М.Әуезов зерттеуіндегі Абай тілі
Исхан Бейбіт Жәлелұлы
Оспанова Баянды Рамазановна
М.Әуезов «Абай
Құнанбаев» атты монографиясында, бірінші кезекте,
ақынның өмірбаянына барынша кең тоқталады.
Оның лирикасына, поэмалары мен қара сөздеріне және аудармаларына әдеби тұрғыдан
өте ауқымды
талдаулар жасайды. Ақынның әдебиетімізге қосқан
зор үлесін жан-жақты көрсете отырып, ақындық
шеберлігіне жоғары баға береді. Сонымен қатар,
ақынның сол шығармаларының шебер де көркем тіліне
де көңіл бөледі. «Мақсұтым – тіл ұстартып өнер шашпақ», –
деп отырған Абай қазақ тіліне, сөйлеміне,
поэзиялық лексикасына, поэзиялық синтаксисіне көп
жаңалықты әлдеқалай емес, әдейілеп іздене отырып қосқан
болар» [1;282], – деп ұлы Абайдың қазақ
әдеби тіліне енгізген жаңалықтарының көп екендігін,
оларға белгілі мақсатқа орай, көп
еңбектеніп
ізденудің арқасында
жеткенін әрдайым еске салып отырады. «Абай
жаңалықтарының мысалдары өте мол. Бұны
Абайдың сөздігінен,
сөйлем құрауынан,
көрші еддердің тілін
пайдалануынан, өзіне жеткен әдебиеттер тілінен
үйренуінен талай да талай рет
көреміз. Абайдың бұл жөніңдегі
жаңалықтары тек өлең сөздері емес,
"қара сөздерінен" де қадағалап қарап,
терең ұғыну қажет»
[1;283], – деп
Абай тілін өзінен кейінгі болашақта зерттейтін ізденушілерге бағыт-бағдар
беріп, оның тілінің қандай жағын қарастыру керек
екенін және оның тілдік жаңалықтарының
үлкен мәні бар екенін айтып, жалпы көркем шығарма тілін
қалай талдаудың жолдарын да көрсете кетеді. Бұл орайда
ғалымның «Абайдың әлі қазақ тілшілері
қолына алмаған, көркем әдебиет тіліндегі сан өзгешеліктерді
тануы шарт. Сол жайдың өзі-ақ нелер қымбат
ізденудің, зерттеудің тақырыбы болар еді» [1;282],– деуі бізге біраз ой салары анық. М.Әуезовтің
бұл ойлары, әрине, ертеректе айтылғанын ескерсек, одан бері
Абай шығармаларының тілі жөнінде көптеген
мақалалар, біршама көлемді зерттеу еңбектер жарияланды [2;14-18].
Сонымен, жоғарыда
баяндағандарымыздың барлығы Абай шығармаларының
қазақ әдеби тіліндегі орны мен рөлі, оны дамытуға
қосқан үлесі, қазақ әдеби тіліне әкелген
жаңалықтары жайындағы жалпы мәселелерге қатысты
дүниелер болса, ендігі сөз еткелі отырғанымыз М.Әуезовтің
Абайдың нақты бір жанрларына орай айтқан пікірлері
жөнінде болмақ.
М.Әуезов
Абайдың толық қанды, нағыз ақын болған
кездегі лирикалық өлеңдеріне тілдік талдау жасаудан
бұрын, ең алдымен, оның жас шағындағы
шығармаларының тіліне тоқталады. Себебі, ұлы
Абайдың ақын болып қалыптасу кезіндегі ең алғашкы
тілдік даму сатысын, яғни жас Абайдың тілдік қорын, сөз
байлығын, алғашқы өлеңдерінің тілдік
ерекшеліктерін айтпай тұрып, шебер құрылған,
қазақтың бай сөздік қорын мейлінше тиімді
пайдаланған көркем өлеңдерінің тілін баяндау, бір
жағынан, табиғи заңдылыққа қайшы келер де
еді. Осыны ескерген М.Әуезов, ең бірінші кезекте, Абайдың
өскен ортасы, үйренген, тәлім-тәрбие алған
ұстаздары, оқыған мектептері мен үлгі-өнеге
алған ақын-жыраулары туралы ғылыми ой қозғап,
алғыр да дарынды болашақ заңғар ақынның тіл
байлығының қалыптасу кезеңін табиғи
зандылықта қарастырады. Абайдың бірден «пайғамбар
ақын», «сөз зергері» болып туа қалмағанын, оқу
мен үйренудің, іздену мен еңбектенудің
нәтижесінде өте жоғары ақындық дәрежеге
біртіндеп жеткенін ақиқат шындық ретінде ұсынады.
