Дана Сүлеймен

Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 1 курс магистранты

 

Сағди және «Гүлістан би-т-түрки» дастаны

 

Аннотация

Бұл мақалада Сағди Ширазидің «Гүлстан» дастанының аудармасы «Гүлістан би-т-түрки» дастаны туралы айтылады. Аударманың кейбір ерекшеліктері сараланады. Әсіресе, көркемдік, мазмұндық тұрғыдан аударма шеберлігі көрсетіледі.

Кілт сөздер: Сағди Ширази, «Гүлстан» дастаны, Сәйф Сарайи, көркем аударма

Аннотация

В этой статье рассматривается  ,поэма  «Гулистан би-т-турки» ,перевод поэмы  Саади Ширази под названием «Гулистан». Были проанализированы некоторые особенности перевода поэмы. Особенно  рассматривается художественные особенности навыков перевода.

Ключевые слова: Саади Ширази, поэма «Гулистан», Сайф Сарайи, художественный перевод

Abstract

In this article considered poem «Gulistan bi-t-turki», which is translation of Sadi’ s «Gulistan». Some features of translation are analized. Especially, art features of translation.

Key words: Sadi Shirazi, poem «Gulistan», Sayf-i Sarayi, artistic tranlation

 

Сәйф Сарайидың  «Гүлстан бит турки» еңбегі – «Гүлстан» дастанының ең алғашқы аудармасы. Түркі елі – бірінші болып жауһар еңбектің терең мәнін түсініп, рухани азық алған халық. Бұны Сәйф Сарайидың аудармасынан аңғарамыз. Тек аударып қана халық танымына сай етіп әңгімелерді екшеп, түрлендіріп берген. Сәйф Сарайи (1321 – 1396) —Алтын Орда дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілі. Хан ұрпақтары арасындағы таққа талас туындай бастаған кезде туған жерінен кетіп, өмірінің соңғы кезеңін мәмлүктер билігіндегі Мысырда өткізеді. Ғалым Ә.Наджип Сәйф Сарайиды қазақ халқының негізін құраған қыпшақ тайпасынан шыққан деп есептейді. Бізге жеткен елеулі еңбегі — бес мың жолға таяу түркі тіліндегі “Гүлстан бит-түрки” (1391) туындысын Сарайшықта бастап жазып, Египеттегі Ніл өзені бойында аяқтаған. Дастанның негізгі бөлімі Сағдидің “Гүлстан” сегіз ақынның ғазалдары, ақынның өзі жазған лирикалық өлеңдері, нақыл сөздері, толғаулары енген. Сәйф Сарайидың бұл поэмасы XIV ғасырдағы қыпшақ әдебиетінде қалыптасқан әдеби дәстүр, озық поэзия үлгісі болды. Аударма 1391 жылы ­Мысырда жасалған. Көлемі 372 бет. Әр бетте 13 жолдан жазу бар. Қолжазба Лейден университетінің кітапханасында сақтаулы. Сәйф қолжазбасы 1915 жылы белгілі болды, оның фотокөшірмесі Анкарада (1954), орыс әліпбиі негізіндегі транскрипциясы Ташкентте (1968) басылып шықты. Сәйф Сарайидың бұл еңбегін сәтті аударма дей аламыз. Ең бастысы Сағдидың ойын жеткізе білумен қатар, өзінің қалыбын бұзбай тек әшекейлеп әдебиетке жаңа бейнеде алып келді.

Ақын Сағди Ширазидің дастан кіріспесінен бұрын жазылған өмірбаянын бермеген. Дастанның өзін толық аударған. Әрі аударма адам аттарына, жер-су аттарына анықтама беріп отырады. Сағди Ширази дастанды Аллаға мадақ айтумен бастап, кітаптың жазылу себебін айтып кетеді. Сәйф Сарайи да бұл дастүрден ауытқымай, Аллаға мадақ айтып, дастанды аудару себебін өлеңмен оқырманына жеткізген. Мақтау сарындағы өлең араб әдебиетінде «Мәдһ» деп аталады. Бұл жанр Орта ғасырларда Орталық Азияда ислам дінінің кеңінен қанат жаюы арқасында түркі әдебиетінде де орын алған. Жалпы, шамамен, 47 түрлі мадақ сарыны болғанымен оның мазмұнына қатысты төрт түрі бар екенін Шейх Ахмет ибн Құдайдад Тарази өз еңбегінде жазған.  Шейх Ахмет еңбегінде айтылған негізгі 4 түрі: «Тәуһид» - Аллаға мадақ, «Н'әт» - пайғамбарға мадақ, «Мәнақеб» - сахабаларды мақтау,        «Мәдһ» - патшалар, хандар, әмірлерді мақтау. Сағди бұл мадақ түрлерінің үш түрі кездессе, Сәйф Сарайи аудармасында «тәуһид» және «н'әт» атты түрлерімен басталады.

Зерттеуші Рүстем Әлиевтің көрсетуінше, дастан латын және неміс тілдеріне XVII ғасырда, ал ағылшын және орыс тілдеріне XVIII ғасырда тәржімаланыпты. Біршама зерттеу жұмыстар ішінде ерекше атап кететін еңбек – А.Бодроглигетидің «A fourteenth century Turkic translation of Sadi’s Gulistan( Сағдидің «Гүлстан» дастанының 14 ғасырдағы түркі тіліндегі аудармасы) » атты кітабы. Ғалым транскрипциясымен беруімен қатар «Глоссарий» деген бөлімінде түсініксіз түркі сөздеріне түсініктеме берген. Бұл еңбектің өзі келешекте бірталай еңбектерге көмегі тиер еді деп есептейміз.

