Психология/Педагогическая психология
Педагогика ғылымдарының магистрі Ажибаева Ж.Ш.
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Қазақстан Республикасы, Алматы қ.
ЖАС ҰРПАҚҚА ӘЛЕУМЕТТІК ТӘРБИЕ БЕРУДЕГІ
ОТБАСЫНЫҢ ОРНЫ
Отбасы – қоғамның
маңызды әлеуметтік институты. Бала тәрбиесiнде және
әлеуметтену үрдісінде отбасының алатын орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенiң
қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негiзгi
қызметі баланы өмiрге келтiру ғана емес, оның бойына
көне заманнан келе жатқан ұлттық
тәрбиенің тағылымдары мен аға
ұрпақтың тәжiрибесiн сiңiру,
қоғамға пайдалы жеке тұлға етiп тәрбиелеу
болып табылады. Ата-ананың өз борышын мүлтiксiз орындауы –
үлкен тәрбие мектебi. Осылайша, адамға тән
рухани-адамгершілік сапа-қасиеттерді қалыптастырып, дамытудың
негізі ең алдымен отбасында қаланады. Ал, отбасындағы
тәрбие бесік жырынан бастау алады. Осыған орай ұлы жазушы М.
Әуезов «Халқым ел болам десең, бесігіңді түзе»
деп айтып кеткендей, отбасындағы тәрбиенің бесік жырынан
нәр алуының маңызы айрықша. Ата-ана баласына
ертегі, аңыз, әңгіме, жыр-дастандарды айту арқылы,
оның ойлау, қиялдау, тыңдай білушілік пен армандау
қабілетін ұштайды.
Осылайша, бала мінез-құлқының негізін
қалыптастыруда, оның бойына рухани-адамгершілік сезімін,
инабаттылық, әділеттілік, шыншылдық тәрізді
адамдық абзал қасиеттерді егуде отбасы ең алғашқы
және басты рөлді атқарады. Нақ осы жағымды
қасиеттерді жас ұрпақтың бойына дарыту ең алдымен
отбасындағы тәрбие арқылы жүзеге асатыны белгілі.
Осымен байланысты «Тәрбие-табалдырықтан басталады» деген
нақылдың өзі өмірден алынған шындық.
Отбасында ата-анасы және өзге де отбасы мүшелері
баланың тәлімді де тәрбиелі болып өсуіне ерекше назар
аударатыны анық. Осы тұрғыдан алғанда баланың
бойына жас кезінен ұлттық сана-сезім мен рухани-адамгершілік
құндылықтардың негізін орнықтырудың
маңызы өте зор. Себебі бала жасынан қалыптасқан мінез,
тәлім-тәрбие, қарым-қатынас қағидалары
көбінесе есейгенде де сақталынады. Олай болса, «моральдың
негізгі міндеті - адамның мінез-құлқын тәрбиелеу,
осы арқылы олардың бойында адамгершілік, әдеп сақтау
қатынастарын қалыптастыру, сөйтіп адам мен қоғам
арасындағы әлеуметтік қатынасты
реттеу болып саналады» [1, 23-б]. Осымен байланысты ұлы ойшыл,
ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби адамның
бойына кішіпейілділік, қайырымдылық, шешендік,
қанағаттылық, жомарттық және т.б. ізгі
қасиеттерді негіздеуде тәрбие мәселесіне зор мән
берген. Бұл ретте ол «тәрбиелеу дегеніміз - халықтардың
бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту
деген сөз… Тәрбиелеу кезінде халықтар мен
қалалықтарға білімге негізделген қасиеттерден туатын
іс-әрекет жасау дағдысы сіңіріледі, олар осындай
іс-әрекетке жігерлендіріледі.., сөйтіп, осы қасиеттер
және бұлармен байланысты әрекеттер адамдардың жан
дүниесін баурап алатындай және адамдарды осыған
жан-тәнімен құштар ететіндей болуы көзделеді», - деген
тұжырым жасайды [2, 343-б]. Сонымен қатар, ұлы
ойшылдың жас ұрпақты жеке тұлға етіп қалыптастыруда
адамгершілік тәрбиесін негіз етіп алудың маңыздылығы
турасындағы ой-пікірлерінің орны айрықша. Соған орай
ұлы ойшыл: «Енді біз жақсы адамгершілік сапалар туралы,
сондай-ақ, осылардың негізінде туатын және мораль саласында
ең абзалы болып табылатын нәрсеге қарай ойымызды сілтейтін
мінез-құлықтың әлеуметтік нормалары екенін ескеруіміз жөн», - дейді [3].
