А.Ж. Едігенова
Семей қаласының Шәкәрім
атындағы мемлекеттік университеті, психология кафедрасының доценті,
педагогика ғылымдарының кандидаты
ҚАЗАҚ
ХАЛЫҚ ЕРТЕГІСІНІҢ БАЛАНЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ
ҚАСИЕТТЕРІН ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ РӨЛІ
Қай жаста болмасын
адамның бойындағы кісілік қасиеттері оның басқа
адамдармен қарым-қатынасынан айқын байқалады. Демек,
адам күнделікті өмір барысында тіршілік етіп, қоршаған
ортамен тығыз байланыста болады. Осының барысында адамның
тұлғалық қасиеттері сомдалады, адами қасиеттері
қалыптасады. Осылайша, адамның ішкі жан дүниесі,
психикасының даралық ерекшеліктері сырт көзге айқын
көрініп тұрады. Ал мектеп жасына дейінгі жас
тұлғаның қалыптасуындағы аса маңызды кезең
болып табылады, бала күнделікті
қоршағандар ықпалында өмір сүре отырып,
әлеуметтік нормалар мен талаптарды игереді. Сондықтан өте
ерте жастан-ақ, мақсатты бағытта баланың
тұлғалық қасиеттерінің (темперамент, мінез, ерік
т.б.) орнығуына мән беру – оның дүниетанымының
терең болып, қоршаған ортаның сан қилы
әсерлерін (жағымды, жағымсыз) бастан кеше отырып,
оларға шыдамдылық және төзімділік көрсетіп,
жаңа сапаларды игеруіне мүмкіндік жасайды.
Мектепке дейінгі жаста
баланың іс-әрекеттері ереже, талаптар мен нормалар аясында жүзеге
асатыны түсінікті. Демек, баланың әлеуметтену
тәжірибесінде үлкендерге қарау, еліктеу орын алады.
Нақтырақ айтқанда баланың әлеуметтену процесі
әр түрлі жолмен жүзеге асады. Міне, осы жағдайда,
яғни баланың тұлғалық қасиеттерін
қалыптастыруда халық тәжірибесін қолдану аса тиімді
болатыны өте ертеден-ақ дәлелденген. Сондай тиімді
құралдың бірі-ертегі. Ертегілерде халықтың
тыныс-тіршілігі, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері,
бақыт жолындағы күресі, адамдардың өзара
қарым-қатынастары мен мінез-құлықтары, қазақ
халқының ең жақсы қасиеттері – еңбек сүйгіштігі,
өз халқына, Отанға, туып-өскен табиғатқа
және т.б. деген сүйіспеншілігі бейнеленген. Ертегілер
балалардың жүрегінде керемет тамаша көріністердің орын
алуына мүмкіндік жасайды. Ертегілердегі фантазия мен жалған
көріністер шынайы өмір мен
айқын әлеуметтік
көзқарасты білдіреді. Сондықтан, әр педагогқа ертегіні
өзінің педагогикалық тәжірибесінде баланың
тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеуде сапалы пайдаланған
жөн. Ертегі дегеніміз бейнелеп айтқанда, балалық ой мен
сөздің шамшырағы. Балалар ертегіні тыңдайды және
оған әуестенеді, өздері ойдан шығарады. Ертегіні
өмір оқулығы, өйткені, қуаныш та, шаттық
та, уайым-қайғы да – бәрі ертегі мазмұнынан табылады.
Сондықтан, балалардың ертегісіз толыққанды
қалыптасуы мүмкін емес.
Ертегілерді мазмұны бойынша
саралап қолдану, олардың баланың тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеудегі
мүмкіндіктерін айқындауға көмектеседі. Енді осыны негізге
ала отырып, халық ертегілерінің баланың
тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеудегі әлеуетін
саралап көрейік.
