Педагогические науки/ 3Методические основы воспитательного процесса
П.ғ.магистрі, аға
оқытушы Қамза Г.Б.
Абай атындағы
Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеті, Қазақстан
Пәнаралық
байланыс арқылы оқушылардың музыкалық
қызығушылықтарын қалыптастыру мүмкіндіктері
Қоғамымыздағы экономикалық, саяси- әлеуметтік,
мәдени өзгерістердің жас ұрпақтың
тұлғалық бейнесіне ықпал ету мүмкіндігінің
артып отырғанына байланысты оларға рухани адамгершілік тәрбие
берудің зәрулігі барған сайын айқындала түседі.Ол
Қазақстан Республикасында
Гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы [1],ҚР
әлеуметтік мәдени дамуының тұжырымдамасы
сияқты мемлекеттік құжаттарда көрініс тапқан [2].
Өнер сабақтарының оның ішінде музыка
пәнінің, басқа да мектеп пәндерімен психологиялық, педагогикалық ортақтығы мол, түпкі мұраты бір, ол - мәдениетті тұлғаны
дамытып қалыптастыру. Дей тұрғанмен, музыка сабақтары
әсерлік қуатының молдығымен, көркемдік дамытушылық
мүмкіндіктерінің байлығымен ерекшеленеді.
Музыка пәні өзіне тектес өнер пәндері сияқты
көркем өнерді танып білудің жалпы эстетикалық
заңдарын ұстанады.
Мектептердегі музыка сабағының
жан-жақты жүйелі түрде өтуі үшін музыканың
басқа пәндермен тығыз байланысын ұжымдастыра сапалы
етіп өткізу - әрбір музыка пәні мұғалімінің
басты міндетінің бірі. Қазіргі кездегі оқытудың
жаңа кезеңінде, жалпы білім берудің түбегейлі
өзгеріп, өз ұлттық өнеріміздің өткені
мен бүгінгі дамуын жас ұрпаққа толық беру
мүмкіндігіне қол жеткізіп отырған жағдайда
музыкалық білім беруді тиімді ұйымдастыру арқылы саналы да,
өнерлі, жан-жақты білімді, өз халқының мол
мұрасын қастерлеп, жалғастыратын, отанын сүйетін азамат
тәрбиелеуде айтарлықтай нәтижеге жетуге болатыны
сөзсіз. Жоғарыда айтылып кеткендей, ол үшін
мұғалімнің өзі жан-жақты білімді,
ғылымның әр саласынан, педагогика, психология, тіл мен әдебиет, тарих, философия,
әлеуметтану, медицина, көркем өнермен бейнелеу, т.б. хабардар
болуы керек. Сонымен қатар мұғалімнің ой-өрісі,
түсінігі кең болуының арқасында осы аты аталған
пәндердің сабақ тақырыптарына байланысты, музыкалық шығармаларды тыңдату, әндерді үйрету
барысындағы байланысын тиімді қолдана біліп, оқушыларға
жеткізе білу әдістерін жүзеге асыру болып табылады.
Жаңа
тақырыпты түсіндіруде пәнаралық байланыс
күнделікті іс-тәжірибеде кеңінен пайдаланылады. Бұл
оқушының бұрыннан меңгерген білімі мен дағдысына
сүйене отырып, жаңа білімді меңгеруіне мүмкіндік
береді. Білім- баланың ойлау әрекетінің жемісі және
соның нәтижесі. Сонымен бірге ол- танымның негізгі
құралы болып табылады. Оқушының танымын жаңа
деңгейге көтеру үшін оның бұрынғы
меңгерген білімі негіз етіп алынады. Мектептің музыка сабағы
басқа да сабақтармен байланыса отырып, өмірдің
мәнін эмоционалды түрде түсінуге жол ашады.
Бастауыш
мектеп оқушыларына музыка пәнін оқытуда ана тілінің алатын орны ерекше. Себебі, оқушыларда
өнер туралы білімдерді, сұлулықты танып-білу ептіліктері мен
дағдыларын қалыптастыру нақты тіл, сөз арқылы
әңгімелеу, түсіндіру әдістері көмегімен, әрі
көрнекілік пен тәжірибелік әдіс-тәсілдерді
қолдану нәтижесінде іске асырылады.
