Жүсіпов А.Е. ф.ғ.к.

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ

Қазақстан, Астана

 

ҚОС МӘНДІ ҚАЙШЫЛЫҚ

 

Қос мәнді қайшылық туындауында автор не қабылдаушы себепкер болады. Автордың кінәсі – оның сөйлемді синтаксис ережесіне сәйкес дұрыс құра алмауы, сөздің қажетті грамматикалық формасын тандай білмеуі, лексикалық семантикалық мағынасына мән бермеуі, керекті сөз не сөз тіркесін тастап кетуден және т.б. себептен болмақ. Қабылдаушы кінәсі – көп жағдайда оның түсіну шеңберінің төмендігі, тарихи, географиялық, этникалық т.б. ұғым-түсінік, білім жеткіліксіздігі не әлеуметтің басқа этникалық лингвистикалық тобына енуі және т.б. себептерден болады.

Жалпы, мұндай қайшылықты қабылдау, түсінудің өзі әрқилы факторға байланысты әртүрлі болады. Түсініп, қабылдаудың үш түрін атап көрсетуге болады: (1) қабылдаушы қайшылықтың екі мағынасын да түсініп, қабылдауы мүмкін (бұл жағдайда қабылдаушы сол екі мағынаның дұрысын таңдауына мүмкіндік туады); (2), (3) әртүрлі қабылдаушы қайшылықтың тек бір ғана мағына, бірақ, бір-біріне қарсы мағынасын түсінуі мүмкін (бұндай кезде қабылдаушы бірі айтылым мағынасын қате түсінген болып шығады).

«Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боларсың» дегендей, белгілі бір тілде сауатты жаза білу, сөйлей білу көп жаттығу, үйренудің арқасында қалыптасатыны белгілі. Солай болғанымен де тілді жақсы меңгерген адам да әрбір сөзін саналы, салмақтап отырып айтып, жаза бермейді, осы үдерістің көп бөлігі автоматты түрде, тілдік түйсік деп аталатынға сүйеніп жүргізіледі. Бірақ сол алдымен сана, содан соң тілдік түйсікке сүйеніп сөйлеу, жазу кезінде автор өзінің қайшы айтылымға жол бергенін сезбей де қалуы мүмкін. Бұл туралы А. Гвоздев былай деп жазады: «Сол себепті де омоним жазу сәтінде емес, кейінірек, әсіресе, біраз уақыт өткен соң, жазылған нәрсенің бөгде бірдеңе сияқты болып көрінетін, оның мазмұны тілдік айтылымның негізінде анықталатын кезі табылады. Осы мәндес қателердің көп жағдайда тіпті баспада да байқалмай қалатындығы омонимді табудың осындай ерекшелігімен түсіндіріледі» [1].

«Маскүнемдіктен әйелдер де зардап шегуде» деген сөйлемде алғаш қарағанда қайшылық сезіле бермейді, тек «әйел маскүнемдіктің қандай түрінен зардап шегуі мүмкін, өзінің маскүнемдіке салынуынан ба, әлде жақын-жуық, күйеуінің маскүнем болып кетуінен бе» деген сұрақ туындаған кезде барып, бұл сөйлемнің екіұшты мағыналы екенін байқауға болады. Сол сияқты «Футболшылармен ойнау қызықты» деген сөйлем де, әңгіме не жөнінде – футболшыларға қарсы ойнау ма немесе олармен бірігіп ойнау туралы болып тұр ма деген заңды сұрақ тудырады.

Әрине, айтылым авторының әдетте өзінің айтпақшы ойы, хабарламасына сәйкес келетін сөз, форма, синтаксистік құрылымды таңдап алатыны, олардың өз мақсатына сай келетіндігіне басты назар аударатыны белгілі. Сондықтан семантикалық қайшылықтың біраз бөлігін қабылдаушы байқамай қалуы не автор мақсатына сай түсінуі мүмкін. Әйтсе де мұндай қайшылықтың едәуір бөлігі бірден көзге түсіп, өзінің тілдік қателік екенін көрсетіп, автор айтылымының құнын түсіріп не оның тілдік мәдениетінің төмен екенін көрсетіп тұрады. Ал, қос мәнділіктің бір бөлігі әрбір қабылдаушы лингвистикалық тігі (вертикалі), тілді білу, түсіну дәрежесіне қарай ұғынылып, тілді терең білетін қабылдаушы автор қателігін байқап қалса, басқа біреу оны автор айтқан мағынада түсінеді. Бұл жағдайда да айтылымды қабылдаушы бір бөліктің қайшы қабылдауына жол ашылады.

