Шәмшябану Сәтбаеваның халық ауыз әдебиетін зерттеуге
қосқан үлесі
Оспанова
Б.Р. Абай атындағы ҚазҰПУ
Әдебиеттану
және тіл білімі
ҒЗИ-ның бас ғылыми қызметкері,
ф.ғ.к.Алматы,
эл.поч baian_80@mail.ru
Қазақстан
Республикасы Ұлттық ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі, Қазақ КСР ҒА Ш.Уәлиханов
атындағы 1-дәрежелі сыйлығының лауреаты, филология
ғылымдарының докторы, профессор Шәмшиябану
Қанышқызы Сәтбаева – қазақ әдебиеттану
ғылымына үлкен үлес қосқан көрнекті
тұлға. Оның есімі әлем әдеби
байланыстарының өзекті мәселелерімен, қазақ
әдебиетінің тарихы мәселелерін зерттеген аса бағалы
еңбектерімен республиканың, шетелдік ғылыми ортада кеңінен
мәлім.Ғалымның қазақ әдебиеттануына
қосқан өзіндік үлесі орасан зор. Атап айтатын
болсақ ғалымның ғылыми ізденіс жылдарында Мәскеу,
Ленинград кітап қорларын, қолжазбаларындағы
қазақ халқы, оның мәдениеті мен әдебиеті
туралы Батыс Еуропа елдерінде ерте замандардан бері жазылып, жинақталып
қалған материалдарды тауып, зерттеп-зерделеп бүгінгі
ғылыми айналымға енгізді. Осы ізденістердің нәтижесінде
қазақ әдебиетінде келелі ғылыми мақалалар мен
еңбектер жарық көрді. Ғалымның ғылыми-зерттеу
еңбектерінде әдебибайланыстар, түркілік мұраға
қатысты, қазақ
әдебиетінің тарихына, көркем аударма қатысты мәселелер жан-жақты
талданған. Ғалымның халық ауыз әдебиетін зерттеуге
қосқан үлесі орасан
зор. Соның ішінде Ш.Уәлихановтың шығармашылығын
ғылыми мұрасын зертттеуге қосқан еңбегі
ұшан теңіз. Оның Ш.Уалихановтытың ғылыми мұрасын зерттеуде “Шоқан
Уәлиханов – филолог” (1987) және “Чокан Валиханов и русская
литература” (1987) Шоқан және “Манас” атты монографиялық еңбектерінде жан-жақты
қарастырған [1].
Ш.Сәтбаева
зерттеулерінде қазақтың тұңғыш ғалымы
Шоқанның “Қазақ халық поэзиясының
түрлері жөнінде”, “Тәңірі”, “Оңтүстік Сібір
тайпаларының тарихынан”, “Жоңғария очерктері”,
“Қазақ шежіресі”, “Қазақтардағы
шамандықтың қалдығы”, “Профессор И.Н.Березинге хат”,
“Профессор И.Н.Березиннің “Хан жарлықтары” атты кітабын
оқығанда”, “Жамиғ-ат тауарихтан”, “Тарихи-Рашидиден”, “ХVІІІ
ғасырдың батырлары жайындағы тарихи аңыздар”,
“Ұлы жүз қазақтарының аңыздары” деп
аталатын зерттеулері мен мақалаларын қамтылған. Ғалым
Шоқанның филолог ретіндегі биік ой-тұжырымдарын, терең
білімдарлығы мен халқының көркем сөз қазынасын,
тілін ерекше сүйгендігінің, және басқа
халықтардың рухани қорынан еш кем түспейтін қадір-қасиетін
жоғары бағалағандығының айғағы деп
таниды. Ғалымның осы
аталған зерттеулер мен мақалалардағы қазақ әдебиетіне,
түркітануға қатысты
материалдар мен ой-тұжырымдарды екшелей отырып, ұлттық
сөз өнерінің басты-басты құбылыстары мен
дәуірлерінің келелі мәселелері жөніндегі ой пікірлері
Шоқан мұрасын зерттеу арқылы әр қырынан көрсеткен.