Қазақ
халқы қашанда өз ойын домбыраға, әнге қосып
жеткізген. Бұл сөздің мәнін күшейтуге,
тыңдаушыда әсер қалдыруға деген ұмтылысынан
туындаса керек. Егер әдебиет, сөз өнері болмаса музыканың
көптеген жанрларының болмауы да мүмкін екендігі
түсінікті. Әннің, операның, ораторияның, кейде
балет т.б. сияқты музыка жанрларының туындауына әдеби
шығармалар түрткі болады.
Әннің
мәтіні- өлең. Егер өлең болмаса ән вокализге айналады. Мәтін, сөз болмаса музыканың хор жанры
да болмас еді. Күрделі музыкалық шығармалардың да
негізі – әдеби көркем шығармалар болып келетіні мәлім. Көркем
әдебиет үлгілері күрделі музыкалық
шығармаларға айналуы үшін, жазылу барысында олар
өңделеді, көпшілігі өлең түріне енеді,
яғни либреттоға айналады. Оқушыларға әдебиет пен
музыканың арасындағы байланыс, үйретілетін әннің
сөз мәтінін түсіндіру- музыка сабағының негізгі
міндеттерінің бірі. Қазақ педагогы М. Жұмабаев
өзінің «Педагогика» деген еңбегінде балаларда сұлулық сезімдерді қалыптастыру жөнінде
былай жазады: «Баланың маңайында сөйленетін сөздер
әдепті, сұлу болуға тиісті. Баланы сұлу искусствомен
терең таныстыру керек. бала неше түрлі сұлу үндерді
естісін, неше түрлі сұлу түрлерді, түстерді
көрсін, сұлу сөздер, сұлу өлеңдер жаттасын.
Түрлі музыка құралдарының үндерін тыңдасын,
сурет салып үйренсін. Ән салып, музыка құралдарында
ойнап үйренсін. Міне, осыларды істесе, баланың сұлулық
сезімдері өркендейді»[3].
Музыканың пәнаралық байланысы туралы
көптеген мысалдар келтіруге болады.
Қандай
музыкалық шығарма болмасын адам тарихымен байланысты десек,
бастауыш сыныптарда таныстырылатын музыкалық
шығармалардың, әндердің, күйлердің
шығуына себепкер өзіндік тарихын оқушыларға
түсіндіру кезінде музыка сабағын әдебиеттік оқу пәнімен тығыз байланыстырамыз. Қазақ
музыкасының ірі бір саласы күй өнерінің
мазмұндық құрылымын тұтас ала отырып, сол
күйлерге байланысты туған күй аңыздарын оның
құрамдас бөлігі ретінде қарастырған
А.Сейдімбектің еңбегінде ұлттық музыкамыз бен
әдебиетіміздің байланысын айқындауға қадам жасалған.
Музыка
алғашқыда
әдебиетпен
бөлінбес байланыста болған. Музыка көмегімен адам
тіліне байланысты дыбыстық қарым-бекіп, дамып отырған. Поэтикалық
шығармалар әуендер
арқылы ырғақпен, әнмен айтылған. Музыкалық
дыбыстың табиғаты ырғақ болып табылады. Музыканың
көзі - ынтыға айтылған әуезді тіл. Алғашқы
музыкалық құрал - дауыс болған.
Музыка негізі
ырғақ пен үйлесім, бұлар біріге келіп әуен
жасайды. Музыкалық бейнелер негізін құрған адам
тілінің ырғағы әрқашан
көңіл-күйге бай, жан сезімінен түзіледі. Бұл
музыканың ерекшелігін анықтайды, сондықтан да ол адамдармен
ішкі жан-дүние тілінде сөйлеседі, адамды толқытады,
әртүрлі шексіз көніл-күй реңктерін тудырады.
Соның бірі - табиғатқа байланысты
туындайтын музыкалық шығармалар. Сондай шығармалармен
оқушыларды таныстыруда музыка сабағында дүниетану,
табиғаттану пәнін кеңінен байланыстырамыз. Мысалы,
Тәттімбеттің «Саржайлау», Құрманғазының
«Сарыарқа», «Қызыл қайың», халық әні
«Алатау», Д. Мацуцин «Зырлайды шанамыз»,
К.Қуатбаев «Моншақтар», «Жау-жау жаңбыр», Махамбет «Қайран,
Нарын», К.Қуатбаев «Көктем», Абай «Қараңғы
түнде тау қалғып», «Желсіз түнде жарық ай», жапон
халық әні «Сакура» тағы басқа көптеген
шығармалармен таныстыру кезінде қоршаған ортаның
әсемдігін, туған жер табиғатының көркемдігін,
табиғаттың адамға әсерін, тигізетін пайдасын,
табиғатты аялауға, сүюге қамқор болуға,
көркейтуге баули, тәрбиелей отыра сабақтағы
тақырыбымызбен байланыстырамыз.