Сәйф Сарайидің «Гүлістан би-т-түрки» дастанын қазақ тілінен аударған – түркітанушы Әжібай Керімұлы. Аударма «Әдеби жәдігерлер» сериясының 9-томына енді. Онда осы құнды әдеби ескерткіштің мейлінше түпнұсқаға жақындатылған қазақша аудармасымен қатар ғылыми түсініктемесі, сөздігі, әдеби жәдігер мәтінінің факсимилесі де берілген. Біз дастанмен осы Әжібай Керімұлының аудармасы арқылы таныстық. Сағди Ширазидің «Гүлстан» дастанын Мұзафар Әлімбаев ағамыз аударған. Екі аударманы салыстыра отырып Сағди ақынның түпкі ойын, өмірлік жағдаяттарға берген анықтамасын Сәйф Сарайи оқырманға түсінікті етіп жеткізе білгендігін байқаймыз.

 

«Гүлстан» дастанында

«Гүлістан би-т-түрки» дастанында

Бірінші бап

Падишалар ғұмыры

Патшалар туралы

Екінші бап

Дәруіштер дәстүрі

Дәруіштердің әдет-ғұрпы туралы

Үшінші бап

Қанағаттан шарапат

Адамгершілік және қанағат туралы

Төртінші бап

Жақ аспаудың жақсылығы

Үндемеудің  пайдасы туралы

Бесінші бап

Махаббат және жас дәурен

Сүйіспеншілік пен жастық туралы

Алтыншы  бап

Қарттық пен қайрат тайғандық

Кәрілік пен әлсіздік туралы

Жетінші бап

Тәрбие тағылымы

Тәлім-тәрбиенің әсері туралы

Сегізінші бап

Орайласу өрнектері немесе әдеп сұхбаты

Сұхбат әдебі туралы

 

«Гүлстан» дастанындағыдай Сәйф аудармасында да 8 бап қамтылған (Кесте 1). Сағди дастанындағы әр бап өзекті, қоғамдық тақырыптардан тұрады. «Патшалар ғұмыры» бабында патша болған адамның бойында қандай қасиеттер болу керектігін, қандай істер мен қылықтардан аулақ болу керектігін айтады. Ал, «Дәруіштер дәстүрі» атты бапта діндар адамда жатып ішерлік, жалқаулық, қайыршылық және алдамкөстік қасиеттер болмау керектігімен бірге құлшылыққа селқос қарамауға міндетті екенін үндейді. Астамшылыққа ұрынбай, тәкаппарлыққа салынбай, барға қанағат етуге шақыратын «Қанағаттан – шарапат» атты бапта тек тамаққа ғана қатысты емес, әр істе де қанағат керек екенін әңгімелейді. «Жақ ашпаудың жақсылығы» бабында өзгенің сырын сақтаудың маңыздылығын, біреудің сөзін бөлмей әдептен озбау керектігін, сөздің өзгелерге әуезді әрі жағымды естілуіне мән беруді уағыздайды. Бесінші бапта, «Махаббат пен жас дәурен», сүйген адамға адал болуға, нәпсіге беріліп күнә жасаудан аулақ жүруге, құлшылыққа жастық шақтан бастап мән беруге, айналадағы адамдарға мейіріммен қарауға және Жаратушыға деген махаббатқа мән беруге насихаттайды. Алтыншы бапта адам  қартайғанда  күші кеміп, әлсірейді. Осы кезеңде  «өлімге мойынсұнамын» деп қолдан келетін игі істерден шеттемеуге, ал, жастарға қарияларды құрметтеуге, кәрілік келгеннен кейін оғаш көрінетін қылықтардан аулақ жүруге шақырады. Жетінші бапта бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керектігін, тәрбиесіздіктің көп істерге тұсау болатындығын айтып ескертеді. Сегізінші бап нақыл сөздерден құралған. Әр түрлі тақырыптар қамтылып, жазған дастанын Аллаға мадақ айта отырып, әзілге толы уағыздарының түсінуге жеңіл дей келе, өзінің өсиетімен шебер түйіндейді. Сағди дастанындағы осындай құнды ой оралымдарын  Сәйф көркемдеп, әшекейлеп, мағыналық әрі көркемдік тұрғыдан дамыта түскен.

         Екі дастан да толық зерттеліне қоймады. Ресей ғалымдарының дастандарды тілдік тұрғыда қарастырған еңбектері бар болғанымен, қазіргі қоғамға керек әдеби прагматикасына арналған еңбектер жоқтың қасы. Болашақта бұл тақырыптарға қатысты ғылыми тұрғыдан да, әдеби маңыздылығы тұрғысынан да зерттелінетін еңбектер қатары толысады деп ойлаймыз.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.     Саади, Муслихиддин. Гулистан / Саади, Муслихиддин ; Пер.с персид.: Р. М. Алиева; АН СССР. Ин-т востоковедения. - М. : Изд. восточной лит., 1959. - 227,487с..

2.     Сағди.  Гүлстан / Сағди ; Сағди;Ауд.М.Әлiмбаев. - Алматы : Жазушы, 1991. - 272б.

3.     Әдеби жәдігерлер [Text] : 20 томдық. - Алматы : Таймас, 2010 - .Т.9 : Сәйф Сарайи.Гүлстан би-т-түрки / құраст. Ә. Керімұлы. - 480 б.

4.     А.Bodrogligeti. A fourteenth century Turkic translation of  Sadi’s Gulistan( Seyf-I Sarayi’s Gulistan bi’t – turki). Akademiai Kiado, Hungry. Budapest, 1969