Уәлихановтың
өмірі мен шығармашылығы жайлы жазылған еңбектер
баршылық, бірақ ғалымның филологияға
қатысты қыры, түркі әдебиетімен, мәдениетімен,
әлемдік халықтар әдебиетімен байланыстылығы жайын
алғаш Ш.Сәтбаеваның еңбектерде толықтай
көрініс тапты десек қателеспейміз. Ш.Сәтбаева
еңбектеріндегі Шоқанның қазақ әдебиеті
туралы оның ішінде түркілік
мұраны зерттеудегі рөлін
жаңаша қырынан қарастырды. Атап айтсақ қазақ
ауыз әдебиеті, оның маңызы; эпостық жырлардың
тууы, оның тарихи шындықпен байланыстылығы мен ерекшеліктері;
қазақ халық поэзиясының жанрлық түрлері мен
өзгешеліктері; аңыздар, ертегілер, айтыстар, мақалдар,
және олардағы этнографиялық көріністері
тұрғысынан алып
қарастырған. Қазақ әдебиетінің
жекелеген өкілдері – Асан қайғы, Бұқар жырау,
Тәтіқара жырау, Шал ақын, Жанақ, Шөже, Орынбай,
Нұрымбай; ертедегі көптеген шығыс жазбаларындағы
қазақтарға, олардың аңыз-әңгімелеріне
байланысты деректерді зерделеген. Сондай-ақ, ғалым Ш.Сәтбаева
ғылыми-зерттеу еңбектеріндегі Ш.Уәлихановтың әлем
әдебиеті жайлы зерттеулерін мынадай қырынан
қарастырғанын көруге болады: Ш.Ш.Уәлихановтың орыс фольклоры мен
жылнамаларындағы образдар жайлы пікірлері; ғалымның
түркі халықтары және орыс ертегілеріндегі сюжеттердің
ұқсастығы жайлы көзқарасы; бірнеше халықтар әдебиетіндегі
аңыз-әңгімелердің мазмұны, сюжеті,
мотивтерінің ұқсастығы жайлы ғылыми
тұжырымдары және т.б.
Жоғарыда
аталған мәселелердің ішінде түркілік мұраны
зерттеуге қосқан үлесін анықтайтын зерттеу орта ғасыр шежірелері. Бұл
жазбаларды зерттеуде алғашқы ғалымдардың бірі әрі
бірегейі Ш.Уәлиханов болса, Бабыр мұрасына
қызығушылық танытқан қазақтың
ұлы ақыны – Абай болатын. Ал кемеңгер жазушы М.Әуезовтің:
«Ірі мемуаршы, шебер ақын Захир ад-дин Бабур өзінің
атақты «Бабур-нама» деген кітабында Әлішердің
ақындық, өнерпаздық, мемлекеттік қайраткер,
ұстаз есебіндегі әрекеттерін, мол бейнесін зор құрметпен
баян етеді. Қазақтың атақты классигі Абайдың
Науаи қасиетін кеңінен тануына себепкер, бір жағынан
Науаидің өз шығармалары болса, екінші жағынан – осы Бабурдың
берген бағалары болған» [2, 278-б.] деп жазады Ш. Сәтбаева. «Бабырнама» сынды шежірелік
мұралардың қай кезеңде де құнын жоғалтпағанын айқындайды.
Ш.Қ.Сәтбаеваның
“Казахская литература и Восток” деп аталатын монографиялық
еңбегінде шығыс
әдебиеті мен қазақ әдебиетін дәнекерлеуші –
шығыстық сюжетке құрылған дастандар, және
ондағы көркем мотивтер жүйесі зерттеу нысанына алынған.
Құраннан, шығыстық ұлы туындылар – “Мың бір
түн”, “Шах-нама”, “Панчатантра”, “Калила мен Димна” және т.б.
шығармалардан бастау алатын “Бозжігіт”, “Сейфүлмәлік”,
“Тахир-Зухра”, “Мұңлық-Зарлық”, “Иранғайып шах
Ғаббас” және “Жүсіп-Зылиха” дастандарын
қарастырған. Бұл шығармалардағы
шығыстық мотивтердің көркемдік және
композициялық мәні айқындаған.
