Усербаев Муса Усербаевич

, К.Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университет

 

ЖАЛҒАН АҚША МЕН БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРДЫ ЖАСАУ, САҚТАУ, НЕ САТУДЫҢ ДИНАМИКАСЫ, ЖАЛПЫ ЖАҒДАЙЫ МЕН  ҚҰРЫЛЫМЫ

 

Қылмыстылық мәселесінің тарихы адамзат цивилизациясынан бастау алады. Қылмыстылық ұғымы кең. Оны статистикалық және әлеуметтік тұрғыдан да қарауға болады. Қылмыстылық - объективті, адамзат қоғамымен, оның заңдарымен байланысты әлеуметтік, сондай-ақ тарихи өзгермелі құбылыс.

Қылмыстылықты әлеуметтік құбылыс ретінде қарасақ, ол әлеуметтік қайшылықтардың нәтижесінде пайда болады. Неміс криминологы Арманд Мерген (1961ж.): “Қылмыс - ертеден келе жатқан және қоғаммен бірге өмір сүретін әлеуметтік құбылыс”, дейді.

Қылмыстық заң актісімен реттелетін қылмыстар қылмыстылықты құрайтын болғандықтан, ол - қылмыстық құқықтық құбылыс болып табылады. Қылмыстылық қоғамға қауіпті және мемелекет заңдарына қайшы әрекеттер мен әрекетсіздіктердің жиынтығы тұрғысынан қаралады. Қылмыстылық басқа әлеуметтік құбылыстардан құқықтық сипатымен ерекшеленеді, оның бұл қылмыстық құқықтық сипаты басқа құқықбұзушылықтардан да айырып тұрады. Қылмыстылық дегеніміз белгілі уақыт аралығында мемлекеттегі қылмыстардың жиынтығы түріндегі тарихи өзгермелі, объективті және әлеуметтік құбылыс болып табылады.

Криминологияда экономикалық қылмыстар деген ұғым кездеседі.  Экономикалық қылмыс жаңа ұғым емес, бұрынан бар, халықаралық ұғым (economіk erіme, delіnguance daffaіress). Ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін халықаралық деңгейде экономика саласында мемлекеттің белсенді ынтымақтастығына, атап айтқанда экономикалық прогреске жәрдемдесу керек. Сайып келгенде, бұл өндірісті, технологияларды дамытуды, халықаралық сауда көлемін ұлғайтуды, халықаралық жобаларды әзірлеп, оларды жүзеге асыруды, бірлескен экономикалық және қаржылық институттар құруды, сондай-ақ экономика саласындағы құқықбұзушылықтардың, экономикалық қылмыстардың алдын алуды қажет етеді.

Бу Свенсон экономикалық қылмысты экономикалық қылмыстар ұзаққа созылатын, жүйелі,  пайдакүнемдік ниетпен жасалынатын,  шаруашылық қызмет саласында жиі кездесетін, жазаланатын әрекет, деп есептейді [1,3-7бб.].  Алайда, қылмыстың созылмалығы қасиеті барлық экономикалық қылмыстарға тән емес.

Ал, Тіленчиева Г.Д. экономикалық қылмыстарға төмендегі белгілерді жатқызады [2,35б.]:

- олардың экономикалық-шаруашылық механизмдермен  байланысты;

- қылмыспен қолсұғылатын экономикалық қатынас жүйесіндегі тұлғалар ғана қылмыстың субъектілері бола алады.

Аталған белгілер шынында да экономикалық қылмыстарды толық сипаттай алады. Тек экономикалық қылмыстардың бәрі де жүйелі түрде жасалына бермейді, сондай-ақ қылмыскердің тек сол экономикалық жүйедегі тұлғаның бірі болуы шарт емес.

