Дариға Тұранқұлова

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер акдемиясының профессоры,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Арман Жұмаш

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер акдемиясының доценті,

өнертану кандидаты

Гүлзада Айтбаева

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ оқытушысы, өнер магистры

 

БОЛАШАҚ АКТЕРДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ДИКЦИЯНЫҢ МҮМКІНДІКТЕРІ

 

РЕЗЮМЕ

В статье рассматриваются проблемы дикции в актерской речи. Также осмыслению подвергаются  вопросы значимости культуры сценической речи и дикции. Особое место отводится анализу методов и приемов работы над дикцией, ее совершенствования как основного средства сценической выразительности актера.

Ключевые слова: дикция, культура речи, сценическая выразительность

 

SUMMARY

The article raises the problem of diction in the actor's speech. We consider the questions the significance of speech and diction. A special place is given to the analysis of methods and techniques of work on diction, its perfection as the main means of expression stage actor.

Keywords: diction, speech culture, scenic expressiveness

 

Ұлттық әдеби тiлiмiздiң мәдениетi сан ғасырлар қалыптасып, қазiргi уақытта кең байтақ Отанымыздың қай түпкiрiне барсақта, жалпыға бiрдей қазақ тiлiнде сөйлесiп түсiнiсетiнiмiз ақиқат. Ұлтымыздың әдеби тiлi бiздерге бабалардан қалған мол асыл мұра екенi даусыз. Ұлан байтақ жерiмiзде ұлттық әдеби тiлiмiздiң қалыптасуына, сонау көнеден аты аңызға айналған: Майқы би, Қорқыт, Әбу Насыр әл-Фараби сынды халқымыздың мақтаныштары, бертiнде Асан қайғы бастаған жыраулар, олардан кейiн: ұлы Абай бастаған көш ұлкен үлестерiн аямай қосты. Халық арасында осынау ұлы тұлғалардың мол мұрасын, өз шығармаларымен қатар уағыздаған: Бiржан сал мен Ақан серiдей ақиық ақындар тiлiмiздiң сан тарапқа, әр тiлдiң жетегiнде шашырамай, жинақы, тарихы мен мұрасы мол тiл болып қалыптасып, бiздерге жетуiне бағаланбас зор үлес қосты. Осындай ұлылардан қалған мол мұраны ендiгi жерде халыққа жеткiзетiн және оның жанашыры, жан айқайшысы болатын-актер.

Қазақ даласына кәсiби актер тек жиырмасыншы ғасырда ғана аяқ аттады десек те, сол қысқа мерзiм iшiнде ұлттық сахнамызда естен кетпес жұлдыздар жарқырап үлгердi. Олардың iшiнде сөз өнерiне жаңаша алау жаққан, сөз зергерлерi: Қалибек Қуанышбаев, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Әнуар Байжанбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Райымбек Сейтметов, Әнуар Молдабеков, Әнуар Боранбаев, Зәмзәгұл Шәрiпова сынды сөз ұсталарының мол мұрасын ендiгi жерде жұйелеп, соның негiзiнде мектеп қалыптастыру, сахна тiлi мамандары - Қазақстанға еңбегi сiңген өнер қайраткерлерi, профессорлар Р.М.Қаныбаева, Д.Тұранқұлова, профессор М.Омарбаевалар мен олардың iзiн басушы ұстаздардың мiндетi.

Әрине жоғарыда аты аталған сөз майталмандарының биiгiне самғау кiм болса соның қолынан келе бермесi анық. Кейде: «Құдай дарын берсе ғана, ондай арман орындалады» - деушiлер де бар. Бiрақ дарындылық пен қоса терең бiлiм мен қайтпас еңбекқорлықтың нәтижесiнде ғана актер - әрi актер, әрi сөз зергерi бола алады. Қазақ театр өнерiнiң тарихындағы қайталанбас тұлға, ұлы Мұхтар Әуезов былай деген екен: «Егер сахнадан айтылған сөздiң барлығы дерлiк көрерменге жетсе, онда спектакль өз мақсатын 75 %-ға орындады деп есептеуге болады». Мiнеки мұндай биiк баға, сөз қадiрiн қандай биiкке көтередi десеңiзшi.

К.С.Станиславский: «Нашар мұқам бiр түсiнбеушiлiктен, бiр түсiнбеушiлiктi туғызады. Олар жинақталып, мағынаны тұмандандырып көлегейлегенi былай тұрсын, тiптi пьесаның бар мазмұн-сипатына тосқауыл болады» - деп есептеген [1]. Дикцияға тоқталмас бұрын, сахна тiлi пәнiнiң мақсаты мен бағдары жайлы бiзге дейiнгi осы ғылымды зерттеген ғалымдардың сөзiне жұгiнейiк...» Сахна тiлi өз бойында үш тұрлi бағытта ақпарат қалыптастырады: қисынды, сезiмдi-айқынды, әсемдi. Бұл ақпараттардың басым көпшiлiгi дикцияның техникалық шеберлiгi мен айқындылығы арқылы iске асады. Ал өз тарапынан дикция: айқындылықтың, қалыптылықтың және тiлдiң әсерлi үн нақыштылығының синтезi. Тiлдiң дыбысталуы, дауыс ырғағының мазмұны мен психологиялық толықтылығы дикция айқындылығына едәуiр ықпал етедi. Жоғарыда тiзiлген элементтер дикцияны айқындайтын, әрi сахна тiлiнiң көркемдi-эстетикалық сапасына әсер ететiн комплекстi әдiстердi құрайды» [2].