Абайдың он үш пен
он сегіз жас аралығында тудырған «Иузи рәушан», «Физули,
Шамси» және «Әліфби» деген өлеңдеріне ғылыми
талдау жасап, ақын шығармашылығындағы осы үш
өлеңнің алатын орнына айрықша тоқталып,
әдеби-эстетикалық жағына көңіл аударады
және тілдік тұрғыдан да баға береді. «Мынау
өлеңдер тұсында айқын байқалатын ерекшелік – шығыс
үлгісінде жазылғандықтары. Екінші өзгешелік – бұл өлеңдер жатқа,
ауызша шығарылған шығармалар емес. Бұнда Абай
анық жазушы ақын» [3; 92], – деп болашақ ақынның
жас кезінде жазған өлеңдерінің өзімен-ақ
өзіне дейінгі, бұрын-сонды өткен қазақтың
ақын-жырауларынан ақындығы өзгеше болып
қалыптасып, өсе бастағанын айтады. Оған үлкен
мән береді. Әрі қарай ғалым: «Абайдың мына кітапшалап, араб, парсы, ескі өзбек
(шағатай немесе түркі деп аталатын) тілдерден көп
сөздер кіргізіп тудырған өлеңдері, тек қана
жазумен туатын шығармалар екенінде дау жоқ. Әйелдің
сүлулылығын бейнелеген «Иузи рәушан» деген
өлеңінде жас Абай анық еліктеуіш ақын екендігін
көрсетеді, – деп ақынның қалыптасу, өсу кезіндегі
жазған алғашқы өлеңінің тағы бір
ерекшелігіне әрі кемшілігіне көңіл аударады да, кейін бұл
еліктеуден арылып, – Сөз айттым «Әзірет Әлі,
айдаһарсыз», Мұнда жоқ «Алтын иек, сары ала қыз» [4;92],–
деген өлең жолдарын тудырды дейді.
М.Әуезовтің
осындай тұжырымдарына орайлас пікірді талай зерттеушілер де айтқан.
Мысалы, қазақ жырының құлагері, атақты
ақын І.Жансүгіров «Абайдың сөз өрнегі» [4;196-197]
атты мақаласыңда Абайдың жаңағы
өлеңдерінің тіліне тоқталып, баға береді.
Бұл өлеңдер оның алғашқы тілін
көрсетеді, ол кезде оның бұлай жазуы орынды да еді,
әсіресе, молда, қожалы ауылда өскен, дін оқуын
оқытатын мектепте оқыған Абайдың тілінің
алғашқы кезеңі сондай болуы әбден заңды деп
есептейді.
Ал Абай
ақындығының телегей теңіз мазмұнға толы
ерекшеліктерін кезінде дәл таныған, оның тілін алғаш
зерттеп-танып білуде зор қызмет атқарған профессор Қ.Жұбанов:
«Бұл – ақынның
беті ашылмаған балаң кезі. Абайда осындай, түгелімен
шағатай тұтқынында болған дәуір болды, осы екі
өлеңнің екеуінің бір жылда жазылуы, түрінің
ұқсастығы осыны көрсетеді. Екеуінде де шұбар тіл,
екеуінде де ғаруз, екеуінде де үштен тастап, төрттен
түйген ұйқасым, бірінде шағатай ақындарына сыйыну
болып, екіншісінде солардан қалған жауыр бейне болуы – осының
бәрі, кездейсоқ ұқсастық емес. Бұл Абай
ақындығының бір кезеңі – шағатайға еліктеу
кезеңі, солардан шығып кетпек түгілі, оларды сынамақ
түгілі, әлі олардың өз ішіндегі тәуірін тандап
алуға да шамасы келмеген кезең» [5; 294], – деп жазады. Бірақ
олардың барлығы да М.Әуезовтің ойларымен ұштасып жатқандықтан, әрқайсысына кезек тоқталып
жату қажет емес болар. Тіпті өзіміз де М.Әуезовтің сол
пікірлерін басшылыққа ала отырып, Абайдың сол үш
өлеңін қайтадан оқысақ, осы айтылған
жайттарға көзіміз айқын жетеді.
