Ныязбекова К.С.,
к.п.н., доцент КазНПУ имени Абая
(г. Алматы)
Нурмаганбетова М.У.,
Жамбыл облысы,
Т.Рысқұлов
ауданы,
Құлан
шағын орталықты орта мектебі
Қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі
ҚАЗАҚ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕРІНІҢ
ҚАЛЫПТАСУ ТАРИХЫ
Қазақ паремиологиясының
қалыптасу тарихын ХІХ ғасырдың екінші жартысынан
бастауға болады. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ
ғасырдың 40-50 жылдарына
дейінгі кезең, негізінен, қазақ
мақал-мәтелдерін
халық аузынан жинақтау, қағаз бетіне
түсіру, жеке басылым ретінде шығару жұмыстарының
жүргізілуімен сипатталады. Қазақ мақалдары мен
мәтелдерін ауыз әдебиетінің
басқа үлгілерімен бірге жинап, жеке жинақтар етіп
шығаруда Ы.Алтынсарин, Ә.Диваев, В.Радлов, Ш.Ибрагимов,
М.Терентьев, Ф.Катанов, В.В.Катаринский, П.М.Мелиоранский, Н.Н.Пантусов,
А.Е.Алекторов т.б. ағартушы-ғалымдардың қосқан үлесі ерекше.
Қазақ
мақал-мәтелдерінің алғашқы жинағы Ш.Ибрагимовтың
құрастыруымен 1874 жылы жарық көрді. Ы.Алтынсарин 1879 жылғы
«Қазақ хрестоматиясы» атты
еңбегіне қазақтың 67 мақалын кіргізіп, 1906 жылы
Орынборда жарық көрген хрестоматияның екінші басылымына ел
аузынан жинаған қазақ мақал-мәтелдерінің
ең таңдаулы екі жүз он үш нұсқасын он бір тақырыптық топқа
бөліп жариялады. Қазақ мақал-мәтелдері
жинағын А.Васильев 1892 жылы Орынборда,
В.Катаринский 1898 жылы Семейде және 1899 жылы Орынборда, Ф.Плотников Омбыда,
Мелиоранский 1893 жылы археология қоғамының
Шығыс бөлімінің еңбектерінде жариялады. 1900 жылы
Қазан қаласында Н.Н.Пантусовтың
«Киргизские пословицы, записанные в Копальском уезде Семиреченской области»
деген топтамасы жарияланды. ХХ ғасырда сөздік
құрамның негізгі
қаттауын құрайтын мақал-мәтелдерді
жинақтау, жүйелеу, жариялау жұмыстары одан әрі өз
жалғасын тауып, 1914 жылы М.Ысқақовтың, 1923 жылы
А.Байтұрсыновтың, 1927
жылы Ә.Диваевтың құрастыруымен
қазақ
мақал-мәтелдерінің толық жинағы
жарық көрді. 1935 жылы Ө.Тұрманжановтың, 1950 жылы
Б.Ақмұқанованың, 1990 жылы
М.Аққозиннің жинақтары т.б. оқырман
қолына тиді. Халық шеберлігі мен шешендігінің куәсі
іспеттес жалпыхалықтық даналық қорды
ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде
Ө.Тұрманжановтың қосқан үлесі мол. Ол
баспасөз беттерінде, жинақ кітапшаларда бұрын-соңды
жарияланған және әдеби-тарихи мұражайларда
қолжазба күйінде сақталған халық мақалдары
мен мәтелдерін сұрыптап, жүйеге келтіріп, 1935-1990 жылдар
аралығында үнемі жариялап келді.
Қазақ
мақал-мәтелдерін ғылыми тұрғыдан зерттеуге
әдебиетші және тілші мамандар атсалысып келеді.
Мәселен,
М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин,
Ғ.Мүсірепов, С.Мұханов, Б.Адамбаев, М.Әлімбаев,
Н.Төреқұлов, Т.Кәкішов, З.Қабдолов, М.Базарбаев,
С.Қасқабасов, С.Нұрышов, Б.Ақмұқанова т.б.