Адамның аса кұрделi әрi өте нәзiк дауыс аппараты iстен шықса, қайта орны толмас табиғаттың ұлы сыйы. Оның ұзақ әрi сапалы қызмет етуi-дауысты саналы пайдалануға байланысты. Табиғат ана адам дауысының күшi мен биiктiгiн бiр-бiрiне тең сәйкес мөлшерлеп берген. Осы тепе-теңдiктi бұзатын кезкелген ауытқулар, дауыс аппаратының бұлшық еттерiн керi қызмет етуге және дауыстың түрлi ауруларға шалдығуына соқтырады. Сондықтан келешек актер әркез өзiнiң сөйлеу аппаратын күтiп, мәпелеуi қажет. Күнделiктi жүйелi жаттығу дауыс аппаратын: күшейтуге, шынықтыруға, олқылықтан сақтауға, шығармашылық үдеріске дайындауға, айтылған сөз айқындылығына әсер етуге, келешек актер тiлiнiң кәсiптiк сапалығының деңгейiн ұзақ мерзiмге созуға көмектеседi. Сөз үндiлiгiнiң кәсiптiк шеберлiгiн меңгеру, келешек актердан дикциямен техникалық дайындыққа шындап кiрiсудi талап етедi. Келешек драма актеры өз дауыс аппараты (ерiн, тiл, жақ, жұмсақ таңдай) бұлшық еттерiнiң икемдi әрi жылдам дамуына ықпал ететiн, сол арқылы дикцияның айқындылығы ұшталатын жаттығуларды үздiксiз күнделiктi жасауы тиiс.

Келешек актер болар студенттiң қандай тiл кемшiлiктерi, дикцияның таза әрi анық шығуына кедергi етедi? Бұл жөнiнде сахна тiлi пәнiн зерттеген ғалымдардың сөзiне назар аударайық. «Дикцияның ең бiрiншi жауы-енжар түсiнiксiз артикуляция. Егер жақ ашылмай, айтылған сөз тiс арасынан тез шықса-сахнада орындалған шығарманың мағынасы түсiнiксiз болады. Мұндай кемшiлiктен өз бойын аулақ ұстағысы келген актер, жағын аша бiлуге өзiн дағдыландыруы қажет. Бiрақ ескертетiн жайт, жақ ашылғанда екi езуiне қарай емес, тiк ашылуы қажет (әрине табиғи шектен аспай), бұлай ашылған ауыздан дыбыс жинақы шашырамай шығады. Ал екi езуi арқылы ашылған ауыздан шыққан сөз-жүгенсiз тұрпайы болып естiледi. Егер сөйлеп тұрған актердың үстiңгi ерiндерi қозғалмаса, онда да айтылған сөз түсiнiксiз болады. Актерға бар болғаны ернiн, үстiңгi тiстерiнiң ұштары көрiнердей етiп көтерiп сөйлесе болғаны, барлық айтқан сөзi анағұрлым түсiнiктi болар едi. Бiрақ өкiнiшке орай күнделiктi дауыс аппаратына жаттығу жасамай жүрген актер, өз сөзiн көрерменге анық жеткiземiн деп, дауыс шымылдығына салмақ түсiрiп, дауысын зорықтыруы мүмкiн. Дәл осылай астыңғы ерiн де қимылдамайтын, салғырт болса дауыссыз (с,з,ц,ш,ж,щ,ч,в,ф) дыбыстардың анық, таза шығуына кедергi болады. Тәжiрибеде өте жылдам сөйлейтiн актердың сөздерi бiр-бiрiнiң үстiне мiңгесiп кететiн, не болмаса арасындағы буындарды «жұтып» қоятын, ал көбiнесе соңғы дауысты дыбыстарды «жейтiн» кемшiлiктерi жасырын емес» [3].

Дикциямен жұмыс барысында бiздер әр дыбыстың өзiне тән ерекшелiгiн айқындайтын артикуляциясымен танысамыз. Сонымен қатар шектен тыс артикуляция да солғын артикуляциядай зиян екенiн есте сақтау керек. Ал бұл орайда: дыбысты, буынды, сөздi айту кезiндегi анықтылық  дәрежесi, дикцияны бағалаудың басты айқындаушысы және сапасының негiзгi көрсеткiшiне айналады. Себебi драматургтың пьесасы мен режиссер қойған спектаклдiң айтар ойы актердың таза дикциясынан туған түсiнiктi және анық  шыққан сөзi арқылы ғана көрерменге жете алады. Мiнеки - бұл қағиданы келешек актер өз жадында мәңгi сақтауы тиiс.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Станиславский К.С. Собрание сочинений в 9 томах. М., Искусство, 1996

2. Васильев Ю.А. О дикции. Ленинград, 1985

3. Козлянинова И.П. Произношение и дикция. М., 1977