Қазақ батырлар жырларындағы жер-су атауларының поэтикасы

Қызылорда көпсалалы гуманитарлық –техникалық колледжінің

оқытушысы   Бекішева Қатира Әлмағанбетқызы

 Тарихи дерек көздеріндегі эпостық жырлар мен қазақ фольклорындағы топонимдердің ұлт санасындағы ізін анықтау мәселесі қазіргі таңдағы күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Ежелгі қазақ өркениетінің «алтын қорына» айналған батырлар жырындағы жер-су атаулары ұлтымыздың мәдени феномені ретінде оның топонимдік жүйесін айшықтандырып, ерекшелендіріп тұрады. Әрбір азамат тарих қойнауына тереңдеу арқылы өзінің ата-бабалары қалдырған кең байтақ жердің лайықты мұрагері болуға тиіс болса, оның жер-суына қойылған атаулар туралы мүмкіндігінше соншалықты көп білуге тиіс деп білеміз. Батырлар жырындағы топонимдер мағынасы жағынан сан алуан болып келеді. Олар мағыналық тұрғыдан қоршаған ортаның геофизикалық ерекшеліктерін сипаттайтын топонимдер, жан-жануарлар дүниесіне байланысты топонимдер, адамның іс-әрекеті мен тұрмыс тіршілігіне, өсімдік әлеміне байланысты топонимдер.Қазақ фольклорының тарихи сипаты басым көркем де құнды саласы – эпостық жырлар. Эпос деп оқиғасы ел, халық өмірінен алынған, образдары ірі, әрі кемелді түрде жасалып, батырлық немесе ғашықтық сюжетке құрылған үлкен-үлкен эпикалық жыр-дастандарды айтамыз.Қазақ эпосы бірде ерлікті, батырлықты дәріптеп, ел қорғау, отаншылдық сарынға құрылса («Қобыланды», «Алпамыс»), бірде феодалдық қоғамдағы әйел теңсіздігін арқау етіп, махаббат тақырыбына байланысты қалыптасқан топонимдер болып жіктеледі. Көненің көзіндей тілдің қат-қабат қойнауларында сақталып келген жер-су атауларының сыры мол.  VІІІ ғасырдағы  түріктердің үлкен жауы – араб, ХІІІ ғасырда – моңғол, ХVІІІ ғасырда – жоңғарлар болғаны тарихтан белгілі. Бірақ осы тарихи оқиғалардың ізі қазақ эпосында «қызылбас», «қалмақ» деген атаулармен ғана бітеді. Асылы түрік қағанаты ішіндегі тартыстарды да ескеру қажет. Олар бір ғана Қытай, Иран елдері емес, ұйғыр, қырғыз, қай, кеден, телес, тибет, түркеш тайпаларымен де жауласқан.Профессор Ә.Қоңыратбаев: «Қазақ батырларын тарихи геройға ұқсатып, Иранға жібергеннен гөрі, жыр оқиғасын оғыз-қыпшақ дәуірінен ізденген нақтырақ емес пе? Түркі тайпаларының эпосында түрлі шыжымдар бар. Оны «Бозғұлан», «Гургули» және көптеген қазақ жырлары аңғартады. Тарихи адам керек болса, Қазан аты «Қорқыт ата кітабында» бар. Осы жағдайларды ескере келгенде, біз эпос атаулы бір ғана империя аралығындағы күрестерді емес, сонымен қатар Түрік қағанаты, оғыз ұлысы, ноғайлы дәуіріндегі тайпалар арасындағы бүліншіліктерден де хабар береді дейміз. Осы бүліншіліктер бір кезде тұтас жүрген тайпалардың жіктелуіне әкелген еді» - дей келе, қазақ батырларын өз жеріміздегі көрсеткен ерліктері арқылы танығанымыз дұрыс болар деген тұжырым айтады [1-164 бет].

Олай болса біз қазақ эпосы қай кезде туды деген мәселені сөз еткенде, оны ең алдымен тарихи оқиғалар ізінен, мифтік діни ұғымдардан, жер-су, кісі аттарынан іздеуіміз шарт. Сонда ғана қазақ эпосына таптық сана қай кезде ене бастаған, фольклордағы мифологиялық ойлау қалай туған, тайпалық, ұлттық, халықтық сипат қалай орныққан деген мәселелерге дұрыс жауап бере аламыз.  «Барлық эпос геройларын мезгіл-мекенсіз социологиялаудың берері жоқ. Мұның бәрі фольклордағы фантазия қуаты мен көркем ойлаудың, тілдік құбылыстардың өркендеу процесін рухани мәдениет тарихына жақындата келіп зерттеуге жол ашады. Әрбір образға әдеби мінездемемен қатар, тарихи түсінік беріп отыру шарт.Көркем ойлау, көшпелі өмірде сапа мен тілдің табысы, рухани жағынан ең марқа құбылыс болса, түрлі тарихи формацияларға синантроп, антропология, неолит, андрон мәдениеті деп келуден гөрі, фольклор тарихы арқылы келу мақсатқа көп жақын» - дейді әдебиеттанушы ғалым Ж.Тілепов [2-253 бет].