Экономикалық қылмыстар заңды шаруашылық жүргізу қызметін бұзады. Қылмыскер өзіне материалдық игіліктерді алу үшін шарауашылық механизмдерді саналы түрде пайдаланады. Мұнда шаруашылық механизмнің звенолары бір-бірімен тығыз байланыста. Қылмыспен бір звеноның зақымдануы қалған шаруашылық механизмдеріне эрозия алып келеді. Экономикалық қылмыстардың кейбірі пайдакүнемдіктен басқа ниетпен де жасалынады.

Дженаро Д.Д. мен Бетерс Э.: Экономикалық қылмыстар - байлық жинаудың әділ процесі, ол заңмен қорғалынатын нарықтың ойын ережесін бұзады”, - дейді [2,11б.]. Шаруашылық қылмыс экономикалық қылмыстардың бір түрі ретінде, - дейді Вороженин В., - материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, тарату, пайдалануға байланысты қоғамдық қатынастарға қол сұғады. Шаруашылық қылмыстың топтық объектісі рыногтық экономиканың дамуына негізделген, қоғамдағы шарашылық қызмет саласында қалыптасқан, мемлекетпен қорғалынатын қоғамдық қатынастар жүйесі болып табылады.

Ал, Дементьева Е.Е. диссертациялық жұмысында экономикалық қылмыстарға тән белгілерге төмендегілерді жатқызады [3,25б.]:

  материалдық игіліктерді тарату үшін (пайдакүнемдік) жасалынуы;

  жәбірленушілердің ұжымдылығы және белгісіз болуы;

  ұзақ, жүйелі;

– мемлекеттің, кәсіпкердің және жеке азаматтардың мүдделеріне шығындардың келуі.

Автор өз еңбегінде жәбірленуші мәселесін көтереді, шығын келген тұлғаларды анықтауға тырысады. Материалдық игілікке шығын келсе, әдетте қылмыстық әрекет тұлғаның меншік құқығына да нұқсан келтіреді, деп есептейді. Экономикалық қылмыстарда қылмыстық әрекетпен экономикалық қызметке қарсы бағытталған қолсұғушылық меншік құқығынан қауіптірек болады да, қылмыстың объектісі ретінде танылады. Экономикалық қылмыстар  мамандандырылған қызмет барысында жасалынады, деген автордың пікірімен келісуге болады, бірақ та барлық уақытта емес. Тұрмыстық мәмілелерді жасауда мамандандырылған қызметтің болуы міндетті емес.

Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату көне заманда, ақша пайда болғаннан-ақ қоғамда кездесіп отырған. Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасағаны, сатқаны үшін жауапкершілік туралы заңнамалардың даму тарихы ерекше жағдайлардан өтті. Ресейдің алғашқы қылмыстық кодексі (1922) бұл қылмыстық әрекетті құжаттарды бұрмалаудың түрі ретінде қоғамдық тәртіпке қарсы қауіпті қылмыс деп қарастырды. Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сатуға мемлекеттік қылмыстық сипат беріп, ОАК мемлекеттік қылмыстар туралы (1927) жалпы одақтық ереже қабылданды. Қылмыстық нормада пайдакүнемдікпен жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасағаны, сатқаны үшін жауапкершілік көзделді. 1959ж. Қазақ Советтiк Республикасы қылмыстық кодексінде жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, сақтау шаруашылық қылмыстар қатарында қаралды. Бүгінде жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу - ақша-несие саласында кездесетін қылмыс. Ақша-несие  жүйесі мемлекеттің негізгі элементі болғандықтан, бұл мемлекеттің экономикалық қызметтері ұғымын қамтиды. Экономикада ақша-несие жүйесі ерекше орын алады, бұл ұғымдарды бөлек қарау мүмкін емес. Елдің рыногтық өтпелі экономикалық жағдайында, кәсіпкерлік бостандығы жарияланып, бәсекелестікке жол берілгенде, құн мен сыртқы экономикалық қызмет либерализацияланғанда жалған ақша мен бағалы қағазды жасау, сақтау, не сату жөніндегі қылмысты экономикалық қылмыс қатарына жатқызбау әділ болмас еді.

Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату жөніндегі қылмыстарды Қайыржанова С.Е. банктік қылмыс қатарында зерттейді [4,18б.]. Банктік қылмыстар - экономикалық қылмыстардың жекеленген түрі. Жұмыста банктік қылмыстарды екі топқа бөледі:

-  банк жүйесінде жасалынатын қылмыстар;

-  банк қызметі саласындағы қылмыстар.

И.А. Сербина:Жалған ақшаны жасау, сақтау, не сату банктік операцияларды, не басқа мәмілелерді жүзеге асыру процесінде кездеспейді. Бұл құжаттар әріптестер арасында шарт жасамай сатылады”,-деп есептейді [5,30-36бб.]. Банк жүйесіне эмиссиялайтын, эмиссияламайтын банктер жатады. Ал, банктердің бірден-бір қызметтері валюта айырбастау, сондай-ақ бағалы қағаздарды техникалық сақтау болғандықтан, жалған ақша мен бағалы қағазбен байланысты қылмыстардың бұл салада кездеспеуі мүмкін емес. Мысалы, ақша айырбастау шарты ауызша нысанда да жасалынады, демек тұлғалар арасында шарт бар, реституция қолданылады.

Ақша-несие, бағалы қағаздар рыногы саласының қазіргі таңдағы криминологиялық жағдайын зерттеу нәтижесінде төмендегідей ерекшеліктерді байқаймыз:

-       аталған қылмыс санында біршама ғана ауытқулардың болуы;

-       қылмыстың қоғамға елеулі дәрежеде қауіптілігі;

-       қылмыстың ғылыми технологиялық жетістіктермен тығыз байланыстылығы;

-       ақша-несие саласындағы қызметтерге ерекше әсер етуі;

-       жоғары дәрежеде латенттік сипат алуы.

Қылмыстылық келесі негізгі үш көрсеткіштермен өлшенеді: жалпы жағдайы, құрылымы мен динамикасы. Сонымен қатар, қылмыстылық қылмыспен келген шығынның мөлшерімен, оның  сипатымен де өлшенеді.   

Қылмыстылықтың жалпы жағдайы - бұл қылмыстардың және қылмыскерлердің сандық көрсеткіші. Қылмыстылық деңгейі коэффицентпен анықталады. Жалған ақша мен бағалы қағадарды жасау, сақтау, не айналымға жіберудің қылмыстылық коэффиценті жалпы қылмыс саны мен халық санының арақатынасының нақты массаға көбейтіндісіне тең. Әрбір 10000 адамға шаққанда 50 қылмыстан келеді.

Қылмыстылық құрылымы - қылмыс түрінің белгілі аймақта, уақыт аралығындағы жиынтығы. Оны мына белгілер сипаттайды: әлеуметтік-демографиялық, қылмыстық құқықтық және криминологиялық.

Экономикалық  қылмыстар саласындағы ҚР ҚК бойынша өндірісте тіркелінген жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстар санының көрсеткіші төмендегідей [6].: 1998 жылы 3593 экономикалық қылмыстардың 871-і жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыс, 1999ж. 3538 экономикалық қылмыстардың 866-і, 2000ж. 5292 экономикалық қылмыстардың 639-ы, 2001ж. 5622 экономикалық қылмыстардың 590-ы, 2002ж. 6036 экономикалық қылмыстардың 797-ы, 2003ж. 4669 экономикалық қылмыстардың  844-ы жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстар, 2004ж. 3470 экономикалық қылмыстардың 871-ы, 2005ж. 4111 экономикалық қылмыстардың 1077-ы, 2006ж. 3969 экономикалық қылмыстардың 889–ы. 1998-1999жылдары экономикалық қылмыстардың 1/4-і, ал 2001ж. экономикалық қылмыстардың 1/8-і жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу құрған. 

