Лекерова Данагүл Ержұмақызы

Абай атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология институтының 1-курс магистранты

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы

 

Қазақ поэзиясындағы Желтоқсан тақырыбының өзекті идеялары

Аңдатпа

Бұл мақалада Желтоқсан оқиғасының қазақ поэзиясындағы ақындардың туындыларына түрткі болған өзекті ойлары, үндеуі туралы жазылған. 

Кілт сөздер: Желтоқсан, ақындар, алаң, рух, өлең.

Аннотация

В этой статье описываются особые мысли и обращения, которые сподвигли поэтов казахской поэзий к описанию Желтоксанских событий.

Abstract

This article Zheltoksan at the special thoughts and messages that have led poets Kazakh poetry.

 

Дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі империяның құрсауында шынжыр боп шырмалған, бұғау боп күрмелген қазақ халқының ұлттық езгіге қарсы үздіксіз күресінің заңды жалғасы болып табылады. Бабаларымыздың:

Еділді келіп алғаны,

Етекке қолды салғаны,

Жайықты келіп алғаны,

         Жағаға қолды салғаны, – дейтін зар заманнан басталған талайлы тағдырының, арман-мақсатының, күрсінісі мен күңіренісінің бар болмысын танытатын қайсар өрлігінің жалғасы.

Шын мәнісінде сол кездегі қазақ жастарының өз ар-намысын таптатпау үшін Мәскеудің темір құрсанған қалың әскеріне жалаңаш қолмен қарсы шығуының өзін теңдессіз ерлікке балауға болады деп ойлаймын.

«Қаймана қазақ қамы үшін,

Қарусыз шықтық алаңға.

Алыстан әскер алдырып,

Қырып салды-ау табанда.

Сөйлесем даусым жетпейтін,

Кез болдық мынау заманға.

Шовинизм еді ғой,

Басты себеп жанжалға...

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар,

Еркек тоқты – құрбандық,

       Атам десең, атыңдар!» – деп, сот алдында тайсалмаған Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің азаматтық үні – сол кездегі барлық жастардың жанайқайы еді.

Аға буын ақындардың ішінен Қадыр Мырза-Әлидің «Заман-ай» атты поэмасында дендеп кеткен ХХ ғасырдың дертіне жолығамыз [1]. Поэманың «Жанталас және Желтоқсан» атты тарауы желтоқсан оқиғасына негізделді. «Жаратқанның осы ма теңгермегі! Жастай солды жайсаңдар, Көгермеді», «Ұлы қазан әкелген жақсылықты, Кіші қазан түк қоймай тартып алды» деген жолдармен қанды оқиғаны мегзеген ақын оған терең барған жоқ. Себебі, ол туралы жазуға тыйым салынған болатын. Сондықтан бұл тараудың мазмұны аты айтып тұрғандай дәрежедегі мәселені көтерген жоқ. Бұл оқиғаны ашық жаза алмаған қаламгерлер оны мегзеп қана бейнелеу арқылы оқырманға қайғылы қаза жөнінде ой салып отырды. Кейін еліміз егемендік алған соң бұл оқиғаға үлкенді-кішілі біраз шығармалар арналды. Солардың ішінде Ж.Бөдешұлы «1986. Желтоқсан» өлеңінде ХХ ғасырдың соңғы ширегінде азаттық үшін болған соңғы күреске былайша жан бітірді.

Желтоқсанның желі ызғарлы,

Көшені бойлап қан ақты.

Шашынан сүйреп қыздардың,

Ұлдарды итке талатты.

Езгіден кеткен беті өліп,

Ел тіріліп, оянды.

Еркіндік еңсе көтеріп,

Бұрышқа тықты ноянды [2,74].

1986 жылғы ақ қар, көк мұзда болған бұл оқиға қазағым, елім деген қаламгерлердің бәрін де бей-жай қалдыра алмады. Ал, ұлтшылдығымен, патриоттығымен танылған Жәркен ақын бұл тақырыпты жаны күйзеле, тебірене отырып жырлады.

