ҰСТАЗ БЕН ШӘКІРТ
(Жүсіпбек Аймауытов пен
Әуелбек Қоңыратбаев
өмірінен үзік сыр)
ХХ
ғасырдың бас кезіндегі қазақ прозасының
көрнекті өкілі, белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың
жазықсыз жазаға ұшырап, есімі мен еңбектері
ұзақ жылдар бойы тарих тасасында қалып келгені белгілі.
Еліміз егемендік алғанға дейін оның еңбектері туралы
ауыз ашылмай келді. Баспасөзде мемлекеттік құпияны
сақтайтын мекеме
қызметкерлері Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов,
Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, т.б. есімдерін жібермей, үнемі
қиып тастап отыратын. Бұл жағдай ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін орын алып келген-ді.
Ұлттың рухына
айналған қазақ әдебиетінің әйгілі арыстары
туралы ой қозғаудан гөрі азды-көпті қызметін
жоғары санаған қаламгерлер, ғалымдар, жалпы зиялы
қауым тартынып, ауыз аша қоймады. Кезінде Ш.Сарыбаев
шығарған «Қазақ тіл білімінің
библиографиялық көрсеткіші» (1-том) жинағына «А.Б.» деген
атпен енген мақала тізімін Ахмет Байтұрсыновтың дүниесі
деп, кітапты республика кітапханаларынан алып тастағаны да есімізде. Оны
айтып, көрсетіп отырған да
қазақ ғалымдары болатын.
Бірақ ғылым мен
мансапты байланыстырмай, керек десеңіз, ғылымды саясаттан
жоғары қойған ғалымдар да болған. Солардың
бірі – профессор Әуелбек Қоңыратбаев. Ол кісінің жеке
мұрағатында Жүсіпбек Аймауытовқа қатысты бірнеше
құжаттар сақталған. Бірі – 1925 жылы Ташкент
Казинпросын аяқтағаны жөніндегі «Куәлік». Оның
соңында Жүсіпбек Аймауытовтың өз қолы тұр.
Екіншісі - Ж. Аймауытов, Ә.
Қоңыратбаев, басқа да
қоғам, әдебиет қайраткерлері бірге түскен сурет.
Үшіншісі - Ә.Қоңыратбаевтың 1956 жылы
Ж.Аймауытовты ақтау керектігі туралы мақаласы.
Соңғы материал
жуық арада ғана «Қазақ және әлем
әдебиеті» журналында (2004, №1) жарық көрді. Оның бас
жағында
Ә.Қоңыратбаев былай деп көрсеткен:
«В редакцию «Литературной
газеты!»
Прошу использовать статью в вашей газете. Аймауытов, о котором
здесь идет речь, репрессирован в 1937 году. Об использовании его наследия
вопрос ставится впервые. Дело редакции пропустить его имя или нет. Я стою за
свою статью.
19.07.1956 г.
А.Конратбаев».
1955-1956 жылдарғы Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер
ақталған «жылымық» кезеңде заман өзгерді деп
ұғынған Ә.Қоңыратбаев өзінің
бір кездегі ұстазы Ж.Аймауытовты ақтау туралы мәселе көтеріп, республикалық партия комитеті мен орталықта
шығатын «Литературная газетаға» хат жолдаған. Шәкірттік
пәк көңілден жазылған
мұндай мазмұндағы мақаланы ол кезде
жарыққа шығару өз алдына, дұрыс
қабылдаудың өзі мүмкін емес-тін. Сондықтан
дәл осы мақаласы үшін Қазақ КСР Ғылым
академиясындағы қызметіне қайта қабылданайын деп
тұрған ғалымның
тағдыры қиындай түсіп, астанаға орала алмай
қалған-ды. Елге
үстемдік, әлімжеттік істеген
партияның қолшоқпарына айналған, ғылымда
ізі болмаса да ҒА-ның вице-президенті қызметін
атқарған Ақай Нүсіпбеков секілді белсенділер
Ә.Қоңыратбаевты «жау» санап, ол туралы мүлде теріс
көзқараста болғанын 90-жылдардың бас кезінде академик
С.Кеңесбаевтың аузынан естіген
едім.
