Сахна тілін дамытудағы жырдың маңызы
Омарбаева М.С.
Т.Жүргенов ат.
ҚҰӨА-ның профессоры
Қазақ халқының
мәдениеті өркендеген сайын, эстетикалық талғамымыз
артып, ал актерлерге, яғни, өнер адамдарына халық
қашанда идеялық парасатпен қаруланған
профессионалдық шеберлігін шыңдаған деп қарайды.
Сондықтан да шығар шеберлікке жетудің негізгі жолы
кәсіби мамандықтың түрлі элементтерін жете меңгеріп,
тынбай еңбектенуде. Актерлік мамандыққа жету таза
сөйлеп үйрену, сөйлеу
мәдениетін, тіл техникасын
меңгеру. Сөз - театрдың негізгі құралы.
Сондықтан да «сахна тілі» пәні
өнер адамдарын тәрбиелеуде
ерекше орын алады. Ал, «сахна тілін» дамытып, тереңдетіп
оқыту үшін ауыз әдебиеті – фольклордың орны ерекше.
Ендеше Адольф Янушкевич айдаудағы поляк революционері, Адам
Мискевичтің досы былай деп жазды: «Осыдан бірнеше күн бұрын
өзара кермар екі топтың сөз шарпысына куә болып,
Демосфен мен Цицеронның атын да естімеген сақара шешендерінің
ділмарлығына таңырқай қол соғып едім, ал
бүгін көз алдымда жыр толғаған ақындардың
талантына қайран қалып отырмын...Жабайы варвар дегеніміз осы ма?
Ғұмыр бойы мал соңында салпаңдау маңдайына
жазылған, болашағы тұлдыр халқыңыз осы ма?
Жоқ – жоқ! Ақиқаты басқаша! Жаратушы бойына
осыншама қабілет дарытқан халық цивилизациядан
қақас қалмақ емес, көшпенді тірлік кешкен номад
қазір өзіне қомсына қарайтын халықтар
арасындағы құрметті орнын иеленер күн де туар». Ал
тюрколог В.Радлов былай деп жазған «Қазақтар нақысты
сөйлеуді бар өнердің алды деп біледі, сондықтан олардың
поэзиясы дамудың жоғарғы сатысына жеткен». Сан ғасыр
сыннан өтіп халық көкірегіне жатталып, біздің
дәуірімізге жеткен сұңғыла сөз зергерлері Асан
Қайғы, Қазтуғаннан бастап, Шалкиіз, Доспанбет,
Бұқар жырау, Шал ақынмен аяқталатын ежелгі
қазақ әдебиетінің төрт ғасырлық
қазынасы. Бұлардың әрқайсысы бір адам, жай
ғана ұлы тұлға емес, әрқайсысы бір
ғасыр. Көркем ойының көрсеткіші осы ұлы
жыраулардың арасында қазақ сөз өнері орта
ғасырларда әлем поэзиясының асқар биігіне шықты.
Көне жыраулар мұрасы – біздің кісілігіміздің ғана
емес елдігіміздің көрінісі. (М.Мағауин эссе Қазақ
үні №5 (664) 3 ақпан 2015 ж. «Менің жолымды ашқан
Ғабит аға») Ал, жас актерлерді тәрбиелеуде
халқымыздың аса бай ауыз әдебиетінің фольклорының
алатын орны ерекше деп айтып кеттік. Ауыз әдебиетін оқытудың
ерекшелігі: студенттің ой – өрісі өсіп, өмір танымы
артады. Орфоэпия қағидаларын сақтауда тіл
тәсілдерінің жетіліп, ширап даму дәрежесін тереңдетеді.
Тіл жұмсаудағы дәлдік, өткірлік, сауаттылығын
ғана емес, сындарлы тіл болу үшін оның ұлттық
табиғатын сақтап сөйлеу шеберлігін шыңдайды. Ал, енді
оқыту тәсіліне келейік. Мысалы, Бұқар жырау ел
тағдырын шешер ірі оқиғаларды аса мәнді
көкейкесті мәселелер тұсында толғаған.
Өзінің ұзақ ғұмырында халқының
көрген көптеген қиындықты өз көзімен көре
білді. Сондықтан оның шығармаларында елдің бірлігі,
бейбіт өмірі, өз отанына деген сүйіспеншілік, сыртқы
жаулардан қорғай білім, тәлім – тәрбиелік,
өскелең ұрпақ тәрбиесіне толғауларында
ерекше мән береді.