К.Ахметова «Ұмытуға бола ма сол дауысты» атты өлеңінде кешегі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына жан бітіріп, табиғаты нәзік қыздардың ерлігін, жауынгер қазақ халқының ұрпағын «Желтоқсанның дауылы шайқағанда, Құлатпады арулар ар-намысты» деп жырлады [3]. Осы оқиға тұсында қазақ қыздары қайсарлығымен, өрлігімен танылды. А.Бақтыгереева осы оқиғадан кейін, Жазушылар одағына кездесуге келген Г.Н.Колбинге кеңестік дәуір тұсындағы шовинизмнен тайсалмай, «Мен қазақпын!» деп жар салған Жұбан Молдағалиевтің: «Замандаспыз – деді оған, қатар жүрген. Желтоқсанның көргенше он алтысын, Бір күн бұрын батсамшы батар күнмен» [4] деген сөзін арқау ете отырып, майдангер ақынның ерлігін жырға қосты. Осы оқиға туралы топтамалардың қазақ әдебиетінде ақындығымен қалған Жұбанның азаматтық қырын аша түсері анық.

  Ұрпағыма халім бар не дер енді,

  Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.

  Қыздарымды сүйретіп бұрымынан,

  Ит таласын деп пе едім немеремді?...

  Деп үйреттің мәңгүртсің, бәрің надан,

  Тіл мен діннен айырылды елім, балам.

  Кеше алаңда сабаған – сенің тегің,                               

  Ал таяқты жегендер менің балам [5,252-253]  - дейді.

Жұбан ақынның осы ерлігін ақындардың барлығы дерлік жырға қосты. Осы қатарда Ш.Сариевтің «Желтоқсан» өлеңін айтуға болады. Желтоқсан жырларын толықтыратын шығармалар қатарында Қ.Аманжолдың «Желтоқсаным!» өлеңін ерекше атауға болады. Ақын желтоқсандағы жастардың тірлігін ар-намыстың өлшемі ретінде бағалап, діліміз бен тілімізге бостандық пен азаттықты алып келгенін баса айтты. Бірақ арада өткен жиырма бес жыл уақытта сол ерлік үшін күрес рухын жалғастыра алдық па? деген сауал тастайды. «Желтоқсаным! Бостандықта – боданмын, Азаттыққа – алаңмын! Бордай үгіп намысты, Құмға сіңіп жоғалдым» деген ақын сөзі желтоқсан оқиғасының күні бүгінге дейін әділ бағасын ала алмай жүргенін еске түсірсе:

           Желтоқсаным!

           Жүрек әлі мұз бен қар,

           Жібімеген ызғар бар,

           Күншуағың – алданыш,

           Көңілдегі сызды аңғар [6,64] -деген жолдар Желтоқсанның талай жүректерді жаралап, көңілге қалың сыз салғанының нанымды суреті.

  Мұндай мысалдарды тәуелсіздік тұсындағы қазақ поэзиясынан көптеп келтіруге болады. Кеңестік империяның дәуірлеп тұрған шағында барлық кеңес ақындары тәрізді қазақ ақындары да «қазағым», «ұлтым» деген сөзді қорға сақтап қоюшы еді. Ал, бұл оқиға отызыншы жылдардағы жаппай қудалауды енді ұмыта бастаған халыққа оңай тиген жоқ. Қазақ ақындары ол туралы айтуға да, жазуға да жасқанып, әрі-сәрі күй кешкені белгілі. Бірақ, поэзия өзінің жауынгер жанр екендігін бұл жолы да байқатты. Қағаз бетіне түскен қаншама жыр жолдары оқырманына дер кезінде жете алмай бұлқынды. Сол бір алапат күндер алаңда болғандардың жүрегін жаралап, қазағының, ұлтының өзге ұлттың алдында тізе бүккендігін жырға қосты. Сондай ақындардың бірі желтоқсанның зардабын тартқан – Болат Шарахымбай. Қаралы күнді көзімен жандардың бірі болғандықтан, ақын жүрек оқиғаның ізін суытпай жатып қағаз бетіне түсірді. Оның қанды оқиғаның ертеңіне жазылған «1986 жыл. Желтоқсан» атты өлеңін оқып отырған жанның көз алдынан сол күндер бейне бір елес тәрізді үздік-создық өтіп жатады. Көзбен көрген шындық қана осылай жырланбақ.