Сөйтіп, М.Әуезов
Абайдың жас кезіндегі өлеңдерінің тілі туралы осылайша
тиянақты пікір айта отырып, «болашақ үлкен ақын»
шығыс классиктерінің шығармаларын оқып-үйрену
барысында көптеген үлгі-өнеге алғандығын,
оның сөздік қорына қосылған біраз
сөздердің сол шығыс поэзиясы арқылы енгендігін
жоққа шығармайды. Абай шығыс классиктерінің
кейбір үлгілерін анық пайдаланған. Оған жас кезінде іздену
мен еліктеу түрінде барса, шебер ақын болып қалыптасуына
бұл жолдың да көп көмегі болғаны анық. М.Әуезов
соны айта отырып, «әрине бұндағы тіл шұбарлығы – Абайдың
жаргонға орынсыз қызыққан кемшілігі» деп
бағалайды. М.Әуезовтің бұл пікірін белгілі ғалым Қ.Өмірәлиев
те «Абай афоризмі» [6; 40-41] атты еңбегінде толық қолдап жазады.
М.Әуезов келесі кезекте
ақынның жастық шағынан бізге жеткен, бірақ
жазылған жылы белгiciз
«Сап, сап, көңілім,
сап көңілім» деген өлеңіне тоқталып, оның
тіліне жоғары баға береді. Бұл өлеңнің
алдыңғы үшеуіне қарағанда мүлде
басқаша екендігін, әсіресе, бізге бірден байқалатын
ерекшелігі таза қазақ тілінде жазылғандығын айтып,
араб-парсы тілінен енген элементтердің тіптен ұшыраспайтынын баса көрсетеді.
Қазақтың шешен де оралымды тілімен жазылған деп, сол
жағын қатты бағалап, «кейін тілдегі шұбарлықты
жеңгені – Абайдың да, біздің
да мақтанышымыз. Жаргонды қолдану, әрине табыс емес еді.
Бірақ соның бала шақта болып келіп, ақыры Абайдың
жеңіп, басқа сапаға ауысқаны, халықтық
қорға өзінің ақындық тілін терең
тамырмен байланыстырғаны – Абайды зерттеудің қызықты
мәселесінің бірі» [7], – деп ақын шығармашылығының қалыптасу, даму
кезіндегі осындай жетістікке (прогресске) үлкен мән береді.
1882 жылы жазылған «Қансонарда»
деген өлеңімен үлкен ақындық шеберлікке жеткен
ақын ретінде көрінетін Абайдың бір ерекшелігіне М.Әуезов
арнайы көңіл бөледі. Ол – ақынның жас
шағында жазған «Сап, сап көңілім» мен «Қансонарда»
өлеңінің арасындағы үлкен үзіліс (1865-1870).
Осы тұста «Абайдың сол әріректе мүлде өлең
шығармай жүруі мүмкін емес, – деп күдік білдіре келе, –
«Қансонарда» өлеңі тұңғыш туа
қалған бірінші көркем шығармасы болуы мүмкін емес
тәрізді» [1;101], – дейді.
Расында да, бұл
уақытта Абайдың ақындықты өзіне үлкен
өнер етіп алған, орыс тілін толық менгерген, орыс
классиктерінің шығармаларына қатты зер салып, алғаш
аударма өлеңдер жасап жүрген кезі еді. Ақынның осы
жағын қатты ескерген ғалым: «Анық
ақындыққа, үлкен өрісті, әлеуметтік
еңбек деп кіріскен ақын, мүмкін, 1880 жылдардан
бұрынғы кейбір өлеңдерін бертінде өзі де місе
қылмаған болар. Сондықтан, жоғарыда айтылған,
жоғалып кеткен деген кейбір өлеңдерді (ақынның
кейбір өлеңдері жоғалып кеткен деп аталған
монографиясында айтқан) өз шығармасынан кейін өзі де
өшіруі ғажап емес» [1;102], – деп көңіл
аударарлықтай тосын пікір айтады. Ғалымның бұл пікірі
Абай шығармаларын тілдік тұрғыдан талдап-зерттеуде де
үнемі ескеретін маңызды жорамал деп ойлаймыз.
М.Әуезов
Абайдың ендігі өлеңдерінің тілі таза қазақ
тілінде жазылғандығын, олардың бойынан бұрын
қазақ поэзиясында мүлде болып көрмеген сөз
қолданыс пен жаңа сөз тіркестердің, бұрынғы
қазақ поэзиясы нұсқаларынан ұшыраспайтын
шеберліктің өте көп үлгілері кездесетінін айтып,
әрдайым еске салып отырады. Ал жаңа бағыттағы
ақын қазақ жұртының тіршілігінің қай
тақырыбына арнап өлең жазса да, өзіне дейінгі
қазақ поэзиясының атақтылары саналып келген
бұрынғы ақын-жырауларша жазбаған.
