Оралова Г. ф.ғ.м.
«С.Сейфуллин
атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ
Қазақстан,
Астана
ОРЫС ТІЛІНДЕГІ СӨЗ БАЛАМАСЫНЫҢ
ҚАЙШЫЛЫҚТАҒЫ ОРНЫ
Тек
адам аты-жөні ғана емес бұрынырақтағы
қазақ тіліне сол күйінде қабылданған орыс тілінің
сөздері де қосымша мағыналанған:
«Олар жергілікті халықтың малын
санатып, ірі қарасы мен қойын есептеп, 1000 басқа
толғанын құлаққа, 500 басқа жеткенін
отрашаға тартып, қолда бар малдың құны жетпейтін
салық сала бастады». (Ж.А. 38)
Бұл
мысалда «кулак» деген орыс сөзі «құлақ» деп
қазақ тілінде бар «құлақ» сөзіне
мағыналастырылып өзгертілген. Соған орай
«құлақ» (адамның мүшесін аңғартатын)
сөзінің семантикасы және соған орай туындайтын
тілдік-түсініктік ассоциация бай-дәулетті дегенді
аңғартатын «құлақ» сөзіне де әсер
етіп тұр.
Тілдік
бірліктің көнеруі, ескіріп қолданыстан шығуы салдарынан
пайда болған қос мәнділік. Кейбір тілдік бірліктің
ескіруі оны кейінгі қабылдаушы бір бөлігі үшін
түсініксіз етіп, қайшылық туындатады. Бұл жөнінде
В.Панькин былай деп жазады: «Бірліктің семантикалық архаизациялануы
базасында пайда болған қос мәнділік – автордың
замандастары үшін бір мағыналы болған айтылым, бірақ
кейінірек олардағы қандай да бір сөз белгілі бір
мағынада семантикалық архаизмдерге айналғандықтан,
соңғы дәуірдегі перципиенттер үшін екіұшты
болған, оның себебі, көнерген сөз бен форманы тілде
сөйлеуші бір бөлігі кейініректегі узус тұрғысынан
қабылдайды, ал басқасы бастапқы тілдік мағына
және функцияда қабылдайды. Біз бұл жерде автор кінәсін
таба алмаймыз» [1].
«Әліш
молда, ауыл-аймақтың өз сөзімен айтсақ:
«қатым кәрдә молда», «құдай жолынан қия
баспайтын тақуа», дұғасы қабыл болатын езгі –
әулие». //«Әлішті «құдай жолына бас қойған
езгі» дегенге Қант өмірде сенбейді». (М.Б.Ш.)
Осы
сөйлемдерде «езгі» деген сөз екі рет кездеседі. Бұл
сөздің қазіргі әдеби тілдегі ізгі деген сөзбен
мағыналас екенін байқауға болады. Ізгі сөзі
қайырымды, адал, ақ ниетті деген мағынаны білдіреді. Ал,
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «езгі»
сөзінің «қайырымды, пейілі жақсы, ниеті түзі»
деген мағыналары бар екені айтылған. Бұл екі
сөздің лексикалық мағыналарын салыстыра отырып, оларды
синоним дегеннен гөрі, бір сөздің фонетикалық
нұсқасы деген дұрыс па дейміз. Ж. Жабаевтың мына
өлең шумағына назар аударып көрелік: Езгі болсақ біз егер,//Әділдіктің
жолында,//Ешуақытта болмаймыз,//Зұлымдықтың торында.
Осы өлең жолын бағамдай отырып және 1959 жылғы
түсіндірме сөздікте бұл сөздің екі нұсқасының
да қатар берілуіне қарап, «езгі» вариантының тарихи
тұрғыдан алғанда жуық уақытқа дейін
белсенді қолданылып келгенін анықтадық.
Б.
Майлин шығармаларының негізгі бөлігін өткен
ғасырдың 20-30 жылдары жазғандықтан оның
әңгімелерінде қазіргі жасқа түсініксіз,
көнерген сөз көп кездеседі: – Қайтейін,
қарағым, жалғыз-ақ тілегім: дініңнен айрыла
көрме, «амсамалыңа» жазыла көрме! – деп Әукең
күрсінді.//– Есіттің бе, қатын: «салқоз» дейтіні
шығыпты, малды да, жанды да, қатынды да ортаға түсіреді
дейді, – деп Әукең бір күрсініп алды.