Ш.Уәлиханов: «…қазақ халқының өміріндегі сұмдық ауыр уақыт болды. Жоңғарлар, Еділ бойының қалмақтары тұс-тұсынан қазақ ұлыстарын қырғынға ұшыратты, малдарын айдап әкетті, қазақтардың бүкіл семьяларын тұтқындап алды»  деген  [8-152 бет].

Мәселен, «Батырлар жырының» екінші томында жарияланған «Арқалық батыр» жырының беташары былайша ашылады:

Ал енді егіз жатқан керей, найман,

Шығады сөз болмаса қайдан мизан.

Қазақтың хан билеген заманында,

Жау бопты қазақ, қалмақ барымта алған.

Жыршы тыңдаушы зейінін, назарын бірден аудару үшін жырламақ батырының жыры қай елде, қай жерде, қай уақытта болғандығымен бастайды. Шумақта екі рудың аты қатар аталады. Ол керей, найман.Керей,наймандардың жер мекендері Орталық Қазақстаннан басталып,Жоңғар тауларына дейін созылып, Жетісу жерімен шектеледі. Негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпенді қазақтар өзен-сулы өңірлерді қоныс еткен. Өздері тұрған өңірлерді ерекше әспеттеп, лайықты атаулар қойған. Мұндай атаулар ұрпақтан-ұрпаққа ауыса отырып, сол мәні өзгермеген күйінде бізге жеткен. Жазба деректерге сүйенсек, аймақтың ең үлкен өзені Сырдарияның «Кангар» деп аталғанына көз жеткіземіз. Себебі, Сырдария өзенін сол алқаптағылар қала аттарынан Шам өзені, Ходжент өзені деп атап кетсе, VІІ ғасырда Сыр бойының орта ағысында қаңлы тайпасы өмір сүріп, өзен сол тұста Кангар деген атау иеленген. Бұл негіз топонимиканың құрылымы жер қойнауын мекендеген ұлыс, тайпа атауларын ерекшелетінін көрсетеді. Сөйтіп, эпостық жарлардағы жер-су аттарын лексика-семантикалық классификациялаудың маңызы мен мәнін аша отырып,олардың табиғат пен қоғамдық өмірге арақатысы дәрежесінен молынан хабардар етуге болады. Осылай десек, халық өмірінің әр кезеңдерінде пайда болған мәдени құбылыстар мен өзгерістердің өмірге жаңа топонимдер әкелетінін, сөйтіп топонимдер жүйесінің берік қалыптасуы мен қызмет етуіне ықпал жасап отыратынын бағамдауға болады. Сонымен, біз зерттеуімізде батырлар жырындағы жер-су аттарының топонимдік жүйесінде төмендегідей лексика-семантикалық топтарды айқындадық:

1. Семантикасы күңгірт топонимдер: Одыр, Бажы, Бұзай, Қилу, Сауыртау, Ындыс, Шамшықай, Ақұшан, Қауыс-қаусар;

2. Географиялық объектілердің түр-түсіне байланысты топонимдер: Қарааспан тауы, Ақбұлақ өзені, Қара Ертіс, Қазалқұм, Жирен қопа, Жирен көл, Бурыл тоғай, Қараөзек, Ақбұршақ өзендері, Ақсай, Алатау, Қаратау, Сарысу;

3. Географиялық объектілердің түрлі сапалық белгісіне байланысты топонимдер: Балды көл, Ащы сай, Шегірлі көл, Тасқия, Қорған бұлақ, Тентек сай;

4. Антропонимдерден құрылған топонимдер: Мәдение, Төленті, Аманбай, Есембай асулары;

5. Өсімдік дүниесіне, жеміс-жидек атауларына байланысты топонимдер: Қайыңды көл, Шеңгелді, Талды көл, Жыңғылды, Дермене.

6. Жан-жануарлар мен құстар атауларына байланысты топонимдер: Бурылтай, Қырапқыстауы, Құланай, Түлкібас, Қасқырлы сай, Құланды, Ешкіқара, Аюсай, Тайқоңыр;

7.  Салыстыру, теңестіру және оқиға негізінде қойылған бейнелі топонимдер : Қыземшек тауы, Қыздыкөл т.б.