Музыкалық
шығарманың, үйретілетін әндердің,
ырғағын, темпін сезінуде, дыбыс ұзақтықтарын
меңгеруде, нота сауаттылығымен танысу кезінде - музыка сабағы
міндетті түрде математикамен
тығыз байланыста болады. Әндердің өлшемі,
дыбыстардың ұзақтықтары: бүтін, жарты,
төрттік, сегіздік ноталармен таныстырғанда
математикамен тікелей қатысты. Мұғалім әнді дирижерлау
кезінде өлшемді 1-ге, 2 -ге,
өлшемінде 1-ге, 2-ге,З-ке - өлшемінде 1 -ге, 2-ге, 3-ке, 4 –ке санау арқылы қарапайым әндердегі
ырғақтың, өлшемнің деңгейінде
оқушылардың түсінігін, музыкалық сауаттылығын
қалыптастырады.
Музыка
сабағындағы ырғақтық би қимылдарын
меңгеру, ән айту кезіндегі денені тік ұстау, демді
дұрыс пайдалану, музыканың мазмұнына, жанрына сәйкес
қол шапалақтау, марштық музыкаларға байланысты сапта
жүріп айту тағы басқа тәсілдерді қолдану
арқылы музыканың дене
шынықтыру пәнімен де тығыз байланыста болатындығын
үнемі байқауға болады. Музыка өнерінің барлық пәндермен, жалпы өмірдегі барлық
салалармен байланыспайтыны жоқ деп айтуға болады.
Музыка
- құдіретті күш, жан-дүниені ерекше әсерге
бөлеп, адамды сәулелі өмірге жетелейтін сиқырлы
өнер. Сонымен қатар, музыканы бейнелеу өнері сабағымен байланыстыра өткізгенде музыканың мазмұнын
ашатын жеке, шағын суреттерден тұтас көріністер де
құрастыру бала белсенділігін арттыра түседі.
Музыка
сабағының қазақ
тілі сабағымен байланысына келетін болсақ, музыка
сабағында өлең-әннің ішкі сырын ашуға
жетелейтін ерекше күш.
Қазақ
тілінде сөзді дыбыс құрайды.Бірнеше дыбыс біріге келе
сөз құрайды. Оның ұзақтығы, биіктігі
болмайды. Оның таңбасы бар, ол-әріп. Осылай әріп
сөзді құраса, нота
әуенді құрайды.
Қоршаған
ортадағы сұлулық
атаулының барлығы дүниетану
пәнімен тікелей байланысты. Алуан
түрлі гүлдер, жеті
түсті әсем кемпірқосақ, ғажайып табиғат
көріністері, бәрі-бәрі оқушыларды сұлулық
сезімге бөлейді.
Еңбекке
баулу пәнінің элементтері музыкамен, әсіресе ондағы
тәжірибелік оқу іс-әрекетінде анық көрінеді.
Сәнді бұйымдар жасау, қолөнер бұйымдарымен
танысып, олардың жасалу жолдарынан мағлұматтар алу,
аппликация, мүсіндеу сияқты музыка сабақтарындағы
эпизодтарында оқушылардың еңбектік ептіліктерінің
музыка арқылы ұштасуы
жүргізіледі.
Пәнаралық байланыс
арқылы
оқушылардың
музыкалық
қызығушылықтарын
қалыптастыру өскелең ұрпақтың музыка
сабағынан алынған білім жүйесін толық меңгеруге
мүмкіндік береді.
Бүгінгі
қоғам сұранысы мен өмір талабына жалпы адамзаттық
құндылықтарға жету
басты нысана болып отырған
жағдайда, білім берудегі оқу жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру негізгі шарт. Осы
тұрғыдан саралай келе бастауыш сыныптарда оқу
үдерісінде пәнаралық байланысты жүзеге асырудың тиімді
жолдарын қарастырып оған теориялық тұрғыдан
негіздеме беру - бұл өмір талабы.
Әдебиет
тізімі:
1
Қазақстан Республикасында
гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы . -Алматы:
Қазақстан, 1994.
2
Қазақстан Республикасы әлеуметтік
мәдени дамуының тұжырымдамасы,- Алматы:
Казахстан 1993.
3
Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы, 1992.