Айдарбекова К.А., Смағұлова А.М.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Дамыта оқыту арқылы бастауыш сынып оқушыларын білім, білік, дағдыларын қалыптастыру

 

Дамыта оқыту күрделі құрылымды, біртұтас педагогикалық жүйе. Оның нәтижесінде әр оқушының өзін – өзі өзгертуші субъект дәрежесінде көтерілуі көзделіп, оқыту барысында соған лайық жағдайлар жасалады. Дамыта оқытудың дәстүрлі оқытудан айырмашылығы: көздеген мақсатында, мәнінде, мазмұнында, дамытудың негізгі факторларында, мұғалімнің рөлі мен атқаратын қызметінде, әдіс – тәсілдерінде, оқушының білім алу белсенділігінің түрінде, оқу үдерісінің мүшелерінің әрекеттестік ерекшеліктерінде, олардың қарым – қатынас сипатында, танып – білу үдерісін ұйымдастыру және ондағы коммуникациялар түрлерінде және т.б.

Әлемдік педагогиканың көбінесе жүгінетіні – Л.С.Выготскийдің идеяларына негізделген В.В.Давыдов пен Д.В.Эльконин және Л.В.Занковтың дамыта оқыту жүелері Л.В.Выготскийдің идеялары Еуропа елдерінің көптеген жоғары оқу орындарына оқытылады [2].

Бұл бағдарлы идеялар бүгінгі білім беретін мектептерде іске асыру көптеген қиындықтар тудыруда. Өйткені ұсынылған әдістеме мен технологиялар көбіне дербестік сипатта, сондықтан кез  келген мектепте әр түрлі ерекше қабілеті бар балалар арасында қолдануын таба алмай жүр. Дәстүрлі оқыту әдістемесі негізінде метафизикалық (сандық, мазмұндық) әдіснама, ал дамыта оқыту технологиясының негізінде диалектикалық (интенсивті, сапалық, мәнділік) әдіснамасы жатыр деп айтуға болады. Дәстүрлі оқыту балада білім, білік, дағды алуға қажетті ақыл, сана бар деп есептеп, сол ақылға дайын білімді құю керек деген көзқарасқа, ал дамыта оқыту бала бойындағы табиғи қабілеттерді, ойлауды, жаңа белестерге көтеруді мақсат тұтатын принциптерге негізделген. Дәстүрлі оқыту жаттауға, есте сақтауға, ал дамыта оқыту дербес жұмыс істеуге, алған білімді пайдалана білуге үйретеді.

Дамыта оқытуда баланың ізденушілік – ойлау әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға түсуі керек. Содан барып оның білім алуға деген ынта-ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді. Сабақ мұндай жағдайда төмендегідей 3 құрамдас бөліктерден тұратын болады.

1.     Оқу мақсаттарының қойылуы.

2.     Оны шешудің жолын бірлесе қарастыру.

3.     Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу.                           

Берілген жүйедегі сабақ құрылымының өз ерекшеліктері бар, жеке алғанда: оқыту тапсырмаларының қойылымы өзгереді - білімді жемісті меңгерудің негізі ретінде қарастырылатын жалпы дамудың тапсырмасы басты болады; мазмұн өзгереді - оның толықтырылуы бағдарламаға теориялық, танымдық материалдың қосылуы арқасында жүзеге асырылады; жаңа дидактикалық қағидалар алға шығады: қиындықтың жоғары деңгейінде оқыту, теориялық білімдердің жоғары салмағы, оқытуда жылдам қарқынмен алға басу, оқушылардың оқыту барысын түсінуі, барлық оқушылардың, соның ішінде анағүрлым әлділердің де, әлсіздердің де жалпы дамуы. Бұл қағидалар бір жағынан мазмұнның таңдалуын, ал екінші жағынан, оқыту әдістерінің таңдалуын анықтайды. Дамыта оқыту жүйесінде қолданылатын әдістер бала психикасының дамуының түрлі жақтарын белсенді ете түседі. Сол арқылы сабақта оқушылардың толық психикалық өмірі қамтамасыз етіледі. Жаңа дидактикалық принциптерді қолдану арқасында сабақ аса динамикалық, иілгіш болады, оның қүрылымының бір қалыптылығы өзгереді.

Мақсатты бағытталған оқыту қызметі - бұл баланың оқу субъектісі болатын қызмет, өзін өзі өзгерту бойынша қызмет. Оны ұйымдастыру -мұғалімнің негізгі әрі аса күрделі әдістемелік міндеті. Ол түрлі әдістер мен әдістемелік тәсілдер арқылы шешіледі: мәселелі берілуі, оқыту тапсырмалары әдіс, ұжымдық және топтық әдістер, нәтижені бағалаудың жаңа әдістері және басқалары.Ауызша жаттығулар мәселесін дамыта оқыту жүйесінде шешуде біз төмендегіден шығамыз, пәндік білім алуда, олармен жұмыс істеу тәсілдері мен күрделі танымдық кеңістікте сабақтар орын алады. Сондықтан сабақтың рационалды әдістемесін анықтау қазіргі заманғы оқыту теориясы мен тәжірибесінің маңызды мәселесі болып отыр.  

Сонымен, «Сабақ-педагогикалық шығарма, оны жасауда ұстаз жаратушы рөлін атқарады». Соның ішінде «мұғалім өзінің педагогикалық логикадан, педагогикалық мақсаттылықтан, дидактикалық қағидалардан, психологиялық қажеттілікте, яғни сабақтың құрылымының ғылыми негізділігінен еркін еместігін біледі» [2].

Бастауыш сыныптардағы математиканың дамушы курсында сабақ оқушылардың дамуы мәселесін жүзеге асыруға бағытталған, сана жұмысының механизмдерін ашуға және оларды баланың дамушы ақыл-санасын таным шыңына көтерілуіне баспалдақ, сүйеніш құралы ретінде қолдануға бағытталады.   

Оқу тапсырмалары оқушының оқу қызметін ұйымдастырудағы басты құрал болып табылады. Олар бөлшектік-ізденушілік сипатта болады және ең алдымен оқыту мен дамыту функцияларын атқарады. Олардан оқытудың мақсатын, мазмұнын, әдістерін (тәсілдерін) және түрлерін көруге болады.

Дамытушы сабақтардың бағалану белгілері болып оқыту тапсырмасының шешіміне бағытталған олардың кұрылымының логикасы табылады, түрлі әдістемелік тәсілдермен қамтамсыз етілетін ұсынылған тапсырмалардың вариативтілігі және олардың арасындағы өзара байланыс; оқушылардың өнімді ойлау қызметі, балалар өзіндік ойларын және олардың негізделу тәсілдері.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1     Барсай Б. Бастауыш сыныпта оқытудың жаңа технологиясы// Бастауыш мектеп.- 1998.- № 1, 27-29 б.

2     Айдосова З. Дамыта оқыту технологиясының мәселелері// Қазақ тілі мен әдебиеті.- 2004.- 93-7 бет