Жүсіпов А.Е. ф.ғ.к.

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ

Қазақстан, Астана

 

ЭЛЛИПТИКАЛЫҚ ҚАЙШЫЛЫҚ

 

Эллиптикалық үдеріс негізінде пайда болған қайшылық. Кей жағдайда эллиптикалық үдеріс салдарынан да қос мәнді қайшылық пайда болады:

«Космостан түсірілген Памир ауданы Тәжікстан геологтары мен физиктері тарапынан егжей-тегжейлі зерттеліп бітті» (БжЕ.) Бұл сөйлем бір мүшесі түсіп қалғаны (эллиптика) байқалып тұр, сонымен бірге сөйлем мүше орындары да ауысып кеткен. Егер сөйлемді «Памир ауданының ғарыштан түсіріп алынған фотосуретін (немесе сұлбасын) Тәжікстан геологтары мен физиктері егжей-тегжейлі зерттеді» деп өзгертсек, қайшылық толық жойылады.

Автордың өзі қолданып отырған сөздің мағынасын білмеуі не семантикалық құрылымына мән бермеуінен пайда болған қайшылық. «Осы машинаға құйрығым отықпай-ақ қойды» (Ы.Қ.). Бұл сөйлемдегі «отығу» деген сөз жас төлдің шөп жеп, өз бетінше қоректене бастауына байланысты айтылады, сол себепті де осы қолданыста қос мәнді түсініксіздік пайда болып тұр.

«Ала күшік қостарды аралап құдайы жасап қалды» (С.Т.). Фразеологиялық сөздікте «құдайы жасау – құрбандыққа мал шалу, садақаға мал, дүние атау» деп түсіндіріледі (Ф.С.). Автор өзі қолданып отырған фразеологизмінің мағынасын білмегендіктен, оқырманның қос мәнді түсінуі мүмкін сөйлем құраған.

Қайшылықтың мұндай түрі ауызекі сөзқолданыста да кездеседі: «Кәмила құрбысы Қамажайдың үйіне кіре бере бұрышта бүрісіп отырған кішкентай Сәнтайды қолына алып көтереді. Сол-ақ екен, Әлима әжей://– Ойбой, балам, оған тиме, ол – насос, – деді жұлып алғандай.//Бақсақ, әжеміздің «насосы» орыстың «понос» деген сөзі екен».

Төмендегі өлең шумақтарын қарастырып көрелік: «Салқар да салқар дүние-ай!//Түркістанның күнін-ай!//Түркістанның мұңың-ай!//Дүлей, дүрден қайтпаған,//Дүмді елімнің ұлын-ай!» (Қ.Т.)

Автор «Дүлей», «дүрден», «дүмді» сөздерін қолдану арқылы жаугершілік заманды бейнелейтін дыбыстық үндестік, экспрессивтік реңк жасағысы келген болуы керек. Экспрессивтік бояуды күшейту мақсатымен «дүрден» окказионализмі де қолданылған («қалың қол» деген мағынаны да бере алатын «дүрмек» сөзін қысқарту арқылы жасалған болуы керек). «Дүмді ел» сөз тіркесінің автор тарапынан «мықты, негізі берік ел» деген мағынаны беру үшін қолданылғанымен, бұл тіркес «дүм» (әлдененің түп жағы, мысалы, «мылтықтың дүмі») сөзі мағынасының әсерімен қайшы мағына беріп тұр, тіпті кей оқырман оны ыңғайсыз тұрғыдан қабылдауы мүмкін.

Қабылдаушы өзіне беймәлім сөзді кездестіруінен болған қос мәнділік. Мұндай қайшылық қабылдаушының кінәсінен пайда болады. Жалпы хабарлаушы берген ақпаратты дұрыс түсінудің өзі күрделі процесс. Қабылдаушы ақпаратты түсінуіне әсер ететін фактор ретінде оның аялық білім, «тік контексі» (яғни, белгілі бір сөзге байланысты туындайтын тарихи-филологиялық ассоциация), лингвистикалық «тік контексін» (яғни, белгілі бір сөздің тілдік табиғаты жөніндегі қабылдаушы түсінігінің жиынтығы) көрсетуге болады.

Өмірде болған мынадай оқиғаны талдап көрелік: «Әжем келініне://– Мына соғымның қос қазысын ұзын сары келгенде асамын, – дейді.//Бір күні әжем жоқта үйге бойы ұзын сары кісі келіпті. Келін әлгінің үстіне қарап: «дәуде болса, ұзын сары осы шығар, бұдан ұзынды әзірге көргем жоқ» деп, тұспалдап, үйдегі бар қазыны асып тастайды. Келін әжемнің «ұзын сары» деп күннің ұзарғанын айтатынын қайдан білсін». (А-Шж.)