Бұқар жырау «Тілек» деп аталған
толғауларында:
Бірінші тілек тілеңіз,
Бір аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз
Ер шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа
Үшінші тілек тілеңіз,
Үшкіліксіз көйлек кимеске, - деп қазақ даласында
бейбіт өмір болуын, Бұқардың айтуынша, халық пен
ел билеген хандардың келісімі мен ел бірлігін сақтауға
ақыл – кеңес береді. Ақын халықтың
тыныштығының қымбат екендігін, көрші елдермен
достық қарым – қатынаста болуды, ханды хандықтың
және халықтың мүддесіне қайшы келетін
жағымсыз іс – әрекеттерден сақтандырады:
Жан біткен еріп соңынан
Он сан алаш баласын,
Аузыңа құдай қаратып,
Жусатып тағы ергізіп.
Жұмсап бір тұрсаң
қолыңнан, - деп Абылай ханның ел бірлігін
сақтауға, көрші елдермен қарым – қатынас
жасаудағы роліне он бағасын береді. Бұқар жырау
жақсы мен жамандық туралы, адамгершілік қасиетті, шынайы
достық пен қастықты салыстыра келіп, жырау жастарды
тәлімдік – тәрбиелік мәні бар қасиеттерді
жастардың бойына сіңіруге ақыл – кеңес береді: Екі жақсы қас болмас,
Екі жаман дос болмас.
Дос болғанмен хан болмас,
Екі жақсы дос болмас,
Дос болса, түбі бос болмас, - деп
адамгершілік, ізгілік қасиеттерді жастардың арасында кеңінен
насихаттайды. Оның өлеңдері мен толғауларының
терең де философиялық – дидактикалық, тәлімдік –
тәрбиелік мәні орасан зор. Бөгембай батырдың ерлігін
былай меңзейді:
Қиядан қиқу төгілсе
Аттың басын тартпаған.
Қисапсыз қол көрінсе
Қорқып жаудан қайтпаған.
Үмбетей жырау 1706 жылдар шамасында туады.
Болашақ жыраудың әкесі Тілеу – қаһармандық
жырларды, ескі аңыздарды, билердің шешендік сөздері мен
нақылдарын жақсы білетін шежіре, сонымен қатар
халықтың музыка мұрасына да жетік дәулескер
қобызшы, ел ішінде абыз атанған адам екен. Өзіне көне
жырауларды үлгі тұтқан Үмбетей уақыт оза келе
философиялық – дидактикалық толғауларға ден
қояды. Сонымен қатар сырт жаулармен күресте аты
шыққан батырларды мадақтау да жырау
өнернамасындағы өзекті тақырыптардың біріне
айналады. Және осы реттегі жырлары Үмбетейге үлкен
даңқ әкеледі. Үмбетей 1778 жылы қазіргі
Целиноград облысының Ерейментау ауданында қайтыс болады. Осыдан
Үмбетей жыраудың Бөгембай батырдың өлімін Абылай
ханға естірту толғауын алсақ:
Ей, Абылай, Абылай,
Абылай ханым бұл қалай,
Бұл қалайдан сескеніп,
Сөзімді қойма тыңдамай.
Талай істер басыңнан
Өтіп еді – ау жасыңнан,
Қиын қызық әрбір
жай.
Ей, Абылый, Абылай,
Сөзімді тыңда тағыда – ай
Өзіңнен біраз жасы үлкен
Жасыңда болған сырласың,
Үлкенде болса
құрдасың,
Сексеннен аса бергенде,
Қайрылмас қаза келгенде,
Батырың өлді – Бөгембай!
Студент осы шумақтарды айтқанда кідірісті дұрыс
ұстап дыбыстарды анық айтып жәй оқығандай емес,
өзінің жүрегінен
шыққандай
мәтіннің ішіне кіріп жеткізу керек. Бұл
көңіл – күйге де байланысты. Сондықтан сахнадағы
көңіл – күй
заңдылығы үшке бөлінеді:
Бірінші сахналық көңіл күй – ол актердің творчестволық
дайындық процесі.Бұл процесс бой жазу гимнастикасынан басталып,
денені баптау,дауысты баптау. Актердің бойын жазып, сөйлеу
аппараттарын жылытып, сахнада
құлшына жұмыс істеуге
дайындылығы. Бұл сахналық сыртқы
көңіл - күй.
