Маханова Ләззат Нұрдәулетқызы

Ы.Алтынсарин атындағы №10 мектеп-лицейдің биология пәнінің мұғалімі

Қазақстан Республикасы, Қызылорда қаласы

Аңдатпа

Бұл мақалада өз тәжірибемдегі сындарлы оқыту теориясының тиімділігі туралы сабақ үлгісі қарастырылған.

Кілт сөздер: сындарлы оқыту, сабақ , оқушы, білім, модуль, курс,т.б.

Аннотация

На этой статье предусмотрен конструктивный образец урока по своему опыту.

Annotation

This article provides a sample of a constructive lesson from my own experience.

 

Сындарлы оқыту теориясы – сапалы білімге бастар жол

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арналған «Қазақстан-2050» жолдауында барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуына бағытталған негізгі басым бағыттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін білім мазмұнын жақсартумен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдерін қолданудың тиімділігін арттыру қажеттігін атап көрсеткен еді [1]. Демек,бүгінгі таңда педагог кадрлардың негізгі мақсаты мен міндеттері-сабақ сапасын көтеру,оның түрлерін жетілдірудің жолдарын іздеу,іздене отырып оқушының пәнге қызығушылығы мен танымдық ізденімпаздығын арттыру.Осыған орай мектеп өміріндегі өзекті мәселелелердің бірі сабақты жаңаша оқыту түрлерін дамыту болып табылады.

Қазіргі таңда елімізде оқушыларға сапалы білім беру мақсатында  бір қатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл орайда ұстаздарға  біліктілік артыру курстары көп көмегін тигізуде.Үш айлық деңгейлік курстардан өткен ұстаздар оқытудың жаңа тәсілдерін меңгеріп,білім беруде жаңа әдіс-тәсілдер қолданып,оқу үрдісіне жаңа бір серпін әкелгендей.Оқыту-оқу үрдісіндегі оқушылардың қабілетін жақсартуға мүмкіндік беретін педагогикалық тетіктердің біртұтас кешені деп айтылған [2].(МАН) Деңгейлік курс нәтижесінде оқу үрдісінде оқушыларға  қалай оқу керектігін үйретудің маңызды екенін түсіндік.Бұл үрдісте мұғалім оқушыларға  білім міндеті қоятын талаптарды түсінуге,стратегияларды ойластыруға,нақты міндеттер үшін сәйкес келетін стратегияларды таңдауға көмектеседі.Оқытудағы Кембридж тәсілі сындарлы оқытуға негізделген.Сындарлы оқыту-оқушылардың пәнді терең түсіну қабілетін дамытуға,алған білімдерін сыныптан тыс жерде тиімді қолдана білуге негізделген.Осы курсты меңгеру барысында берілген жеті модульдің барлығының оқу үрдісі үшін өзіндік маңызы бар екеніне көз жеткіздім. Сындарлы оқыту теориясындағы жетістікке жетелейтін жеті модульдердің бірі «Cыни тұрғыдан ойлауға үйрету» басқа модульдермен де тығыз байланысты деп есептеймін [3]. Оқушылар сабақта қалай оқу керектігін меңгереді, яғни метатаным пайда болады, өздері үдеріс барысында ой қорытады, нәтижеге жетуге ұмтылады. Мұғалім оқушыға қалай оқу керектігін үйретеді, ал бұрынғы дәстүрлі оқыту процесінде мұғалім білімді беруші болған болса, жаңа оқыту үдерісінде мұғалім бағыттаушы болып табылады. Сабақтағы басты тұлға, басты кейіпкер – оқушы болды. Оқушыны өз бетімен білім алуға, ол үшін ізденуге, терең ойлауға, зерттеуге дағдыларын қалыптастыру қажет екенін аңғара отырып, жаңа білімді меңгерту үшін ең тиімді әдіс сұрақ – жауап, әңгімелесу, диалог болып табылады. Менің әр сабағым диалогтан құрылады, себебі биология пәні болғандықтан көбінесе оқушылардың ауызекі сөйлеуіне және өмірмен байланыстыра айтуына мән беремін. Өзім сабақ беретін 6 «а» сыныбымен өткен «Жемістер» тақырыбындағы сабағыма жоспар құрдым.Алдымен топқа бөлу кезінде оқушылар өздерінің ұнататын жемісінің түрлеріне қарай топқа бөлінді.Үй тапсырмасын нақтылау мақсатында үш топқа берілген тақырыптар бойынша оқушылардың ішінен айтуға тілек білдіргендер жауап берді.Әр топтың топ басшысына бағалау парағын толтыру міндеттелді.Жаңа сабақтың тақырыбын суреттер көрсетумен,бағыттаушы сұрақтарға жауап алу арқылы аштым.Топтарда әр оқушыға мәтінді өз бетінше оқуға тапсырма берілді.Топтық жұмыс арқылы «оқушы мен оқушы» арасында, «оқушы мен мұғалім» арасындағы диалогты тиімді ұйымдастыру арқылы мақсатқа қол жеткізе алдым. Нәтижесі таңғаларлық! Оқушылар мен күткеннен де артық әсер алды. Өз ойларын жарыса айтып, қызу пікірталас тудыра алды. Жаңа сабақты өз беттерімен тез меңгере алды. (1-сурет)

 1-сурет

Үш түрлі мақсаттағы (суреттерге қарап жемістің құрғақ және шырынды екенін ажырату,шынайы жемістерге талдау жасау үшін зерттеуші топ жұмыс жасады және консептуальдық кесте толтыру)тапсырманы топтарда орындауға бердім.