Ғалымның
зерттеулерінен аңғарғанымыз бойынша түрлі халықтар әдебиетінде
кездесетін ұқсас сюжеттер мен мотивтердің
қалыптасуының екі жолы байқалады. Бірі – әдеби
байланыстар негізінде, екіншісі – ешқандай әдеби, мәдени
байланысы жоқ елдер әдебиетіндегі мотивтік
қайталаулардың кездесуі. Алғашқысы, яғни
әдеби байланыс арқылы енген сюжеттер мен мотивтердің болуы
әрине, халықтар арасындағы туыстық, бір негізден
тараушылық, болмаса тікелей өзара байланыстар мен алмасулардан
туындағаны сөзсіз. Ал еш байланысы жоқ, территориялық
жағынан алыс жатқан, тарихи туыстығы жоқ елдердің
әдебиетінде кездесетін ұқсатықтар, әрине, таңқаларлық
жайт. Бұл
жайлы орыс ғалымы В.Шкловский былай деген екен: “Слишком много, иногда
слишком подробно говорили мы о бродячих сюжетах. Но оказалось, что сюжеты
бродят не только по дорогам. Они переплывают моря и обитают на тех островах,
куда еще не пришли корабли. Что же бродит и что повторяется и почему сюжеты
оказываются там, куда не доехать, не доплыть, не долететь?” [3,
с.156].
Мұндай сюжеттер
немесе мотивтер әр халық әдебиетінде кездеседі. Ал оның
туындау себептері мен ұқсастығы адамзат санасының
болмыстық бірлігінде жатқанға ұқсайды. Қоғамдық,
танымдық, тұрмыстық тіршілігі ұқсас халықтар
әдебиетінде мұндай тақырыптық және
композициялық бірліктегі мотивтердің кездесеуі заңды. Себебі,
сюжет те, кейіпкер де, идея да өмірден алынады. Өмірдегі
тұрмыс-тіршілігі ұқсас халықтардың
дүниетанымы да ұқсас, сол ұлттық дүниетаным
тұрғысынан қалыптасатын әдебиеті де, мәдениеті де
ұқсас болып келеді. Бұл табиғат заңдылығы
іспетті.
Ш.Сәтбаеваның
зерттеулеріндегі қазақ дастандарындағы көркем мотивтер
осы шығармалардың жетекші компоненттері ретінде қарастырылды.
Олардың шығармадағы атқарып тұрған
көркемдік қызметі жоғары бағаланады. Ғалым
зерттеулеріндегі аталған туындыларда мынадай мотивтерді даралап
көрсетуге болады:
– Перзентсіздік
мотиві.
–
Таңғажайып туу мотиві немесе таңғажайып балалар мотиві.
– Аян түс мотиві.
– Естен тана ғашық болу мотиві.
– Күйеуінің өз
әйелінің тойына қайтып оралу мотиві.
Ғалым
зерттеулеріндегі көркем мотивтерді бір ізге сала
қарастырғанда белгілі бір жүйелілікті
аңғаруға болады. Мәселен, перзентсіздік мотиві
қазақ әдебиетінде көнеден келе жатыр. Оның
алғашқы көрінісі Х-ХІ ғғ. көне түркі
жазба ескерткіші “Қорқыт ата кітабында”, “Таһир-Зухра”,
“Мұңлық - Зарлық”, “Сейфүлмәлік”,
“Шәкір – Шәкірат”, “Ләйлі – Мәжнүн” және
т.б. батырлық, лиро-эпикалық туындыларда кездеседі. Бұл
мотив, Ш.Сәтбаеваның атап көрсеткеніндей, түркі тілдес
халықтардың көпшілігіне ортақ және жалпы сюжеттік
желінің бастауы болып табылады. Бұл ертегілерде де көп
кездесетін мотив. Мыңды айдаған бай адам бір перзентке зар болады.
Өмірден зарығып, әулие аралап, бала тілейді. Оқырманды
бірден баурап алып, адамгершілік, жанашырлық сезімдеріне
қозғау салатын бұл мотив төңірегінде
әлеуметтік мәселелер де сөз болып отырады. Көп
жағдайда шығарма осы мотивтен басталып, оқиға осы мотив
төңірегінде өрбиді.