Өлеңдеріндегі тіл, кейбір теңеулер мен
мақал-мәтелдердің қолданылуы соларға
ұқсас болып көрінгенімен, өзіндік сөз саптау
өзгешелігі, өзіне ғана тән сөз өрнегі
айқын байқалады. Сондай-ақ, ұлы Абай, негізінен,
өз өлеңінде айтатын жайларды аса жақсы біліп, өте
дәлдікпен, шындықпен жырлайтын ақын екендігі де
баршамызға белгілі. Мұны көптеген абайтанушы зерттеушілер
әрдайым айтып та жүр.
М.Әуезов соны жете көрсету
үшін, ақынның өлеңдерінің тақырыбы
мен мазмұнына сөздігі үнемі сай келіп жататынын айтып,
«Қансонарда» өлеңінің сөздігі туралы былай дейді:
«Шындыққа, нақтылы деректілікке ерекше мән берген
ақын реалистік дәстүр бойынша, өз
шығармасының барлық бұйымын, бар тұрманын
тұтас ету керек. Соның белгісін бұл шығармада Абай
өзінің сөздігінен де айқын танытады. "Сонар",
"Қағушы", "Қайтқан із",
"Бүркіттің қайқаң қағып
аспанға шығуы", "Түлкінің көре тұра
қалуы", "Үйірімен үш тоғыз" десу – бәрі
де аңшылықтың өзіне тән тілі» [1; 105], – деп
өлең тақырыбы мен мазмұнына сәйкес
қолданылған кәсіби сөздер мен сөз тіркестерді
теріп көрсетіп, ұлы Абайдың тақырыпты игерудегі
сөз қолдану шеберлігін, нағыз сөз зергеріне лайық
сөз саптау үлгісін нақты деректермен айқындап береді.
Басқа
өлеңдерінің де тақырыптық, идеялық
және мазмұндық жақтарын кең талқылай келе,
өлеңдерінің кімдерге арналуына байланысты ақын өз
өлеңдерінің тілімен шеберлігінің кілтін
ұстатқандай болады деп, араб, парсы және орыс тілдері
сөздерінің жұмсалу ерекшелігіне арнайы тоқталады.
Бұл орайда Абайдың жастарға арнап жазған «Интернатта
оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба», «Жігіттер ойын
арзан, күлкі қымбат», «Бір дәурен кемді күнге –
бозбалалық» деген
өлеңдерінің тілдік ерекшелігіне мән береді.
Ақынның осы өлеңдерінде тіліміздің болмысына
тән емес жат сөздерді не себептен пайдаланғандығын
түсіндіреді. Өлеңнің мазмұнына лайық
бөтен сөздердің жүруін белгілі бір мақсатқа
орайлас әдейі пайдаланылған әдіс дейді. Мәселен, «Интернат»,
«здравомыслящий», «военный қызмет», «коренной», «счет», «занимайся прямотой»
деген сияқты сөздерді кірістіруі, оларды қазақ,
сөздерімен ұйқастыруы ақын шеберлігіне ерекше назар
аударып қарауды талап етсе, ғалым ол қолданыстарды
өлеңнің мақсаты мен мазмұнына байланысты туған
қажеттілік деп ұғындырады. Бұл жолы Абайдың осы өлеңдерінде
жаңағыдай бөтен тілдердің сөздерін пайдалануына М.Әуезов
ақынның жас шағындағы өлеңдерінің
тілін сынағандай көзқараспен қарамайды. Қайта,
ондай сөздерді ақынның қолдануы әбден орынды
болған деп, ұлы Абай бұл арада сол сөздердің
қазақша баламасын таппағандықтан емес, белгілі бір
мақсатқа орай қолданып отыр деген ойды айқын меңзейді.
Ғалым осы айтқандарын нақтылай түсу үшін
Әбдірахманға арналған өлеңдерінде кездесестін
діни, араб сөздері туралы былай дейді: «Әбдірахманға
арналған өлеңдерінде, әсіресе, осы діндік
ұғымдарды ақын мұсылманшылдықтың, дін
кітаптарының өзі қолданатын тілмен жарыққа
шығарып отырды. Сондықтан «алла», «эррахман», «яр тұту»,
«дұғаның қуаты», «сүнғатім» деген
сияқты сөздер, жаңағы айтқандай, діндік наным,
мазмұнмен жалғасып, өзінше занды түрде келтірілген
ұғымдар болады» [1; 154].