әдебиетші ғалымдар зерттеулерінде қазақ
мақал-мәтелдерінің әдеби табиғаты арнайы сөз
етілген болса, Р.Сәрсенбаев, Ә.Қайдар, Ө.Айтбаев,
М.Мұқанов, З.Ерназарова, Қ.Бейсенов, Ғ.Тұрабаева,
А.Нұрмаханов, С.Сәтенова, Б.Дина, Б.Сағын т.б. тілші-мамандар
зерттеулері мақал-мәтелдердің тілдік ерекшеліктерін
айқындауға бағытталды. Бұлардың қайсы
біреулеріне тоқтала кетсек, Б.Шалбаев 1948 жылы Алматыда жарық көрген
«Қазақ әдебиетінің тарихы» атты очеркінде алғашқылырдың бірі
болып мақал-мәтелдерді тұрақты тіркестер тобында арнайы қарастырады,
оларды малшылық, аңшылық, егіншілік жөніндегі мақал-мәтелдер
деп негізгі үш
мағыналық топқа бөліп, олардың
жанрлық ерекшеліктерін айқындайды және мақал мен
мәтелге байланысты өзіндік пайымдауларын ұсынады.
М.Ғабдуллин
«Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген
еңбегінде қазақ халқының шаруашылығын,
кәсібін, тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын
мақал-мәтелдердің өмір танытқыштық
мәні мен қызметіне тоқталады. Автор өнер-білімді,
ерлік-еңбекті, бірлік-ынтымақты уағыздайтын
мақал-мәтелдердің мағынасын ашып, олардың
әдеби-эстетикалық мәнін айқындай түседі.
С.Нұрышев «Қазақтың халық
мақалдарының даму тарихынан» атты 1959 жылы басылып
шыққан еңбегінде малшылық
жайлы мақалдарды «Россияға қосылғанға дейінгі,
егіншілік жайлы мақалдарды «Россияға қосылғаннан
кейінгі» деп екі топқа бөліп, мақалдардың даму тарихы
жайлы өз пікірін білдіреді. Кеңес үкіметі дәуірінде
мақал-мәтелдер ауыз әдебиетінің ерекше поэтикалық
жанры ретінде зерттеліп,
бірқыдыру проблемалық
тың пікірлер көтерілді.
Мақал-мәтелдердің
лингвистикалық табиғаты академик С.К.Кеңесбаевтың
қазақ фразеологиясы жайындағы еңбектерінде сөз
етілді. Ол мақалдар мен мәтелдерді жалпы фразеологиялық
бірліктер қатарына қоса келіп, мақал мен мәтелдің
ара жігін саралап, олардың фразеологизмдерден басты
айырмашылықтарына тоқталды.
Қазақ мақал-мәтелдеріне қатысты ерекше орны бар зерттеулердің бірі –
Р.Сәрсенбаевтың «Қазақ
мақал-мәтелдерінің лексика-семантикалық ерекшеліктері»
атты кандидаттық диссертациясы. Зерттеудің тілдік материалы
ретінде ғалым Қазан революциясынан бұрын басылып
шыққан жинақтарды, атап айтқанда, В.Катаринсийдің
1899 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан «Сборник киргизских
пословиц» атты еңбегін, 1898 жылы Семейде «Туркестанские ведомости»
газетінде жарық көрген Ә.Диваевтың «Киргизские
пословицы» атты еңбегі мен 1906, 1952, 1959 жылдарда жарияланған
қазақ мақал-мәтелдері жинақтарын пайдалана
отырып, Р.Сәрсенбаев
қазақ мақал-мәтелдерінің жасалу жолдары,
түрлері мен мазмұны,
өзара сабақтас жанрлармен арақатынасы мәселелерін арнайы қарастырады.
Ол орыс мақал-мәтелдерін
қазақ тіліне аудару тәсілдеріне қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салады.
