Дүйсенова Камар

Абай атындағы ҚазҰПУ,  6М11700 – Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы, І курс магистранты

Р.С. Рахметова

Абай атындағы ҚазҰПУ,

Қазақ тілі әдістемесі және теориясы кафедрасы, п.ғ.д.

 

Түйіндеме:  Мақалада синтаксистің негізгі ұғымдарын оқыту мәселесі қарастырылған. Автор синтаксис саласы бойынша жарық көрген оқулықтарды саралап, әр кезеңдегі өзекті мәселелерді анықтауға ұмтылыс жасаған.

Түйін сөздер: синтаксис, сөйлем, сөз тіркесі, оқыту әдістемесі.

 

Синтаксисті зерттеу мәселелері

Қазақ тілінің синтаксистік жүйесі жөнінде қай заманда да болмасын татымды тұжырымдар мен дәйектемелер болған. Әдістеме барысында ірі ғалымдардың қазақ тілі синтаксис саласына елеулі үлес қосқанын айрықша атау орынды. Кейінгі буын ғалым-зерттеушілер синтаксис мәселелеріне өз үлестерін қосқанда сол алғашқы үлгілерден бағдар алды.

Қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша тұңғыш ғылыми еңбек жазған А.Байтұрсынов [1] өз зерттеулерінде күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан грамматикалық терминдерді енгізді. Солардың қатарына «Сөйлем мүшелері», «бастауыш», «баяндауыш», «анықтауыш», «толықтауыш», «пысықтауыш», «болымды сөйлем», «болымсыз сөйлем», «толымды сөйлем», «толымсыз сөйлем», «жалаң сөйлем», «жайылма сөйлем», «сұраулы сөйлем» және т.б.

Ғалым синтаксис мәселесін зерттей отырып, оның табиғатын дұрыс түсіндіріп, грамматикалық құрылымды жете білуге жол салды. Автор жай сөйлемді синтаксистік ғылыми тұрғыда қарастыру үстінде дұрыс тоқтам жасайды. Мысалы: «Сөйлем ішінде бірде болып, бірде болмайтын сөздер немесе керек болған жерде айтылып, керек болмаған орында айтылмай қалып тұрған сөздер, түсініп қалғанда, қалғандығы ашық сезілмейтін сөздер тұрлаусыз мүшелер деп аталады» [1,27] деген ғалымның ойынан сөйлемде қалмай айтылатын сөздер мен қалса да қалғандығы сезіліп тұратын сөздер тұрлаулы мүше болады дегенін ұғынуға болады. Осы тұжырым күні бүгінге дейін өзінің мәнін жойған жоқ. Бұның өзі қазақ тіл білімінде ғалым бастаған дәстүрді толықтай жалғастырып келе жатқанын байқатады.

А.Байтұрсынұлының «Тіл-құралында» берілген тұжырымға сай, белгілі бір ойды білдіру үшін кез-келген сөздер өзара байланысқа түсуі керек, автор сөзімен айтқанда «қиындасуы» қажет. Сол сияқты, «... сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да, сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында қалай өзгеріп, қалайша біріне-бірі қиындасып, жалғасатын дағдысын білу керек» [1,142] деген ғалымның тұжырымы «сөз қисыны деп аталып келіп, сөздердің тіркесу, байланысу ерекшеліктерін баяндайды.

ХХ ғасырдағы қазақ халқының тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі, қазақ тіл білімінің практикалық мақсаттан ғылыми арнаға ойысуына алғашқылардың бірі болып үлек қосқан Қ.Жұбанов қазақ тілінің синтаксисіне қатысты ой-тұжырымдары мен жіктеулері, еңбектері арқылы кейінгі ұрпаққа мәлім болып отыр. Олар: «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» [2], «Исследование по казахскому языку», «Қазақ тілінің грамматикасы» және т.б. еңбектері бар.

Қ.Жұбанов сөз тіркесін «сөз қиыны» деп берген: «... сөйлемде бір сөз болмай, бірнеше сөз болса, бұл сөздер бір-бірімен қиындасып тұруы керек. Сөздің қиыны келу үшін екі шарт керек: алдымен әр сөзді орын-орнына дұрыс қою керек. Екінші, бір сөзді екінші бір сөзге байлап беретін жалғаулар бар, соны дұрыс жалғау керек...» [2,146]

Қазіргі қазақ тіл білімінде танымал бағыныңқы және басыңқы сыңарлар деген атаулар «жетек сөз» (бір-бірін ертетін сөздер), «жетекші сөз» (бір-біріне еретін сөздер) деп берілген.

