Е.Е.Түйте

 

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

 

Тіл және қоғам

 

Тіл мен қоғамның байланысы екіжақты. Қоғамсыз тіл, тілсіз қоғам болмайтыны анық.  Тіл мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты зерттеудің керегі жоқ деген пікірлер де жоқ емес. Тілдің қоғамдық мәні жөніндегі алғашқы бұлдыр болжамдар ежелгі заман ойшылдарынан басталғанымен, тілді қоғамдық құбылыс деп санау, тіл мен қоғам байланысын арнаулы мәселе етіп көтеру ХІХ-ХХ ғасырдан ғана басталады. Оған себеп тіл біліміндегі әлеуметтік мектептің пайда болуы.

Содан бергі уақыт ішінде тілдің табиғаты мен мәні, тіл қызметі, тіл тарихы мәселелерімен айналысқан ғалымдардың ешқайсысы да тілдің қоғаммен қарым-қатынасын  сөз етпей өткен емес. Олай болатыны аталған мәселелердің бірде-бірін тілді адамдардың қоғамдық өмірімен байланыста қарамай шешу мүмкін емес.

Бұл мәселеге байланысты түрлі көзқарастар ешқашан толастаған жоқ.  Біраз ғалым тілдің тағдырын, онда болатын өзгеріс-құбылыстарды қоғам тарихынан, оның экономикалық және әлеуметтік даму тарихынан ғана іздеу керек, тілдің даму тарихы әр қоғамдық формацияға сай келеді деп түсіндірді. Кеңес тіл білімінде Н.Я.Марр дәл осы бағытты ұстанды [1]. Екінші көзқарас бойынша, тіл қоғамда билеушілік, бағыт сілтеушілік рөл атқарады. Адамдардың өздері де өз тілінің құзырында болады. Тіл – адамдарды сыртқы өмірмен байланысқа келтіретін «үшінші әлем», зор күш. Бұл бағыт В.Гумбольдтан басталып, неогумбольдшылар арқылы өріс алды [2]. Фердинанд де Соссюр және оның жолын ұстанушылар тіл өз бетінше, өз заңы бойынша дамиды. Тіл мен қоғам, сөз бен ол атау болған заттар тарихи өзара байланыста, бірақ олардың байланысын зерттеу таза лингвистикалық нысан емес деп есептеді [3]. Бұл аталған тұжырымдарды дұрыс деп санауға болмайды. Себебі тілдің дамуы тікелей қоғам дамуымен байланысты екендігін естен шығармауымыз керек. Алайда тіл қоғамдық құбылыс ретінде адам қоғамымен тығыз байланысты болғанымен, қоғамдық формациялар дамуы революциялық та, тіл дамуы эволюциялық болып табылады. Қоғамда болатын өзгерістердің салдары тілде көрініс береді. Мәселен, ақпараттық технологияның дамуы тілде неологизмдерді тудырады немесе керісінше, қоғамдық формацияның өзгеруіне байланысты сөздер қолданыстан шығып қалып отырады. Мысалы бүгінде, ақпараттық технологияға қатысты тілімізде смартфон, уай-фай, селфи, планшет, плазма, монопот т.б. сөздер кездеседі. Мұның бәрі қоғам қажеттігін өтеу мақсатында тілде көрініс берген. Ал кешегі Кеңес үкіметі кезінде актив қолданыстағы коммунизм, компартия, ауылсовет, пионер т.с.с. сөздер бүгінде қолданыс аясынан шығып, көнерген сөзге айналған.

Тілдің дамуы тілден тыс дүниелерге – халықтың әлеуметтік және мәдени тарихына, психикалық қалыптасуына, өмірлік ұстанымына, әлемді тану бейнесінің ерекшеліктеріне байланысты. Қоғамның тілге әсер етуі күрделі және әрқилы. Қоғам тарихының, санасының, мәдениетінің дәл осы тұсында тілдің дамуының ең басты себептері жатыр. Қоғам дамыған сайын, тіл де дамиды, өмірдің өзгерістерін бейнелей отырып, тіл өзгереді, яғни мұның бәрі адамның ойлау қабілеті мен сана сезімінің дамуына байланысты болады.

Тілдің жіктелістері де қоғамдағы жағдайлармен байланысты. Ол тілдің қоғамдық дифференциялары деп аталады. Оның негізгілері:

1.  Әлеуметтік дифференция. Адамдардың әлеуметтік топтарына, мамандығына, шаруашылық кәсібіне байланысты болады. Осыған байланысты тілімізде жаргон, арго, кәсіби сөздер, терминдер қалыптасады. Мысалы: студенттер арасында қоянның суретін салып кету, шпор, жатақ т.б. сияқты арголар бар немесе информатика саласына қатысты жүйелік блок, тінтуір, пернетақта, аналық тақша т.б. терминдер бар.

2.  Территориялық дифференция. Бұған ұлттық тіл (жалпыхалықтық тіл), әдеби тіл (нормаланған тіл), жергілікті сөйлеу тіл ерекшеліктері жатады, мәселен диалект, говор, подговор.

Тілдің пайда болуы, дамуы, әдеби тілдің қалыптасуы, стильдік тармақталуы туралы мәселелер де тіл және қоғам түсінігіне орайласады. Бұл бағыттағы барлық мәселемен тіл білімінің қомақты саласы болып табылатын әлеуметтік тіл білімі немесе социолингвистика  ғылымы айналысады [4].

Тіл, қоғам ұғымдары – бірін-бірі дамытып отыратын, біріне-бірі әсер етіп отыратын үздіксіз үдеріс. Қоғамның (ұжымның) пайда болуы тілдің шығуына, тілдің пайда болуы қоғамның дамуына ықпал еткені сөзсіз. Осыдан тілдің қоғамдық қызметі келіп туындайды.

Тіл және қоғам мәселелеріне тілдің мәртебелері, қолданылу аясы, тіл саясаты, қостілділік, көптілділік, мемлекеттік және ресми тіл, халықаралық қатынас тілі статустары, тілді дамыту мәселелері де жатады.

Қорытындылай келгенде, тіл – қоғамдық құбылыс. Ол – қоғамның айнасы. Қоғамдық өзгерістер мен дамулар тіл арқылы жүзеге асып, көрініс беріп, хабардар болып отырады. Тілдің дамуына әсер ететін экстралингвистикалық фактор да қоғамдық жағдайлардан туындайтыны сөзсіз. Бірақ тіл мен қоғам дамуының заңдары басқа.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

1     Қордабаев Т. Жалпы тіл білімі. - Алматы : Ы.Алтынсарин атындағы Қаз.білім акад.Респ.баспа каб., 1999. - 195 б.

2      Гумбольдт В.  Избранные труды по языкознанию. М. Прогресс, 1984.

3      Соссюр Ф. Труды по языкознанию: пер.с фр.яз. / М.: Прогресс, 1977. 695 с.

4      Хасанұлы Б. Ана тілі – ата мұра. – Алматы: Жазушы, 1992. – 272 б.