Ғалымның
өз зерттеулерінде мынадай ерекше бір мәселеге көңіл
аударады. Оның айтуынша қазақтың шығыстық
сюжетке құрылған шығармаларының ешбірінде
перзентсіз ата-ана көпшіліктің мазағына қалмайды. Ал
кейбір өзге шығыс халықтарында мұндай салт бар екендігін
атап өтеді. Мәселен, оғыз батырлық эпосы
“Дәдәм Қорқыт” кітабының Бұқаш жырында:
“Хандардың ханы Баюндур аспан астына ала шатыр тіктіріп, астына
қалың кілем төсетіп, жылдағы әдетінше
төңірекке ат шаптырып, той жасайды. Хан тойдың бір шетіне
ақ ту, бір шетіне қара ту, бір шетіне қызыл ту көтеріп:
– Перзенті жоқ
қу басты қара тудың, ұлы барды ақ тудың,
қызы барды қызыл тудың астына жайғастырыңдар,-
деп әмір етеді.
Дерсехан деген
бектің ұлы да, қызы да жоқ еді. Баюндур ауылының
жігіттері астына қара киіз жайып, алдына қара қойдың
етін тартып, Дерсеханды қара тудың түбіне отырғызады.
- Перзентсіз адам – құдайдың
қарғысы атқан жаны. Оның орны қара ту деп
әмір еткен Баюндур ханның өзі”,- дейді жігіттер [4,
115-б.].
Мұндай
салттың бір сипаты қазақ ертегісі “Батыр Әлібекте” де
кездеседі. Мұнда төрт түлігі сай бай бір күні перзент
тілеп дала кезіп келе жатқанда бір үлкен тойға
жолығады. Мұнда оны:
Ұлдыларға
орын бар,
Қыздыларға
қымыз бар,
Ұлы-қызы
жоқтардың,
Бұл жиында несі
бар
–
деп қарсы алады.
Түркмендердің
Жұман бақсы жырлаған “Хурлиха-Хамире” дастанының бір
нұсқасында уәзір Раушанай ұлды болғанына орай
үлкен той қылады. Сол кезде қалыптасқан
дәстүр бойынша ұлы барға – ат, қызы барға –
құлын сыйға тартылып, ал ұлы да, қызы да
жоқ адамның белбеуіне сүйек қыстыру салты болған
екен. Халық осы салттың перзентсіз Хысроу патшаға
қатысты да орындалуын талап етеді [5, 53-б.].
Мұндай
дәстүр халықтардың көне
тайпалық-рулық қатынастары кезеңінен қалған
тәрізді. Себебі, ол кезде баланың тууы рудың ары қарай
жалғасатындығын білдірген. Сол себепті баласы жоқ
жандардың тегі жалғаспайды деп саналған, бұған
сол адамның жеке басының кемшілігі іспетті
қараған.
Таңғажайып
туу немесе таңғажайып балалар мотиві қазақ
ертегілерінің біршамасында кездеседі. Зерттеуші Ш.Сәтбаева
бұл мотивті көшпелі деп атап көрсетеді. Мұнда
перзентсіздік зары өткен хан жас қызға үйленеді немесе
әулие-әмбиелерді кезіп бала тілейді (кейбір туындыларда аң
мен құстың (жыланның, арыстаның т.б.) етін
жейді). Күндердің күнінде әйелі жүкті болып,
күйеуі үйде жоқ кезде дүниеге сәби әкеледі.
Мұны көре алмаған арам ойлы күндестері немесе
дұшпандары сәбилерді аңның немесе хайуанаттың
балаларымен алмастырып қояды. Бұл жайтқа ашуланған хан
әйелін үйден қуып жібереді. Ал балалар мейірбан
көмекшілер арқасында тірі қалады және олар
таңғажайып кейіпте болып келеді (мәселен, алтын айдарлы,
күміс тұлымды). Дәл осындай мотивті қамтыған
ертегіні Ы.Алтынсарин шығармаларынан кездестіруге болады (“Алтын айдар”
ертегісі). Мәселен “Бозжігіт” дастанындағы басты
қаһарман Бозжігіт те “басында алтын айдар тұлымы бар,
халқының әлпештеген ұланы”. Бұл мотив,
әдетте, сюжеттік байланысқа негіз болып табылады. Осы мотив
арқылы сюжеттік желі өрбіп, жаңа
оқиғалардың өрістеуіне жол ашылады.