Мектеп грамматикасы бірден жасалып қойған жоқ. Оны жасауда журнал беттерінде жарияланған мақалалардың да көмегі тиді. Солардың бірі – Сиіл Жиенбаевтың 1935 жылы жарияланған «Сөйлемнің үйірлі мүшелері» деген мақаласы. Автор осы мақаласында үйірлі мүшеге арнайы тоқталып, ол құрмалас сөйлемнің үшінші түрін жасайтындығын айтты. Бұл мақаланың күні бүгінге дейін құнын жоймаған жері – салалас сөйлемнің өзіндік интонациясы болатындығы жайындағы пікірі.

1939 жылы Хажым Басымовтың «Құрмалас сөйлемдерге қойылатын үтір (,) белгілері» деген мақаласында құрмалас сөйлемнің үш түрлі – салалас, сабақтас, аралас – арасына қойылатын тыныс белгілері және олардың өзіндік негізгі ерекшеліктері дұрыс баяндалады. Х.Басымов сабақтастың өзіндік ерекшеліктеріне мағына тұтастығы мен компоненттерінің жымдаса байланысуын және оның бағыныңқы, басыңқы сөйлемдерінің болатынын дұрыс көрсетті.

Мектеп жасындағы оқушыларға арналған қазақ тілінің синтаксисінің оқулығы алғаш рет 1939 жылы С.Аманжолов пен Н.Сауранбаевтың авторлығымен жарияланды. 1930-1940 оқу жылынан бастап қазақ тлі синтаксисі негізінен мектептің алтыншы-жэетінші сыныптарында оқытылып, синтаксисті оқыту сол уақыттан сөз болып келеді. С.Аманжолов үйірлі мүшелердің сабақтас құрмаластың компоненті бола алмайтынын, тек жай сөйлемнің күрделі бір мүшесі болатынын жете дәлелдеді. 

Ғалым C.Аманжолов  А.Байтұрсынов пен Қ.Жұбанов бастаған ізбен жүріп, сөйлем мүшелерінің өзара байланысу амалдарын анықтады.

1. Қиысу. Ол бастауыщ пен баяндауыштың байланысы деп бұрын қалыптасқан тұжырымға қосылады. Өз тұсынан қосқаны – «анықтауыш, толықтауыштар жақ, көптік жағынан бастауышпен қиысады» деген. Бұл тұжырым қазақ тіл білімінде орын ала алмады.

2. Меңгеру. Сөйлемдегі сөйлем мүшелері бірі меңгеруші, екіншісі меңгерілуші болып байланысады. Меңгерілген сөз ілік, барыс, табыс, шығыс, көмектес септік формада, септіктерді жалғап қатысады.

3. Қабысу. Бұл амалдың жұмсалуы жөніндегі авторлық айтқан тұжырымдары қазіргі қазақ тіл білімінде орнықты.

4.  Жанасу. «Жанасу – жалғаусыз, шылаулы пысықтауыштардың пысықталушы сөздерімен байланысады. Жанасатын сөздер үстеулер және жалғау арқылы емес, шылау арқылы бірімен-бірі байланыстан сөздер. Жанасу арқылы байланысқан сөздердің орын тәртібі еркін, жанасатын сөз жанастырушы сөзден қашық болып орналаса береді» [3, 33].

Н.Т.Сауранбаев салаластарды жалғаулықты, жалғаулықсыз деп бөлмеген. Оның салалас құрмалас деп танығаны – қазіргі қазақ тіліндегі жалғаулықты салаластар ғана. Ал жалғаулықсыз салаластың барлық түрін тек іргелес құрмалас деп таныған.

Ол қазақ тіліндегі сабақтастың өзіндік белгілеріне мыналарды жатқызады:

1)       сабақтас құрмаластағы жай сөйлемдердің бірі тиянақты, екіншісі тиянақсыз болады. Осыған орай сабақтас құрмалас сөйлем бағыныңқы және басыңқы компоненттерден тұрады;

2)       бағыныңқының баяндауыштары көсемше, есімше, шартты етістік болып келеді;

3)       бағыныңқы сөйлемдер тұтас басыңқыдағы ойды не басыңқыдағы бір мүшені ғана сипаттайды, сондықтан да логика – грамматикалық жақтан бағыңқылар басыңқыдағы бір жай мүшенің қызметін атқарады [34,44].

Сабақтас құрмаластың бұл үш белгісі де Н.Т.Сауранбаевқа дейін-ақ айтылған.

Зерттеу жұмысының нысаны етіп алынып отырған 7-сынып «Қазақ тілі» оқулығында сөз тіркесі синтаксисі қамтылғаны белгілі. Ендігі кезекте сөз тіркесінің зерттелу жайына шолу жасалды.

Сөз тіркесі синтаксистік нысан ретінде қазақ тіл білімінде едәуір зерттелді. Осыдан елу шақты жыл бұрын профессор М.Балақаев қазақ тіл білімінде сөз тіркесі мәселелері жүйелі түрде енді қолға алына бастады деп жазса, казіргі таңда сөз тіркесі түрлі қырынан көптеген монографиялар мен зерттеулердің негізгі қарастыратын нысанасына айналған десе де болады. Қазақ тілінде ғана емес, жалпы түркі тілдерінде сөз тіркесі өзінің кең мағынасындағы қолданысында көптеген сөздер тіркесін камтиды. Мұны кезінде түркітанушы-ғалымдар атап көрсеткен болатын. Айталық, Н.А.Баскаков сөз тіркесінің құрамына предикативті сөз тіркестерін (немесе сөйлемдерді), анықтауыштық сөз тіркестерін (аталган автор «анықтауыштық сөз тіркестері» деп предикаттті тіркестерден басқа барлық сөз тіркестерін түсінеді), күрделі сөздер мен тұрақты фразеологиялық бірліктерді, идиомаларды жатқызады. Бұл топтарды әркайсысының өзіндік ерекшеліктері болуына байланысты екіге бөлімге бөліп қарастырады: 1) синтаксистік бірліктер болып табылатын, яғни жылжымалы, мағыналық жағынан дербес атау сөздердің тұрақты емес тіркесуі болып табылатын, сөз тіркестері; 2) лексикалық бірліктер болып табылатын, яғни синтаксистік бірліктердің лексикалануы нәтижесінде пайда болған және сөздер тіркесін емес, жеке сөздер жасайтын, сөз тіркесі.

М.З.Закиев сөз тіркестерін сөздердін байланысу сипатына карай синтаксистік және фразеологиялық сөз тіркестері болып бөлінетінін айтады. Ғалымның анықтауында, сөз тіркестері дегеніміз – кем дегенде толық мағыналы екі сөздің нактылаушы қатынастары арқылы жасалатын тіркестер. Бұл автордың тұжырымдарындағы бір ерекшелік, тұракты тіркестерді «фразеологиялық сөз тіркестері» деп атай отырып және олардың компоненттері арасындағы байланыстың синтаксистік: сөз тіркестеріндегідей болатынын ескеріп, сондай-ақ А.И.Смирницкийдің «фразеологиялык тіркесімділік тілдің синтаксистік құрылысын зерттеу барысында да міндетті түрде есепке алыну керек» дейтін пікірін негізге ала отырып, оларды (тұрақты тіркестерді) тек лексикологияның ғана емес, синтаксистің де, соның ішінде әсіресе сөз тіркестерін қарастыру барысында зерттеу қажет екендігіне мән береді.

Келесі бір түркітанушы-ғалым Н.З.Гаджиева сөз тіркесінің екі жақтан қарастырылатынына назар аударады: 1) колданылуы, тілдегі (сөйлеудегі) кызметі тұрғысынан; 2) статикалық тұрғыда.

Сөз тіркесіне катысты ғылыми әдебиеттерде ең алдымен оның анықтамасына, негізгі ерекшеліктеріне токталады. Қазақ тіл білімінде еркін сөз тіркесі туралы ежелден қалыптасқан анықтама бар. Ол мынау: «Синтаксистік қарым-қатынасты білдіру үшін кемінде толық мағыналы екі сөздің сабақтаса байланысқан синтаксистік тобын сөз тіркесі дейміз». Бұл анықтама бойынша, сөз тіркесі болу үшін, біріншіден, оның құрамында толық мағыналы екі сөз болу керек; екіншіден, олар сабақтаса байланысады, яғни басыңқылық-бағыныңқылық ыңғайда болады; үшіншіден, тіркескен сөздер синтаксистік қатынаста жұмсалады [3,72].