Қазақ
халқының ұлы ойшыл философы Абай
Құнанбайұлының (1845-1904жж.) поэтикалық
шығармалары мен «Қара сөздері» педагогикалық
ой-пікірлерге толы. Ұлы ойшыл
өзінің бүкіл саналы өмірі мен шығармашылық
күш-қуатын адамды жеке тұлға етіп қалыптастыруға,
адамдық қасиеттерді биіктетуге, адамды түбірінен
жаңартып, оның рухани дүниетанымын байытуға,
жетілдіруге сарп етті.
Адам мәселесі ұлы ойшыл шығармаларындағы
негізгі рухани-әлеуметтік мәселе болып табылады. Ол адамның
жеке тұлға ретінде әлеуметтік тұрғыда жетілуіне
ықпал ететін алғышарттардың қатарында - «талап,
еңбек, терең ой, қанағат, рақымды» [4] атап көрсеткен. Толыққанды,
жетілген адам - адамгершілігі мол, білімді, еңбекқор, сабырлы,
имандылығы мен ұяты жоғары, қанағатшыл
болуға тиіс дейді. Ол халықты осындай қасиеттерді өз
бойларына дарытуға шақырып, жалпыадамзаттық ізгілік пен
рухани-адамгершілікке үндеді.
Ұлы Абай адамның әрқашан өзін-өзі
жүйелі түрде жетілдіріп, тәрбиелеп отыруына айрықша
көңіл бөліп, он бесінші сөзінде былай деп атап көрсетеді:
«…Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе,
күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса
айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол
алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай
өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды
күніңді өзің өкінбестей қылықпен
өткізіппісің?
Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді
өзің де білмей қалыппысың?» [5]. Олай болса, бұдан шығатын қорытынды – адам
күнделікті істеген әрекетіне талдау жасап, өмірін мәнді
де мағыналы өткізуге тырысып, дүниедегі өз орнын тауып,
лайықты іс-әрекет жасауға ұмтылуы тиіс.
Ұлы Абай адамды биікке көтерді, оны толық жетілген
адам дәрежесіне жеткізуді мақсат етті. Ойшыл-дана сомдаған
«Толық адам» келбеті немесе оның жүрек тәрбиесі туралы
ой қозғауы – қазақ халқының ертеден келе
жатқан ұлттық тәрбиесі мен халық
даналығынан бастау алған. Осылайша, ұлы ойшыл адам
бойындағы адамгершілік, ақыл тәрізді қасиеттерді аса
жоғары бағалаған. Ойшыл қоғам
мүшелерінің адамгершілік мінез-құлқына талдау
жасап, адамды оның жоғары деңгейдегі сана-сезіміне, өз
ел-жұртына көрсетер қызметіне қарай бағалау
керектігін атап көрсетеді. Оның адамгершілік мәселесі туралы
толғаныстарына терең үңілетін тұс – қазіргі
кезең. Еліміздің барлық саласында түбегейлі
жаңарулар болып жатқан бүгінгі күндерде ұлы
ойшылдың әлеуметтік ой-пікірлерінің оқу-тәрбие
үдерісіндегі мәні өте зор.
Ұлы Абай өзінің бүкіл саналы өмірінде
«Адам бол!» деген этикалық қағиданы ұстанып,
қалың қауымды адамгершілікке, адамшылыққа,
ізгілікке үндеді. Адамның өмірінің соңына дейін
шын мағынасында адамдық қасиетін жоғалтпай, өз
халқына адалдығын сақтап, адамзатты құрметтеуі –
бүгінгі таңда да көкейтесті мәселе. Ойшыл үлгі
етіп ұсынған адам болудың жолы әрқашан, қай
қоғамда да өзінің мән-мағынасын жоғалтпайтын
қағида болып табылады.
Ұлы Абайдың жастарды халқымыздың
әдеп-ғұрпы, салт-санасы, дәстүрінен
тәлім-тәрбие алуға шақыруы дүниежүзілік
педагогика классиктерінің ой-пікірлерімен үндеседі.
Мәіне, осылайша, өскелең ұрпақтың
жадына тәрбие қағидаларын дарыту отбасында ең алдымен
ата-анасының ыстық махаббаты мен мейірімінен, шынайы
қамқорлығынан басталады. Яғни, адамға, әлеуметтік ортаға, Отанға деген құндылықтық
қатынас бала жүрегінде
отбасы, ошақ қасында бүршік атып, бұтағын жаяды.
