Жақсыбаева Б.Б.
филос. ғ.к.
Т. Рысқұлов
атындағы
Жаңа
экономикалық университет
ТҰЛҒАНЫҢ
ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ БІЛІМ ЖҮЙЕСІ
МЕН ГУМАНИЗАЦИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазіргі кезең
ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс,
инновациялық технологиялар, күрделі экономикалық
реформалармен ерекшеленеді. Аталған
кезеңге сай интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары
дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар маман дайындау – қай
мемлекеттің болмасын ең маңызды бағыттарының бірі
болып табылады.
Әлемнің жаңа бейнесінің қалыптасуы
осы таңда білім мәселесінің жаңаша моделін
қалыптастырып, тұлғаның рухани әлемінің шеңберін
кеңейтуге бағытталған. Білімнің қызметі
тұлға дамуындағы жалпы процесс екендігінде, тұлға
үшін гуманизм руханилықтың өлшеуіші, рухани
қызметі мен адамгершілік тазалығының объективті пайдалы
тіркесі ретінде көрсетілген.
Өзінің болашағын
анықтап еркіндікке, әділдікке, даралыққа
өзінің құндылық көзқарасы мен
қоршаған ортаға белсенді түрде араласуы, адамның
табиғатынан бастау алады, мұның өзі – гуманизм қағидаларынан
және гуманистік мұраттың мазмұнынан табылады.
Бүгінгі
қоғамдық өмірде жүріп жатқан
демократиялық өзгерістерге байланысты белгілі әлеуметтік
шарттарды ескере отырып, жеке тұлғаны қалыптастыруда
көздеген білім беру жүйесіне қойылатын талаптар күшейе
түсуде. Сол талаптардың бірі –
жастардың дүниетанымын қалыптастыру, елеулі ықпал
жасайтын білім мазмұнын жетілдіру. Білім - дүниетанымның
кәусар бұлағы. Білім неғұрлым тереңдеген
сайын дүниетаным да қалыптасып тұрақтанады.
Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында
болашақ мамандарды даярлау ісін қайта қарау, оның
мазмұны мен құрылымын өзгертуді ғана талап етпей,
сонымен қоса оның бүкіл бағдар бағытын
түбегейлі жетілдіруді керек етіп
отыр. Себебі, қай саладан болса да өз мамандығының
шебері, өздігінен ізденуге мүмкіндігі бар, кәсіби
бағыттылығы жоғары маман даярлау мәселесі қазіргі
заманның басты талабына айналды.
Ұлы Абай «білім-ғылым
үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек».
Өзінің отыз екінші қара сөзінде Абай
«ғылым-білімді үйренудің басы білім-ғылымның
өзіне ғана құмар ынтық болып бір ғана
білмектің өзін дәулет білу» деп үйретеді.
«Ниет-пейілің басқада болып, білім-ғылымды белгілі бір
дүниелік, пенделік мақсатқа жетуге себеп қылып,
өгей көңілмен үйренсең
жақсылыққа әкелмейді» дейді. «Адамның
көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де
адамға мейірленіп тезірек қолға түседі.
Ғылым-білімге мейірленіп, ынталы жүрек, шын көңілмен
ұмтылсаң, соның нәтижесінде көңілге рахат
табасың» [1, 190-б]. Абайша ғылымның, білімнің,
ақиқаттың, шындықтың, әр
нәрсенің сырын білуге
ізденуші – нағыз адам.
Қазақстан Республикасы
үздіксіз білім беру жүйесінде көрсетілгендей, білім
берудің басты міндеті – жеке тұлғаның
ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар
негізінде қалыптасуы мен дамуы және оның кәсіби жетілуі
үшін қажетті жағдайлар жасау: білім алушыны тәрбиелеу,
білім бере отырып, жан-жақты қалыптастыру, ана тілін,
ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау,
ақпараттану, денсаулығын нығайту. Осы қасиеттерді білім
алушы болашақ маман студенттердің бойында қалыптастыру мен
дамыту Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің
маңызды міндеті ретінде қарастырылады.
Білім тұлғаның
дамуындағы маңызды рөлі бар процесс. Ол тұлғаны
моральдық және инттеллектуалдық тұрғыдан дамыта
отырып, жеке тұлғаның өзіндік мінезін
қалыптастырады, ал ол дегеніміз адамның азамат ретінде
анықталуы.
Білімнің әлеуметтік қызметі -
қоғамдық өмірде адал, компетентті, жалпы
қоғамдағы және мәдениеттегі нормалар мен
тәртіп жиынтығын сақтайтын азаматтарды дайындау болып келеді.
