Қазанбаева Айнагүл Зікірқызы, (фил.ғыл.канд, доцент),
Ерғали Гүлден Батырланқызы
(студент)
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті, Қазақстан
ТАБУ СӨЗДЕРДІҢ БЕРІЛУ ЖОЛДАРЫ
Тіліміздің
қолданылу мүмкіншілігі кең болғандықтан,
оның байлығы сөз мағынасынан, қолданысынан
айқын көрінеді. Шет ел, отандық, қазақ,
ғалымдарының зерттеулеріндегі табу туралы ой-пікірлердің бір
ізді емес, жан-жақтылығын байқаймыз. Бұның
өзі мәселенің қажеттілігін және көкейкестілігін
айқындаса керек. Ерте заманда адамдар әр түрлі қате
түсініктерді, адам аттарын, құбылыс аттарын және т.б
атауларды тікелей атамайтын болған. Тілімізде ондай сөздердің
орнына қолданылатын сөздерді-табу сөздер деп атаймыз.
Мұндай сөздер дүние жүзіндегі көптеген
халықтарда кездеседі. Табу сөздер ең алғаш рет ХІХ
ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында
қалыптасып, зерттеле бастады. Ең алғаш рет табу
сөздерді зерттеген ғалымдар И.Г.Гердер мен В.Гумбольд. Табу
сөздерді әлемдік деңгейде зерттеген ғалымдарымыз да
баршылық. Мысалы: Эдуард Тейлор, Дж.Фрезер, Зигмунд Фрейд, Р.Смит,
Ф.Стайнер т.б. Сонымен қатар қазақ ғалымдары:
Ә.Т.Қайдаров, Ш.Уәлиханов, И.И.Ибрагимов,
Ә.Х.Марғұлан, Б.Сағындықұлы,
Ә.Ахметовтердің еңбектерін атап кетуімізге болады.
Табу сөздер
жайында ғалым А.Айғабыловтың пікірін келтіре кетсек: «Табу о
баста соқыр сенім мен тиым салу арқылы қалыптасса да, ол
әйелдердің өзгеге көрсететін ілтипатын,
сыпайылығын білдіретін әдет-ғұрыпқа айналып
кеткен. Қазір табу жолымен атау тарихи шығармаларда, бірлі-жарым
қарттардың сөзінде ғана кездеседі. Сондай-ақ
қазақтың туған баласын ұл деп атаудан
қорқып оны жаман, ат байлар деп атауы да табудан туған. Табу
түрінде атау тіпті баланың негізгі атына да айналған» [1;
135].
Көптеген
ғалымдар табу сөздерді тарихпен байланыстырады. Және
бұл дұрыс та, өйткені табу сөздердің
түбірінде халықтың әдет-ғұрпы, нанымы,
сенімі, өткен өмірі жатыр. Оның дәлелі ретінде
ғалым Әділ Ахметовтың еңбегіндегі «Табу және
магия», «Дәстүрлі наным-сенімдермен байланысты
қалыптасқан табу сөздер»,
т.б осы сынды бөлімдерін айтуға болады.
Жоғарыда
айтылған Ә.Ахметовтың еңбегінде былай делінеді: «Табу
мен магияның шығу тегі және олардың арақатынасы
туралы сөз қозғағанда ағылшындардың
әйгілі этнологы Дж.Фезерге соқпай өту мүмкін емес.
Себебі ол табудың шығу тегін зерттей келе, оның
мәдениет пен рухани дамудың төменгі сатыларында
қалыптасып, әлемге кең тараған ескі нанымдардың
бірі магиядан туындайтынын дәлелдеген.» [2; 24].
Осы еңбекте
табу сөздердің жасалуының мынандай түрлері бар: ат
қоюға, ауру аттарына, тотемдік нанымдар мен
аңшылыққа, өлімге, анотомия мен физиологиялық
процестерге, наным-сенімдерге байланысты сөздер.
Ғалымдар
Ғ.Қалиев пен Ә.Болғанбаев өз еңбектерінде
былайша тұжырымдайды: «Қазақ тіліндегі
табудың бір түрлері табиғаттың дүлей
күшімен, адамды опат қылатын ауру аттарымен, қаскүнем
жыртқыш аңдармен тікелей байланысты шыққан. Ұры
алған, жоғалған малды ұрланды десек, «мүлде
табылмай кетуі мүмкін» деген сеніммен қолды болды деп айт дейтін.
