Жүсіпов А.Е. ф.ғ.к.

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ

Қазақстан, Астана

 

ҚОС МӘНДІ СЕМАНТИКАЛЫҚ ҚАЙШЫЛЫҚ

 

Қос мәнді семантикалық қайшылық ауызекі айтылымда да, жазба стильде де кездеседі. Қоғамдағы әрқилы әлеуметтік-кәсіби топ тілінде өзіне тән қателікті байқауға болады.

Сөзді қадірлеп, ұқыптып дұрыс қолдану, мәдениетті сөйлей, жаза білу мәселесіне кезінде А. Байтұрсынұлы да көп көңіл бөлген болатын: «Сөздің дұрыс айтылуы деп әр сөйлемнің дұрыс күйінде жұмсалуы айтылады. Олай болу үшін: (а) сөздердің тұлғасын, мағынасын өзгертетін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулықтарды жақсы біліп, әрқайсысын өз орнына пайдалану қажет; (ә) сөйлем ішіндегі сөзді дұрыс септеп, дұрыс ымыраластыру қажет; (б) сөйлемдерді бір-біріне дұрыс ойластырып, дұрыс құрмаластырып, дұрыс орналастыру».

А. Байтұрсынұлы сөз мәдениетіне барынша мән беріп, сөз қолданыстың мақсатқа сай болуы, яғни, сөз көркемдігі «әуезінің әдемілігі, кестесінің келісті болуымен» анықталатындығын атап көрсеткен еді.

Жалпы тілдік қателік аясы кең екені, оның көптеген тілдік құбылысты қамтитыны, түрлі қоғамдық, әлеуметтік салдары бар екенін байқап жүрміз. Семантикалық қайшылық тілдік қателіктің бір бөлігін ғана құрағанымен, оның коммуникация, ақпарат алмасу процесіне кері әсері үлкен [1].

Қос мәнді семантикалық қайшылық топтары:

(а) көп мағыналы сөздердің негізінде пайда болған қос мәнділік;

(ә) омонимдерді қате пайдаланудан туындаған қос мәнділік;

(б) дейксистен пайда болған қос мәнділік;

(в) сөздер мен тілдік құрылымдардың орын өзгерулерінен туындаған қос мәнділік;

(г) эллиптикалық үдерістің негізінде пайда болған қайшылық;

(ғ) автордың өзі қолданып отырған сөздің мағынасын білмеуі не семантикалық құрылымына мән бермеуінен пайда болған қайшылық;

(д) пароним негізінде пайда болған қос мәнділік;

(е) қабылдаушы өзіне беймәлім сөзді кездестіруінен болған қос мәнділік;

 (ж) автордың қабылдаушыға түсініксіз сөздерді қолдануынан келіп шыққан қос мәнділік;

(з) адамның аты-жөнін қате түсінуге байланысты пайда болған қос мәнділік.

Көп мағыналы сөз негізінде пайда болған қос мәнділік. Көп мағыналы не полисемантикалық сөз троптық механизмнің, яғни тілдегі бар сөзді ауыспалы мағынада қолдану көмегімен жасалады. Троптың метафора, метонимия, синекдоха деп аталатын түрлері барын ескеріп, осылардың әрқайсысынан болатын қос мәнді қайшылықты атап өтелік.

(1) Көп мағыналы сөз метафора тәсілі арқылы жасалғанда сөз заттың тұлға, түс, қимыл т.б. ұқсастығына сәйкес ауырыстылып қолданылады, яғни ұқсастығы бойынша ассоциацияланудың парадигматикалық механизмі арқылы туынды мағына жасалады. «Байболдың көзі қарақты. Басты кісілермен таныстығы бар» (М.Б. Ш.б., 157). «Басты» сөзінің көп мағыналы болуы семантикалық қос мәнділіктің туындауына жол ашып тұр (1) басты – елге басшы адамдар; (2) басты – ақылды, білімді адамдар.

«Ал әйел атаулы тек немістен ғана бала тауып, үстем ұлттың санын өсіруге ғана пайдаланылуы керек. Осы жолмен болашақта жарты миллиард үстем немісі бар мың жылдық Германия пайда болуы керек» (И. Қ. 188, 148).