М.Әлімбаевтың аударма
мәселесіне қатысты 1967 жылы
жарияланған «Өрнекті сөз – ортақ қазына»
атты зерттеуінде қазақ
мақал-мәтелдерінің шығу тарихы, білдіретін
мән-мағынасы, қолданылуы және жаңа
мақал-мәтелдердің жасалу
жолдары жайында бағалы пікірлер айтылып, мақал-мәтелдерді орыс тілінен қазақ
тіліне аударудағы автор
тәжірибесі ортаға салынады. Сондай-ақ М.Әлімбаев 1960
жылы, 1963 жылы мақал-мәтелдер
жинақтарын оқырман игілігіне ұсынады.
1976 жылы жарық көрген Б.Адамбаевтың «Халық
даналығы» атты монографиясы «Мақал-мәтелдер» және
«Шешендік сөздер» деген өзара байланысты екі бөлімнен
тұрады. Еңбекте халық мақал-мәтелдері мен
шешендік сөздердің
жанрлық табиғаты, тәрбиелік-тағылымдық
мәні, олардың қалыптасу, даму жолдары сөз болып,
олардың әдеби-көркемдік ерекшеліктері,
құрылым-құрылысы нақтыланады.
Ғ.Тұрабаеваның зерттеуінде
қазақ мақал-мәтелдерінің окказиональды
өзгерістері мен қолданылуы, мағыналық топтары,
варианттары, олардың құрылымдық-семантикалық
модификациясы, стильдік, контекстік варианттары қарастырылса, А.Нұрмахановтың «В.В.Радлов
еңбектеріндегі түркі мақал-мәтелдерінің
лексика-грамматикалық сипаты» атты
кандидаттық диссертациясында түркі
мақал-мәтелдерінің өзара сәйкес тұстары мен кейбір
өзгешеліктері, мақал-мәтелдердің лексикалық,
грамматикалық құрылымы зерттеліп, кейбір семантикалық
даму ерекшеліктері айқындалады. Ал Э.Мұқышеваның
зерттеуінде неміс және қазақ тілдеріндегі сөздіктерден,
мақал-мәтелдер
жинақтарынан екі мыңнан астам мақал-мәтелдер теріліп алынып, олардың
құрамындағы ұлтық-мәдени компоненттер
мәдениет аралық контексте салғастырылады.
Мақал-мәтелдердің синтаксисі
С.Кенжемұратованың зерттеуіне арқау етілсе, А.Донбаева
мақал-мәтелдерінің лексика-грамматикалық және
этнолингвистикалық ерекшеліктерін араб және қазақ
тілдері материалдары негізінде тіларалық деңгейде қарастыра
келіп, типологиялық универсалдар, уникалдар мен кірме
мақал-мәтелдер тобын айқындайды.
Қазіргі таңдағы соны
бағыттардың, өзекті тақырыптардың бірі –
өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету
методологиясын жетілдіру десек, қазақ мақал-мәтелдерін
сөйлеу тілін дамытудың құралы түрінде алып
қарастыру да тіл мамандары назарынан тыс қалмағандығы
байқалады. Мәселен, Г.Қалиева орыс топтарындағы
студенттердің сөйлеу тілін дамытуда
мақал-мәтелдерді пікірлесімде,
мәтінде, жазба жұмыстарда қолданудың
ұтымдылығын ғылыми негізде дәйектейді.
Қорыта айтқанда,
ХХ ғасырда қазақ лингвистикасында үстемдік еткен
құрылымдық – жүйелілік парадигма аясындағы
зерттеулерде мақал-мәтелдер фразеологияның шеңберінде
лексика-семантикалық, лексика-грамматикалық,
құрамдық-құрылымдық,
стилистикалық
тұрғыдан зерттеліп, олардың жалпы
құрамдық, мағыналық заңдылықтары мен
іштей жіктелу принциптері, узуальды және окказиональды қолданысы
мен стильдік мәнері, шығу төркіні мен тіларалық ауыс-түйістігі,
көркемдік-поэтикалық табиғаты, ауыспалы, идиомалық
мағыналары, эмоциональды-экспрессивтік реңкі т.б. мәселелер
қарастырылды.