Қоғамның негізгі мақсаты - мәдени
нұсқаларды жаңғыртып, әлеуметтік, саяси
жүйелер мен нормаларды құрметтейтін,
қоғамның толық қанды мүшесі екендігіне
тұлғаның бойында сенім қалыптастыру болып
табылады.
Бүгінгі таңда
қоғам бәсекегесай және мобильді
тұлғаға айналып, өзіне талап қоя білетін,
өз амбициясын қанағаттандыра алатын әлеуметтік
индивидті дайындауға басты назар аударуда.
Өзіндік сананың
психологиялық, интеллектуалды және моральдық жағынан
өзгеруін, жаңалануын және дамуын дәстүрлі
нормативті білім беруге дәрменсіз. Өмірдің жаңа
ритмикалық жағдайында кәсіби дағдылық
жеткіліксіз. Сондықтан универсалды құндылықтарды
қайта қарап, радикалды ойлау стилін өзгертіп, жаңа
ойлау деңгейіне көтеретін әлеуметтік-мәдени
дағдылар қажет. Доминантты құндылықтарды
бағдарлау мәселесі туралы ой білімнің жаңа
концепцияларында көрініс табуы қажет. Ол дегеніміз гуманистік ойлау
типіне ерік бере отырып, тұлғаның толық білімі
арқылы өмір жолында өзіндік білімін тереңдетіп,
өзіндік дамуын жан-жақты қамтамасыз ету. Әрбір жас жеке
қабілетіне және кәсіби біліміне сай қоғамымызда
өз орнын табуы қажет. Біздің
әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы қарқынымыз,
жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі
ұстанымына, олардың
ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей
байланысты. Ендігі кезекте
білімнің мазмұны, олардың дүние танымын
қалыптастыру және ақпараттық-саяси мәдениетін
көтеруге баса көңіл аудару. Себебі жастардың
өмірдегі ұстанымдары әркез қоғам мүддесімен
тоғысып, мемлекеттің даму қарқынына ілесіп
отырғаны абзал. Бұл үшін бірінші кезекте жастарды
қоғамдағы құндылықтарды
қастерлей білуге
үйретуіміз қажет.
Жалпы құндылықтар
әлемін тану барысында тұлға өзін қоршаған
ортаны игере отырып, ол туралы білімін кеңейтіп, ой өрісін
тереңдете түседі. Білікті, білімді мамандар
жаңалықтарды теориялық жағынан меңгерумен
қатар, тұлғаны дамытуға бағытталған
әдістерді білім беру үрдісіне енгізе отырып, тәжірибе жинақтағанда оң
нәтиже беретініне көз жеткізуде. Бұрынғы кезде
қарым-қатынас «субъект-объект» бағытында болса, қазіргі
кезде студент тұлғасын дамыту қарым-қатынасында
«субъект-субъект», «тұлға-тұлға» бағытын
ұстану керек. Өйткені, қазіргі студент дүниетанымдық
қабілеті жоғары, дарынды, өнертапқыш, ізденімпаз, талапты,
өз алдына мақсат
қоя білетін болуы тиіс.
Сондықтан да студенттердің
ой-өрісін, ұлттық мәдениетін, ұлттық рух
пен сана-сезімін дамыта отырып, алғыр тұлғаны
қалыптастыруда гуманизация мен білім жүйесіндегі іс-әрекеттер
үлкен жетістіктерге жетелейді.
Адам мәні - рухани дамуда. Сондықтан
өз рухани деңгейін дамыта отырып, терең ақыл
жүйесінің қасиеттерін ашып, бойындағы дарынын тиімді
пайдалана отырып, өз ойын жинақы шоғырландыруы мен
өрістетуі, ұжымда және кәсіби ортадағы іскерлікке
дағдылануы, өзін-өзі жетілдіруі мен өзін-өзі дамытуы
және өз өмірін үйлесімдендіре білуі - бүгінгі
күн талабы.
Келешек
ұрпақтың парасатты да, мәдениетті,
жан-жақты білімді, озық технологиялар мен ғылымды жете
меңгеріп, білікті, еркін ойлай алатын, елжанды азамат болып
қалыптасуы біздің болашағымыздың кепілі.
1. Құнанбайұлы
А. Шығармаларының екі томдық толық жинағы.
II том. Жазушы.1995. 380-б.
2. Қазақстан
Республикасының 2015 жылға дейінгі білім дамыту
тұжырымдамасы. /Егемен Қазақстан, 13 қаңтар,
2007.