Мет-14-2 тобының студенті Ж. Исабай

з.ғ.м., Н.Ж. Сарсенбеков

Қазақстан Республикасы, ҚарМТУ

 

Таным процесіндегі тәжірибенің маңызы

 

Философиядағы негізгі қарастырылатын мәселелердің бірі – таным процесі (эпистемология) болып табылады. Жалпы, таным дегеніміз не? Оның адам өміріндегі алар орны қандай? Бүгінгі таңда таным процессінде тәжірибе жасау қаншалықты өз жемісін беріп жатыр? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек.

Таным деп біз адамның айнала қоршаған ортаны зерттеудегі және оны түсініп білудегі ерекше рухани іс-әрекеті мен соның негізінде қалыптасқан көзқарасын айта аламыз. Философия тарихында таным деп адамның дәлелденген білім алу үшін әлемді және ондағы өзін мақсатты түрде бейнелеу аталған. Осыған байланысты, таным теориясын, яғни, эпистемологияны философия ғылымының негізгі бір бөлігі ретінде қарастырған жөн. Себебі, танымнан тыс білім де, ғылым да да болуы мүмкін емес. Танып білу арқылы адам қоршаған ортамен қарым-қатынас жасай алады, соның негізінде одан өзіне керек қажеттеліктерді игеіріп алу үшін білім алуға ұмтылады, яғни, ұдайы даму үстінде болады, осылайша ол өз қажеттіктерін қанағаттандыру үшін таным процесінен алшақ кете алмайды. Өз кезегінде таным процесі де күрделі процесс болып табылады. Ол адамға зат пен құбылыстардың сыртқы, көзге түсер қасиеттері мен қатынастарынан бастап, оның тереңде жатқан ішкі салыстырмалы тұрақты байланыстарына дейін терең бойлауға мүмкіндік береді, яғни заттың мәнін, ішкі құпиясын меңгеруге барынша жағдай жасау үшін тәжірибе көмегіне жүгінеді.

Дүниені танып, игеріп, оны білу үшін адамдардың қарапайым өзіндік тәжірибесі, сонымен қатар ол тәрбиеленген мәдени-әлеуметтік ортаның ерекшеліктері де маңызды роль атқарады. Дегенмен, дүниенің терең байланыстары мен тұрақты қасиеттерінің қыры мен сырын білу үшін адамның қарапайым танымының аясы тар, мүмкіндігі мардымсыз болады. Сондықтан, адам арнайы ғылыми, кәсіби білім алуға ұмтылады, яғни танымның ғылыми деңгейіне көтерілуге тырысады. Бұл деңгейге ұмытлу және таным процесін осының негізінде қарастыру жаңа мүмкіндіктерге даңғыл жол аша білді.

Ғылыми таным дүниенің, объективті шындықтың жалпы байланыстары мен қасиеттерін арнайы тәсіл арқылы зерттейді. Ғылыми таным-жүйелі таным. Ол адамнан арнайы дайындықты, іздестіруді, тынымсыз еңбекті қажет етеді.

Ең алдымен, ғылыми таным өзі зерттейтін объектіні жан-жақты объективті түрде қарастыруға тырысады. Демек, абстрактілі-аналитикалық, сонымен қатар, конструктивті-синтетикалық білім тұрғысынан талдау болып табылады. Талдаудың көмегімен зат ойша бөлек-бөлек қасиеттерге, функцияларға, сапаларға жіктелсе, біріктіру немесе басқаша айтқанда синтез арқылы заттың жеке бөлшектері туралы білім оны біртұтас жүйе негізінде қарастырып және оның көлемді бейнесінің қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Осы тұрғыда ғылыми танымның екі дегейін-эмпириялық таным мен теориялық танымды бөліп көрсетуге болады.

Эмпириялық таным-бұл эксперимент, бақылау, баяндау, салыстыру, өлшеу. Бұл деңгейде объект алғашқы ізденістен өтеді, онық сыртқы ерекшеліктері мен кейбір заңдылықтары анықталады. Теориялық деңгейде объект түсіндіріледі, оның түпкі, негізгі, ұдайы қайталанып отыратын заңдылықтары ашылады. Бұл екі деңгей бір-бірімен тығыз байланысты.

Мәселен, Кант өзінің жасаған тәжірибелері негізінде, таным объктісі мен таным субъектісі ұғымдарын өз түсінігі бойынша қарастырды. Оның айтуы бойынша, таным субъекті - өзімен өзі өмір сүретін, дара адам, аралдағы Робинзон емес; ол - басқа адамдармен әр алуан қарым-қатынаста болатын, әлеуметтік ортада тәрбиеленіп жетілген қоғам өкілі; таным субъекті — бүкіл қоғам. Субъект бүкіл адамзат игілігіне — мәдениетіне, ғылымына, біліміне, техникасына арқа сүйеді. Ал , таным объектісі сол шексіз дүниенің бір жағы, бөлшегі (фрагменті) ғана.

Таным процесі дүниеге келгеннен бастау алады. Осыған байланысты, оның адам өміріндегі маңызы ерекше және де мысал ретінде мектеп жасына дейінгі балалардың таным процессіндегі тәжірибенің негізгі орнын көрсете кеткен жөн деп санаймын. Себебі, адамның тұлға ретінде қалыптасуы оның шыр етіп дүние есігін ашқан сәтінен бастау алады десек қате айтпаған болармыз.

Мәселен, О.М. Дьяченко мен А.И. Кирилованың тәжірибелік зерттеулерінде бала дамуында қиялдың екі түрі (сезімдік және танымдық) жүзеге асады. Танымдық қиялдың басты міндеті – ақиқат өмірдің белгілі бір түрде бейнеленуі. Сезімдік қиял, белгілі бір жағдайға байланысты қайшылық болғанда, баланың өзіндік «Мені» қалыптасқанда және оның құрастырудағы бір механизм болады деген нақты тұжырымдарды да баса көрсете кеткен жөн.

Жалпы алғанда, баланың дүниені танып білуі, онымен өзара қарым-қатынас жасай алуы, тұлға ретінде өзінің ізін қалдыра білуі оның қиял әлеміне де байланысты дейді психолог мамандар. Ал, қиялдың тиімділілігінің маңызды жолы ол – баланы шығармашылыққа баулу деп түсіндіреді психолог және педагогтар.

Қорыта айтқанда, таным дегеніміз-білім алу үшін шығармашылық ізденіс. Таным адамның практикалық іс-әрекетінің рухани жағы болып табылады. Таным процессін зерттеу, арнайы тәжірибелер жасау бүгінгі таңда өз жемісін беруде, себебі бұл ұғымды тек теориялық тұрғыдан жан-жақты талдап, қарастырғаннан еш нәтиже өнбейді, тек практика арқылы нақтылы қадамдар жасалынса, теория өздігінен дәлелденеді деген ойдамын

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Философия/жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е.Арғын – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2006 жыл. ISBN 9965-808-82-1

2. Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2010 жыл.

ISBN 9965-814-31-7; 490-520 б.