Бағалау
мағынасын зерттеудің негізгі қыры
Ф.ғ.к. А.Жүсіпов, ф.ғ.м. Г.Оралова
«С.Сейфуллин атындағы Қазақ
агротехникалық университеті» АҚ
Бағалаудың
өзіне тән басты ерекшелігі – оның басқа тілдік
категориямен байланыста болуында. Н.Арутюнова осы байланысты есепке ала отырып,
бағалауды зерттеудің негізгі аспектілерін көрсетеді: (1) онтологиялық
(бағалау объектінің шынайы қасиеті, олардың
нормаға сәйкес келу//келмеуіне қатысты болады), (2) психологиялық
(объектілерді қабылдау, қабылдамау кезінде туындайтын сезім,
адамның тілектері, еркі, борышы т.б.), (3)
іс-әрекеттік,
қызметтік (бірқатар баламадан біреуін таңдау және шешім
қабылдау, адамның идеалдық әрі
өмірлік
бағдарламасы), (4) коммуникативтік (белгілі бір
сөйлеу актілерінде жүзеге асырылатын тілдің прескриптивтік
функциясы). Бұл аспектілер арқылы бағалауыштық
категорияның функциялары анықталады [1,80-б.].
Зат,
құбылыс, адам, оқиға, факті, өмірдегі
әртүрлі жағдайдың бағалануына адамның
құндылық туралы түсінік жүйесі (мақсаты,
жалпы қабылданған нормалар туралы түсінігі) ғана емес,
сондай-ақ адамның психологиясына әсер ететін жағдайлар:
адамның сөйлеу сәтіндегі күйі, өзі және
басқаларға қоятын талабы т.б. себеп болады.
Бағалауыш мәндегі пікір кейде бағалау объектісінен гөрі
бағалау субъектісін айқынырақ сипаттайды. Бұл, атап
айтқанда, адамның бір нәрсені әртүрлі
кезеңде әрқилы бағалуынан туындайды.
Бағалаудың
«адамтанушылық» бағытындағы мәселесі А.Залевская,
Н.Золотова және т.б. бірқатар психолингвистикалық
көзқарас тұрғысынан зерттеледі.
Сонымен қатар,
баға сөйлеушінің жеке талғамы, пікірін де білдіреді,
ой-өрісі, дүниетанымын көрсетеді. Сондықтан да
баға адамның ойлауы, ақыл-ойы, психикасы, талғамымен
байланысты болады. Осы жерде Н.Арутюнованың берген анықтамасына
тоқтала кетейік: «Оценка относится к числу собственно человеческих
категорий. Она задана физической и психической природой человека, его бытием, и
чувствованием, она задает его мышление и деятельность, отношение к другим людям
и предметам действительности, его восприятие искусства» [1,21-б.].
«Адамнан тыс
бағалау жоқ» [1,55-б.]
екені белгілі. Адам күрделі психологиялық
құрылымға ие бола отырып, басқа адамдармен,
қоғаммен байланыста болады. Бұл бағалау категориясын
қарастыру мәселесін кеңірек, әлеуметтік контекске
қояды. Бағалауыш мағынаның әлеуметтік
сипатқа ие болуының себебі «адамдардың әлеуметтік
ортаның жемісі болуында» деген орынды пікірді М. Оразов айтқан
болатын [2,113-б.]. Адам белгілі бір
қоғамдық ортада өмір сүреді, солардың
ортасында тәрбиеленеді. Осы қоғамдық орта сол
қоғам мүшесі көзқарасының қалыптасу,
дүниені түсініп өзінше баға беруіне жағдай
жасайды. Айналасындағы болып жатқан қоғамдық
өзгеріс, түрлі қарым-қатынасқа баға бергенде осы
қалыптасқан көзқарас шешуші қызмет атқарады
[2,112-113б.].
Әлеуметтік
бағалауыштық элементінің дамуына
сөйлеушінің дүнияуи көзқарасы, идеологиялық
ұстанымы өз ықпалын тигізетіндігі, бұларды
бағалауыштық қасиетті
қалыптастырушы факторлардың қатарына жатқызуға
болатындығы жайлы газет лексикасы бағалауыштығының
әлеуметтілігі жайында сөз еткенде Б. Момынова айтып келеді [3,135-б.].
Қазіргі
лингвистикалық еңбектерде бағалау мағынасын
зерттеудің семасиологиялық, лингвистикалық, функционалдық коммуникативтік,
прагматикалық, когнитивтік, текстологиялық, типологиялық,
жүйелі-деңгейлік (бағалаудың тілдің түрлі
деңгейінде көрінуі),
лексикографиялық аспектілері тұрғысынан қарастыру
бағыттары бар.
Бағалаудың
лингвостилистикалық аспектісін зерттеуді бастаған Ш. Балли еді [4].
Қазіргі линвистикада бағалау бірліктерін «стилистикалық қолдану
заңдылығын» Т.Винокур толығырақ зерттеген [5].
Шын мәнісінде, бағалау сөздерінің функционалдық стилистикалық
сипаттамасын бағалауды семасиологиялық аспектіде қарастыратын
және лексикалық мағынаның коннотативтік
бөлімінің құрылымында бағалауыштық компоненті
болады дейтін зерттеуші бәрі дерлік қарастырады.
Баға беретін
пікірдің иллокутивтік функцияларының
алуан түрлілігі, «әлем бейнесінде» «адам факторын» бірінші
орынға қоятын бағалау категориясының
прагматикалық сипатын бағалауды
зерттеудің прагматикалық аспектілерінің өзектілігін
анықтайды. Прагматика – тілдік таңбалардың қолданылуын
зерттейтін семиотика мен лингвистиканың бір саласы [6,125-б.].