2-сурет

Оқушылар топта тапсырманы орындау кезінде бірінің сұрақтарына бірі жауап беріп, бірін-бірі оқытып жатқанын көрдім. Сонда байқағаным оқушылардың менің түсіндіргеннен гөрі өздерінің бірін-бірі оқытқан кезде ақпаратты тез қабылдайтыны. Бірте-бірте оқушылар арасындағы сенімсіздік, үрей сейіліп, сабаққа деген ынта-жігері ояна бастады. Әрине топтық жұмыс болған кезде оқушылардың барлығы қамтылып, біреуі сурет салса, біреуі тақырыпқа қатысты сөздерді тізбектесе, енді біреуі қорғауға дайындалып жатады. Бұл жерде бір-бірінің арасында ынтымақтастық орнап, лидерлер қасындағыларды да сөйлеуге тартып, бір-біріне жанашырлық пен көмектесе бастады. (3-сурет)

 3-сурет

Мен мұндай нәтиже күтпеген едім, осыдан кейін мен оқушыларға көп еркіндік беріп оларға тек бақылаушы ретінде қарауым керек екеніне ой түйдім.

Сабақтардың барысында оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін, соның ішінде ұтқырлық, сыңаржақтылықтың болмауы, пайым, тәртіп, өзіндік сана сезім секілді ерекшеліктерге мән бере отырып сабақ барысында әрдайым оқушылардың белсенді болуға, дәлелдерді талдай алуға , мағынаны анықтау үшін саналы түрде стратегияларды қолдана алуына мүмкіндіктер мен жағдай жасауды қамтамасыз етуді мақсат тұттым. Осында қарастырылған стратегиялар оқушылардың бірін-бірі тыңдап, дәлелдерді талап етіп, тиянақты және нақты да жан-жақты болуға, ынымақтастықпен бір-бірін құрметтеуге үйретті [4]. Қуанышпен айта кететін жайт, бұрын үндемей отыратын балалардың да сабаққа қызу араласуда. Жай уақытта олар өздерін бұлай көрсете қоймас еді.(4-сурет)

 4-сурет

Сабақтың әр кезеңінде формативті бағалау жүргізіп,соңында әр топтың топ басшысының бағалауы бойынша өзім суммативті баға қойдым.Тақырып бойынша алған білімдерінің нәтижесін білу үшін кері байланыс кезеңінде оқушылар стиктерге оз ой- пікірлерін жазып қалдырды. Осыдан шығатын қорытынды сабақта нәтижеге жету үшін оқушыларға жетелеу сұрақтарын қоя отырып, жауап алып, балалардың бір-біріне сұрақ қоя білуін және оған ұтымды жауап беруін қалыптастыру керек екендігіне көз жеткіздім.Сабақтарды ерекше, жаңа әдіс бағдарламасымен сабақ өтуім оларға еркін сөйлеп, ойларын ашық жеткізуге, сыншыл көзқараспен ойлауға мүмкіншілік туғызғандай. Бұл әрине қазіргі қоғам мен мектептің басты талабы. Осы талаптарды әрі қарай дамыту әрине әр мұғалімнің парызы. Оқушылар күнделікті сабақтан, бүгінгі сабақтардың айырмашылығы; топтық, жұптық және жеке жұмыстардың нәтижесінде өздігінен бағалау, өз ізденістерінің арқасында бұрын мұғалімнің түсіндіргенінен өз бетінше ізденуінің нәтижесінде көптеген өз білімдерінде өзгеріс болғандығын байқады.

Қорыта айтқанда, өзімде осы бағдарлама модульдерін жүйелі пайдалану, мені және оқушыларды үлкен жетістіктерге әкелері анық деп ойлаймын. Негізі модульдер өзара тығыз байланысты мақала барысында да жаздым. Тығыз байланысты дейтін себебім, мысалы сыни тұрғыдан ойлауға үйретпесек, олар өз-өзін қалай бағалайды? Шульман айтқандай мұғалімнің үш көмекшісі бас, қол, жүрек демекші [5], егерде шын ниетімен мұғалім оқушыны марапаттап, қолдап жатса бала бәрін де сезеді. Ол да сізге солай қарым-қатынас жасайды екен. Мен өз тәжірибем де соны байқадым. Мен енді алдағы уақытта сабақта ата-анаға бағалау парақтарын шығарып, бағалау үдерісіне қатыстырсам деймін. Қандай ұстаз болса да оның бастапқы мақсаты алдындағы оқушыны алға жетелеу, ал бағдарлама бізге дайын жол салып беріп отыр. Біз енді сол жолмен жүрсек үлкен тәжірибелі, кәсіби ұстаз боларымыз және сыни тұрғыдан ойлап, алған білімін өмірінде де пайдалана алатын оқушы тәрбиелейтініміз анық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Н.Ә. Назарбаевтың  Қазақстан халқына Жолдауы.Егемен Қазақстан-2012.21 желтоқсан.

2.Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші (негізгі) деңгей,  «Назарбаев зияткерлік мектебі» 2012ж .15-бет

3. Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші (негізгі) деңгей, «Назарбаев зияткерлік мектебі» 2012ж. 13-бет

4. «Сындарлы оқыту теориясы-оқушыны сыни ойлауға жетелейтін жол» sabak. kz /2549/ М.С.Исаева.

5.Мұғалімге арналған нұсқаулық.Үщінші (негізгі)деңгей, «Назарбаев зияткерлік мектебі» 2012ж. 7-8 бет