Өгей қала. Өгей жұрт. Өгей бәрі,

Өгей дүние өгейсіп қарайды әні, -

Көше толы сенделген тірі өліктер,

Сары орыстың кездігі сорайғалы,

Өгей дүние. Өгей жұрт. Өгей бәрі [7,69] - деп басталған өлең «Өгей дүние. Өгей жұрт. Өгей бәрі..» деп аяқталады. Бұл өз елінде өгей баланың күйін кешкен, қазақ халқының шынайы бейнесі еді. Жас шыбықтары қыршынынан қиылып жатқанда, қолдан келер дәрмені болмай, жоғары жаққа жәутеңдеген қазақтың аянышты күйі сол қалпында шынайы бейнеленді. Ақын айтса айтқандай, оқиға басып-жаншылған соң, оған қатысушылардың барлығы да қара тізімге алынып, қуғын-сүргінге ұшырады. Отаршыл империя алаңда болғандардың өршіл рухын қарумен, күшпен езіп шаншыды. Бірақ, ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі «орыстардың» ойранын ашық жазған мұндай өлеңдерді баспа бетіне шығару мүмкін болмағандықтан осы жыр жолдары авторымен бірге біраз уақыт қараңғы қанаста бұлқынып бақты. Еліміз тәуелсіздік алған соң, желтоқсан шындығына жан бітірген шығармалар оқырманына қарай бет түзеді.

Кеңестік дәуірдің ақыны Ә.Сәрсенбаевтың:

                     Сен құрметте оны!

                     Түсіндің бе қарағым?

                     Ол ақшаға сатқан жоқ,

                     Тізеден кесіп аяғын.

                     Еріккеннен де ұстап жүрген жоқ.

                     Қолтықтағы ұзын таяғын...

                     Сен құрметте оны!

                     Түсіндің бе, қарағым?

                     Сенің келешегің үшін берді ол

                     Азаттық жолында аяғын! [8] - деген өлеңі мен ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі азаттық үшін күрестің құрбандары құрметтеуге шақырған Б. Шарахымбайдың:

                     Сен құрметте оны!

                     Алдыңда сенің артық қой оның нар басы,

                     Құрбандық болып қапыда кетті қаншасы.

                     Тәуелсіз елдің тәуекел ісі шынында,

                     Жанартау сынды жарылса, соның арқасы [7,98], - деген өлеңі бөліп-жаруға келмейтін бір-бірімен сабақтас жатқан туындылар. Мұның өзі қазақ поэзиясындағы дәстүр жалғастығын танытады. Сондықтан да екі ғасырда жазылған екі өлеңнің айтары бар. Ол – қазақтың бүгінгі тәуелсіздігі, азаттығы жолында шейіт болғандар мен жазықсыз жапа шеккендерді құрметтеу, сыйлау, олардың ерен ерлігін үлгі-өнеге тұту.