Кеңестік
кезенде белсенді қолданыста болған «комсомол», «совхоз» сөзі
социалистік жүйе қирауы, жаңа нарықтық
қатынас құрылуына байланысты қолданыстан шығып
қалды. Кейінгі ұрпақ бұл сөзді білмейді.
Жастар
жаргоны әсерінен болған қос мәнділік. Кез-келген елдегі
жастар лексикасы тілдегі негұрлым тез өзгеріске түскіш.
Тілдегі сөздік қор, әсіресе, жастар қолданатын
бөлігінде неологизм тез әрі көп пайда болады. Бұл осы
топ тілінің психологиялық ерешелік, экспрессивтік эмоциалық
реңкті сөзге әуестігі және т.б. фактордан болады:
«Есіктен кіріп келген досына сол бөлмеде тұрып жатқан
жігіт://– Сені комендант шақырып жатыр. Терезені шағып
кетіпсің ғой! – деді.//– Сен не қуып тұрсың,
қуып тұрсың ғой, осы! – деді, кіріп келген досы.//– Ей,
қуып неғылам сені. Кір де отыра бер, тек әуелі
комендантқа кіріп шықпайсың ба?»
Бұл
диалогта бөлме ішіндегі жігіт «қуып тұрсың» деген
күрделі етістік қатардың арасында тағы бір
«өтірік айтып тұрсың ғой» деген мағынасы бар
ендігін білмейтін болып шықты. Ол мағына орыс тілінде де көбіне
жастар қолданатын «ты что гонишь!» (немесе өтірікті соғып
тұрсың!) деген жаргонды қазақшаға калькалаудан
пайда болған. Яғни, бөлмедегі жігіттің «сені комендант
шақырды» деген хабарына сырттан келген досы «Сен, осы өтірікті
соғып тұрсын ғой» деп жауап беріп тұр, бөлмедегі
жігіттің оны дұрыс түсінбеуінен қайшылық пайда
болған.
«–
Олардың бөлмелері быт-шыт қой!//– Немене қирап
қалып па?//– Жоқ, нашар дегенім ғой».
«Быт-шыт»
деген сөздің әдеби тілдегі мағынасы
«күл-талқан болды». Бірақ, бұл сөз жастар
жаргонында «нашар, жаман, азып-тозған» деген сияқты мағынада
жұмсалады. «Олардың бөлмелері нашар, азып-тозған,
жиналмаған, әдеміленбеген» деген ой айтқысы келген.
Бірақ, «быт-шыт» сөзін әдеби мағынасында
түсінетін бала оны «бөлмелері қирап қалған екен»
деген мағынада түсініп тұр. Бұл жерде қабылдаушы
айтылмақшы ойды басқа мағынада түсінуінен қайшылық
пайда болған.
Жоғарыда
келтірілген мысалды хронологиялық тұрғыдан қазақ
тілінде соңғы кезде пайда болған қайшылыққа
жатқызса болады.