Ә.Қоңыратбаевтың
Ташкенттегі Қазақ ағарту институтын аяқтаған
куәлігінде бір топ қазақ зиялыларының қолы бар.
Олардың қатарында Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, С.Айзунов,
Байтанов, Ғалымжанов, т.б. есімдері көрсетілген.
Ә.Қоңыратбаев
1920 -1925 жылдары Ташкент Казинпросында оқыған. Бұл
институтта академик В.В.Бартольд, этнограф Ә.Диваев,
Х.Досмұхамедов, Ж.Аймауытов, С.Айзунов, т.б. көптеген
ғалым-қаламгерлердің дәріс оқығаны белгілі.
Ә.Қоңыратбаевтың қазақ баспасөзіне
араласуы да осы 20-жылдардан басталады. «Ақ жол», «Жас қайрат»,
«Шолпан» басылымдарында түнгі редактор, шығарушы болып қызмет
атқарып, 1921-1922 жылдары С.Қожанов басқарған «Ақ
жол» газетінің бетінде үш өлеңі мен бір шағын
әңгімесі жарық көрген.
Осының өзі
Ә.Қоңыратбаевтың қазақ зиялыларының
тәлім-тәрбиесін көргендігін аңғартады.
Төмендегі суретте сол жылдарғы қазақ зиялыларының
бір тобы бейнеленген. Ол шамамен 20-жылдардың бас кезінде «Ақ жол»
редакциясы немесе Казинпрос
оқытушылары мен тыңдаушыларының ортасында
түсірілсе керек.
Бұл суретті
70-жылдардың аяқ шенінде Қызылорда облысының
Қарақалпақстандағы күндері тұсында
журналист Мырқы Исаев
қарақалпақ баспасөзінде жариялаған екен.
Бірақ онда суреттегі кісілердің есімдері дұрыс
көрсетілмеген. Оның да түрлі себептері болатын. Бір
жағынан, көне суреттің сырын білетіндер аз болса, екінші
жағынан, ол кезде репрессия құрбандарының аттарын атауға болмайтын. Соның салдарынан
Ж.Аймауытов (бірінші қатардағы сол жақтан екінші)
Қарақалпақстанды басқарған Әбу
Құдабаев болып көрсетіліп, өзгелерінің аттары
анықталмапты.
Қазірде суреттегі бірнеше кісілерді жыға тануға
болады. Олардың қатарында әдебиетіміздің белді де
белгілі тұлғалары бар.
Жастық шағында ұлт зиялыларының шарапатын
көп көрген Ә.Қоңыратбаевтың кейін, есімі
елге танылған ғалым болған шағында, ұстазы
Ж.Аймауытовты ақтау туралы мәселе көтеріп, өз басын қанқұмар
коммунистердің қылышына тосуы да тегін емес. Мұны кейбіреулер
секілді ерлік, көзсіз батырлық деп дәріптеудің
қажеті шамалы. Ә.Қоңыратбаев мәселеге
кәсіби әдебиетші тұрғысынан келіп, Ж.Аймауытов
шығармаларының көркемдігін ғана сөз еткен. Ал өзгелер
мұны басқаша түсініп, одан саяси астар іздеуге
тырысқан. Солардың қатарында Сақтаған
Бәйішев, Ақай Нүсіпбеков есімдерін атауға болар еді.
Кезінде «Қазақ әдебиеті» газетінің жабылуына
түрткі болған бұл «белсенділердің» қазақ
әдебиеттану ғылымның дамуына тигізген зардаптары аз
болмаған.
Жиырмасыншы жылдарғы
ұстаз – ардақты тұлға. Ә.Қоңыратбаев
пікірлері, бір жағынан, сол
дәстүр аясында көрінсе, екінші жағынан,
қазақ зиялыларының есімдері мен еңбектерін ақтау
рухында танылады.
Қолда бар
құжаттарға қарап отырып, ұстаз бен шәкірт
арасындағы сыйластық, ғылым мен білім
сабақтастығы осындай-ақ
болсын дегің келеді.
Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ,
филология
ғылымдарының
докторы,
профессор