Түркі
тілдес халықтардың, сондай-ақ, жалпы әлем
халықтарының әдебиетінде кеңінен таралған
мотивтердің бірі – аян түс мотиві. Мұнда жас ханзада сипаты
жаннан асқан сұлу қызды түсінде көріп
ғашық болады. Қыз да оны сүйеді және жолына
қарайлап жүр екен (мәселен, “Бозжігіт” дастаны). Осы сезім жан-дүниесін
жаулаған жас жігіт әбден азап шегеді. Аталған мотив
шығармаға фантастикалық элементтердің кірігуіне
және сюжеттің ширыға түсуіне себепші болады. Аян
түс тек сүйіспеншілік сезімін жеткізуде ғана емес,
төніп келе жатқан қауіп-қатер немесе жақсы
оқиғалардың да хабаршысы іспетті. Осы арқылы кейіпкерді
болашақ оқиғаға психологиялық тұрғыда
дайындап алу ісі жүзеге асады. Болмаса көп сөзділік,
ұзақ баяндаудан гөрі кейіпкердің осы аян түсі
арқылы маңызды мәселелерді, күтпеген, тосын жайларды
шағын эпизодпен жеткізу тәсілінде қолданылады.
Және бір
ерекше мотивтердің бірі – естен тана ғашық болу мотиві.
Ш.Сәтбаева өзге мотивтерге қарағанда бұл
мотивтің шығыстық сипаты басым екендігін атап өтеді.
Мұнда сүйген адам ғашығын көргенде-ақ естен
тана құлайды немесе фәни дүние өз мәнін
жоғалтады. Мәселен, “Ләйлі-Мәжнүн” дастанында
Қайыс Ләйліге деген шексіз махаббаттан “ақылсыз”
атанған (Мәжнүн деген есім осының айғағы).
“Сейфүлмәлік” және “Бозжігіт” дастандарында басты
қаһарман сүйгеніне деген сағынышты қайғыдан
сарғаяды немесе боп-боз болып кетеді. Мұндай мотивтер
шығарманың шиеленісін күшейте түседі және
туындыға терең сезімдік иірім, лирикалық реңк беріп
тұрады. Естен тана ғашық болу мотивтің шындық
сипатынан гөрі романтикалық, фантастикалық сипаты басым.
Сүйіспеншілік сезімін ерекше құрмет тұтып,
қасиетін жоғары бағалағаннан туындаған мотив кез-келген
дастанның көркін кіргізіп, мәңгілік тақырып –
махабатты өзінше жырлаған шығыс халықтарының
табиғи танымындағы бір ерекшелікті байқатып
тұрғандай. Мұнда тек жасандылық, сезімді асыра
бағалаушылық жатпаса керек. Адамның
ғашықтықтан қандай да бір өзгеше күй
кешуінің құпиялы сыры аңғарылатындай.
Ш.Сәтбаеваның
ерекше атап өтер мотивтерінің бірі – күйеуінің өз
әйелінің немесе қалыңдығының тойына
қайтып оралу мотиві. Бұл мотив қазақтың төл
шығармасы батырлық жыры “Алпамыс” пен көне грек эпосы
“Одиссейде” де кездеседі. Біріншіден, бұл шығармалар бір-бірінен
территориялық алшақтықта жатқан елдерде дүниеге
келген. Бұл кезде екі елдің арасында ешқандай әдеби,
мәдени, экономикалық байланыстардың болмағаны тарихтан
аян. Екіншіден, екі туындының дүниеге келу уақыты да
алшақ. “Алпамыс” жыры бір ғалымдардың пікірі бойынша
Түркі қағанаты тұсында, біздің
дәуіріміздің 6-8 ғғ. дүниеге келген болса, енді
бір топ ғалымдар жырды ХІV-ХVІІ ғғ., Дешті Қыпшақ
дәуіріне тиесілі деп біледі [6, 429-б.]. Ал көне грек ақыны
Гомердің “Одиссейі” болса біздің дәуірімізге дейінгі VІІІ-VІІ
ғасырларда туған.