Екінші сахналық көңіл –күй. Бұл жөнінде М.Байсеркенов былай
дейді: «Көпшілік жағдайда актерлар көңіл –
күйдің рухани тереңдігіне бойлата алмай рольдің бет
жағында қалқумен ғана қанағаттанатын
болады. К.С.Станиславскийдің тілімен айтқанда олар, таудың
астында жатқан мол байлықта шаруасы болмай үстін кезген
кезбелер сияқты пьесаның ішін емес, сыртын қызықтайды.
Ал, мұндай ат үсті көзқараспен шығарманың рухани тереңдігін аша алмаймыз» - дейді. Ал, біз «Абылай
ханның өлімін естірту болғандықтан ішкі
көңіл – күй – уайым – қайғы». Сондықтан
дауысымызда сабырлылық, ұстамдылыққа ертеңгіге
үмітпен қарауға шақыру бар. Дауыс осы айтқан
көңіл – күйге
лайықты болуға тиіс. (Ортаңғы регистр, дауыс
күші басым ірі ұшқыр болуы керек).
Үшінші сахналық көңіл – күй – ол жоғарыда айтып өткен
бірінші көңіл – күй ол актердің
шығармашылық дайындық кезеңі, екіншісі актер
көңіл – күйінің рухани тереңдігі – осы екі
заңдылықтың қосылуынан үшінші сахналық
көңіл – күй. Сахна тілі пәнін терең меңгеру
алдымен дикцияны жаттықтыру, сөйлеу мүшелерінің
дұрыс қызметі, жекеленген дыбыстардың анық айтылуы,
ондағы тіл, кішкене тіл,көмей, дауыс шымылдығы,қызыл
иек, төменгі жақ, ерін, таңдай аса зор қызмет етеді.
Халық тілінде «бал көмей», «күміс көмей», «жез
таңдай» деген сөз тіркестері жайдан – жай тумаған, ол
тілдің тазалығына , дауыстың сұлу әсем естілуіне
байланысты айтылған . Дыбыстау мүшелері күрделі жүйе.
Ол – таныстау, вибратор, резонатор және артикулятор аппараттарынан
құралады. Осылар дауыстың әуезділігіне орындау
жылдамдылығына (темп, биіктігі, бояуына)
ұшқырлығына байланысты дауыстың ерекшеленуіне
әсер етеді. Енді кідіріс термині бұл – музыкалық тыныс,
үзіліс дегенді білдіреді, дем алысты жеңілдетеді, ойлануға
мүмкіндік тудырады, ойды, пікірді
бөліп ерекшелеп айтуға қолайлы жағдай жасайды.
Кідірістің бірнеше түрі
бар.
1.Тыныс белгілеріне орай граматикалық
кідіріс.
2.Әсер ала білу қабілетіне, ойлау
парасатына байланысты психологиялық кідіріс жасалады.
3.Сөздің, сөйлемнің,
образдың мағынасына сөйлемнің бірнеше сөзден
тұратын күрделігіне қарай
логикалық кідірістер пайда болады. Міне, осы айтылғандардың
бәрі тіл техникасын меңгеру, дауыс әуезін қалыптастыру,
мінсіз сөз саптау алғырлықты , сезімталдықты оны мен қоса тек аянбай
творчестволық еңбек етудің, жаттығуларды толық
жан – жақты терең меңгерудің арқасында ғана
шыңдалады. Сахна тілінің ролі актер үшін аса зор. Шебер сөйлей білу үлкен
өнер. Ол тек актерлер үшін ғана емес жалпы барлық
адамдар үшін де қажет, өйткені «жақсы сөз жарым ырыс» - деп бекер
айтылмаған. Болашақ актерлерді яғни сөз
өнері адамдарын дайындауда жырау поэзиясының алатын орны зор.
Ауызша шебер сөйлеу – тынымсыз, толассыз жаттығудыңғ
жалықпай еңбектеуден, ізгілік пен кісіліктен, сыршылдық пен
ойшылдықтан туады. «Шешеннің сөзі мерген – шебердің
көзі мерген» - деген сөз осыған дәлел бола алады. Сахна
суреткерлерінің болашақ актерлердің міндеті – сөз
қорын байыту үшін тілдің – телегей теңіз мол
қазынасын мүмкіндігінше мол игеріп, сөздің мәні
мен мағынасындағы ұлан – ғайыр өзгеру мен құлпыру
құбылыстарын жете түсінулері қажет. Тіл байлығы
елдің мақтанышы. Ол атадан балаға жеткен баға жетпес
мұрасы.