Ежелгі философтар
еңбектерінде шешендік өнері ретіндегі риториканың, кейіннен
ауыз әдебиетінің жанры ретінде фольклористиканың, ХХ
ғасырдың екінші жартысынан бастап тіл білімінде фразеологияның шеңберінде қарастырылып келген
мақал-мәтелдер ХХІ ғасыр басында паремиологияның (гр.
рareimia «мақал, мәтел» + logos «ілім») – сөйлем
түрінде келетін
тұрақты оралымдар туралы ғылымның зерттеу нысанына
айналып отыр.
Мақал-мәтелдер
тілдің паремиологиялық қабатына енетін тілдік бірліктер болып
саналады. Паремиялар құрамына зерттеушілер
мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, афоризмдер,
жұмбақтар, жаңылтпаштар, баталар, қарғыстар т.б.
тілдік клишелерді жатқызады.
Д.Б.Гудков тілдік клишені:
«үнемі қайталанып отыратын тілдік жағдаятта қолданысқа дайын тұратын
сөйлесім формасы» деп
түсіндіретін болса, Г.Л.Пермяков
клишенің белгісі – оның «сыртқы келбетінің
тұрақтылығында» дейді.
И.Г. Татаровская клишелікті
– «сөйлемнің
коммуникативтік жағдаяттарда айтарлықтай өзгеріске
түспей, мағыналық біртұтас қалпын сақтау
қабілеті» деп біледі.
Құрылымдық
паремиологияның негізін қалаған орыс ғалымы Г.Л.Пермяков «Основы структурной
паремиологии» атты еңбегінде
«паремия» терминіне кең тоқтала отырып, паремиялардың
таңбалық қасиетін айқындайды: паремиялар – «нақты
жағдаяттардың немесе заттар мен құбылыстар
арасындағы қарым-қатынастың таңбасы». Паремияларға – тілдік тұрғыдан
«фразеологиялық орамдарға ұқсас тұрақты
тіркестер», ой тұрғысынан «белгілі бір бағамдауды, байламды,
пайымды білдіретін логикалық құбылыс», фольклорлық тұрғыдан
«шындықты қысқа да нұсқа, көркем де
әуезді етіп жалпылаушы құбылыс» деп анықтама берген
зерттеуші паремияларда модельденетін
жағдаяттардың типіне қарай олардың тілдік,
логика-семиотикалық, тақырыптық-образдық
классификациясын ұсынады.
Ю.М.Котова мақалдардың семантикалық
құрылымын лексемалардың немесе фразеологизмдердің семантикалық құрылымына
эквивалент деп табады, яғни мақалдар мағыналарындағы денотативтік,
сигнификативтік және коннотативтік аспектілерді
ажыратады.
Денотативтік – бағамдаудың,
пайымдаудың тура мағынасы (сөйлем), сигнификативтік – мақал
негізіндегі жағдаяттың анықтамасы, яғни астарлы
мағына, коннотативтік – сигнификативтік межеге үстеме
мағыналар, яғни мақалдың тілдік бірлік ретіндегі
семантикасын қалыптастырушы тілдік, мәдени,
мәтіндік ассоциациялар. Жалпы тілтанымдық зерттеулерде
мақал-мәтелдерді фразеологияға жатқызуға
олардың құрылымдық-мағыналық тұрпат
және коммуникациядағы
қызмет тұрғысынан фразеологизмдерге
ұқсауы себеп болып келді.
