Д.О.Оразбекова, С.Шәдібек

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

МЕКТЕПТЕН ТЫС МЕКЕМЕЛЕРДЕГІ ЕҢБЕК ТӘРБИЕСІ

 

Үкіметтің жаңа адамды тәрбиелеуде алдына қойылған аса маңызды міндеттердің бірі өскелең ұрпақты қоғамдық еңбекке тәрбиелеу шараларын ұйымдастыру болды. Өйткені қоғам мүшелері әсіресе оның жас буындары арасында еңбекті бөлісудің жаңа қоғамдық формасы ерекшелігі мен еңбекке деген жаңа көзқарасты тез арада қалыптастыру болды. Сондықтан да еңбекке тәрбиелеудің негізігі  мақсаты өскелең жас адамның қоғамдық еңбекке деген сүйіспеншілігі мен ынтасын ояту, еңбек адамына құрметпен қарау сезімін дамыту, қоғамдық игілікке қамқорлық пен ұқыптылық көзқарас қалау арқылы сапалы және шығармашылықпен кез келген еңбек түрін жасай алатын оған практикалық даярлығы мен бейімділігі және қабілетін қалыптастыру, еңбек етудің қажеттілігіне берік сенімін орнықтыру, Отандық өнеркәсіп, өндіріс жетістіктеріне деген мақтаныш сезімге тәрбиелеу болды. Өмірдің сан – саласындағы қызмет түрлерін көрсету, олардың негіздерімен  таныстыру арқылы қажетті дағды мен іскерлік қабілетті, біліктілікті қалыптастыру, кәсіпті саналы түрде таңдау және кәсіби даярлық алуға тұрақты ынта – ықыласты күшейту, алған білімдерін практиалық өмірде қолдана білуге үйрету, еңбек процестерінің ғылыми негіздерімен, оны ұйымдастыру қағидаларымен қаруландыру сөйтіп кезеңдегі проблемаларды шешуге көмектесу еңбек тәрбиесінің негізгі міндеттері болды. Әл-Фараби: "Ақыл мен түсінік" атты еңбегінде ақылдылық пен адамгершілік үлгілі тәрбиеге байланысты, оның негізі таза еңбекте, еңбек өз кезегінде тәрбиенің негізінен туындайды деген еді. Еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда басты рөл атқарған К.Д.Ушинский болды. Ол өзінің еңбегінде адамның жан-жақты дамуы үшін еңбектің маңызының зор екендігін көрсетті. К.Д.Ушинский өзінің "Еңбектің психикалық және тәрбиелік мәні" деген мақаласында еңбек тәрбиесінің мәнін арнайы қарастырады. Дұрыс ұйымдастырылған еңбек балалардың ақыл-ойын дамытады, адамгершілік қасиеттерін қалыптастырады. Еңбек тәрбиесінің негізгі мақсаты қоғам өміріне белсене қатысатын жан-жақты дамыған адамды қалыптастырады.

Еңбектің бейнеті мен зейнетін басынан өткізген халқымыз баланы еңбекке тәрбиелеуді отбасынан бастаған. Ер бала мен қыз бала тәрбиесін бөлісіп алған.

Еңбек тәрбиесінің ең басты да, негізгі міндеттерінің бірі -жасөспірімдерді қоғамдық пайдалы еңбекпен баулу.

Қоғамдағы пайдалы еңбек - қоғамдағы қажеттілікті қанағаттандыру, жеке адамның жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау құралы. Қоғамдық пайдалы еңбек барысында жасөспірімдердің дүниетінымы қалыптасады. Мамандықты таңуда көзқарасы кеңейіп, денсаулығы жақсарады, саяси сенімі және мәдени-адамгершілік ұғымы артады.

Қоғамдық пайдалы жұмыстың мектеп және мектептен тыс мекемелерде бірнеше түрлерін атауға болады:

-  халық қоныс тепкен жерлерді, көшелерді, тротуарларды жөндеуге қатысу, экологиялық жағдайға байланысты тазалықты сақтау, табиғатты күту және қорғау;

-  мәдени-ағарту жұмысы жасөспірімдерді белсенділікке, қоғамшылдыққа тәрбиелеп, олардың әлеуметтік ортамен қарым-қатынасын кеңейтеді, шығармашылығын арттырады;

- еңбек тәрбиесі - адамгершілікке тәрбиелеудің ең жоғары формасы. Ол баланы қамқорлыққа, қайырымдылыққа, жауапкершілікке тәрбиелейді.

Мектептен тыс мекемелерде шығармашылық үйірмелердің еңбек тәрбиесін іске асыруда тәрбиелік мүмкіндігі өте зор. «Жас жеткеншектер», «Жас техниктер», «Жас спортшылар» «Жас толқын» және т.б. сияқты үйірмелер оқушыларды еңбекке баулиды, олардың шығармашылық ойларының дамуына көмектеседі.

Әрбір жасөспірімнің үйірме сабақтарында шығармашылық қатынасы байқалады, әдебиеттерімен жұмыс істеу, жазып алу, мәліметтерді жинақтай білуге де үйретеді.

Сонымен қатар, жасөспірімдер қызғылықты, үлкен тәрбиелік мәні бар көптеген шараларға қатысады және оларды тікелей ұйымдастырады.

Мектептен тыс мекемелердегі еңбек тәрбиесі баланы еңбекке неғұрлым ертерек қатысуына, балалардың еңбек әрекетінің қоғамдық мағынасы және өнегелік негізі болуына, еңбек тапсырмасын орындағаннан кейінгі нәтиже баланың сенімін қуаттануына, қуаныш сезімін артуына,  балалардың психикалық және физологиялық ерекшеліктеріне сай ұйымдастыруына, балалардың еңбегін ойынмен ұштастыруға септігін тигізеді әрі қалыптастырады. Енді  осы мақсат – міндеттірді шешуде өскелең ұрпақтың жан – жақты дамуын қалыптастырудағы  тәрбие орталығы саналған мектептен тыс мекемелердегі еңбекке тәрбиелеу жұмыстарының атқаратын ролі зор. Қоғамның басты талаптарының бірі - әр азаматтың өмірде өз орнында толық күш-жігерін жұмсап, қоғамдағы байлықты еселей түсуге еңбек үлесін қосуы, еңбекке адал, саналы қатынасу болып табылады.

Сондай-ақ, халқымыз еңбек пен өнерді егіз санаған. Жүн иіріп, өрнек тоқу, киіз басып, үй жабу, ою ойып, сырмақ, түс киіз өрнектеу, тері илеп, бас киім тігу қыздар, әйелдер үшін ерекше өнер санаған. Ал тері, ағаш, темірмен байланысты кәсіптерді ер адамдар атқарған. Аяқ киім (етік, мәсі, кебіс, шоқай, шәркей тігетін етікшілік, қайыстан жүген тартып, өмілдірік, қүйысқан, қамшы, шідер секілді әбзел істейтін өрімшілік үлкен өнер болып есептелген.

Ағаштан - ашамай, арба, шанажасайтын балташыларды темірден - құрал-сайман еңбек құралдарын немесе әшекей зергерлік бұйымдар жасаушы ұсталарды халық жоғары бағалаған.

 

Әдебиеттер:

1. Р.Қоянбаев. Тәрбие теориясы. - Алматы, 1991.

2. К. Сейталиев. Тәрбие теориясы. - Алматы, 1983

3. С.Қалиев, т.б. Қазақ халқының салт дәстүрлері. - Алматы, 1994.

4. Қ.Жарыңбаев,С.Қалиев. Қазақтың тәлім-тәрбиесі -Алматы, 1995.