Желтоқсанның жанды картинасын жасағандардың қатарында Аманғазы Кәріпжан әулеті сынды Желтоқсан зардабын тартқан ақынның да алар орны ерекше. Қанды оқиғаны көзімен көріп, жүрегімен сезінген А.Кәріпжанәулетінің кез-келген шығармасы желтоқсанның ызғары тәрізді бойыңды мұздатып ала жөнеледі. Желтоқсанды азаттық, тәуелсіздік жолындағы шешуші күрес ретінде таныған ол «Дәуірлердің сыпырған жон терісіне» жан бітіріп, азаттықтың оңайлықпен келмегенін тілге тиек етеді. «Намысыңды жүрегіңе құндақта» деген ақын қазақ баласын намысты болуға шақырады. Сол тұстағы шындыққа жан бітіруде Аманғазы «Желтоқсанның төлі едік түнекте өнген», «Ердің бірі», «Қайрат кім?», «Толассыз бодандық», «Алаңдағы жарық», «Ортақ сырқат», «Шеңгелдер», 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына жан бітірген ол «Жарып өтіп талқан қылдық жендеттің Иықтасқан қабат-қабат тізбегін», «Өрт сөндіргіш сөндіре алмай шегінді Көзімізде лапылдаған оттарды» деп бейнеледі. Бірақ, кезінде көлік өтпейтін Брежнев алаңының бүгінгі күйі ақынды ғана емес, жалпы елді алаңдатып жүргені белгілі. Оның ақын «Топырағымен алаңның төпеледік, Боздақтарым төгілген қала сыртын» деп бейнеленеді. Оның шағын лирикасының бір сыпырасы – Желтоқсанның құрбандарына арналған арнау өлеңдер. Ләззат Асановаға арналған «Ләззаттың басына барғанда» өлеңінде мезгілсіз дүниеден өткен қазақ қызын «Танытам деп ұлтының ұлықтығын, Қиянатта көз жұмды қылықты күн» деп дәріптесе, Сәбира Мұхамеджановаға арналған «Кезікпедім» өлеңінде «Тарбағатай түлеткен екеумізді, Шындық, бірақ, шыңына жеткізбеді» деп сыр шертеді. «Басқа тиіп, бастағы сұрақты ұрды» деген Кенжегүл Молданазароваға арналған өлеңінде «Сыйдырмаған сорлы өмір жас арудың, Көз жасына тұншығып бара жатты» деп отаршылдыққа қарсы азаттық үшін күресте шейіт болған қазақ қыздарының ерлігін дәріптесе, Түгелбай Тәшеновке арталған «Ердің бірі» өлеңінде «Еркіндікпен ашылсын деп аспаным, Жай оғындай жарқ етіңде қасқағым, Жазатайым қайырылып қанатың, Жаныңды әкеп абақтыға тастадың» дейді [9,22]. Қазіргі таңда қазақ ақындары осылайша желтоқсан қаһармандарының көркем бейнесін жасап, олардың ерлігін дәріптеуде. Мәселен «Қайрат кім?» өлеңінде «Қ. Рысқұлбеков деген кім соншалықты дүрліктіретіндей? Ерлік жасаған Төлеген емес, Мәншүк емес...» дегендерге қарата Қайраттың елі үшін құрбан болғанын «Мақтанар ем: қазақтың сұңғылалы, Болса егер де Қайраттай мың қыраны!»[9,25] деп жырлады. Осы мысалдар ХХІ ғасырдағы қазақ поэзиясының жаңа бейнелермен толығып, байып жатқанын байқатады.Осылайша күллі қазақ ақындары шағын лирикаларында бұл оқиғаны әртүрлі дәрежеде жырлады.

Қорыта айтқанда, «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр дейді» дегендей, өз батырларымызды ардақтайық ағайын. Сол кездегі мыңдаған қазақ жастарының қанымен келген тұғырлы тәуелсіздігімізді сақтап, оны қорғай білейік. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» [10] деп М. Әуезов айтқандай, бесігімізді түзейік. Рух туы желбіреп тұрғанда өткенге тас лақтырып қарғыс айтпай, одан сабақ алып, жіберген қателігімізді қайталамай, найзаның ұшымен, рух-намыстың күшімен қорғаған ата-баба аманатын орындау ─ бүгінгі ұрпақтың парызы.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

 

1.     Мырза-Әли Қ. Қайсы бірін айтайын, қайсы бірін?! // Егмен Қазақстан, 2001. -17.ІІ.

2.     Бөдеш Ж. Бұрылыс. –Алматы: Сөздік, 2007. -296б.

3.     Ахметова К. Ұмытуға бола ма сол дауысты. –Алматы: Білім, 2000. -336б.

4.     Бақтыгереева А. Шағала. Өлеңдер. –Алматы: Өлке, 2001, -253б.

5.     Қайырбеков Ә. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ поэзиясы. Филол.ғыл.канд. ғылыми дәрежесін алу үшін дайынд. дисс. Алматы, 2004.

6.     Аманжол Қ. Мешітті ғалам. –Алматы: Алатау, 2009. -136б.

7.     Шарахымбай Б. «Желтоқсан» атты шоғырлы өлеңдерінен.

8.     Қазақ поэзиясының антологиясы. –Алматы: Ғылым, 1992. -488б.

9.     Кәріпжанәулеті А. Желтоқсанның төлі едік түнекте өнген // Жалын, №12, 2009, 20-22бб.

10.  Әуезов М. Әдебиет тарихы. –Алматы: Ана тілі, 1991. -240б.