АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІ –
ҚАЗАҚТЫҢ МОЛ МҰРАСЫ
Тұрсынбаев Д.Ж.,
Тұрсынбаева А.Р.
Қарағанды
облысы, Қарқаралы ауданы №4 орта мектебінің базасындағы
тірек мектебі (ресурс орталығы)
Абайдың
шығармашылықтары қазақ халқының өшпес
мұрасы. Оның мұрасы адамдарға мәдениет пен
білімді нәсихаттайды. Қазіргі ұрпақ пен болашақ
ұрпағымыз ұлы Абайдың шығармашылықтарын
оқып қана қоймай, сонымен қатар өнеге алулары
керек деп білеміз. Ақынның дүниеден өткеніне 111 жыл
өтсе де, оның қалдырған еңбектері бүгінгі
таңда мәдениетіміздің, дініміздің, тіліміздің
өркендеуіне өз үлесін қосуда.
Ақын шығармалары сусындаған негізгі үш қайнар
көзді айтатын болсақ, ол ең алдымен Абай қазақ
елінің ұлтгық рухы мен менталитетін, оның
көкейтесті арманы мен даналық ойларын абыздық
көрегеңділікпен, өлеңмен өрнектеуді
қазақ эпосынан үйренді. Сондай-ақ Абайдың
жүйелі ойларының үлкен бір арнасының калыптасуына
Шығыстың рухани қазынасының да ықпал-әсерінің
аз болмағандығы сөзсіз.
Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге
көзқарастары терең білінген еңбегі – қара
сөздері. Абайдың
қара сөздері – ұлы ақынның сөз
өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы
даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық
стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық
бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара
сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған,
әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса,
қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу,
ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде
шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай,
оның тереңдігіне, логикалық мәніне зор салған. Сөйтіп
көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік
сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара
сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары
дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының
философиялық концепциясын құрайды. Абайдың кара
сөздері сондай - ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл
сөзге айналды. Оның қара сөздерінің бірнешеуі
ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан "Абай"
журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара
сөздері орыс, қытай, француз, т. б. көптеген әлем
тілдеріне аударылды.
Абайдың "Жетінші
сөзінде" ұшырасатын "жанның тамағы"
деген күрделі философиялық ұғым бар. Оны Абай біздің санамыздан тыс өмір сүретін
объективті дүниенің санада сәулеленуі нәтижесіңде
пайда болатын ғылым, білімнің жинақталған қоры
ретінде қарайды.
Осы себептен де Абай: "...
құмарланып, жиған қазынамызды көбейтсек керек,
бұл жанның тамағы еді", – деп қайыра
түсінік беріп отыр...
Абайдай ұстаз ақынның
бұл "Жетінші сөзде" көздеген мақсаты
адамның бойыңда туа пайда болатын жан құмары
арқылы өз ұрпағының санасына тек қана
жанның пайдалы тамақтарын сіңдіру еді.
Міне, Абайдың ағартушылық көзқарасының тамыр
алған бір саласының қайнар көзі осы жақта жатыр
Тағы бір мысал
ретінде, отыз бірінші қара
сөзін алатын болсақ: "Естіген нәрсені
ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі –
көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені
естігенде я көргенде ғибрәтлану керек,
көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек;
үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып
ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі
нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса,
салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық,
ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір
нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл
төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды
тоздыратұғын нәрселер." Бұл қара сөзде
айтылған ой Абайдай ұстаз ақынның "Отыз бірінші
сөзде" көздеген мақсаты адам қандай болмасын
ақпарат естісе не көрсе, сол туралы жақсы пікірде болуды
айтады. Яғни, адам баласы жаман ойлардан аулақ болуы,
өзінің ақылы мен ғылымының дамуына жол ашады. Ал
егер сол жаман қасиеттерге бой алдырса, онда сол қасиеттер адамды
тоздырады. Сондықтан Абай атамыз айтып кеткендей әрбір адам баласы
жаман ойдан аулақ жүріп, тек жақсы нәрселерді ойлаулары
керек. Міне, Абайдың ағартушылық
көзқарасының тамыр алған бір саласының
қайнар көзі осы жақта жатыр.
Абай өзінің «Қырқыншы сөзінде» жалпыға
бірдей білім беру талабын ұсынып, қыздар да оқып, білім алу
керек деп есептейді. Ұлы ағартушы өз айналасын
қоршаған әділетсіздік қазақ халқын аздырып
бара жатқанын, жас ұрпақты тәрбиелеуге теріс
ықпалын тигізетіндігін байқап, халықты, әсіресе,
жастарды, адамгершілікке тәрбиелеуге ерекше көңіл аударды.
Ал жастар бойына дарытуға тиісті жоғары
адамгершілік қасиеттер ретінде туған елге деген сүйіспеншілік
пен ерлік, табандылық пен адалдық, парасаттылық пен
сыпайылық, адамдарға қайырымдылықпен қарау,
еңбек сүйгіштік,
жарқын өмірге ұмтылушылық т.б. атап айтты.
Келесі қырық екінші сөзінде:
"Қазақтың жаманшылыққа үйір бола
беретұғынының бір себебі – жұмысының
жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса,
қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір
жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса
сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам
аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек
үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге
құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып
алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме?
Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма? Малдылар малын
өңкей малшыларға, бала-шағаға тапсырып,
қолдағы құдай берген азды-көпті дәулеті
қызықсыз көрініп, оның ұры-бөріге жем
болып, қарға-жарға ұшырауына шыдайды. Пыш-пыш
кеңестен қалып, бір ауылға барып, қулық,
сұмдық жасап жүріп, тегін тамақ жеп, ыржыңдасуды
қысыратуға шыдамайды. Не үшін десең,
халыққа әдет жол болған соң, шаруаға
пысық, мал бағуға, мал табуға пысық ол
өнерлі кісіге қосылмайды, я өзі пәле
шығаруға пысық, я сондайлардың сөзін «естігенім»,
«білгенім» деп елге жайып жүріп, ырбаңдауға пысық
өнерлілерге қосылғандай көрінеді.
Сол үшін осы күнгі қазақтың іске жараймын
дегені өзінің азды-көптісін біреуге қоса салып,
«көре жүр, көздей жүр» деп басын босатып алып,
сөз аңдып, тамақ аңдып, ел кезуге салынады.
Бұл күндегіге байлық та мақтан емес, ақыл,
абұйыр да мақтан емес, арыз бере білу, алдай білу - мақтан.
Бұл екеуі қолынан келген кісі салт атты, сабау қамшылы кедей
де болса, аз да болса орны төрде, майлы атқа, майлы етке қолы
жетеді. Желөкпелеу, мақтаншақ байларды: «сіз айтсаңыз,
отқа түсуге бармын» деп желдендіріп алып, шаруасын
қылмай-ақ, малын бақпай-ақ, содан алып киімін
бүтейтіп киіп, тәуір атын мініп алып, қатарлы бір
құрметке жетіп жүре береді.
Ол бай өз тыныштығын да білмейді, бос шығынданғанын
да ескермейді. Бір кісімен сөйлессе, «мұны қайтеміз?» – деп
бағанағы антұрғанмен ақылдасады. Ол сиырдың
жорғасы секілденіп, қарайғанда жалғыз өзім болсам
екен дейтұғын ниетімен және де ақылдасар досы
көбейсе, қадірім кетіп қалады деп ойлап: «Ой,
тәңір-ай, соны білмей тұрсыз ба? Ол ана қулық
қой, бұл мына қулық қой» деп, «оған
бүйдей салсаң болмай ма?» деп бар оңбаған жауапты
үйретіп, амалшылықтың жолын үйретем деп, ол
байдың өзін кісіге сенбейтұғын қылады. Және
байдың өзіне де адам сенбейтұғын болады. Байдың
өз жауабы, өз мінезі оңбай тұрған соң,
бағанағы кісі бұзылса, әлгі антұрған
бағанағы байға: «Мен айтпап па едім, оныкі қулық
сөз деп, міне, көрдің бе?» – деп, екіншіде тырп
етпейтұғын қылып алады. Ендігі жұрттың
ақылы да, тілеуі де, харекеті де – осы."– делінген. Яғни,
бұл қара сөздің мақсаты – адамның
құр бос жүрмей, еңбек етіп нанын адал табу. Неге кейбір
қазақ азаматтары өсек етіп, ұрлық жасап
жүруде? Себебі, Абай
айтқандай ол азаматтар жұмыссыз жүруде. Қазіргі
таңда бұл өзекті мәселелердің бірі, соның
кесірінен елімізде қылмыстық жағдайлар көп тіркеледі.
Адам баласы барға қанағат етпей, өмірден көп
алғысы келеді. Ал оны адал жолмен табуға емес, оңай жолмен
келгенің қалайды.
Қорытындылай келе, Абайдың қара сөздерін
оқитын болсақ, тура жолды табуға бейімделеміз. Адам
өзінің ойын, тілін, дінін жақсы жаққа бейімдесе
оның жемісін көреді. Ал жаман істерге жақын болса, оның
өмірде тек өзіне емес, сонымен қоймай айналасындағы
адамдарға тигізетін кесірі көп болмақ. Мақаланы
Ұлы Абайдың қара сөздерімен
байланыстырғанымыздың түпкі мәселесі осында жатыр.
Әрбір қазақ азаматы өзінің ұлы
тұлғаларын ұмытпаулары керек. Соның ішінде,
қазақ халқының өміріне елеулі әсер еткен
Абай атамыздың орны ерекше. Тек қана қара сөздері
ғана емес, барлық шығармашылықтары мен еңбектері
білімді, тәрбиелі, иманды және мәдениетті адам болуға
қалыптастырады.
Ұлы Абайды
өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры,
олардың заңдылықтары көп ойландырған, ол
дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап
табуға тырысқан. Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің
түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да
тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына
ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан
иелерінен айырмашылығы неде? Міне, Абай әркімді де
толғандыратын терең сырлы сұрақтарға жауап
іздейді.
Қолданылған
әдебиеттер тізімі:
1. Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы, Шығармаларының
екі томдық толық жинағы.–Алматы: Жазушы. – Т.1:Өлеңдер
мен аудармалар.–2005.
2. Шығармаларының екі томдық толық
жинағы. –Алматы: Жазушы.–Т.2:Өлеңдер мен аудармалар.–2005.
3. Абай. Қалың елім, қазағым...Өлеңдер.-Алматы:
Атамұра,2002.
4. Абай. Книга Слов. Поэмы. Перевод с казахского
К.Серикбаевой, Р.Сейсенбаева Алматы: ЕЛ, 1993.
5. Мұхтар Әуезов энциклопедиясы
— Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011.
6.
Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы,
2007.
7. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ
энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы.