Педагогика ғылымдарының магистрі,
аға оқытушы Баербекова А.Е.,
Ф-12 тобының студенті М.Нурулла-Заде
Қазтұтынуодағы
Қарағанды экономикалық университеті
ТҮРКІСТАН УАЛАЯТЫ ГАЗЕТІНДЕГІ
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРМИНДЕР
ХІХ ғасырдың
екінші жартысында «Түркістан уалаятының газеті», «Дала
уалаятының газеті», «Айқап», «Қазақ», «Искра», «Новая
жизнь» газеті, «Орал» газеті, «Трудовая жизнь» журналы, «Степная жизнь» газеті, «Қазақстан»
газеті, «Садақ» атты қолжазба журнал, «Ешім даласы» газеттері мен
журналдар шығып тұрды. Әсіресе, «ТУГ», «ДУГ», «Айқап»,
«Қазақ» газет-журналдарының 1917 жылғы
төңкеріске дейінгі
Қазақстанның мәдениетін, тарихын, экономикасын,
әдебиеті мен тілін зерттеуде маңызы зор болды.
Төңкеріске дейінгі мерзімді
баспасөз материалдарын зерттеуші – ғалым Ү.Субханбердина
«Қазақтың
революциядан бұрынғы мерзімді баспасөзіндегі
материалдар» атты
мазмұндалған
библиографиялық көрсеткішінің кіріспе
сөзінде былай дейді: «Ол
газет-журналдарда басылған материалдар тарихи деректерге, архив
нұсқаларына қосымша болумен қатар, оларды
толықтырып, қазақ елінің революцияға дейінгі тарихынан, шаруашылық жайларынан,
саяси, мәдени өмірінен
көптеген мағлұматтар береді, бұлар ғылыми
салыстыруға жарайтын, тарихи-әдебиеттік зерттеуді керек ететін соны
материалдар болып табылады»[1,3].
Алғашқы
қазақ газеттері мен журналдары – «ТУГ», «ДУГ», «Айқап»,
«Қазақ» қазақ әдеби тілінің
қалыптасуы мен оның одан әрі дамуна өзіндік үлес қосқан, жаңа тілдік қолданыстардың айналымға
еніп, тұрақталып,
нормалануында үлкен рөл атқарған тілдік
нұсқалар. Аталған
алғашқы газет-журналдардың шығуы, олардың
қазақ баспасөзі қалыптасуындағы орны, рөлі
туралы Ү.Субханбердина, Б.Кенжебаев, Н.Қаралиева,
Б.Әбілқасымов, Х.Бекхожин, Б. Момынова, С. Сапина т.б. ғалымдардың
еңбектерінде сөз болады.
Аталған
мерзімді газет-журналдардың ішінде «Түркістан уалаяты
газетінің» терминдерді қалыптастыруда рөлі айрықша
болғандығын атап өту керек.
Жалпы терминдену
процесі ХІХ ғасырдың ІІ жартысында едәуір жанданып,
нормалық сипат ала бастады. «Оқу-ағартуға,
қоғамдық білім-ңылымдарға қатысты
үлгілерде терминдер мен жаңа атаулар араб-парсы тілдеріне иек
артса, заң-сот істеріне байланысты әдебиет қазақтың
өз тілі мен орыс тіліне, ал ресми іс қағаздары мен
көпшілік-ғылыми кітапшалар көбінесе орыс тіліне
жүгінеді.» [2,300]. ТУГ-тегі өз дәуіріндегі тіл
қолданысын танытатын басқа да әдебиет нұсқалары
сияқты термин қалыптастыру ісіне өз үлесін қосты.
Біз өз мақаламызда газет тілінде терминдік мәнге
көтерілген экономикаға байланысты
қазақтың төл сөздері мен тілімізге
байырғы замандарда еніп, сөздік қорымызға
айналған араб-парсы сөздерін қарастырамыз.
Қазақстанның
Ресей құрамына енуімен байланысты жаңа экономикалық
қатынастар орнады. Сауда, базар,
ақша, баға, пұл сияқты бұрыннан таныс ұғымдарға
қосымша жаңа ұғымдар пайда болды: өсім, несие, жария сауда,
пайда, қарыз, банка т.б.
«Қазақ
тілінде бұрыннан бар базар
сөзі ертеректе «жиынды, думанды жер»
деген мағынаны берсе керек» деп жорамалдайды Р.Сыздық. [3,212].