Бұл мысалда «үстем» сөзі қайсы мағынада қолданылып тұрғаны, ол сөз болашақта жарты миллиардтан астам неміс тұратын Германия туралы ма, не неміс ұлтының басқа ұлттан атрық, ерекше ұлт екендігі туралы ма, айқын емес болып тұр.

(2) Қос мәнді қайшылық метонимия базасында пайда болған сөз бір зат не құбылыстың атауы екінші зат не құбылысқа олардың өз сөз іргелестігі, шектестігі негізінде ауысуып, ауыспалы мағынада жұмсалады: Елімді сүйдім елжіреп,//Жетімге жүрдім боп тірек,//Көрсете білдім пасыққа//Лайықты жерде көкірек (Д.Ж. 142). Бұл шумақтағы «көкірек» сөзі автордың ойында болмаған, мақсат етпеген қайшы мағына беріп тұр. Автордың айтайын деген ойы «пасық адамдарға керекті жерде тектілік, тәқаппарлық көрсеттім» деу болатын. Бұл сөздің қайшы мағына беруі негізінен қазақ тіліне орыс тілінің қатты ықпал етуінен туындап отыр: Кеткенде Бетховендер бұратылып,// Моцарттар шыққан кезде шыңға атылып,//Басынды Чайковский саздары шыңға атылып,//Бахтарын балқытады бір күн батырып (Е.Т. 38). Бұл өлең шумағында автор композиторлардың атын атау арқылы олардың музыкалық туындыларының құдіреттілігін суреттемек болады. Бірақ, «Кеткенде Бетховендер бұратылып» деген өлең жолдары Бетховенді композитор емес, биші сияқты көзге елестетеді. Оның үстіне Бетховеннің музыкасына «бұратылып» деген теңеу мүлде жараспайды, оның музыкасын «Моцарттардың шыңға атылғаны да» көңілге күдік ұялатып, қайшы әсер, түсініксіз ой туындатады. Бахтарды бір күні батырып жібере ме, әлде күн батқанда Бахтарды балқытып жібере ме?! Осылайша метонимияны көркем шығармада ұтымды пайдаланбау қайшы сөзқолданыс тууына негіз болған.

Омонимді қате пайдаланудан туындаған қос мәнділік. Омонимнен пайда болған қос мәнділік әдетте автордың өзі тандаған сөздің омонимі бар екенін және сондай екі мағынаның қатар ұғылуын ескермеуінен болады. «Олай етпейінше, яғни уақыт тезіне салып, кезең кеңістігінде көрсетпей ұлдарының ұлы істерін елемек түгіл, екшеудің өзі қиын» (Ақиқат, 2004, №2.96). «Елеу» етістігінің екі мағынасы бар (1) елеу – назарға алып құрметтеу; (2) елеу – ұнды елекпен елеу. Әдетте, елеп-екшеу мәндес қос сөз құрамында да, жеке де қолданылатын екшеу сөзі негізінен ұн, енді екшеуге байланысты айтылады. Сонымен автордың бұл сөйлемдегі жататын ойы қайшы, түсініксіз болып қалған, ал бұл сөйлемде екшеу сөзі тек елемек сөзінің қайшылығын күшейте түскен (әңгіме не жөнінде болып отыр: ұлдарының ұлы істерін елеп-ескеру туралы ма не сол істі електен өткізіп таңдау, сұрыптау жөнінде ме).

Қос мәндінің осы типіне жататын қызғылықты түрін мақал-мәтелден кездестіреміз: «Ерге лайық ат туар,//Жерге лайық егін шығар». (Қ.м.м.) Бұл мысалдағы «ер» сөзінің екі мағынасы бар: біріншіден, «ер» сөзі ер - азамат, еркек адам, екіншіден, атқа мініп жүру үшін арқасына салынатын ағаштан жасалған бұйымды білдіреді. Соған сәйкес мақалды екі түрлі: (1) ер-азаматқа лайық туылған ат; (2) ағаш ерге лайық ат деп түсінуге болады.