Мал суалып бітті дегеннің орнына мал байыды; күн батты
дегеннің орнына күн байыды; жиналған адамдар кетейік,
қайтайық дегеннің орнына көбейейік деп айтуды
әдетке айналдырған еді. Соның нәтижесінде осы
ұғымдарға қатысты бірнеше синонимдер пайда
болған. Бұлар белгілі контексте әр түрлі стильдік
мән тудырады.» [3; 120].
Ғалым
Ә.Ахметовтың еңбегі
бойынша көркем шығармалардан мысалдар келтірейік. Бірінші, ат
қоюға байланысты туған табу сөздерді келтіреміз.
Бұлай ат қою түркі халықтарында, соның ішінде,
қазақ халқында өте көп кездеседі.
Қазақтың салты бойынша жаңа түскен келіндер
күйеуінің туған-туыстарының, ауылдың үлкен
адамдарының атын атамаған. Олардың әрбіріне арнап
өзінше ат қойған. Мысалы: еркем, шырайлым, ерке қыз,
шырақ, мырза жігіт, кенжем, момын қайын аға, тентек жігіт,
ақ апа және т.б. Мысалы,
М.Әуезовтың «Абай жолы» романында ат қоюға байланысты
туған табу сөздер жиі ұшырасады. Солардың бірі:
Жұманның
қатыны Қалиқа деген бір жеңгесі:
-Телғара! Айналайын Телғара! Соқталдай азамат
болып кетіпсің –ау! – деп, мойынынан құшақтап алып,
бетінен сүйді [5; 3].
«Еркем,
не ғып тұрсың?»- деп қала жаздаған Айбала,
сүйікті көретін қайын сіңлісінің қуанышты
сезімін бұзбайын дегендей, аузына келіп қалған сөзді
ернімен бөгей қойды [8; 6].
Телғара- бала Абайға жеңгелерінің
қойған аты. Еркем-жеңгесінің қайын сіңлісіне
қойған есімі.
Келесі ауру аттарына
байланысты туған табу сөздер. Бұл көптеген
халықтарда кездесетін табу сөздердің бір түрі. Табу
сөздердің бұл түрі магиямен тығыз байланысты.
Себебі ауру аттарын тура атаса, ол міндетті түрде келеді деген сенім болған.
Осыған байланысты ауру аттарын тікелей атамай, оның орнына табу
сөздерін пайдаланған. Мысалы:
Ер Төлеген мүшесі.
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Артынан қуып келіпті,
Өлгенде
көрген шешесі [6; 102].
Түсіндірме сөздікте:
әулие-шешек ауруының халықтық аты деген
түсініктеме берілген.
Қорасан- шешек ауруын тұңғыш рет емдеп
жазған әулие адамның аты. Сол адамның атымен
аталған ауру аты [4; 78].
Тотемдік нанымдар
мен аңшылыққа байланысты туған табу сөздерге тоқталамыз.
Бұл тілімізде кең тараған табу сөздердің бірі.
Бұндай табу сөздер бойынша аңдардың аттарын тура
атамаған. Оларға жаңадан ат берген, себебі олар қайда
жүрсе де естіп, малымызға түседі деген наным болған.
Мысалы: аюды қария, жыланды түйме немесе ұзын жіп,
қасқырды итқұс немесе ұлыма немесе бөрі,
бұғыны мүйізді, жолбарысты қара құлақ
немесе шері деп атағанын байқаймыз. Мысалы:
Қойға
шабатын бөрі де, малын айдай
қашатын ұры да көбейді.
Сыр бойына
қарай жаяу шұбырған жұрт жоңғарды
қойып, итқұсқа
жем болды [9; 102]. Бөрі-қасқырдың екінші қосымша
аты. Итқұс-қасқырдың бұрмалап
айтылған аты [4; 28].
Өлімге
байланысты табу сөздерге тоқталамыз. Қандай халық
болмасын «өлім» ұғымынан сескенері анық.
Сондықтан да бұл сөздің орынына басқа
сөздерді қолданған. Мысалы «өлді» деген
сөздің орынына қазақ халқында қаза тапты,
ұша барды, келмеске кетті, түйе қарап кетті, дүниеден
озды, опат болды, мәңгілікке көз жұмды, дүние салды
т.б осылар секілді сөздер қолданылады. Және бұл
қолданыстар көркем шығармаларда да жиі кездеседі:
Жалғыз
шыққан Төлеген,
Ақырет сапар жөнелді [6; 191].