Қазақ халық
ертегілері ішінде көркемдік қиялға толы, ен
қызықтысы – қиял-ғажайып ертегілері. Ол балаларды
өзінің көркемдігімен, әсемдігімен,
тартымдылығымен баурайды. Олардың қиялын ұштайды,
қиындықты жеңуге, қиналған кезде ақылмен
шешімді әрекет істеуге, зерек, тапқыр болуға талпындырады. Мәселен,«Қара
батыр»деген ертегіде түрікпен жортуылшыларының қолына
түскен Қара батыр деген
баланың төзімділігі, ақылдылығы, кішкене кезден
үлкендерден естіп, көңіліне тоқығанын
өмірде орынды қолдана білуі суреттеледі. Мәселен,
құстарға мұңын шағып, көмек
сұрауда (қарға, сауысқан, тырна, қаз,
аққу, қарлығаш, т.б.) олардың өзіндік
ерекшелігін, қылықтарын тауып айтуы, қарлығашты
өзіне сенімді дос санай білуі сүйсіндіреді. Ертегідегі мына бір
үзіндіге назар аударайық: «Қарлығаш ұшты
аспанмен, баланың айтқан жоспарымен, асқар-асқар
таулармен, айдын-шалқар көлдермен, батпақ-лай
шөлдермен, түрлі-түрлі жерлермен; қос қанатын
қамшылап, аспаннан қатер көрінсе, таса жерді жамшылап,
үстінен тері тамшылап, неше мерзім жерді өтті, неше мерзім елді
өтті нақ отыз күн болғанда, бір ауылға сол
жетті». Мұндағы қарлығаштың
қайырымдылығы суреттелетін жерлер баланың адами дамуына
әсерін тигізеді. Сондай-ақ, қарындасының: «Наркескен
деген алмастай, асыл еді негізің, бірге туған егізім, сен
тұрғанда ойлаушы ем арғымақ ат мінермін, асыл киім киермін,
тең құрбымнан ілгері, мен жарқырап жүрермін,
биіктен талап тілермін, ойын-күлкі сауықпен, қызыл
дәурен сүрермін» - деген жоқтау өлеңінде Қара батырдың әдемі
келбеті, мінез-құлқы, жақсы қасиеттері небір
тамаша теңеулер арқылы жырланады. Мұндағы әке-шеше
мен баланың, аға мен қарындастың арасындағы
қарым-қатынас, сыйластық, сүйіспеншілік, ізеттілік,
сөз жоқ балаға ой салып, жоғары адамгершілік
белестеріне жетелейді. Егер осы берілгеннің өзін балаға
дұрыс жеткізсек, ол оның сана-сезіміне әсер етпей
қоймайды. Яғни, баланың тұлғалық қасиеттерін
тәрбиелеудегі ықпалының өзі осыдан басталады.
Әдетте,
балаларға тән мінез – олар біреуге еліктегіш келеді. Мәселен,
ертегі тыңдаған бала ертегі кейіпкерінің жағымды
қасиеттеріне (батылдық, тапқырлық, өжеттік,
ерлік, қиындыққа төзуі, т.б.) еліктейді, соған
ұқсауға талпынады. Баланы ертегідегі кейіпкердің
іс-әрекеті, мақсат-мүддесі қызықтырады. Ол
соларды үлгі тұта отырып, өз мақсатына жетуді
армандайды. Ертегі кейіпкерінің іс-әрекетімен салыстыру
арқылы өзінің мінез-құлқындағы
кемшіліктерді байқауға үйренеді. Мұны балалардың бойында
адами қасиеттерді тәрбиелеуге түрткі болатын
қозғаушы күш деуге болады.