Зерттеу еңбектерінде сөз тіркесінің құрылымдық ерекшеліктеріне, сөз таптарының тіркесімділігіне көңіл бөлінеді. Профессор Т.Сайрамбаев сөз тіркестерінің негізгі белгілеріне мыналарды жатқызады:

Сызба – 1. Сөз тіркестерінің негізгі белгілері

Сөз тіркесінің түрлері

 

Синтаксистік қатынастар

 
 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Т.Сайрамбаев есімді, етістікті тіркестермен бірге ортақ басыңқылы деген үшінші топты бөледі. Сөз тіркесі синтаксисіне қатысты соңғы көзқарастар оның қызметіне байланысты өрбиді. Қазақ тілі синтаксисінің мамандары сөз тіркесін сөйлем құрауға катысатын материал екенін бірауыздан мойындайды. Бір ескеретіні, қазак зерттеушілері сөз тіркесінің осы қызметін көрсетумен ғана шектеледі. Сөз тіркесінің атқаратын қызметі туралы орыс тіл білімінде жүйелі баяндалады: «Словосочетание в языке выполняет несколько функций: 1) служит строительным материалом для предложения, входит в его состав; 2) употребляется в качестве названия (в частности, заголовка); 3) служит основным элементом текста при некоторых видах его сегментированного построения» [3,156]. Академик М.С.Серғалиев сөз тіркесінің осындай кызметін негізге ала отырып, оны сабақтаса байланыскан сөз тіркестері ғана емес, салаласа байланысқан сөз тіркесі де атқара алатынын дәлелдейді. Ғалымның пікірінше, «салаласа байланысқан сөздер тобы да сөйлемнің құрылыс материалы болатыны сөзсіз. Екіншіден, мерзімді баспасөз беттерінде, көркем шығармаларда сирек те болса, салаласа байланысқан сөздер тізбегінің ұшырасатынын теріске шығару да әділетсіздікке жатар еді. Үшіншіден, көптеген сөйлемнен әлдебір үзінді алғанда тең функционалды сөздердің байланысы көзге ұрып тұратыны анық. Ендеше, басыңкы-бағыныңқылы қатынаста болатын сөз тіркестерінің болатыны сияқты, қатар, тең келіп, салаласа байланысатын сөз тіркестерінің қолданысымызда жиі кездесетініне назар аудару кажет болады» [3,46]. Сөйтіп, автор сөз тіркестерінің негізгі ерекшеліктері мен принциптерін тек сабақтаса байланысудан емес, сонымен бірге салаласа байланысудан да көретінін жария етеді.

Тіл біліміндегі сөз мағынасы мен оның тіркесімділігі арасындагы қарым-қатынас мәселесі қазіргі семасиология ғылымында оның тілдік табиғатың тереңірек анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы сөз таптарының тіркес жүйесіндегі орнан анықтау үшін олардың семантикалық және грамматикалық белгілері негізге алынатыны белігілі.

Сөз мағынасы мен оның тіркесімділігі арасындағы өзара қарым-қатынас, байланыс – тіл біліміндегі маңызды мәселелердің бірі. Кез келген толық мағыналы екі сөз бір-бірімен тіркесуі үшін олардың арасында грамматикалық сәйкестікпен бірге семантикалық байланыстың да болуы қажет. Сөз жеке, дербес өмір сүрмейді. Тіл жүйесінде сөздердін бір-бірімен өзара тіркесуі олардың мағыналық сәйкестігі арқылы жүзеге асады. Сондықтан синтаксис пен семасиологияның арақатынасы  сөздердің өзара байланысы негізінде анықталады.

М. Оразов сөз мағынасы мен тіркесімділігі арасындағы байланысты анықтауда «...сөздер әрі синтаксистік, әрі семантикалық жақтан байланысады. Байланысқа түскен сөздердің тым болмағанда бір семасы өзара сәйкес келуі не екінші бір сөздегі бір семаның байланыска түсу мүмкіндігі болу керек» [6,152] дегеи тұжырым жасайды. Сөздердің тіркесімділігі олардың арасындағы синтагмалык байланыс арқылы жүзеге асады. Бірақ тіркесімдідіктің жүзеге асуы тек синтагматикалық байланыспен ғана шектелмейді. Бүл үдерісте сөз мағынасының да маңызы зор.

