Психология/Педагогическая психология
Педагогика ғылымдарының магистрі Қошжанова Г.А.
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Қазақстан Республикасы, Алматы қ.
ҚАЗАҚ
ОТБАСЫНДАҒЫ ТУЫСТЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ
ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
Отбасы - ең алғашқы тұлғаны
дамытатын әлеуметтік орта. Отбасында баланың
тұлғалық қасиетіне ықпал ететін көптеген
жағдайлар болады. Солардың ішінде әсіресе туыстық
қатынастардың алатын орны ерекше. Мәселен, отбасы
мүшелерінің мәдени деңгейі баланың түрлі
әлеуметтік құндылықтарды игеруіне әсерін
тигізеді.
Қоғамдағы заманауи өзгерістер
отбасы тәрбиесінде балаларды білімді, ізгілікті, жан-жақты
жетілген, өз өмірінің құндылығын жете
түсінетін етіп тәрбиелеуді қажет етеді. Осыған орай
отбасында балалардың мүмкіндіктерін барынша дамытып, оны
өмірде қолдана білуге, еңбек етуге, еңбектің
қандай түрі болса да атқаруға психологиялық
тұрғыдан даяр болуға, шығармашылық әрекетке
даярлыққа, әрдайым өзінің білімін жетілдіріп
отыруға тәрбиелеуге қажет. Жеке бас пайдасымен
ұжымдық пайданың үйлесімділігін табуға,
іскерлікке, ізгілікке, өздігінен ізденуге, өзін-өзі
жетілдіруге тәрбиелеудің маңызы зор.
«Баланың құқы жөніндегі
конвенцияда» отбасында баланың құқығын
қорғау, оған қамқорлық жасау
көрсетілген. Отбасындағы жас ұрпақтың
тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына
ата-ананың, отбасы мүшелерінің
қарым-қатынасындағы мейірімділік пен махаббат қажет.
Толық мәнді отбасы болу үшін ата-ананың және
басқа отбасы мүшелерінің береке бірлікті, түсінікті
сақтауы, сонымен қатар әр отбасы мүшесінің
құқығы қорғалуы тиіс. Сондай-ақ
отбасы мүшелерінің әрқайсысының
тұлғалық қадір-қасиеті сақталуы
қажет.
Тек осындай ізгілік мұраттар отбасында орын
алғанда ғана, Отанын, елін-жерін сүйетін, өз
ұлтының салт-дәстүрін, сонымен бірге жалпы
адамзаттық мәдени құндылықтарды бойына сіңіріп,
өзінің кісілік келбетін сақтай алатын тұлға
тәрбиелеуге болады. Бала отбасынан жақсыны да, жаманды да бойына
сіңіреді. Сондықтан да халқымыз «Бала ұяда не
көрсе, ұшқанда соны іледі» деп текке айтпаған.
Ғасырлар бойы қазақ отбасында
сақталған тәлімдік дәстүрлер мол. Сол
дәстүрлер сабақтастығы бүгінгі бала
тәрбиесінде жалғасын табуда. Отбасында халықтық
рухани-интеллектуалды мұраларын, мәдени
құндылықтарын жандандырып, рухани ұлттық
сипаттағы мінезді қалыптастыруды көздеу өмірдің
талабынан туындап отыр.
Баланың отбасындағы
тұлғалық қасиетін жетілдіретін жағдайдың
бірі- отбасы ішілік және отбасынан тысқары атқарылатын
еңбек. Отбасында күнделікті тұрмыс қажеттігін қамтамассыз
етуден туындайтын еңбек баланы әлеуметтік қатынасқа
түсіріп, оны ересек өмірге тәрбиелейді. Сондай
еңбектің барысында баланың жауапкершілігі артып, еңбек
ету қажеттігін түсінетін болады. Отбасы тәрбиесі кешенді
педагогикалық мақсаттылық арқылы іске асады.