Сойқан ұрыста
қазақтың басты-басты бірнеше батыры мен Хақназар хан қаза тапты [7; 360].
Сөздікте былай деп түсінік
берілген ақырет-өлген кісіні орап қоятын ақ мата,
кебін. О дүние деген түсінік берілген. Ал ақырет
сапарға жөнелу- о дүниеге аттану деген мағынада
жұмсалып тұр. Қаза тапты- өлді, қайтыс болды [4;
65].
Сонымен қатар әйелдің аяғы ауырлағанын да
тұспалдап, табу сөздермен жеткізген. Мысалы: тәжірибелі әйелдер
келіннің жүкті екенін сезген сәтте көпшілікке «келіннің
құрсағы ақ
айранға тойыпты, ақ алғысты болыпты» деп
тұспалдап жеткізген. Бұл көпшілік халық
қолданысы.
Наным-сенімдерге
байланысты туған табу сөздерді де кездестіреміз. Діни
нанымдарға байланысты пайда болған табу сөздер біздің
тілімізде көп кездеседі. Оларға санға,
табалдырыққа, апта күндеріне, түнге, көкке, жол
жүргенге т.б осы сияқты заттарға және
құбылыстарға байланысты сөздер жатады.
Қазақ халқында, әсіресе, санға байланысты табу
сөздер жиі ұшырасады, себебі бай болсын, кедей болсын
қазақтар құдайдың қарғысы тиеді деп,
малының, балаларының санын нақты атамаған. Олай етуді
жаман ырымға санап, тура санды атаудың орынына «баршылық»,
«бір соқыр, екі соқыр бар», « бар ғой» т.б. осылар секілді
сөздерді қолданған.
Астындағы ақбоз
тұлпарының тоқпақтай кекілінің үстіне
көне заман ғұрпымен «бақ құсы» —
аппақ сүттей тұрымтайды отырғызып алған. Егер
тұрымтай жау көргенде қорқып ұшып кетпесе,
батырдың жолының оң болары хақ. Ал жау қарасын
көргеннен тұрымтай қаша жөнелсе, онда батырға
бұл айқас қауіпті. Бақсы-балгерлер заманында жаман
ырымнан сескеніп батырлар атының басын кейін бұрады... [7; 372].
Жоғарыда
айтылғандай тыйым сөздер қазақ халқында өте
көп, және олар күнделікті өмірде де көркем
әдебиетте де кездеседі.
Қорыта айтар болсақ, табу
сөздер дегеніміз әдет-ғұрыппен, діни наным-сеніммен,
тарихпен, магиямен өте тығыз байланысты сөздер.
Байқағанымыздай табу сөздерді көптеген ғалымдар
зерттеп, әр түрлі пікір айтылып, тұжырымдамалар
жасағанын байқадық. Жоғарыда айтып өткендей табу
сөздерді жіктеу бойынша, кейбір ғалымдар наным-сенімдерді табу
сөздерге жатқызатын болса, кейбір ғалымдарымыз пікірлерінде
кездеспейді. Табу мәселесі әлі де толыққанды зерттеуді
қажет етеді. Тіліміздегі табуды зерттеу тіл білімі, тарих, этимология,
этнолингвистика, этнография үшін маңызды мәселелердің
бірі болып қалады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. А. Айғабылов «Қазақ тілі морфонологиясы мен
лексикологиясы» . – Алматы, 2006. –135 б.
2. Ә. Ахметов «Түркі
тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» . – Алматы, 1995. – 124 б.
3. Қалиев Ғ. Болғанбаев Ә. «Қазіргі
қазақ тілі лексикологиясы мен фразеологиясы». – Алматы, 2003. –120
б.
4. Т.Жанұзақов
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» . – Алматы, 2008.
5. М. Әуезов «Абай жолы» романы. – Алматы : Жазушы,
1990. –233 б.
6. «Қыз жібек» жыры . –Алматы , 2003. – 191 б.
7. І. Есенберлин. «Көшпенділер» романы. – Алматы, 2002. – 390 б.
8. С. Мұқанов. Ботагөз, үш бөлімді роман. – Алматы: Қазақтың
Біріккен Мемлекет Баспасы, 1948. – 246 б.