8. Географиялық объектілердің айрықша  белгілеріне ыңғайластырып қойылған сандық топонимдер: Төрткөл, Бесоба;

9. Күнделікті тұрмыстық тұтыну зат атауларына байланысты қойылған топонимдер: Құмыра көл, Айнакөл, Шөмішті т.б.

10. Адамның дене мүшелерінің ішкі ағза атауларына байланысты семантикалық сипаттағы топонимдер: Қыземшек тауы, Қосқол;

11. Өзге ұлттар лексикасынан туындаған топонимдер: Елек, Үргеті, Төленті.

        Қазақ эпосының тарихылығын сөз еткенде, бір ғана ру, тайпа,халық шеңберінде  қалмай, сюжеттерді бүкіл Орта Азия, Алтай, тіпті Шығыс әлемі деңгейінде салыстыра зерттеу керек. Ертедегі космологиялық нанымдар, әлеуметтік құрылысы күрделі елдердің басынан өткен болса, эпосты отбасы, ошақ қасында зерттеу пайдасыз. Қазақ эпосын  тарихи желіге қойып дұрыс топтастырған ғалым Ә.Марғұлан болды. Ол оғыз- қыпшақ эпосын мынадай дәуірлерге бөлген:

1.Көне дәуірлерде туған эпос (V –ХІІ)

2. Тарихи дәуірде туған эпос (ХІІІ – ХІV)

3. Ноғайлы эпосы (ХV-ХVІ)

4.Жоңғар шапқыншылығына байланысты туған эпос (ХVІІІ)

5. Ішкі қанаушылар мен хандарға қарсы күресті суреттейтін эпос.

6.Совет заманында туған эпос.

 Бұл  бөлініс тарихи принципке негізделген. Түркі  тайпаларының ерте замандарда Алтай, Тянь-Шань өлкелерінде қоныс тепкенінде дау жоқ. Ондағы сыртқы жау-табғаштар болғанын  да жетік білеміз. Эпосты кенжелетіп феодализм дәуірімен тұмшалау қандай сыңаржақ болса, оның тегін тайпа, этногенезден бөліп қарау да сондай сыңаржақ екенін әбден түсінуге тиіспіз. Осы жайларды ескере отырып, Ә.Қоңыратбаев қазақ эпосын өзінің  тегі мен жанры жағынан он салаға бөледі:

1. Ертелік эпос  («Ер Төстік», «Құла мерген» т.б).

2. Түрік қағанаты дәуірінде туған жылнамалық эпос («Орхон» жазулары, «Күлтегін» жыры).

3. Оғыз эпосы («Қорқыт ата кітабы», «Оғызнама»).

4. Тайпалық эпос («Алпамыс», «Қобыланды»,т.б.).

5. Лиро-эпос («Қозы Көрпеш», «Қыз Жібек»)

6. Ноғай эпосы («Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази»).

7. Тарихи эпос («Досан батыр», «Бекет», 1916 жыл поэзиясы).

8. Шығыс дастандары («Рүстем-Дастан»).

9. Авторлық эпос («Еспенбет», «Өтеген батыр», т.б.).

10. Совет эпосы (Аманкелді, Төлеген туралы жырлар). Көшпелі қоғам жағдайында туып өркендеген қазақ, қырғыз, өзбек түркімен эпосы аз болсын, көп болсын ру, тайпа өмірі мен көшпелі  салтты кеңінен  суреттейді. Қазақ баласының кең байтақ  даласында, оның әр тасы мен бұтағына,  әр белес обасына белгілеп ат қоюы ата-бабасынан бермен келе жатқан ұлттық үрдісі. Жер-су атаулары географиялық белгі ретінде мекен-жайлық қызмет атқарып қана қоймайды, сондай-ақ сол жерді мекендеген халықтың, қауымдастықтың салт-дәстүрін, ой-санасы, рухани болмысын, бойына жинақтаған кумулятивтік (әлеуметтік) маңызы зор мәдени құндылық болып табылады. Көркем мәтіндегі жалқы есімдердің (оның ішіндегі жер-су аттарына байланысты) қолданылу ерекшелігін сөз еткенде, оның қатарына ауыз әдебиеті шығармалары да жататын болғандықтан батырлар жырындағы жер-су аттарын бөліп алып қарастырдық.  Мысалы, «Қобыланды батыр» жырының антротопономикасына эпос кейіпкерлерінің көптеген фольклорлық есімдері мен эпос сюжетіндегі оқиғаларға тікелей қатысатын адам аттары жатады. Олар төмендегідей антропонимдер: Қобыланды, Тоқтарбай, Аналық, Құртқа, Қарлыға, Қараман, Орақ, Қазан, Көбікті, Қарақозы, Аққозы, Қаражанұлы Қосдәулет, Қара Бұқан Қарауыл, Бекауыл, Алшағыр, Қанікей, Тінікей, Қарлығаш, Маңлұқ, Зарлық, Қамқа, Ағанас, Тоғанас, Нарқызыл, Қарабатыр, Есімбай, Бөкенбай, Омар, Ақтайлақ, Қара дәу, т.б. Белгілі қазақ фольклортанушы профессор Ә. Қоңыратбаев эпостағы (және оның нұсқаларында) 5 тарихи кезеңді бейнелеп көрсетеді: а) оғыз-қыпшақ дәуірі ( Х-ХI ғ.ғ ); ә) пешене дәуірі ( IX-X ғ.ғ); б) ноғайлы дәуірі  (ХV ғ.ғ); в) өзбек-қазақ  дәуірі (XVIғ.ғ.); г) Жоңғар шапқыншылығы дәуірі.[ 1-740 бет]