Отбасындағы тәрбиенің тиімді болуы
ондағы қарым-қатынас түрлерінің орнығуына байланысты.
Отбасында түрлі қарым-қатынастар орын алады:
1)
ынтымақтастық
қарым-қатынас, яғни отбасы мүшелерінің
өзара қарым-қатынасы түсіністік пен көмекке
бағытталған;
2)
ортақ
мүддеге негізделген бірыңғай қарым-қатынас;
3)
жақсы
қарым-қатынасты сақтай отырып, өзара жетістікке жетуді
көздеген қарым-қатынас;
4)
бәсекелестік,
барлық жағдайда өзінің бәсекеде ұтуын
көздеген қарым-қатынас;
5)
түрлі
себептерден туындаған отбасындағы қайшылықты
қарым-қатынас.
Демек, әр отбасында түрлі
қарым-қатынастың орнығуынан баланың жеке тұлғалық
қасиеті қалыптасады. Отбасында түрлі
қарым-қатынас қалыптары көрініс береді. Кейбір
отбасында отбасы мүшелерін бетімен жібереді, мұндай жағдайда
ешқандай қарым-қатынас болмайды. Ал кейбір отбасында бедел
орын алған қарым-қатынас орнайды. Оның да өзіндік
ерекшеліктері бар, онда біреудің басқаларға басымдылық
танытуы, бұйыруы баланың тұлғалық
қасиетінің дамуына жағымсыз ықпал етеді. Қазіргі
кезде заман ағымына қарай, отбасында демократиялық
қарым-қатынасқа ұмттылушылық бар, яғни
әр отбасы мүшесі тең құқықты
қарым-қатынасты орнатуды көздейді [1].
Түйіндей келе, отбасында орныққан
қарым-қатынас түрі мен қалыптарына сәйкес
баланың тұлғалық қасиеттері қаланады. Бала
әрқашан да ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті
қажет етеді, ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды. Бала
үшін ата-ана игілік жасушы, үлгі -өнеге көрсетуші
және ақыл кеңес айтушы болып табылады.
Қазіргі отбасы тәрбиесіндегі басты нысана
баламен рухани үндестік пен үйлесімдікке ұмтылу, ата-баба
мұрасын сақтауға көңіл бөлу,
халықтың тәлімдік мұрасын бүгінгі күнмен
сабақтастыру болып табылады. Осыған орай отбасында
еңбексүйгіштікке, баланың жасына сай еңбек
түрлеріне және қоғамдық пайдалы еңбекке
баулуды іске асыру қажет. Ата-ана және әлеуметтік орта
болашақ азаматтың денсаулығын жастайынан сақтау
үшін, оның тәнінің дұрыс түзіліп
қалыптасуына, салауатты өмір салтын нығайтуға ерекше
мән бергені бүгінгі күннің өзекті
мәселенің бірі болып саналады.
Әр отбасы ата тегінен келе жатқан
кәсіби өнерін, атқарған еңбегін
құрметтеп, оны кейінгі ұрпаққа
үлгі-өнеге еткен, бірлесіп атқарған пайдалы
қоғамдық еңбек барысында адамгершілік
қағидаларды қатаң сақтап, дамытып отырған, ұрпағына
ақыл-кеңес беріп, ата кәсібін құрметтеп, қалыптасқан
дәстүрді жетілдірген.
Қазақ халқы туыстық,
отбасылық қатынастарды бала кезінен қалыптастырған.
Мысалы, ойын ойнау, көркем өнермен шұғылдану,
еңбекке баланы қатыстыру арқылы ересек адам мен баланың
қарым-қатынасын нығайтуды көздеген.