Мектеп
жасына дейінгі балалардың тұлғалық қасиеттерін
тәрбиелеуде тұрмыс-салт
ертегілері кейіпкерлерінің адалдығы, ақылдылығы,
тапқырлығы, адамгершілігі үлгі болары даусыз. Мысалы, «Зеректік» ертегісі арқылы
балаларға қарапайым адамдардың зеректігін, терең
ойлылығын өнеге өте отырып, оларды тапқыр
ақылдылыққа тәрбиелеуге болады. Ал «Аяз би»
ертегісінің оқиғасы қазақ халқының
күнделікті тұрмыс-қарекетіндегі тартыстар
төңірегінде өрбиді. Ертегі желісі жұмбақ
түрінде құрылған десе артық емес. Өйткені
айтайын деген ой бірден айтылмай, «соңы немен бітеді» деген
сұрақ туындатып, тыңдаушысын елітіп, қызықтыра
түседі. Қазақ халқының «Етікші Ерден» ертегісі
еңбекқорлық пен қайырымдылыққа,
туыстық қатынастарды орнатуға үйретеді.
Балаларды
қызықтыратын келесі бір ертегінің түрі – ол батырлық-ерлік жайындағы
ертегілер өзінің мазмұны, сюжеті жағынан
қиял-ғажайып ертегілерінің қатарынан орын алады.
Мұндай ертегілердің басты кейіпкері – ғажайып күш иесі,
батырлар. Бұл санаттағы ертегілер балалардың ерік
қасиеттерін (батырлық, батылдық, ерлік, төзімділік,
шыдамдылық т.б.) тәрбиелеуде таптырмас құрал бола
алады. Ертегідегі оқиға желісі басты кейіпкердің
іс-әрекетіне байланысты өрбіп отырады. Ертегідегі батырға
тән сипаттар – олар елі үшін қызмет етеді, елін жаудан
қорғайды, үнемі жорықта жүреді, көпшілік
тартыс, қақтығыстарда жеңіспен оралады. «Батырлар
жайындағы ертегілер ел арасынан шыққан қарапайым
адамдардың ерлік істерін, жауыздық пен жамандыққа
қарсы күресін дәріптеуге арналады.
Ерлік дегеніміз алға
қойған мақсатына шексіз сенген, сол жолда ақтық
демі біткенше, бел байлаған моральдық рухы жоғары
адамның қолынан келетін ғана қасиет. Ерлік істеген
сәтте адам өзіне өлім қауіпі келсе де
сасқалақтамайды, басына түскен ауырпалықты көтереді, өз мақсатын
қоғам мұратына бағындырып, мұны борышым деп есептейді. Ерлік көбінесе
қоғамдық мәні бар істерде көрінеді.
Қазақ халқының тарихында да кір жуып, кіңдік кескен жерін көзінің
қарашығындай сақтап, басқыншыны жаудан асқан
ерлікпен қорғай білген не бір батыр тұлғалар көптен
кездеседі. Демек, бұл ертегілерді балалардың ерік қасиеттерін
(батылдық, шыдамдылық, төзімділік, ерлік) тәрбиелеуде
ұтымты қолдануға болады. Мысалы, «Жерден шыққан
Желім батыр» ертегісі осындай оқиғаға
құрылған. Мұнда Желім батырға Дәу
әркез қастық жасап, алдын орап отырады. Алайда Дәу
қаншама күшті, айлалы болса да, Желім батырдан жеңіліс
табады. Кейбір ертегілерде олардың адамдарға жасаған
қастығының әр түрлі амал-айламен, алдап-арбаумен
жүзеге асырылуының өзі ғажап суреттеледі. Ондай
ертегіге балалардың сүйіп оқитын «Алтын сақа» ертегісін
жатқызуға болады. Қазақтың батырлық
жайындағы ертегісінің бір ерекшелігі – батырдың қасына
еріп, оған көмек көрсететін достарының болуы. Мысалы,
«Тотан батыр» ертегісін алайық. Ертегі оқиғасы Тотанның
қалындығына бармақшы болып алыс сапарға жиналуынан
басталады. Жол-жөнекей Тотанға көз байлаушы, желаяқ,
мерген, тыңшы, дәудің баласы сияқты жолдастар табылып,
оған ілесе жүреді. Ерте оқиғасының әрі
қарай өрбуі Тотанның жолдастарының
төңірегінде топтастырылып, олардың әрекеттерін:
дәудің күресте, желаяқтың жарыста жеңіске
жетуін, т.б. тізбектеп баяндауға құрылған. Ертегі
желісінен байқалып тұрғандай, батырлар бейнесі арқылы
халықтың ұлттық сипатына сай
мінез-құлық ерекшеліктері: ержүректілік,
еңбексүйгіштік, тапқырлық және т.б. анық
және айқын көрініс береді. Бұл ерекшеліктер
әртүрлі көркемдік құралдың, мәселен,
әсірелеудің арқасында ашылады. Мысалы, енбексүйгіштік
бір түнде зәулім сарай салу, екі-үш күнде атпен он
тәуліктің жолын жүру, бір түнде хан сарайын
гүлдендіру немесе бір қап шашылған тарыны жинау, т.б.
