Педагогика
Абибуллаева
Айгуль Мадигаппаровна, Өндірістік оқыту шебері,
Жаңақорған
аграрлы-техникалық колледжі,
Қызылорда
облысы, Қазақстан Республикасы
Шебердің өндірісте өткізілетін
сабақтарының ерекшеліктері
Кәсіптік
білім беру мекемелерінде білікті жұмысшылар мен мамандарды даярлайтын оқу процесінің екі негізгі
құрамы бар: теориялық және өндірістік
оқыту. Теориялық оқыту жалпы оқытудың 40-тан 60
пайызға дейінгі көлемін алады. Сонымен қатар
пәндердің жалпы білімдік, жалпы техникалық және арнайы
циклдері бар. Теориялық оқытуды арнайы пән оқытушылары,
ал өндірістік оқытуды өндірістік оқыту шеберлері
жүргізеді.
Теория мен
практиканың өзара тығыз байланысының негізінде
өндірістік оқыту процесі қалыптасады. Өндірістік
оқыту – білікті кәсіп иелері (жұмысшылар) мен мамандарды дайындау процесінің
маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Өндірістік
оқытудың мақсаты - белгілі бір мамандық бойынша студенттерді
кәсіби шеберлікке баулу. Өндірістік оқыту негізгі үш кезеңге
бөлінеді: оқу шеберханаларында өндірістік оқыту,
өндіріс жағдайларында өндірістік оқыту
(кәсіпорындарда, шаруашылықтарда) және өндірістік
практика. Әр кезеңнің оқу процесінде өзінің
мақсаты, өтетін орны, ұзақтығы (мамандық
спецификасына байланысты) бар.
Өндірістік
оқытудың негізі (спецификасы) студенттердің өндірістік
еңбегі арқылы оқу процесінде жүзеге асырылады.
Бұл оқу процесінің ерекшелігін – оның мазмұнын, студенттердің
оқу әрекетін, шебердің оқыту қызметін,
оқыту әдістерін яғни, оқу процесінің негізгі
компоненттерін байланыстырады. Осы компоненттердің біреуі болмаса,
ұйымдастырылған оқу процесі болуы мүмкін емес.
Өндірістік
оқытудың мазмұны – студенттерді оқып жатқан
мамандығына тән кәсіби дағды мен іскерлікке баулу,
мамандыққа сай қызметкерлердің еңбек
әрекетінің талдауы негізінде анықталады. Мұндай талдау
еңбек процесінің жоспарлау,
дайындау, жүзеге асыру,
бақылау және қызмет көрсету секілді функцияларын ашып көрсетеді [1].
Өндірістік
процесті жоспарлау – бұл тапсырмалармен танысу, материалдарды,
технологиялық процестерді, құрал саймандарды,
жабдықтарды таңдап алу, жұмыс жоспарын жасау.
Өндірістік
процесті дайындау – бұл жұмысқа материалдарды,
құрал-саймандарды, жабдықтарды дайындау.
Өндірістік
процесті жүзеге асыру – бұл операцияларды орындау, жұмыс
істеп тұрған жабдықтарды басқару, аппараттардың,
құрылғылардың технологиялық процестерін реттеу.
Өндірістік
процесті бақылау – технологиялық процестің жүрісін,
жұмыскердің өз іс-әрекетін, жабдықтардың
жұмысын, өнімнің сапасын тексеру және оған
баға беру.
Өндірістік процеске қызмет
көрсету – бұл
жабдықтарды күту, ақауларын жөндеу, жұмыс
орнын ұйымдастыру.
Бұдан,
кәсіптік білім беру мекемелерінде студенттерді өндірістік
оқытудың негізгі мақсаты – оларды өздерінің
мамандықтарына тән өндірістік процесті жоспарлау, дайындау,
жүзеге асыру, бақылау және қызмет көрсетуді
үйрету.
Жұмыскердің
еңбек қызметі еңбек тәсілдерінен, еңбек
операцияларынан яғни, жұмыскердің барлық
іс-әрекетін қамтитын еңбек процесінен тұрады.
Өндірістік процестің негізгі мазмұны студенттерді
өздерінің мамандықтарына тән еңбек әдістері
мен тәсілдеріне, операциялар мен іс-әрекеттерге оқытып,
үйрету және машықтандыру.
Студенттерді
өндірістік (кәсіпорын, ұйым, мекеме меншік нысанына
қарамай) жағдайда
оқыту және өндірістік практика, негізінен, болашақ
мамандық (кәсіп) иелерінің біліктілігін арттырып, жеке
тұлғаның кәсіби шеберлігін шыңдайтын
өндірістік оқытудың түрі. Бұл өндірістік
оқыту түрі оқу шеберханаларындағы оқытудың
мазмұны, мәні және өткізу әдістерінен
өзгеше және жауапкершілікті талап етеді [2].
Оқу
шаруашылығында (өндірісте) студенттердің тиімді
оқу-өндірістік іс-әрекеттеріне қажетті жерлер
(учаскелер) мен орындар бар. Олар егіншілік пен мал шаруашылығының
озық жетістіктерін ендіру, ауылшаруашылығы жұмыстарын кешенді
механикаландыру негізінде студенттердің өндірістік оқытуын
қамтамасыз ететін қажетті қосалқы
құрал-жабдықтарымен және механизмдерімен
жабдықталады.
Оқу
шаруашылығындағы барлық жұмыстарды өндірістік
оқыту және практика кезеңдерінде студенттер орындайды.
Оқу шаруашылықтарының оқу-өндірістік
қызметі студенттердің оқу-өндірістік
бағдарламасының талаптарын есепке ала отырып
құрастырылған өндірістік-қаржы жоспарымен
белгіленеді.
Оқу шаруашылығында
жүргізілетін зертханалық-практикалық сабақтарды тиімді
ұйымдастыру үшін мына құжаттарды толтыру керек: зертханалық-практикалық
сабақтардың тақырыптық жоспары, студенттердің
жұмыс орындарының алмасу кестесі, технологиялық-нұсқау
карталары және басқа да дидактикалық
құрал-жабдықтар, сабақ жоспары.
Қорыта
айтқанда, оқу-өндірістік құжаттарды дұрыс
әзірлеу студенттердің
зертханалық-практикалық сабақ бағдарламасының
мазмұнын сапалы түрде түсінуіне көмек көрсетері
даусыз. Оқу шаруашылығындағы ауылшаруашылық
жұмыстары технологиялық мерзім бойынша жүргізіледі.
Сондықтан жұмыс жоспарларын жасағанда оларды көктемгі,
жазғы, күзгі егіс жұмыстарының мерзіміне сәйкес
ұйымдастыруды ойластыру қажет.
Әдебиеттер:
1. Скакун
В.А. Оганизация и методика профессионального образования. Учебное пособие.
Москва, 2004.
2. Жуков
Г.Н. Основы педагогических знаний мастера производственного обучения. «Образование
и наука». 2003.