Дейксистен пайда болған қос мәнділік. Мұндай қайшылық әдетте сирек кездеседі: «Полиция оны он бес күнге қамап қоюға болады дейді, сонда балаларым не жейді, мен не жейім, – дейді әйелі». Бұл сөйлемде болып жатқан жағдайға мүлде сай келмейтін комикалық мағына тудыратын қайшылық бар (1) Әйелі мен балалары полицияда қамауда жатқан күйеуінің тапқан табысын жейді; (2) Әйелі мен балалары полицияда қамауда жатқан күйеуінің өзін (оны) жейді.

«Жас жігіт Төлеміс Нұржанов аты аңызда айналған Жәмел Исабековтың өзін жол серік етіп алғанына қуанып келеді». Берілген сөйлемнен кімнің кімді (Төлеміс Жәлелді ме, Жәлел Төлемісті ме?) жол серік еткені айқын емес.

Сөз бен тілдік құрылымның орын өзгеруінен туындаған қос мәнділік. «Белорус Ленин атындағы мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы қазба жұмысы үстінде қымбат қазынаға тап болды» деген мысалда Белорус сөзінің орын ауысып кетуі қос мәнді қайшылықты тудырған (Лениннің ұлты белорус сияқты болып тұр). Бұл сөйлемді «Ленин атындағы Белорус мемлекеттік университетінің...» деп құрған жағдайда қос мәнділік жойылады.

«Өзі үйде жоқта тұңғыш құрсақ көтерген тәжірибесіз келіншегіне бас-көз боп отыратын естияр біреудің болмағанына көбірек қынжылатын-ды» деген сөйлемде «өзі үйде жоқта» деген тіркестің орын ауысып кетуінен қос мәнділік пайда болған. Сөйлем «Тұңғыш құрсақ көтерген тәжірибесіз келіншегіне өзі үйде жоқта бас-көз боп отыратын естияр біреудің болмағынына көбірек қынжылатын-ды» деп құрылған жағдайда қайшылық жойылады.

«Жеп жатқан тиісті үлесін//Қарттар мен кішкентай баланың, //Соларды «Аражан» аяма,//Міне, осы айтарым, талабым». (А-Ш) Бұл өлең шумағында автор «қарттар мен кішкентай баланың тиісті үлесін жеп жатқан шенеуніктерді аяма» деген ой айтып отыр. Дегенмен, инверсия құбылысына орай орын ауыстырылып қолданылған «Жеп жатқан тиісті үлесін» деген өлең жолы «өздерінің тиісті үлесін жеп жатқан қарттар мен кішкентай балаларды» деген мағына беріп, соларды (яғни, қарттар мен кішкентай балаларды) аяма дегендей қайшы мағына пайда болып тұр.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ ТІЗІМІ:

Кукушкина Е.И., Познание, язык, культура. –М.: МГУ. 1984. -263с.

Копыленко М.М., Основы этнолингвистики. Алматы 1998.

Кондаков Н., Логический словарь-справочник. 2-е изд.М., 1975: 314.

Ислам А., Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. ДДА., Алматы: 2004.

Кәукербаева Б., Сөз қолданыстағы семантикалық екіұштылық, Алматы: 2006

Абитиярова А., Сөз саптау үрдісіндегі қателер. Алматы:2010.

Жүсіпов А.Е., «Энантиосемия – сөздің ішкі қарама-қарсылығы» (оқу құралы) «Көкше-полиграфия». Көкшетау 2006 ж.

Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қайшы тілдік тұлға: семантикасы мен прагматикасы» (оқу құралы). «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж.;

Жалмаханов Ш., Көп мағыналы зат есімдердің семантикалық құрылымы. А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным» журналы. 2002. №1. -32-38б.

Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қарама-қайшылықтың лексикалық және грамматикалық жүйедегі орны» «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж. (монография);

Болғанбаев Ә., Көп мағыналы сөздер және олардың жасалу жолдары. Алматы: «Мектеп», 1963

Жүсіпов А.Е., Қайшылықтың семантикасы мен прагматикасы (лингвомәдениеттанымдық қыры) Астана, 2013. -467бет.