әсірелеп суреттеу арқылы бейнеленеді. Дене күші, ерлік,
батылдық және т.б. туралы да осыны айтуға болады. Табанды
адам алған бетінен қайтпай, көздеген мақсатына
қайткен күнде де жетуді көздейді. Ол қажымай-талмай
әрекет етіп, осы жолда небір қиыншылыққа төзіп,
оларды бірінен соң бірін жеңіп отырады. Мұндай адамның
ерік күші қиыншылыққа қарсы батыл күрес
үстінде онан сайын нығая түседі. Демек, ертегілерге тән
ең негізгі ерекшелік балаларға берер үлгі -өнегесі
болып табылады.
Ал күлдіргі ертегілердегі тазша
халық арасынан шыққан алғыр, ақылды, айлалы,
тапқыр, ер көңілді, өжет жігіт болып суреттеледі.
Мәселен, «Айлалы тазша» ертегісінде тазша өзінің
тапқырлығымен қулығын асырып, небір
қауіп-қатер мен кедергілерден құтылып кетеді. Олардың
қиындыққа төзімділігі, небір күрделі
жағдайлардан өзінің ұстамдылығымен,
айлакерлігімен жол тауып құтылып кетуі, яки тапқырлығы
балаларды қатты қызықтырады. Мұны ептілік,
төзімділік, ұтқырлық тәрізді қасиеттерді
тәрбиелеуде пайдаланған орынды тәрізді.
Ертегінің келесі бір түрі - үй жануарлары жайындағы
және хайуанаттар жайындағы ертегілер. Бұлар да өздеріне
тән ерекшелігі бар, қыры мен сыры мол, өзінше бір әлем.
Ертегілерде жануарлар адамдарға тән қарекеттер жасайды,
бір-бірімен сөйлеседі, ойлайды, қуанады, мұңданады. Ертегілердің
бұл түрлерінің тілі айшықты, жеңіл, күлкілі
әңгіме түрінде мазмұндалады, балалардың
күнделікті көріп жүрген нәрселері суреттеледі.
Оқиғаларды айтушыға да, тыңдаушыға да
жеңіл, ықшамды болып келеді. Мысалы, «Жыл басына таласқан
хайуанаттар» ертегісіне тоқталайық. Ертегіде жылқы,
түйе, сиыр, қой, ит, әтеш, тышқан тәрізді
хайуанаттар жыл басы болуға таласады. Олардың әрқайсысы
өзінің адамға әкелер пайдасын сөз етіп, жыл басы
болуға лайықты екендіктерін дәлеледеуге тырысады. Ал
тышқан болса не айтарын білмейді, сөйтіп, бір қулық
ойлап, жиналғандарға жылдың жолын тосайық, оны кім
бұрын көрсе, сол жыл басы болсын деп ұсыныс жасайды.
