ? Оқытудың қандай әдістерін қолданасыз?

5. Үйренушілерге осы сабаққа қатысты дайындалуға ресурстар бер ресурстар берілді ме?

6. Өткен тақырыппен байланысы бар ма?

7. Бүгінгі сабақ сіздің оқытуыңыз үшін әдеттегідей бола ма? Олай болмаса, несімен ерекшеленеді?

8. Менің неге көңіл аударғанымды қалар едіңіз?

 

1. Бүгінгі сабағыңызды қалай өтті деп бағалайсыз?

2. Сабақтың мақсатына сәйкес үйренушілер әрекеті туралы пікіріңіз қандай?

3. Сіздің ойыңызша, сабағыңыздың сәтті және сәтсіз өткен тұстары?

4. Сіздің оқытуыңыздың мықты жақтары қайсы? Өз практикаңыздың жақсарған тұстарын байқадыңыз ба? Бәлкім, бұған дейін қойылған жеке бір мақсаттарыңызға қол жеткіздіңіз бе?

5. Сіздің оқытуыңызда әлі де болса жетілдіруді қажет ететін мәселелер не деп ойлайсыз?

6. Осы мәселелерді жетілдіруде өз ұсыныстарыңыз бен стратегияларыңыз бар ма?

Эксперттің мақсаты – алдын ала жүргізілетін сұхбат барысында тренерден өтілетін сабақтың мақсатына, үйренушілердің ерекшелігіне және тренердің оқытуына қатысты ақпараттар алу. Кері байланыс беруде сұрақ қою стратегиялары арқылы тренерлерге өздерінің кәсіби білім алу ортасында өз тәжірибелеріне шолу жасауға және рефлексиялауға көбірек мүмкіндік жасау. Формативті бағалау барысныда өзара сыйластық пен түсіністікке негізделген жағымды кері байланыстың болуы шынайы жауап алу үшін маңызды.

Жоғарыда баяндалғандарды қорытындылай келе, деңгейлік курс барысында сапалы кері байланыс ұсынуға қатысты төмендегідей тұжырым жасалды:кері байланыстың сабақтың тақырыбы мен мақсатына сәйкестігі; белгіленген мақсатқа қол жеткізуге бағытталуы; орындалған жұмыстың табысты жақтары жайлы ақпараттың қамтылуы; оқушыны өз жұмысын жетілдіруге ықпал етуі; оқушының өздігінен оқуына бағытталуы; табысқа жету қадамдарының көрсетілуі; комментарийдің нақты және орынды болуы; ұсыныстардың түсінікті берілуі; пікірдің позитивті, конструктивті ұсынылуы; өзара сыйластыққа, сенімге негізделуі; комментарийдің бағалау критерийлеріне сәйкестігі; табыс критерийлері мен оқу мақсаттарының ескерілуі; кері байланыстың уақытында ұсынылуы; ойлануға уақыт берілуі.

Әдебиеттер:

1.        Деңгейлік курстарды бағалау рәсімдеріне шолу. – Астана: Педагогикалық өлшеулер орталығы, «НЗМ» ДББҰ, 2015.

2.        Шакиров Р.Х, Буркитова А.А., Дудкина О.И. Оценивание учебных достижений учащихся. Б.: Билим, 2012.

3.        Тренерге арналған нұсқаулық. 1-деңгей. – Астана: Педагогикалық шеберлік орталығы, «НЗМ» ДББҰ, 2015.

4.        Бағалау нұсқаулығы.–Астана: Педагогикалық өлшеулер орталығы, «НЗМ» ДББҰ, 2012.

5.        Рассел Т. Навыки эффективной обратной связи. Санкт-Петербург: Издательский дом «Питер», 2002.