Бағалауыш сөздердің концептуалдық құрылымы,

дүниетанымдық сипаты

 

Ф.ғ.к. А.Жүсіпов

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ

 

Бағалаудың концептуалдық құрылымын анықтау барысында қазақстандық белгілі философ Д.Раевтың [1] қазақ халқының дүниені танып  білу әдіс-тәсілдерінің өзіндік ерекшеліктері, ұлттық дүниетанымы, әдеп және адамгершілік құндылықтардың қалыптасуы туралы философиялық пайымдауларын, С.Сәтенованың [2] қазақ тіліндегі жануарлар атауларымен байналысты фразеологизмдердің сипаттамасы туралы айтқан тың ойларын негізге алдық. Д.Раев атап көрсеткендей, табиғат – көшпелі қазақ халқының дүниетанымының, адамгершілік, әдептік пайымдауларының түп негіз бастауларының бірі болып табылады, себебі қазақ ұлты мал шаруашылығымен айналысып, жаз жайлауға, күз күзеуге, қыс қыстауға, көктем көктеуге көшіп-қонып табиғат аясында өмір сүргендіктен оның сырын жақсы біледі деп айта аламыз [1,43-б.]. Бұған дәлел – қазақ халқы адамның жағымды және жағымсыз мінез-құлықтарын табиғаттың алуан түрлі құбылыстары мен қоршаған ортаға баламалай отырып сипаттама беруі[3]. Мысалы, «бейқам адам»: «жағасы жайлау, төбесі қыстау»; «адал: «судан таза, сүттен ақ»; «мақтаншақ: «жел өкпе», «көбік өкпе»; «қатал: «тастан қатты»; «мейірімсіз: «тас жүрек», «тас бауыр»; «сұлулық: «айдай аузы, күндей көзі бар»; «тез, шапшаңдық: «жұлдыздай ағу»; «қара құйын» т.б.. «Қалжың құмар, жел өкпе жігіттер өздерінің тілегін орындамай кетпейтіндерін айтып, тұрып алғаны» (І. Есенберлин). «Әрине, әкем бұл пәниден қателеспей, сүттен ақ, судан таза өмір кешуде десем, онда ол тіпті  де адамнан гөрі періштеге ұқсар еді» (О. Бөкей). «Дос келіншек әкеле жатыр, қырмызыдай құлпырған бізді көзіне ілмеп еді, Керейден алған қызы ай мен күндей сұлу шығар, көрелік» деп малдынан шықса....(О.Бөкей).

«Мына – жүрек, мына – көз, мына баста,//Ненің барын біледі мына қасқаң...//Сезгіштігін білдіріп алам ба деп,//Тас жүрегін жасырар қына бастан (М. Мақатаев). Осы мысалдардан көріп отырғанымыздай, қазақ халқы адамның жақсы мінездерін табиғаттың жанға жайлы құбылысымен салыстыра отырып бейнелесе, теріс мінез-құлықтарын табиғаттың сүрең құбылысымен сипаттаған[4].

Қазақ халқында бағалау барысында адамның мінез-құлқының жақсы-жаман жақтарын жан-жануарлар мен (қазақтар үшін тіршілік көзі болған) төрт түлік малдың жақсы–жаман мінездерімен салыстыра отырып сипаттау басым[5]. Осы ретте С.Сәтенованың пікіріне тоқталғанды жөн көрдік: «... халық малды тек бағып қоймай, оған тән мінез-құлық, ерекшелікті байқап, адамдардың бет-пішіні, мінез-құлқы, іс-әрекетін сипаттау кезінде ұтымды пайдаланып отырған: «қойдан жуас», «жылқыдан торы»; «жылқы мінезді» (жігіт); «теке сақал»; «бұзау тұмсық»; «қошқар мұрын»; «бота көз»; «түйе табан»; «бес биенің сабасындай»; «сиыр сипағанды білмейді»; «ешкінің асығындай»; «қой аузынан шөп алмайтын»; «тойған қозыдау» т.б.» [2,14-б.]. «Қой аузынан шөп алмас» - жуас, құлағының сәл мүкісі бар, бала болып көп ойнамайтын жасқаншақ еді (О.Бөкей). Қыздардың томпақ, толық, жұқа, жұмсақ еріндері сәл ашылғанда олардың ауыздарынан ақ маржан ақтарылып кеткендей көрінді. «Ал енді не айтасың?» дегендей, жазық маңдай, қыр мұрын, аққұба, аққу мойын, аршын төс, қара торы, қиғаш қас, ақ сары қыздар әлі маған жаудырап қарап тұр (Ә. Нұршайықов). Бірінші көрген оқытушым болған соң ба, әлде жүзінде есте қалар ерекше белгілері бар ма, білмеймін, көмірдей қара, қозыдай бұйра шашы мен бірден бүркіттің тұмсығын көзге елестететін үлкен имек мұрыны бар, қоңырқай өңді келген отыз үш-отыз төрттер шамасындағы сабырлы кісі өмір бойы ойымда сақталып қалды (Ә. Нұршайықов). Биік қабақ, бота көз осынау ақ сары қыз маған барлық қыздың сұлуы сияқты боп көрінді (Ә. Нұршайықов).

Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, адамның мінез-құлқының жақсы-жаман жақтары жан-жануарлармен салыстырыла отырып сипатталғанын байқауға болады. Яғни, қазақ халқының төрт түлік малдың жағымды-жағымсыз мінездерін адамның жағымды-жағымсыз мінез-құлықтарымен баламалай отырып бағалау жүйесін жасағандығын да көруімізге болады[6.7.8.].

Бағалауыштық мағынаны қазіргі лингвистика тұрғысынан зерттеу тек қана бұл аспектілермен шектелмейтіні анық. Жұмысымызда негізге алынатын семасиологиялық аспект, өйткені ол бағалауыштық мағынаның табиғаты, құрылымы, типологиясын анықтауға мүмкіндік береді[9].

Тіл құбылысының өзара байланысы мен ықпалдастығы бағалау мазмұнына да тән. Сөз мағынасының аспектісінде бағалауыштықпен тығыз байланысты категория ретінде эмоционалдылық, экспрессивтілік, модальдылықты жатқызуға болады[10].

Бағалау бірліктерінің құрамы анықталды. Тілдік құрылым жүйесіндегі барлық сөздер әлеуеті эмотивтікке ие болса, барлық лексикалық бірлік, негізінен, бағалаудың берілу құралымен қызмет атқарады. Себебі, эмотивтік категория әрқашан бағалауды білдіреді. Бағалаудың берілуі үшін лексикалық құралды таңдау шектелмейді, өйткені сөйлеушінің интенциясы, сөйлеу жағдаяты кез келген лексикалық бірліктегі бағалауыш әлеуетті тілдік ақиқатқа айналдыра алады[11].

Бағалаудың сөз мағынасы құрылымындағы алатын орны белгіленді. Семалық құрылымның әртүрлі позициясында бағалау семасы болуы мүмкін. Осыған байланысты oл денотат және коннотат кұрамдар ішінде қызмет атқарады. Бағалаудың мағына құрылымының денотат немесе коннотатты бөлігінде орын aлy мүмкіндігі бағалауды білдіретін лексиканы екі топқа бөледі: бағалау лексикасы және бағалау  коннотациясындағы лексика[12].

Бағалауыш мағынаның берілуі, жасалуында басқа деңгейлес тілдік категория мағынасынан ерекшелігі бары анықталды. Oл жеке лексема бойынан да, сондай-ақ сөз тудырушы және сөз түрлендіруші қосымша арқылы да, күрделі сөздер арқылы да,  фразеологиялық тіркестер арқылы да, мақал-мәтелдер арқылы да, интонация арқылы да беріледі[13]. Кей жағдайда жазбаша жұмыста пунктуациялық белгілер арқылы, тұтастай сөйлеу құрылысы арқылы да беріледі.

 

Пайдаланылған әдебиет тізімі:

1.     Раев Д.С., Қазақтың шешендік өнері: философиялық пайымдау. – Алматы, 2001. -228 б.

2.      Сәтенова С.К., Қазақ тіліндегі ұос тағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты: Филол.ғыл.док.дисс. – Алматы, 1997. -260 б.

3.     Оразбаева Ф.Ш., Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. - Алматы: РБК, 2000. - 2076.

4.     Қадашева Қ., Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. Педагогика ғыл.док... авторефераты. -Алматы, 2001. -48б.

5.     Жүсіпов А.Е., «Энантиосемия – сөздің ішкі қарама-қарсылығы» (оқу құралы) «Көкше-полиграфия». Көкшетау 2006 ж.

6.     Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қайшы тілдік тұлға: семантикасы мен прагматикасы» (оқу құралы). «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж.;

7.     Ерназарова 3., Сөйлеу тілі синтаксисінің прагмалингвистикалық аспектісі. -Алматы, 2001. -192 б.

8.     Қасым.Б.Қ. Қазақ тіліндегі заттың күрделі атауларының теориялық негіздері, Филол. ғыл. док....авторефераты. - Алматы, 2002. -50 б.

9.     Жүсіпов А.Е., «Қазіргі қазақ тіліндегі қарама-қайшылықтың лексикалық және грамматикалық жүйедегі орны» «ӘЛЕМ SS». Баспасы. Астана қаласы 2010 ж. (монография);

10. Жаманбаева Қ.Ә., Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана. -Алматы: Ғылым, 1998. -140 б.

11. Манкеева Ж., Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері // Тілтаным. – Алматы, 2001. № 4. -39-43-б.

12. Жүсіпов А.Е., Қайшылықтың семантикасы мен прагматикасы (лингвомәдениеттанымдық қыры) Астана, 2013. -467бет.

13. Ислам А., Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті салыстырмалы-салғастырмалы лингво-мәдени сараптама): филол.ғыл.док.дисс. – Алматы, 2004. -228 б.