Турсунова Мархаба Ахметкалиевна
Доцент кафедры
казахского языкознания КарГУ им. Е.А.Букетова,
Караганда, Казахстан
Түркі
тілдеріндегі «ешкі» сөзінің тарихи-салыстырмалы сипаты
Түркі тілдерінің дамуы сонау
көне замандардан басталып, қалыптасу кезеңіне дейін бірнеше
дәуірлерді бастан өткерді. Туыстас тілдердің фонетикасы,
лексикасы немесе грамматикасына қатысты жалпы түркі тілдеріне
тән ортақ заңдылықтармен қатар, әрбір
тілдің өзіндік ерекшелігіне қатысты даму сатысы болды.
Бұл – түркі тілдерінің даму, қалыптасу
дәуірлеріне байланысты ерекшеліктің бірі. Түркі
тілдерінің эволюциясына сәйкес салыстырмалы-салғастырмалы
зерттеу арқылы байланысты байқалатын айырмашылықтың
себебін білу үшін көне мұраларға сүйене
қарастыру қажет болады. Сол арқылы қазіргі тілдің
ерекшелігінің, тіл-тілдің айырмашылығы мен
ұқсастығының себебін білу мүмкін.
Түркі
тілдерінің дамуы оның тарихымен тығыз байланысты екендігі
белгілі. Тарихи салыстырмалы зерттеулер арқылы жеке тілдің
фонетикасында, лексикасында, грамматикалық құрылысында болған
өзгерістерді анықтау мүмкін.
Ешкі – мүйіз қуыстылар тұқымдасына жататын
жұп тұяқты, күйіс қайыратын жануар. Үй
ешкілерінің бастапқы тегіне ешкілердің жабайы безоар ешкісі мен иір мүйізді ешкі,
сондай-ақ қазір жойылып кеткен prisca түрі жатады. Ешкі – қолға
алғаш үйретілген жануарлардың бірі болып табылады. Ол Орта Азияда біздің дәуірімізге дейінгі
5700 жылдың ішінде қолға үйретіліп, басқа
үй жануарларының қатарына қосылған. Ешкінің мүйізі қырлы, дене бітімі жеңіл,
құйрығы қысқа келеді. Оның түбіті,
жүні, терісі, еті мен сүті пайдаланылады. Сонау көшпелі заманнан бері келе жатқан
бірнеше ешкі малын асылдандырып өсіру арқылы, олардың
түрлері де көбейді, өнімдері де артып, жаңа
тұқымдары жасалды, жақсы жерсіндірілді. Жалпы көшпелі
түркі елінің тұрмысында, мал шаруашылығында
ешкінің алатын орны ерекше болған. Оған дәлел ретінде
ешкі малы сүтінің түрлі емдік қасиеті бар екенін жете
түсініп, оны түрлі ауруларға ем ретінде пайдаланған.
Ешкі малының ұшқалақ мінезіне байланысты түркі
халықтарына ортақ бейнелі сөз тіркестері мен теңеулерді
байқауға болады.
Көне түркі тілінің
сөздігін құрастырған Махмұт Қашқаридің
еңбегіне сүйенсек, көне түркі тілінде ешкіні ешky деп атаған [1,158].
Қазіргі қазақ тіліндегі ешкі
сөзімен айырмашылықтың аса жоқ екенін
көреміз. Осы еңбекке сүйенсек оғызша ешкі малын кечі деп атаған [2,298].
А.М.Щербактың маліметіне сүйенсек, ешкү сөзі батыс және шығыс тобындағы
түркі тілдеріне, ал кечі
сөзі оңтүстік тобындағы түркі тілдеріне танымал
деп жазады. Алтай, қарақалпақ, қырғыз,
құмық, өзбек тілдерінде ечкі; татар диалектісінде ічке;
тува тілінде өшкү;
ұйғыр тілінде өшкә,
өчке, ечкү; хақас тілінде өскі, ечкү, очкү деп атайды. Әзірбайжан, гагауыз,
түрік тілдерінде кечі;
түркімен тілінде гечі;
өзбек тілінде геччі деп атайды
[3,117]. Орыс тілінің әсерінен башқұрт, татар, чуваш
тілдеріндегі ешкі сөзі орыс тіліндегі коза
сөзімен кіргіп, башқұрт тілінде кәзә, татар тілінде кәжә,
чуваш тілінде качака деп аталады. Ешкі сөзі якут тілінде хоһуол, тыһыта деп атайды.