Қазақ
тіліндегі кейбір сөз бен сөз тіркестерінің ескіруі не
олардың кей мағынасының қолданыстан шығуы
үнемі кездеседі. Төмендегі мысалды қарастырып көрелік:
Ілгеріректе Нұрила деген келіншек Үмбетәлі деген
ақынмен айтысып, оған Жамбыл Жабаев төрелік жасайды. Сол
айтыстың бір тұсында Үмбетәлі://Ала сөйлеп
әркімді омырауға,//Ұшырадың Нұрила, үлкен
дауға.//Аттан байтал аптығып озған емес,//Сұрамаспын
сондықтан сенен сауға – дейді. Мұндағы
Үмбетәлінің «Аттан байтал аптығып озған емес» деп
тұспалдап тұрғаны «әйел ер адамды жеңе алмайды»
деген ой болатын. Бұған Нұрила: Көк байтал
көрдің бе аттан қалысқанын,//Ауыздықпен алдында
алысқанын.//Үш бәйгеден күніне келген
жүйрік,//Менің сондай сенімен жарысқаным. Бұл
жауаптағы Нұриланың «Көк байтал көрдің бе
аттан қалысқанын» деп тұспалдап отырғаны «әйел
ерден еш қалыспайды» деген ой-тұжырым. Осындағы «байтал»
өз ішіне екі сөзді қамтып тұр
(1) байтал – жылқы малының
ұрғашысы;
(2)
байтал – әйел адам. Бұл сұлба бір дыбыстық
кешеннің ішінде екі сөйлем тұрғанын көрнекі
түрде көрсетіп тұр. «Байтал» сөзінің
семантикалық қайшы қолданылуынан тағы бір
құбылысты көруге болады. Бұл семантикалық
қайшылық мәселесін тарихи, яғни диахрондық
тұрғыдан да қарастыру керектігі. Бұрынғы кезде
«байтал» сөзін ауыспалы екінші мағынасында (әйел затына
байланысты) қолдану қазақ қоғамында едәуір
жиі кездескен деуге болады. «Байтал шауып бәйге алмас» не «Байтал
түгілі бас қайғы» сияқты мақал-мәтелде осы
құбылыс, яғни «байтал» сөзін әйел затына
байланысты қолдану анық көрініс тапқан, сонымен бірге
бұл тұста ескі қазақ әлеуметінде бар әйел
затын еркектен төмен қою түсінігі де тұспалданып
тұр. Оның үстіне екінші «Байтал түгілі бас
қайғы» дейтін мақалдан синтаксистік семантикалық
қайшылықты байқауға болады, – оны
тындаушы-қабылдаушы бір жағынан «байтал, яғни мал-мүлік
түгілі өз қара басым қайғы боп тұр» деген
мағынада, екінші жағынан «қыз-келіншекке
қырындамақ түгілі, өз қара басыма күн туып
тұр» деген мағынада түсінуі мүмкін.
Ертеректе
ауылдағы мосқалдау әйелдің тым еркінсіп кеткен
қыздарға: «Әй, байтал, шолжандамай тыныш отыршы» деп
ұрсып жататынын естігенбіз. Мұндағы «байтал» деген
қаратпа сөздің «қыз» деген мағында айтылып
отырғанын ескерсек, оның бастапқы атауыш
мағынадағы «байтал» сөзінен толық ажырап, оған
омонимдес сөзге айналғанын көреміз.
Қазіргі
кездері «байтал» сөзін, оның негізгі атауыш мағынасында
(яғни, ұрғашы жылқы деген мағынада) қолдану
белсенді лексикалық қорда қалғанымен, бұл
сөзді екінші мағынада, яғни әйел затына байланысты
қолдану тарихи-қоғамдық жағдайдың
өзгеруімен өзектілігін жойып, қолданыстан шығып
барады[2].
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТ ТІЗІМІ:
Абитиярова А., Сөз саптау
үрдісіндегі қателер. Алматы:2010.
Жүсіпов А.Е.,
«Энантиосемия – сөздің ішкі қарама-қарсылығы»
(оқу құралы) «Көкше-полиграфия». Көкшетау 2006 ж.
Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ
тіліндегі қайшы тілдік тұлға: семантикасы мен прагматикасы»
(оқу құралы). «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы
2010 ж.;
Кукушкина Е.И., Познание,
язык, культура. –М.: МГУ. 1984. -263с.
Копыленко М.М., Основы
этнолингвистики. Алматы 1998.
Кондаков
Н., Логический
словарь-справочник. 2-е изд.М., 1975: 314.
Ислам А., Ұлттық
мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. ДДА., Алматы:
2004.
Кәукербаева Б.,
Сөз қолданыстағы семантикалық екіұштылық,
Алматы: 2006
Жалмаханов Ш., Көп
мағыналы зат есімдердің семантикалық құрылымы.
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының «Тілтаным»
журналы. 2002. №1. -32-38б.