Осы тарихи кезеңдердегі жер-су аттарының түрліше сипатын түсіндіреді.  Кез-келген мәдениеттің түрлері, атаулары тіл арқылы бейнеленіп, кумулятивтік қызмет арқылы көрініп, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырады. Жер, су атауларының бойында осындай ерекшеліктер сақталған. Оларда халқымыздың өткен өмірінің тарихи іздері жатыр. Бір жағынан кейбір атаулар тарих қойнауына кіріп жатса, екінші жағынан жаңа, тың атаулар дүниеге келіп жатады. Ұмтыла бастаған, қолданыстан әлдеқашан шығып қалған сөздер өз тіршілігін географиялық атаулар формасында жалғастырады. Топонимдер оңайлықпен өзгере салмайтынын білуіміз қажет. Тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа  жетіп отырады. Бүгінгі таңда семантикасы күңгірттенген Аша, Борық, Көнек т.б. жер-су атаулары ұрпаққа жетіп отыр. Мемлекеттік тіліміздің қоғамдық рөліне қатысты академик Ә.Т. Қайдаров: «Ең алдымен, оның тірек болар үштағаны: жазу- сызуы (ұрпақ арасын жалғастырар алтын көпірі), ономастикасы ( жер бетіндегі ескерткіш), терминологиясы (оның баю, жаңару көзі) берік екендігін мойындау қажет»-, деп атап көрсетеді. Демек, ұлттық ономастиканың қоғамдағы рөлін зерттеу арқылы оны жаңа деңгейге көтеруге болады.  Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу үстіндегі еліміздің қоғамдық өмірінің барлық саласы жаңару мен өзгерістерді бастан кешуде. Сонымен сабақтас өріс алған рухани жаңғыру үрдісі тарихтың құрамдас бөлігі болып табылатын этностың, ұлттың тарихын салт-дәстүрін наным, сенімін, тыныс тіршілігін жан-жақты және терең зерттеуді талап етіп отыр. Еліміздің президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің зиялы қауым алдындағы сөзінде жер-су аттарының тарихылығы мен көнелігіне ерекше мән беріп, оны зерттеудің бүгінгі мемлекетіміздің саяси стратегиясы үшін де зор маңызы бар екендігін : «Әрбір азамат тарих қойнауына тереңдеу арқылы өзінің ата –бабалары қалдырған осындай кең байтақ жердің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын» - деп атап көрсетті. Осы тұрғыдан жер-су атауларын зерттеу қазақ тілінің лексика, этимология саласын тың деректермен толықтырса, екінші жағынан ұлттық таным мен тілдік құбылыс арасындағы байланыс ұлттық сананың дамуындағы жер –су атауларының орны секілді бұрын терең анықталмаған мәселелерді шешуге бағытталады.

 

                                  Әдебиеттер:

      1.Қоңыратбаев Ә. Қазақ фальклорының тарихы.-Алматы: 1960.-740 б.

      2.Тілепов Ж. Тарих және әдебиет, - Алматы: Қазақстан,1994

      3.Марғұлан Ә. Ежелгі жыр ,аңыздар. Алматы: Жазушы, 1985. – 238б.

   4.Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз – қазақ һәмхандар шежіресі. –  Алматы:Санат, 1991

      5. Бөкейханов Ә. Таңдамалы. – Алматы: Қазақстан, 1994

       6.Пангереев А.Ш. Жер-су аттарының поетикасы. – Ақтөбе: «Отандастар», 2001

       7.Қабышұлы И. Қазақ қауымы: Қазақ ұлысының 2000 жылдық тарихы. Алматы:      Жазушы,1997

      8.Уәлиханов Ш. Таңдамалы: - Алматы: 1985,-245 б.