Оған барлығы келіседі. Түйе өзінің бойына сеніп
тұрғанда, тышқан жорғалап барып оның
өркешіне мініп алады. Сөйтіп, жылды тышқан бәрінен
бұрын көріп, жыл басы болыпты. Түйе бойына сеніп
құр қалыпты. Бұның өзі балалар үшін
қызықты. Осы ертегі арқылы балалар үй жануарларымен
(ит, сиыр, түйе, қой, жылқы), олардың адамға
келтіретін пайдасымен, әрқайсысымен тән мінезімен, қылығымен,
ісімен танысады. Осы сипаттағы ертегілерді әр педагог өз
жұмысында ұтымды пайдаланғанда балалар жануарларды
танып-білетін болады, оларды жануар ретінде емес, өзінің ойын,
пікірін, уайым-қайғысын, қуанышын бөлісетін тірі жан
ретінде қабылдайды және болашақ өміріне қажетті
білім, іскерліктермен қаруланары сөзсіз.
Халық
ертегілерінің қайсыбірі болмасын шындыққа жетуде,
зұлымдылықты жеңуде көңілге сенім ұялатады.
Ертегідегі дүниеге деген сенім, шаттық көзқарас
балаларға ерекше ұнайды, олар ертегіден өмірлік
күш-қуат алады. Ертегілердегі оқиғаның
күрделі желісі, шиеленіскен қақтығыстар мен күрестер
оның мазмұнын әсерлендіріп, балалардың назарын
өзіне аударады. Осы тұрғыдан алғанда,
ертегілердің балалардың психикалық қасиеттерін,
соның ішінде, темпераментін, мінезін, ерік қасиеттерін
тәрбиелейді деген пікір өте орынды. Ертегілерде
еңбектің кез-келген түріндегі биік шеберлік, білгірлік пен
дағдылар жоғары бағаланады, сондықтан ертегілерде осы
қасиеттерді балалардың бойына сіңіруге және
басқалардағы мұндай қасиеттерді бағалай білуге дәріптеуде
көмегі мол. Есте ұстайтын жайт, ертегінің сапалы әсері
болу үшін оларды жеткізе білу - жоғары талаптың бірі. Педагогтың
ертегіні мәнерлеп оқуы немесе мәнерлеп айтуы – бұл бір
жағынан, ертегінің бар әсерін балаларға түгел
жеткізу болса, екінші жағынан, балалардың тұлғалық
қасиеттерін тәрбиелеу құралы болады.
Байқап отырғанымыздай, балалар әлемі
мен ертегілер бір-бірінен бөліп қарастыруға келмейтін
біртұтас құбылыс, сондықтан әр баланы өз халқының
ертегілермен таныстыру және оларды балалардың
тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеу жұмыстарының
қай түрінің болмасын мазмұнына міндетті түрде
ендіру керек.
Сонымен, қазақ
халық ертегілерінің баланың тұлғалық
қасиеттерін тәрбиелеудегі ықпалына жасаған талдау
олардың тәрбиелік мүмкіндіктерінің жоғары
екендігін дәлелдейді: біріншіден,
балаға білім береді, тәрбиелейді, дамытады; екіншіден, тұлғалық қасеттерін тәрбиелеудің
құралы міндетін атқарады. Ал қазақ халық
ертегілерінің қызықты мазмұны балалардың адами
қасиеттерінің сапалы қалыптасуын жетілдіреді.
Әдебиеттер:
1. Қоңыратбаев Ә.
Қазақ фольклорының тарихы. -Алматы, 1991. - 288 б.
2. Жарықбаев Қ.Б., Қалиев С.
Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы, 1995. – 352б.
3. Қазақ халық әдебиеті.
Көп томдық. Ертегілер. Жауапты шығарушы А.Айдашев. Т.4.
–Алматы: Жазушы, 1989. - 304 б.
4. Қазақ ертегілері (қиял-
ғажайып және тұрмыс-салт ертегілері).
Құрастырған С.Мәмет. –Алматы: Балауса, 2001. - 262 б.
5. Қазақ халық әдебиеті. Көп томдық /
ҚазССР Ғылым акад. М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты. Ертегілер / Жауапты
шығарушы Т. Алпысбаев. – Алматы: Жазушы, Т.1, Т.2. 1988. - 288 б.