Ал
осы екі туындыдағы аталмыш мотивтің өзара ұқсас
келуін түсіндіру өте қиын. Бұл жайлы ғалым В.Жирмунский
былай дейді: “Сюжет “возвращения мужа” (“муж на свадьбе своей жены”)” имеет
чрезвычайно широкое распростанение в фольклоре и средневековой литературе
европейских народов, но в форме, в значительной мере модернизованной,
утратившей черты богатырской сказки, столь очевидные в “Алпамыше” [7,
с.276]. Дәл осы мотив шығыстық сюжетке құрылған
“Тахир-Зухра” дастанында да кездеседі. Мұнда да жоғарыдағы
екі эпостағыдай бас қаһарман бөтен адам сипатында келсе
де ғашығы оны музыкалық аспапта мұңды өлең
айтуынан танып қояды. Бұл мотивтің Ш.Сәтбаева
фольклордың әртүрлі жанрларына тән екендігін атап
өтеді. Аталған мотив, көп жағдайда, сюжеттік шешімге
себеп болады.
Ш.Сәтбаева
зерттеулерінде талданған бұл әдеби мотивтердің
атқарып тұрған қызметі жоғары және
түркілік мұрадағы ерекше маңызға ие мәселе.
Сюжет бірнеше мотивтердің тізбегінен тұрады деген пікірге
жүгінетін ғалымдар көзқарасын
құптасақ, аталған әдеби мотивтерді белгілі бір
жүйеге тізбектеп қоюға болады. Бірінші орында перзентсіздік
мотиві, одан соң таңғажайып туу немесе таңғажайып
балалар мотиві, мұнан соң аян түс және естен тана
ғашық болу мотиві, ең соңында күйеуінің
өз әйелінің немесе қалыңдығының
тойына қайтып оралу мотиві орналасады.
Сонда
осы мотивтерден сюжет құрап көрсек, бір перзентке зар
болған адам тәңірден сәби сұрайды. Тәңір
оның көз жасын көріп бала береді. Ол бала қарапайым
бала емес, ғажайып бала болып туады. Осы бала ер жете келе аян түс
көріп, өзінің болашақ жарына ғашық болады.
Бұл ғашықтық қалыпты жағдайда емес,
қаһарманның естен танып құлай сүюіне,
ауруға шалдығуына немесе құса болуына дейін апарады.
Осы ғашықтық сезіміне бой алдырып, сол арманын орындау
мақсатында немесе өзге де түрлі себептермен елінен кетіп,
талай қиындықтармен, дұшпандарымен күресе жүріп
бас кейіпкер еліне қайтып оралып (немесе қалыңдығының
еліне келіп), өзінің қалыңдығының
тойының үстінен шығады. Шәмшиябану
Қанышқызы еңбектерінен ғылымға деген
адалдықты анық байқауға болады. Зерттеуші еш
уақытта ешкімді де, ешқандай құбылысты да асыра
мақтап немесе асыра ғайбаттаған емес. Ғылыми этика
талабына сай сарабдал, салиқалы ой айтып, дәлелмен ғана
сөйлейді. өткен мен болашақты бірдей талдай білген. Қандай ой айтса да тек
бүгінгі күн талабы тұрғысынан баға бермей,
жан-жақты өзіндік ой қорытуға тырысқан.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Сәтбаева Ш.Қ. Уақыт шуағы. – Алматы: Ғылым,
2000. – 656 бет
2. Сатпаева Ш.К. Казахско-европейские литературные связи ХІХ и первой половины
ХХ в. – Алма-Ата: Наука, 1972. – 280 с.
3. Шкловский В. О теории
прозы. – Москва: Советский писатель, 1983. – 383 с.
4. Қорқыт
ата
кітабы. Алматы, 1995. – 145 бет
5. Бахадырова С.
Каракалпакский народный дастан “Хирлуха-Хамире”. Вариант Жуман бахсы. // Туркология,
N5. 2005. – С. 52-56
6.
Алпамыс
батыр. – Алма-Ата: Изд. АН КазССР. 1961. – 567 с.
7. Жирмунский В.М. Сказание
об Алпамыше и богатырская сказка. – Москва, 1960. – 334 с.