Сөз мағынасын аныктауда тіркесімділіктің маңызды екендігін орыс ғалымы Ю.Д. Апресян да ескеріп, сөздердің семантикалық ерекшелігіне сөздердің мағыналық ерекшелігі ретінде, не тіркесу ерекшелігі ретінде талданатындығын айтады [7,64]. Бірақ кез-келген сөздің мағынасы бір ғана тіркес құрамында көрінбейді. Белгілі бір сөз екінші бір сөзбен лексика-грамматикалық байланысқа түсіп, тіркес ішінде әртүрлі мағыналық қырынан танылады. Сондыктан сөйлем кұрамына енген сөздер арасында екі жақты байланыс болады: біріншісі – грамматикалық категориялар арқылы байланысъш, белгілі бір грамматикалык тұлғада тіркесуі, екіншісі – семантикалык жағынан байланысуы.

Қазақ тіл біліміндегі сөз тіркесі синтаксисіне қатысты бұрын-соңды айтылған пікірлерді, тұжырымдарды елеп-екшеп, сонымен бірге өздерінін нақты ұсыныстарын білдірген айтулы еңбек – Ә.Аблақов, С.Исаев, Е.Ағмановтың бірлесіп жазған кітабы [4]. Кітапта сөз тіркесінің табиғаты, оны өзіне ұқсас құбылыстардан ажырату, өзіндік басты қасиеттерін айқындау сияқты сөз тіркесі синтаксисі теориясының толып жатқан түйінді мәселелері жүйеленіп беріледі. Ілгеріде сөз болып өткен мәселелермен бірге бұл еңбекте өзге мынаа жайттар қарастырылған: «сөздер тіркесі» мен «сөз тіркесі» деген қолданыстардың ұғымдык мәнін ажырату, сөйтіп, «сөз тіркесі» деген терминнің мәнін, колданылу шеңбері мен шекарасын айқындау, тұрақты тіркестердін түрлерін (фразеологиялык тіркестер, атаулык тіркестер) нактылау, сөз тіркесімділігінің сипатын көрсету, қазақ тіліндегі сөздер тіркестерінін топтарын синтаксистік сөз тіркесімен салыстыра, олардың негізгі белгілерін айқындау т.б.

Сонымен, қазақ тіл біліміндегі сөз тіркесі туралы негізгі еңбектерге осы қысқа шолудың өзінен-ак бұл мәселе жөнінде мынадай басты пікірлердің барлығын аңғаруға болады:

-       сөз тіркесі дербес синтаксистік единица, олар сөз таптарының өзара тіркесімділігі тұрғысынан карастырылады (М.Балақаев, Р.Әмір, М.Серғалиев, Т.Сайрамбаев, Ә.Аблақов, С.Исаев және тағы басқалар);

-       сөз тіркесі сөйлеу процесіндегі кұбылыс (Ж.Жақыпов);

-       сөз тіркесінің қызметі сабактаса байланысудан ғана емес, салаласа байланысудан да көрінеді (М.Серғалиев, Қ.Шәукенов, Б.Сағындықұлы);

-       сөз тіркесі мен сөйлем мүшелері бөлек (Қ.Шәукенов);

-       «тіркес», «сөздер тіркесі», «сөз тіркесі» деген терминдерді ажырата пайдалану (Р.Әмір, Ә.Аблақов, С.Исаев және тағы басқалар).

Синтаксистің қалыптасу және даму тарихына талдау жасау арқылы тіл білімінде синтаксис мәселесінің күн тәртібінен түспегендігін байқаймыз. Әр уақытта да көзқарастар мен пікірлер қайшылығы өз кезегінде бұл саланың өсіп-өркендеуіне себепкер болды. Қазақ тілінің синтаксисі – толық қалыптасқан, басқа салалармен ара-жігі ажыратылған, өз зерттеу нысанасы бар,  тіл білімінің негізгі әрі күрделі салаларының бірі. Ендігі кезекте әдіскер-ғалымдар синтаксисті оңтайлы меңгертуге, семантикалық жақтан түсіндіруге әрекет жасауы тиіс.