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстар 1998ж. мен 2003ж. аралығында азайып барып, 2003ж. кейінгі жылдары өсу процесі байқалады. Қалталы кәсіпкерлер арасында ақшамен есептесуде детекторларды қолдану соңғы кездерде жайлап өріс алуда. Алайда, мұндай жағдай қылмыстар санының азаюына толық кепіл емес-ті. Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не сату жөніндегі қылмыстардың латентті қылмыстар қатарынан табылатындығы да мәлім.

Қылмыстылық динамикасы - белгілі уақыт аралығында қылмыстылық, оның негізгі құрылымдық көрсеткіштерінің тұтасымен өсуі, не төмендеуі. Қылмыстылық динамикасына мына факторлар әсер етеді: әлеуметтік және құқықтық. Біріншісі - қылмыстың себептері мен оларға жол беретін жағдайлар, халықтың демографиялық құрылымы, миграциясы. Екіншісі - қылмыстық және  басқа жазаланатын әрекеттер кездесетін салаларды тарылтатын, не кеңейтетін, нақты қылмыстарды топтауға, оларды саралауға әсер ететін заңдардағы,  қылмыстық және әкімшілік жазалардағы өзгерістер мен толықтырулар.  Қылмыстылық динамикасы белгілі жағдайда қылмыстарды есепке алу, тіркеу жағдайымен, құқық қорғау органдары қызметтерінің тиімділігімен, қылмыстардың дер кезінде ашылуымен де байланысты.

Жалпы ҚР аумағы бойынша өндірістегі жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу жөніндегі қылмыстық істердің арасынан тергеу аяқталып, сотқа жіберілгендерінің орта есеппен алғандағы жайы төмендегідей: 2003ж. - 6,1%, 2004ж. - 10,2%, 2005ж. - 13,9%, 2006ж. – 15,2%, 2007ж.- 7,4%, 2008ж. – 5,6%, 2009ж. – 4,64%, 2010ж. – 9,6%, 2011ж. – 4,4%.

Жалған ақша бірліктері мен бағалы қағаздарды жасау, сақтау, не айналымға жіберу түріндегі қылмыстарды ашу, тергеу барысында төмендегідей кемшіліктер кездеседі:

-       қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу нормативтік базасының жетілдірілмеуі, баяу дамуы;

-       қылмыстық әрекетерді ашуды ұйымдастыруда құқық қорғау қызметшілерінің біліктіліктерінің жетіспеуі;

-       тергеу, жедел-іздестіру әрекеттерін жүргізуге материалдық-техникалық құралдардың жетіспеуі;

-       құқық қорғау қызметкерлерінің экономикалық және физика-химия салаларындағы ілімдерді біле бермеуі;

-       ақша-несие саласында қылмыскерлердің криминалды кәсібилігінің, ой-өрісінің дамуы және т.б.

 

Қолданылған  әдебиеттер тізімі

 

1.Бу Свенсон. Экономическая преступность /Перевод со швед. Решетова Ю.А.; под ред. Могушева. - М., 1987.- 156с.

2.Тленчиева Г.Д. Проблемы борьбы с экономической преступностью в Казахстане. -Алматы: Жеті жарғы, 1996.- 187с.

3.Дементьева Я.Я. Проблемы борьбы с экономической преступностью в зарубежных странах: Дисканд. юрид. наук:12.00.08.М.,1996.- 222c.

4.Каиржанова С. Е. Проблемы предупреждения незаконного получения и нецелевого использования кредита: Автореф… дис. канд. юрид. наук. 12.00.08. - Алматы: Высш. школа МВД РК,1998.- 28с.

5.Сербина И.А. Криминологический анализ и предупреждение преступлений, совершаемых в сфере банковской деятельности: Дис… канд. юрид. наук: 12.00.08. - М.: Юрид. инст.,1997. 237с.

6.Статистический отчет о зарегистрированных преступлениях и результатах деятельности органов уголовного преследования //Бюллетень ЦПС и Ген. Прокуратуры РК. Отчет за 1997-2010гг.