Бұл мысалдан «ұзын сары» тұрақты тіркесін басқа мағынада түсінгенін көреміз. Бұл жерде хабарлаушы мен қабылдаушының лингвистикалық тігінің әрқилы болуы айтылымды қабылдаушының қате түсінуін туындатқан.

«Арыстан: Ата, әңгімеңіз дұрыс-ақ, жайғасып отырып айтсаңыз маған бір поэманың сюжеті бар ма деп тұрмын.//Бекен: Бояма дегендеріңізге біз түсініп жатырмыз ба, шырағым. Ал енді суреті өзінде бар болуы керек.// Әнуар: Жоқ, ақсақал, сурет емес сюжет дейді. Ақындарда сондай тіл бар. Оқиға желісі деген сөз».

Бұл мысалда да хабарлаушының дұрыс айтып тұрған сөзін қабылдауышы басқа мағынада түсінуі арқылы «поэманың сюжеті» сөз тіркесі қайшы мағынаға ие болып тұр. Бірақ тікелей алғанда бұл сөз тіркесінде ешқандай да екіұшты мағына жоқ. Бұл сөз тіркесінде жоқ мағынаны соған жапсыру арқылы оны қайшы тіркеске айналдырып тұрған қабылдаушы ғана.

Осы екі мысалдан бір-біріне қарсы екі құбылысты байқауға болады. Бірінші мысалда ескі көз әженің сөз қолданысын келіні түсінбей қалады, яғни келіні ескілікті сөздерді білмейтін болып шығады. Ал, екінші жағдайда керісінше жаңа заманда, жаңа толқында пайда болған сөзді бұрынғы заман адамы түсінбей қалады. Яғни қайшылық тілдің тарихи-қоғамдық өзгерісі негізінде туындап тұр.

Өзге тіл сөзін дұрыс түсінбеу, сол себепті де оны қабылдаушы өзінше түсініп, басқа мағынада ұғынуынан туындаған қос мәнділік тіл-тілде бар құбылыс: «– Қалай, концерт ұнады ма?//– Ұнағанда қандай! Әсіресе, әлгі әдемі әнші қыздың сопраносын айтсайшы.//– Өй, әумесер! Қыздың о жер бұ жеріне қарай бергенше, дауысын тыңдамайсың ба?». Бұл мысалда қос мәнділік қабылдаушы «сопрано» сөзін өзінше, осы сөзде жоқ мағынасында түсінуінен пайда болып тұр.

«Қоғаның опера театрында ән шырқап жүрген әнші бір жолы алыстағы ауылдарды аралауға шығыпты. Оркестр, пианиноға қосылып, әртүрлі бағып жүрген ол, шопан үйінде «әу» деп бір қойыпты. «Әу» деп екі қойыпты. Шопан суық ұстап, даусы шықпай отыр ма деп: «ыстық шайдан ішіп отыр» дейді. Шай құйып отырған шопанның әйелі: «Мына шіркіннің әні осы ма?» деп ойлайды. Әнші тамағын тағы бір кенеп: //– Тонымды ала алмай отырмын – деге, үй иесі далаға шығып, есік алдында тұрған машинадағы шолақ қара тонды әкеліп://– Тоның мынау ма еді? – депті». (Қ.)

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ ТІЗІМІ:

Кукушкина Е.И., Познание, язык, культура. –М.: МГУ. 1984. -263с.

Копыленко М.М., Основы этнолингвистики. Алматы 1998.

Кондаков Н., Логический словарь-справочник. 2-е изд.М., 1975: 314.

Ислам А., Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. ДДА., Алматы: 2004.

Кәукербаева Б., Сөз қолданыстағы семантикалық екіұштылық, Алматы: 2006

Абитиярова А., Сөз саптау үрдісіндегі қателер. Алматы:2010.

Жүсіпов А.Е., «Энантиосемия – сөздің ішкі қарама-қарсылығы» (оқу құралы) «Көкше-полиграфия». Көкшетау 2006 ж.

Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қайшы тілдік тұлға: семантикасы мен прагматикасы» (оқу құралы). «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж.;

Жалмаханов Ш., Көп мағыналы зат есімдердің семантикалық құрылымы. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным» журналы. 2002. №1. -32-38б.

Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қарама-қайшылықтың лексикалық және грамматикалық жүйедегі орны» «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж. (монография);

Болғанбаев Ә., Көп мағыналы сөздер және олардың жасалу жолдары. Алматы: «Мектеп», 1963

Жүсіпов А.Е., Қайшылықтың семантикасы мен прагматикасы (лингвомәдениеттанымдық қыры) Астана, 2013. -467бет.