Осы сөздермен бірге якут тілінде моңғол тілінің
әсерінен келген наман
сөзі де осы мағынада қолданылады.
Ешкү мен кечі
сөзі тау сөздерімен бірге келгенде таулы жерлерде мекендейтін дала
жануары, тау ешкі мағынасын білдіреді. Мысалға әзірбайжан
тілінде дағ кечісі;
қырғыз тілінде тоо ечкі;
татар тілінде тау кәжәсе;
түрік тілінде дағ
кәжісі деп атайды. Көне түркі тілінде қырда,
тастақ жерлерде мекендейтін тау ешкісін ыvық (ыбық) деп атаған [1,96]. Дала ешкісі, елік,
бөкендерді башқұрт тілінде кір кәзәһе; татар тілінде кір кәжәсе; чуваш тілінде хір качакі деп атайды. Мұндағы кір сөзі дала, қыр деген мағынаны береді.
Өздеріңізге белгілі қазақ тілінде елік, ақбөкен тау ешкісі деп осы
тұқымдас жануарлардың жекеше атаулары кең
таралған. Чуваш тілінде тау ешкінің ұрғашысын чуңма деп атайды.
Ешкінің қысылған (піштірілген)
еркегін әзірбайжан, түркімен тілдерінде еркәч; қырғыз тілінде еркес; түрік тілінде ергеч,
еркеч, өркеч деп атайды. Ал башқұрт тілінде һырға; қазақ,
қарақалпақ тілінде серке,
тува тілінде серге; өзбек
тілінде серкә;
ұйғыр тілінде сә(р)кә
деп аталады [1,118].
Көне түркі тілінде ешкінің
аталығын текә деп атаса, бұл сөз қазақ
тілінде де теке түрінде
қолданылады. Әзірбайжан тілінде тәкә;
алтай, қазақ, қырғыз, қарақалпақ,
түрік, түркімен тілдерінде теке;
башқұрт тілінде тәкә
(кәзә тәкәһе), қусқар тәкә; татар тілінде тәкә (кәжә
тәкәсе); өзбек, ұйғыр тілдерінде тәкә; чуваш тілінде така (качака такі) деп атайды [3,118].
Кейбір түркі тілдерінде теке
сөзі үй жануарынан бөлек дала жануары мағынасын береді.
Мысалға, алтай тіліндегі теке
мен тува тіліндегі те сөздері
дала жануары мағынасын береді. Көне түркі тілінде тау
текенің құлақтары ақ, басқа жерлері
қара бір түрін азғыrақ
(адзғырақ) деп атаған [1,175]. Қой ішінде
қошқар қандай болса, тау ешкісі үшін бұл солай
болған. Көне түркі тілінде бір жасқа толған текені
erkeш деп атаған. Көне
түркі заманнан келе жатқан мынадай мақал бар “ erkeш eti em
bolur, eшkү eti jel bolur”, яғни еркеш еті ем болар, ешкі еті жел
болар [1,125]. Жоғарыда айтып өткендей, еті мен сүтінің
қасиетін білген халқымыздың сөздерінен мысал бола
алады. Асқар Егеубай қазақ тіліндегі серкеш сөзінің осы сөзден шығуы әбден
мүмкін деп айтады.
Лақ сөзінің көне түркі
тіліндегі сипаты, ешкінің төлі, оғlақ
деп аталған [1,149]. Көне түркі халқында
«Оғlақ jiliksiz оғlan biliksiz», яғни лақ
жіліксіз, жас бала біліксіз деген мақал болған. Оғlақ
үй ешкісі мен дала ешкісінің төлі. Әзірбайжан тілінде оғлағ; башқұрт
тілінде ылақ; гагауыз тілінде олақ; қазақ тілінде лақ; қарақалпақ
тілінде ылақ, улақ;
қырғыз, ноғай тілдерінде улақ;
түрік, ұйғыр тілдерінде оғлақ;
түркімен тілінде овлақ;
өзбек тілінде улақча;
хақас тілінде оғлах деп
аталады [3,119].