Сондықтан да мұны «Отан - отбасынан басталады» деп түйіндейді
халық даналығы. Жас балдырғандарға адамгершілік пен
борыштың, арлылық пен намыстың мәнін жете
ұғындырудың маңызы зор. Өйткені борышқа
деген саналы көзқарасы қалыптасқан, ар-намысы берік жас
ұрпақ ғана кейін өзінің Отан алдындағы,
халық алдындағы парызын адал орындап, адамзат бақыты мен ел
игілігі үшін қызмет ететіні сөзсіз. Біздің
міндетіміз-отбасындағы әрбір баланың жадына
«Қазақстан – менің Отаным» деген қастерлі сезімді егу
болып табылады.
Отбасының жеке тұлғаның әлеуметтік
тұрғыда қалыптасуындағы орны мен рөлі жайында
кеңестік педагогика ғылымы саласында әртүрлі пікірлер
орын алғаны белгілі. Көрнекті педагог А.С.Макаренко: «Жақсы
да, жаман да семьялар болады. Семья ойдағыдай тәрбиелейді деп кепіл
болуға болмайды. Семья қалай тәрбиелесе, солай
тәрбиелесін деп біз айта алмаймыз. Семьялық тәрбиені біз
ұйымдастыруға тиіспіз және мемлекеттік тәрбиенің
өкілі ретінде бастапқы ұйымдастырушы мектеп болуға
тиісті. Семьяларға мектеп басшылық етуге тиісті»,-деп
өскелең ұрпақты қалыптастыру ісінде
отбасына қарағанда мектеп жетекшілік рөл атқаруы керек
деген ұйғарымды ұсынды [6]. Ал, педагог-ғалым В.А.Сухомлинский: «Мектеп, семьяны,
әсіресе шешені толық дәрежеде алмастыра алмайды... Мектеп пен
ата-ананың міндеті - әр балаға бақыт беру. Бақыт
алуан қырлы. Ол – адамның өз қабілетін ашып,
еңбекті сүйіп, онда жасампаз бола білуінде де және
қоршаған дүниенің әсемдігінен ләззат алып,
басқалар үшін әсемдік жасауында да, басқа адамды
сүйіп, өзі де біреудің сүйіктісі болып балаларды
нағыз адам етіп өсіре білуінде. Тек ата-аналармен бірлесіп
ортақ күш-жігер жұмсағанда ғана
мұғалімдер балаларға зор адамдық бақыт бере
алады», - деп тек отбасымен бірлескенде ғана мектеп ізгі
қабілет-қасиеттері бойында тоғысқан жеке
тұлғаны тәрбиелей алады деген тұжырымға келді [7]. Демек, жас ұрпаққа мектеп,
ата-ана және әлеуметтік ортаның өзара сабақтаса
отырып, мақсатты түрде рухани-адамгершілік тәрбие беруді
ұйымдастыруының маңызы зор. Себебі ұлы ақын Абай
Құнанбайұлы тұжырымдағандай: «адамның
адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана,
жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады».
Демек, отбасы - адам өмірінде, оны жеке тұлға ретінде
қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Ата-ана мен
отбасының өзге мүшелері баланың жас және
жеке-дара ерекшеліктерін ескере отырып, рухани-адамгершілік тәрбие
берудің формалары мен әдістерін нақты жүзеге асыра
білуі тиіс. Қоғамда рухани-адамгершілік тәрбие беру
үдерісінде ұлттық және әлемдік деңгейдегі
құндылықтарды өзара байланыстыра отырып, жеке
тұлғаның бойындағы рухани-адамгершілік
құндылықтарды қалыптастырып, дамытудың мәні
зор.
Әдебиеттер:
1. Оразбекова К.А.
Ұлттық психология мен халық тәрбиесі
болашақтың бастауы хақында. – А.: Дәуір, 2000. - 152 б.
2. Әл-Фараби.
Бақыт жолын сілтеу // Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық
трактаттар. - Алматы: Ғылым, 1975. - 17-б.
3.
Баласағұн Ж. Құтты білік. - Алматы: Жазушы, 1986. -
175-б.
4. Абай.
Өлеңдер. - Алматы: Жазушы, 1977. - 33-б.
5. Абай. Қара
сөз, поэмалар. - Алматы Ел, 1993. – 36-б.
6. Макаренко А.С.
Коммунистік тәрбие туралы. – А.: Қазақтың мемлекеттік
оқу-педагогика баспасы, 1960. – 370-б.
7. Сухомлинский В.А.
Балаға жүрек жылуы. - А.: Мектеп, 1976. - 105, 29-бб.