Тағы бір ретте Абай
өз өмірінде болған ауыр қазаларға байланысты кейбір
түңілу сарынынан туған өлеңдерінде де
«махлұқ», «даһри», «ләмакан» сияқты діни
сөздерді пайдаланған болса, бұны да М.Әуезов Абай
поэзиясының табиғатына, сол өлеңдерінің
мазмұны мен идеясына сай «дүниелер» деп көрсетеді. Аударма
өлеңдерінен гөрі төл шығармаларында молырақ
кездесетін бірқатар орысша сөздер туралы да осыған жуық
пікір білдірген. Яғни орысша сөздерді жастарға, орысша
білетін жастарға арнайы айтып отырғандықтан қолданады
дейді [6;180].
Абайдың
өмірінің соңғы жылдары (1902-1903) жазылған «Алланың
өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңін талдау жасаған
кезде де М.Әуезов жаңағы айтқан пікірлеріне
қайтадан оралып, ұлы ақынның жеке өмірінде
болған қайғы-шер оның дүниетанымына және
оған деген көзқарасына әсер етіп, бір уақ
діншілдік сарындағы өлеңдер туғызған және ол
сарын тек өлеңдерінің мазмұнынан ғана
көрініп қоймайды, тілінен де айқын байқалады деп, осыны
айтумен тағы да өзінің сүйікті ақыны
Абайдың осындай бір өлеңдерінде ұшырасып қалатын
мұсылман дініне қатысты араб тілінің сөздерінің
жүруін (жүмім, наме, бақи, фәни т.б.) занды
құбылыс деп санайды. Бұл кезде Абайдың бөтен
тілдердің сөздерін пайдалануы, бір жағынан, орынды да еді
деген ойға жетелейді. Демек, бұдан шығатын түйін М.Әуезов
Абайдың нағыз ақын болып қалыптасқан,
толысқан кезінде жазған өлеңдерінде араб, парсы және
орыс сөздерінің жүруін тіл шұбарлығына жататын
кемшілік деп емес, белгілі мақсатқа орай қолданылған
тілдік, стильдік амал-тәсілдер деп қарастырады.
Ұлы Абай әрбір сөзді теңеумен,
эпитетпен айтуда, көркем сөз образын жасауда асқан шебер
ақын екендігі баршамызға мәлім. Ол мұнымен қоса,
жеке сөздің мағынасын кеңейте, көркемдік бояуын
қоюлата, бұрынғы қолданылып жүрген
дәстүрлі ұғымнан өзгеше ұғымда
жұмсаудың да нағыз шебері. М.Әуезов ақынның
осындай қырларын әрдайым баса көрсете отырып, жаңағы
айтқандай ерекшеліктер бойынан табылатын.
Сонымен, М.Әуезовтің
Абай лирикасының тіл туралы айтқан пікірлерін жиып-теріп,
түйіндей келе, ұлы Абайдың көңілдегі
көрікті де мазмұнды ойларын жарыққа шығару
үшін тіліміздегі көптеген үйреншікті сөздер мен
сөз тұлғаларды жаңаша жұмсап, өз
қажетіне тиімді жаратқан деп білеміз. Сондай-ақ, өзінен
бұрын халық тілінде күнделікті тұрмыста, жеке
ақындар шығармаларында қолданыста болған сөздер
мен сөз тіркестеріне тың мағына үстеп, жаңа
рең беріп те көп ретте пайдаланған. М.Әуезов Абай
өлеңдерін тілдік тұрғыдан талдау жасағанда, міне,
осы жақтарын үнемі еске салып, ескертіп отырады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1 Әуезов М.
Абай мұрасы жайында. Социалистік Қазақстан, 1951, 4 февраль.
2 Жұбанов
Қ. Абай қазақ
әдебиетінің классигі. Қазақ тілі жөніңдегі зерттеулер. Алматы.
Жазушы, 1966.
3 10 Әуезов
М. Жиырма томдық шығармалар жинағы, 19-том. Алматы.Жазушы,
1985.
4
Нұрқатов А. Мұхтар М.Әуезов творчествосы.
Алматы. Жазушы, 1965.
5 Өмірәлиев
Қ. Абай афоризмі. Алматы. Қазақстан, 1993.
6 Әуезов М.
Абайтанудан жарияланбаған материалдар. Алматы. Ғылым, 1988.
7 Өмірәлиев
Қ. Қазақ поэзиясының жанры және стилі. Алматы.
Ғылым, 1983.