Көне түркі тілінде жасына
байланысты лақтан кейінгісін шебіш
деп атаған. Әзірбайжан тілінде чәпіш
(бір жасар ешкінің төлі); қазақ тілінде шыбыш (бір жасар ешкінің
төлі); қырғыз тілінде чебіч
(екі жасар ешкінің төлі); қарақалпақ тілінде шыбыш (бір рет төлдеген ешкі);
түрік тілінде чепіч (бір жасар
лақ); түркімен тілінде чебіш,
чебшек деп аталады. Осы мысалдардан көріп отырғанымыздай,
қазіргі түркі тілдерінде шыбыш
сөзі жастық мағынада қатаң барлығына
ортақ мағынаны бермейтінін көріп отырмыз. Дегенмен көп
түркі тілдерінде басыңқы жастық мағынасы бір
жасар ешкінің төлі деген мағынаны береді. А.М.Щербактың
мәліметіне сүйенсек, шыбыш
сөзінің этимологиясын үнді еуропалық тілмен
байланыстырады. Чәпеш
сөзін, латынша caper, кельт тілінде kapero – s деген сөзден
шығуы мүмкін дейді [3,120]. Дегенмен нақты осы сөзден
туындады деп айту қиындау, себебі Махмұт Қашқаридің
сөздігіне сүйенетін болсақ, көне түркілерде
ешкінің жасына байланысты қазіргі түркі тілдерінің
көбінде қолданылып жүрген шебіш сөзін кездестіруге
болады.
Келесі ешкінің жас төлі тува
тілінің диалектісінде кең таралған деп айтуға болады. Хунан анай, хунан өшкү,
шүрлең анай (бір жас пен екі жас аралығындағы
ешкінің төлі), осы жастағы төлінің еркегін сеінек – сенек, ал ұрғашысын
қазақ тіліндегі тұсақ
сөзі сияқты дузақ –
тузақ сөздері қолданады; ал қысылған еркегін хунажын деп атайды. Дөнен өшкү, қыжалаң өшкү
ешкі төлінің екі мен үш жас аралығындағысын
айтады. Ал үш жастан асқандарын сожалаң
өшкү, чедішкен өшкү деп атайды. Әзірбайжан
тілінде ешкінің еркек төлінің алты айдан бір жасқа
дейінгісін немесе екі жастағысын дыбыр,
дубыр деп атаса, үш жастан кейінгісін сівір, төрт жастан асқанын сежіз деп атайды. Ұрғашысының бір жас пен екі жас
аралығын немесе екі жастағысын бічмә
деп көрсетеді. Башқұрт тілінде бәрән кәзә деп емшектен шыққан
төлін атаса, шешәк
кәзә деп екі жастан үш жасқа дейінгісін атайды [3,120].
Жалпы барлық түркі тілдерінде ешкінің жас аралығы мен
жынысына байланысты жекелеген сөздер қолданғанын
көреміз.
Әдебиеттер тізімі:
1.
Қашқари М. Түрік сөздігі. І том.
–Алматы: Хант, 1997. – 375 б.
2.
Қашқари М. Түрік сөздігі. ІІІ
том. –Алматы: Хант, 1998. – 381 б.
3.
Исследования
по сравнительной грамматике тюркских языков. Часть третья.
Лексика. – Москва: Изд. АН СССР, 1955. – 298 с.
Сведения об авторе
Турсунова Мархаба Ахметкалиевна – доцент
кафедры казахского языкознания Карагандинского государственного университета
им. Е.А.Букетова (Республика Казахстан), кандидат филологических наук.
Адрес: 100022 г. Караганда, ул. Волочаевская д. 55, кв. 24
Тел: 72-27-07 (дом.т.),
8-701-356-44-86 (моб.тел.)
E-mail:
t_marhaba@mail.ru