Дегенмен мақал-мәтелдер табиғатының фразеологизмдерден
мүлдем басқаша бітімі лингвистер назарынан тыс қалған
жоқ. Мәселен, М.М.Копыленко және З.Д.Поповалар
мақал-мәтелдер фразеологияны толықтыратын қайнар
көздердің бірі екенін атай отыра: «Мақал-мәтелдер
қанатты сөздер сияқты – тілдің
лексика-фразеологиялық жүйесінің компоненті де, фрагменті де
емес, дербес кіші-гірім көркем мәтін, сондықтан ол –
фразеологизм емес», - дейді.
А.Е.Карлинский
фразеологизмдердің предикативтік емес типтегі атауыштық сөз
тіркестері, ал мақал-мәтелдердің аяқталған ойды
білдіретін сөйлем түріндегі предикативтік типтегі коммуникативтік
құрылым екендігін
алға тарта отыра, бұл екі басқа
құбылыстың бір ғана лингвистикалық
пәннің, айталық, фразеологияның ауқымында
зерттелуіне шүбә келтіреді. Ғалым:
«мақал-мәтелдер, яғни паремиялар предикативтік типтегі
кешенді сөйлесімдік
құрылымдар ретінде
фразеологияның шеңберінде емес, тілтанымдық дербес пән – паремиологияның зерттеу
объектісі ретінде қарастырылуы қажет» деп табады. Паремияларды
талдаудың негізіне тіл иесінің психологиялық, логикалық
және
лингвомәдениеттанымдық
ерекшеліктері алынуы керектігіне
баса назар аудара отырып, А.Е.Карлинский:
– паремиология – нақты бір этностың мәдениеті аясында типтенген
жағдаяттарды бейнелейтін предикативтік сипаттағы
тұрақты стереотиптер туралы ғылым;
– паремиологияның тілдегі атауыштық бірліктерді
зерттейтін фразеологиядан
айырмашылығы – паремиология
шындық болмыстың
біршама күрделі
фрагменттерін образ арқылы зерттейді. Образ –
оқиғаның кеңістіктегі және уақыт
аралығындағы сипаттамасын, субъектінің өзін, басқа
да адамдарды қамтитын
дүниенің субъективті бейнесінің жиынтығы;
– ой жүгірту мен бағамдау, ой қорыту мен пайым жасау
паремиялардың логикалық
субстраты болып табылады. Бұл субстрат
предикативтіктілік және модальділік категориялары арқылы сөйлеудің шындығына
айналады. Осылайша логикалық
форма сөйлеу психологиясы саласына ауысады;
– мақал-мәтелдер
басқа тілдік бірліктерге қарағанда этностың тілдік суретін, тарихы мен ұлттық-мәдени құндылықтарын толық
бейнелейді және бекітеді - деген тұжырымға келеді.
Қазақ
паремиологиясының антрополингвистикалық бағыттағы
дербес пән ретінде қалыптасуының теориялық
тұжырымдамасын негіздеу Ә.Қайдар есімімен тікелей байланысты.
Ғалым өзінің «Халық даналығы» атты
еңбегінде [2]. тілдің адамның ойлауы мен қабылдауы,
танымы мен пайымдауы сияқты әрекеттерімен тығыз байланысына
жүгіне отырып, тілде пайда болу, қалыптасу, даму үрдістерін
анықтайды, атқаратын функциональды қызметіне,
қолданылу, жұмсалу жағдаяттарына тоқталады,
мақал-мәтелдерді топтастырудың ғылыми принциптерін
айқындап, этномәдени және этнофилософиялық астарын,
адам табиғатын тануға бағытталған ішкі мазмұнын
ашудың жолдарын, амал-тәсілдерін ұсынады.
Ә.Т.Қайдардың бұл еңбегі қазақ паремиологиясының
фразеологиядан бөлініп шығып, антрополингвистикалық бағыттағы
дербес ғылым саласы болып қалыптасуына қажет алғы
шарттарды нақтылап, паремиологиялық зерттеудің ғылыми
принциптерін, мақсат-мүддесін, көтерілер проблемаларын,
зерттелер қырларын айқындап бергендігімен құнды.