Прагматика тілдегі белгі қызметін зерттейді, линвистикалық
таңба мен сөйлеуші, тыңдаушының арасындағы
қатынасты анықтайды және не үшін сөйлеп
тұр, сөйлеуші бұны не үшін айтты, бұнымен не
дегісі келеді деген сұрақтарға жауап береді.
Бұл терминді ХХ
ғасырдың 30-шы жылдарында Ч.Моррис ұсынған. Ғалым
таңбаның объектіге қатысын зерттейтін саланы семантика,
таңба аралық қатынасты синтактика, сөйлеушінің
тілдік таңбаларға қатысын прагматика деп атап
көрсеткен.
Тілдің
прагматикалық функциясы жайында қазақ лингвистері М.Оразов [2],
Ғ. Хасанов [7], Б. Момынованың [3] еңбектерінде лексикалық мағына
мәселесіне қатысты термин ретінде аталып өтілген. З.
Ерназарова прагмалингвистика мәселесі жөнінде сөз
қозғайды. Прагмалингвистика – тілдің негізгі қызметі –
қарым-қатынас құралы қызметін сөйлеуші
және тілдік таңба арасындағы байланысты басшылыққа
ала отырып зерттейтін тіл білімінің саласы деген қорытындыға
келеді [8,34-б.]. Ф.
Жақсыбаеваның жұмысы прагматика саласын зерттеуге
арналған құнды еңбектің бірі.
«Прагматикалық аспектің баға берудегі рөлі өте
маңызды. Бағалауыш құралды таңдау баға
объектісінің «тілдік әлемде» алатын орнымен айқындалады. Егер
коммуникацияға қатысушылардың бірі бағаның
объектісі болса, онда баға ерекше прагматикалық мәнге ие» [9,21-б.].
Лингвистикалық
түсіндірме сөздікте прагматиканың нақтылы белгіленген
шекарасы жоқ екендігі, оған сөйлеуші субъект пен
адресаттың (тыңдаушының) арақатысынан туындайтын
бірнеше мәселе кіретіні жөнінде айтылған. Субъектіге
байланысты мынадай мәселелер қарастырылады:
(1) айтылудың
мақсаты (жасырын не ашық түрде болатын: бір хабар, пікір,
сұрақ, мақтау, ұнату т.б. айтылуы); (2) сөйлеу
тактикасы мен түрлері; (3) әңгіме
өткізу ережелері: бірге қызмет ету жағдайындағы
шындықты айту; (4) сөйлеушінің талабы, айтылатын
ойдың прагматикалық мәні, ойдың астарын; (5) сөйлеушінің
референциясы, яғни оның ниетіне байланысты болмысты белгілеу; (6) прагматикалық
пресуппозиция: тыңдаушының (адресаттың) жалпы біліміне,
хабардар болуына, оның ықыласы, көзқарасы мен пікірі,
психологиялық жағдайы, мінез-құлқы, түсіну қабілетін
айтушы адамның бағалауы; (7) сөйлеушінің
айтып тұрған хабарға көзқарасы, хабар
маңыздылығын (шындық пен жалған, ирония,
көпмағыналылығын) бағалау.
Прагматика
тыңдаушыға байланысты мынандай мәселелерді зерттейді: (1) айтылған
сөзден тұжырым жасау (тікелей мағынадан жанама не жасырын
мағына іздеу; контекст, прагматикалық жағдай және
пресуппозиция); (2) сөздің тыңдаушыға әсері,
перлукотивтік
әсер: адресатты хабардар ету, адресаттың эмоциясы,
көзқарасы, баға беруіне ықпал етуді; (3) әсерге
жауап ретіндегі әрекет (тікелей не жанама реакция; мыс, жауап беруден бас
тарту әдістері т.б.).
Сонымен қатар,
прагматика коммуникацияға қатысушы арасындағы қатынасқа
байланысты мәселені: (1) тілдік
қарым-қатынастың түрлері (хабарлама, диалог, пікіралысу
т.б.); (2) сөйлесудің әлеуметтік этикалық
қыры (сөйлеу формасы, қарым-қатынастың стилі); (3) тілдік
коммуникацияға қатысушылардың дәрежелік ара
қатынасын:
арыз және бұйрық т.б. [10,166-б.]
қарастырады.
Пайдаланылған
әдебиет тізімі:
1.
Арутюнова Н.Д. Типы значений: Оценка. Событие. Факт.-М.,341с.
2.
Оразов М. Қазақ
тілінің семантикасы. -Алматы: Рауан.1991. – 216 б.
3.
Момынова Б.Қ.
Газет лексикасы (жүйесі мен
құрылымы). – Алматы,
2003.-228 6.
4.
Балли Ш. Французская стилистика. -М., 1961. -394 с.
5.
Винокур Г.О. Закономерности стилистического
использования языковых единиц. -М., 1980. - 237 с.
6.
Тіл білімі сөздігі. - Алматы: Ғылым, 1998. - 544 б.
7.
Хасанов Ғ.Қ.
Лексикалық мағына.- Орал, 2005. -145 б.Ерназарова 3. Сөйлеу тілі
синтаксисінің прагмалингвистикалық аспектісі. -Алматы, 2001. -192
б.
8.
Жақсыбаева Ф.З. Газет мәтінінің
прагматикалық функциясы қазақ тілінде шығатын газет
материалдары бойынша: филол. ғыл. канд.... дисс. авторефераты. -Алматы,
2000. -21 б.
9.
Салқынбай А., Абақан Е. Лингвистикалық
түсіндірме сөздік.- Алматы, 1998. -304 б.