Ғалым «бұл сөз қазақ жеріне орыс саудасының
келуінен бұрын болған, базар
сөзінің «жиынды орын»,
одан мағынасы жылысып «думанды,
көңілді орын» деген мағыналары ұзақ
уақыттар бойы қолданылып келіп, кейін ХVІІ-ХІХ ғасырларда
Қазақстанда Россия саудасының етек алуына байланысты, базар сөзі «сауда орны» деген ұғымда қайта активтенген болар
дейміз», деп жазады [3,213].
ТУГ-де бұл
сөздің қолданысы өзгеше. Базар лексемасы жәрмеңке
сөзімен бірге, оның анықтауышы ретінде жұмсалады.
Мысалы, «Омбы қаласында.....екі
жола жармінке декен үлкен базар болады» (1877 №11), «Осы
күнде иармінке базары болып қаламызда қазақ толып кетіп
көшемізде тымақ киген қазақ жайылып жүріп жатыр»
(1878 №11). Ал жәрмеңке сөзі жеке қолданылған. «Ташкент иармінкесінен жазып берген сауда
хабары» (1877 №9).
Қазақтар
базарға мал, малдың терісін әкеліп сатып,
тұрмысқа қажетті ұсақ заттар алатын болған,
ал базарға мал әкеле алмайтын қазақтарға
саудагерлер барып ұсақ тауарлар сатқан немесе
қарызға берген, ал қарыздарын әдетте малмен
алған. Уәделі күнінде қарызын бере алмаған
қазақтар алған тауары бағасының үстіне
пайыз төлейтін болған. Қолдарында ақшасы жоқ
қазақтар қарыздарын малмен төлеп көп зиян шеккен.
ТУГ-де осы мәселені көтерген жарияланымдар өте жиі
басылған, олай болса, бұл мәселе газет авторлары үшін
және қоғам үшін маңызды болған. Осы
тақырыпты мақалаларда өсім,
несие, қарыз сөздері терминдік мәнде жиі
қолданылады. Мысалы, «Қазақ
халқының арасында ...... өзге бір адамдардан несие
қарызға вексел хат бойынша пұл ақша алып .....
төлегендері заң сықылды болып қалған екен», «Берешектері бар кісілерден қойларын
алып қарыз несие берген кісілерді разы қылады екен» (1880 №12).
Айта кететін жайт,
несие және қарыз сөздері бірге қолданылған.
Бұның себебі, бұрын айтылғандай, мағыналас екі
сөзді қатар қолдану газет тілі үшін үрдіс
болғандықтан деп ұғамыз. Қазақтардан
қарыз орнына өсімімен мал алу мәселесіне байланысты «открытый торг» мағынасын беретін жария сауда термині пайда болды. «Тағы пұлы жетпеген
қарыздар кісінің малын законға сыйғысып жариа саудамен
сатқызсын // Тағы жариа саудасы малды пайдамен
сатылатұғын жерде сатылсын тағы жылдың оңдайлы
мезгілінде депті» (1880 №12).
Өсім термині қазақ
жерінде банктердің ашылуымен орныға түсті. ТУГ-гі «Банка
хақында» атты көлемді мақалада терминдік мағынада
кездесетін сөздің бірі – осы сөз. «Бір бөліміне бір жылда сомына үш тиын өсім
беретұғын қылып екінші бөліміне бір жылда сомына
төрт тиын өсім беретұғын қылып үшінші
бөліміне бір жылда сомына төрт жарым тиын өсім
беретұғын қылып көңілі толып ...... үйіне
қайтып келіпті» (1877 №5).
Талданған
сөздерден басқа газет тілінде экономикалық термин ретінде
қазақ тілінде бұрыннан бар ақша, пайда, саудагер, пұл, тиын т.б. сөздерімен
қатар сауда сату, саудаға
кіру, өсімге беру сияқты жаңа сөздер мен сөз
тіркестерін кездестіруге болады.
Пайдаланылған әдебиеттер
тізімі
1.
Субханбердина Ү. Қазақтың
революциядан бұрынғы мерзімді баспасөзіндегі материалдар.
Мазмұндалған библиографиялық көрсеткіш. 2-бөлім.
Алматы, 1963ж.
2.
Сыздықова Р. Қазақ әдеби
тілінің тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1993. – 320б.
3.
Сыздықова Р. Абай шығармаларының тілі.
– Алматы: Ғылым, 1968. – 334б.
4.
Түркістан уалаятының газеті /
құрастырушы Ү.Субханбердина, Алматы: «Ғылым» баспа
орталығы, 2003ж. – 602б.