«Естеріңізде болса, 5-9 сыныптағы дәстүрлі бағдарламалар мен грамматикалық жүйесі синтаксистен басталатын. Ал жаңа мазмұнда ол сөздің ең басты белгісі мағынаны өзінің объектісі етіп қарастыратын лексикадан басталады. Яғни тіл туралы білімнен басталады... Кейін 6-сыныпта тоғыз сөз табы түгел беріледі, бұл сыныпта сөз таптарының мағыналық түрлері туралы ұғым қалыптасады да, 7-сыныпта сөз таптарының түрлену жүйесі, сөйлем мүшесі ретіндегі қызметі оқытылады. 7-сыныпта, сондай-ақ синтаксистің бір арнасы сөз тіркестері, сөздердің байланысу тәсілдері мен түрлері туралы білім береді. Ал 8-сынып түгелдей сөйлем туралы толық білім беруге бағытталады. Жалпы сөйлемге қатысты барлық білім (сөйлем мүшелері, сөйлем сөйлем түрлер) түгелдей осында қамтылады» [5,8]. 5-6 сыныптарда ана тілінің сөздік қоры, мүмкіншілігі туралы теориялық білімді меңгерген оқушы ендігі кезекте 7-8 сыныптарда оны өз тәжірибелік тұстан бекіте түсуі керек.

«Тілдің міндеті ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәрін жұмсау білетін адамы табылса, тіл шама қадырынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаға айтпай білдіруге көп шеберлік керек [1,141]», - дейді қазақ тілінің реформаторы Ахмет Байтұрсынов. Расында сөздерді орайын келтіріп қиюластыру, оны орынды жұмсау бір көргенде оңай дүние болып көрінгенімен, оны қалыптастырудың өзіндік әдістемелік негізі бар. «Тілді ұғыну – ана тілінің фонологиялық, грамматикалық және лексикалық фактілерімен оқушылардың тілдік мүмкіншілігін молайту» [9,4].  Осы бағытта синтаксисті семантикалық тұрғыдан оқытудың ғылыми-теориялық негіздеріне шолу жасалынды.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1          Байтұрсынов А. Алты томдық шығармалар жинағы. Тіл – құрал. Алматы: Ел-шежіре. 2013, 384 б.

2          Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы, 1966, -360 б.

3          Аралбаева Ж.А. Қазақ тілі синтаксисі методикасының негіздері. – Алматы:Мектеп, 1969.-294 б.

4          Аблақов Ә., Исаев С., Ағманов Е. Қазақ тіліндегі сөз тіркесінің дамуы мен лексикалану процесі. Алматы: Санат,1997.- 123 б.

5          Дәулетбекова Ж. Жаңа буын оқулықтарында теориялық материалдарды берудің мазмұндық-құрылымдық ерекшеліктері. // Қазақ тілі мен әдебиеті, 2003, №7, 6-10 б.

6          Оразов М. Қазақ тілінің семантикасы. Алматы: Рауан, 1991, 152 б.

7          Апресян Ю.Д. Лексическая семантика. Москва, 1974, 64 стр.

8          Рахметова С. Қазақ тілін оқыту методикасы. – Алматы: Ана тілі, 1991.– 184 б.

9          Исаев С., Қосымова Г. Қазақ тілі: Жалпы білім беретін орта мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. 3-басылымы. - Алматы: Атамұра, 2012.-208 бет.

 

 

К.Е.Дуйсенова

магистрантка  1 курса КазНПУ имени Абая

Р.С.Рахметова

Доктор педагогических наук КазНПУ имени Абая

Аспекты изучения синтаксиса

Аннотация: В статье рассматриваются изучения и обучения основные единицы синтаксиса. Автор стремился учесть по возможности содержание исследований, посвященных проблеме, выбирая ту точку зрения, которая представляется наиболее аргументированной.

Ключевые слова: синтаксис, предложение, словосочетание, методика

 

 

K.E.Duisenova
 1 course master student, KazNPU named after Abai

R.S. Raхmetova
doctor  of pedagogical sciences, KazNPU named after Abai

Aspects of the study of syntax

Annotation: Тhіs article deals with the study and training main units of syntax. The author sought to consider whenever possible the content of the researches devoted to a problem, choosing that point of view which is represented the most reasoned.

Кеу words: syntax, sentence, word-combination, method(s)