Құрылым
тұрғысынан әрі
зерттеу, әрі мақал-мәтелдердің түсіндірме
сөздігі түрінде жазылған «Халық
даналығының» көздеген
мүддесін «зердемізді ашып, ұлттық санамызды саралау,
ментальдық қасиетіміз бен ғасырлық
салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды терең
біліп, дүниетанымымызды кеңейте түсу» деп көрсеткен
Ә.Т.Қайдар
мақал-мәтелдерді
«халық даналығының қоры» деп бағалап, ол қорды
көненің көзіндей «ескі дүниелер» мен «замана талабына
сай жаңғыратын, жаңа ұғым-түсініктермен
толығып, толысып отыратын» екі жақты тілдік процестердің
«ұйтқысы» ретінде айқындайды. Ол ғасырлық
өмірлік тәжірибе мен қордаланған білім
жиынтығының нәтижесі – халық даналығының
қоры тіл өкіліне «... өз халқыныің басынан
кешірген барша өмірін, салт-сана, қалыптасқан
дәстүр, дүниетанымын елестете алуға», «... есте
жоқ ескі замандардың сарынын аңғартып, тарихи
дәуірлердің дүбірін сезінуге», «... болмыстағы
құндылықтарды танып-біліп, заңдылықтарын ашып,
олар туралы ой мен түсінігін тұжырымдап айтуға», «... адамзат
қауымына тән ортақ көзқарас пен
құндылықты бағалауға» көмектесетініне шек
келтірмейді. Мақал-мәтелдердің даму барысын «тіл арқылы
адамзат қауымының асыл арманын, ақыл-парасатын, өмірлік
тәжірибесін, дүниетанымын ұрпағына ғибрат етіп
ұсыну әрекеті» деп түсіндірген Ә.Т.Қайдар
«өмірлік тәжірибе», «тағылым-тәрбие», «салт-сана»,
«ұрпақ зердесі», «халық жады», «ұлттық
дүниетаным» т.б. ұғымдардың табиғатын
тілтанымдық зерттеулердің құрамдас бөлшектері
тұрғысынан саралау қажеттігін басып айтады.
Ә.Қайдар қазақ
мақал-мәтелдерінің шешімін толық таба алмай
жатқан проблемалары қатарына теориялық жағынан
мақал-мәтелдердің гомоцентристік принципін (адамға
бағышталған үрдісін), мақал-мәтелдердің
абстракциялану мотивтері мен логика-семантикалық жіктеу принциптерін,
фразеологизмдерден өрбуі, қос тағандылық пен тірек
сөз мәселелерін, ал практикалық жағынан
қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме
сөздігін жасау тәжірибесін жатқызады, өз зерттеуінде
осы мәселелердің біразына тоқталады.
Қазақ
паремиологиясының өзекті мәселелерін нақтылап,
ғылыми зерттеудің күн тәртібіне қойған
академик Ә.Қайдардың жетекшілігімен ол проблемалар әр
қырынан зерттеле бастады.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Ғабдуллин М.
Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы, 1958. –
332 б.
2. Копыленко
М.М., Попова З.Д. Очерки по общей фразеологии. // Воронеж, 1989. – С.67.
3. Карлинский А.Е. Место паремиологии
в науке о языке. // Избранные
труды по теории языка и лингводидактике. Алматы, 2007. – 308 с.
4. Қайдар Ә.Т.
Халық даналығы. Алматы: Толағай. 2004. – 565 б.
5. Гуревич П.С.Антропоцентризм
как философская позиция.// Философская антропология. М., 2001. – 160 с.
6. Гумбольдт
В. фон. Характер языка и характер народа.//
Вильгельм фон Гумбольдт. Язык и философия культуры. М., 1985.
7. Пермяков
Г.Л Основы структурной паремиологии.// М., 1988. – С. 98.
8. Котова
Ю.М. Славянская паемиология. Дисс. ... док. филол. наук. Санкт-Петрбург, 2004.
– С. 27.