Дризденің пікірінше: «Өз хабарламасының екіұшты түсіндірілуі мүмкін екенін сезетін коммуникатор не өзі осы екіұштылықты әдейі жоспарлайды, не оны түзетуге тырысады». Сонымен семантикалық қайшы айтылым не коммуникатив сәтсіздіктің көрінісі болып, «айтылымды коммуникациядағы серіктестің толық не жартылай түсінбей қалуы, яғни сөйлеуші коммуникатив мақсаттарының жүзеге аспауына» әкеліп соғуы мүмкін, не автордың жоспарлап отырған әзіл-қалжың, каламбур, астарлы ойын жеткізудің, яғни «жоспарланған қайшылық» көрінісі болып, коммуникатив сәттілік ретінде бағалануы мүмкін. Хабарлаушы әдетте көркем емес мәтінде қайшылықты қалайда жою, «деомонизациялауға» тырысады, ал көркем мәтіннің категориал қасиеті басқаша болғандықтан тек қана бір мағыналы болу қажет деген ұстаным болмайды. Көркем мәтін әдетте көп мағыналы, астарлы мазмұнды, әр оқырманның одан өз түсінігіне сай мән-мазмұн ұғынуына қолайлы болады.

Қалай болғанда да қос мәнді қайшылық коммуникация, ақпарат алмасу үдерісіне кері әсерін тигізіп, ақпараттың хабарлаушыдан қабылдаушыға жетуі, оның дұрыс қабылдануына тосқауыл болады. Сондықтан онымен күресу, болдырмау, коммуникантың тілдік мәдениетін көтеріп, өз ойын нақты, түсінікті жеткізуге баулу тілтану ғылымының басты мәселесінің бірі болмақ.

«Жоғарғы тілдік мәдениет дегеніміз не? Жоғарғы тілдік мәдениет – бұл тілдік құралмен өз ойыңды дұрыс, дәл әрі әдемі жеткізе білу» деп жазады С.Ожегов. ал зерттеуші Ғ. Жексембаева «Сөйлеу мәдениеті – адамдардың тілдік қарым-қатынасы нәтижесінде жинақталып, қорытылған сөйлеу тәсілдерінің белгілі бір тәртіпке түсіп нормаланған жиынтығы» дейді[2].

Әрине, коммуникацияға кері әсер ететін тілдік қателік тек қана семантикалық қайшылықтан тұрмайды, семантикалық қос мәнділіктен де басқа тілдік қателіктің түрлері көп. Бірқатар зерттеуші тілдік қателікті төрт деңгейге: (а) сөз деңгейіндегі; (ә) сөз тіркесі деңгейіндегі; (б) сөйлем деңгейіндегі; (в) мәтін деңгейіндегі тілдік қателіктер деп жіктемелейді.

Сөз деңгейіндегі тілдік қателікке: орфографиялық, сөзжасамдық, грамматикалық, лексикалық қателік жатқызылады. Сонымен бірге, сөзді қолдану кезінде оның мағынасы, стилистикалық реңкі, қолдану шеңбері, басқа сөздермен байланыса білу қабілетіне жеткілікті назар аудармау да тілдік қателік туындатады.

Сөз тіркесі деңгейіндегі тілдік қатеге, синтаксистік байланыс бұзылуы, соның ішінде: қабысу нормасы, меңгерілу нормасы, бастауыш пен баяндауыш арасындағы байланыстың бұзылуы жатқызылады.

Сөйлем деңгейіндегі тілдік қателікті үлкен екі топқа бөлуге болады. (1) Синтаксистік қателік, яғни формалдық синтаксис нормасының бұзылуы: сөйлемнің құрылымдық шекарасы, бірыңғай мүше қатарын құрастыру тәртібі бұзылуы, бірыңғай мүшенің әртүрлі құрылымдық қалыптасуы, төл сөз бен төлеу сөздің араластырыла қолданылуы және т.б.. Сөйлем деңгейіндегі тілдік қателіктің екінші тобына коммуникативтік: (а) өздік коммуникативтік; (ә) логикалық коммуникативтік; (б) конструктивтік коммуникативтік; (в) ақпараттық коммуникативтік; (г) стилистикалық жатады.

Мәтін деңгейіндегі тілдік қателікке айтылым мағынасының логикалық тұрғыдан қате болуы, мәтінді құрайтын сөйлемнің грамматикалық құрылымы, синтаксистік байланыстың бір-біріне сәйкесі де кездеседі, ақпараттық коммуникативтік қателік жатады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ ТІЗІМІ:

Гвоздев А., Об одной проблеме стилистики//Вопросы русского языкознания. –Саратов

Жексембаева Ғ., Тіл және сөйлеу. Сөйлеу мәдениеті.Алматы:2005-С.656-660.

Ислам А., Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. ДДА., Алматы: 2004.

Кәукербаева Б., Сөз қолданыстағы семантикалық екіұштылық, Алматы: 2006

Абитиярова А., Сөз саптау үрдісіндегі қателер. Алматы:2010.

Жүсіпов А.Е., «Энантиосемия – сөздің ішкі қарама-қарсылығы» (оқу құралы) «Көкше-полиграфия». Көкшетау 2006 ж.

Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қайшы тілдік тұлға: семантикасы мен прагматикасы» (оқу құралы). «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж.;

Жүсіпов А.Е., Қайшылықтың семантикасы мен прагматикасы (лингвомәдениеттанымдық қыры) Астана, 2013. -467бет.