Туыстарға, айналасындағыларға
қамқор бола білу, қиын жағдайда оларға қол
ұшын беру туған жерді, ондағы табиғатты сүю, оны
қорғау күнделікті өмір салтына айналған. Ересек
бала өзінен кішімен қарым-қатынас құрып,
әлеуметтік мәдени қалыптарды үйретіп, қамқорлық
көрсетіп, өз ісіне жауапкершілікпен қараған. Отбасында
қалыптасқан дәстүрлі мерекелерді өткізу
арқылы баланың тұлғалық қасиетін жетілдіру
іске асырылған. Мысалы, баланың дүниеге келуі кәмелетке
толуы,үйлену тойы т.б.
Отбасылық қарым-қатынастың
негізінде үнемі балаға қамқорлық көрсетіп,
ол отбасы мүшесі, оның пікірі мен көмегі үлкендерге
қажет деген сенімін қалыптастыру керек.
Халық даналығына назар аударсақ, ол
былай дейді: «Егер сен бір жылдық өміріңді ойласаң,
онда арпа ек, он жылдық өміріңді ойласаң, онда
ағаш ек, ал ғасырлық өміріңді ойласаң, онда
бала тәрбиеле».
Қазақ халқы баланы дүниедегі
барлық асылдан жоғары бағалаған, болашағына,
арманына балаған. Сондықтан да халқымыз «Балалы үй -
базар, баласыз үй – қу мазар» «Босағасын алтыннан
соқсаң да, перзент сүймей, адамның мейірімі
қанбас», «Ақыл-тойға келген қыз емес пе, айлық
қолға ұстаған мұз емес пе» деп барлық асыл
сөздерін арнаған.
Қазақ
отбасы көбінесе көп балалы болып келген. Қазақ отбасы
ата-ана, әке-шеше, балалар үш
ұрпақты құрамнан тұрған. Отбасы
экономикалық жағынан қамтамассыз етіліп отырған. Ата-ана
мен әке-шешенің қарым-қатынасы жас баланың
адамгершілік жағынан толысып жетілуіне үлкен үлес
қосады және ізгілікті іске баулиды.
Кейіннен
экономикалық әлеуметтік жағдайға қарай отбасы
мүшелері жағындалып, жастардың отбасы үлкендерден
бөлек тұратын болды. Осыған орай, ұрпақ
тәрбиесіндегі атадан балаға беріліп келе жатқан
тәрбиелік сабақтастық үзілді. Дегенмен де жас отаулар
бөлектенгенмен ата мен әженің немере тәрбиесіне
ықпалы зор. Үлкендер немере тәрбиесінен қол
үзгілері келмейді. Үш ұрпақты
құрамдағы қазақ отбасы өзінің
құрылымын әлеуметтік жағдайлардың себебінен
сақтай алмады. Солай болса да, жас отбасылар үлкендердің бала
тәрбиесіндегі ықпалын сақтауға тырысады. Түйінін
айтқанда, үш ұрпақты құрамды отбасы
мүшелерінің арасындағы қарым-қатынастың
тәрбиелік мәні ерекше, бірақ та, оны іске асыруда екі
түрлі мәселе туындайды. Біріншіден, үш ұрпақты
құрамдағы отбасының мүмкіндігі толық
қолданылмайды. Оның бірнеше себептері бар: отбасындағы
үлкендер мен немерелер арасындағы қарым-қатынас
өз мәнінде емес.
Үлкендер
бала тәрбиесіне «қатыспау» бақылау жағын
ұстанады, өйткені отбасы мүшелерінің
көзқарасында қайшылықтар бар. Екіншіден, қала мен
ауылдың алшақтығынан, ата-әжелер алыстағы
немерелерімен тығыз қарым-қатынас ұстай алмайды. Жас
отбасылар бөлек тұратындықтан үлкендерге көмек
көрсете алмайды, сол сияқты үлкендер де бала
тәрбиесінен аулақ болады. Ұрпақтар
сабақтастығы үзілгендіктен, жас ұрпақ бойында
қара басының қамын ойлау тәкәппарлық,
шарасыздық белең алса, ал үлкендерде оқшаулық,
балаларына қажетсіздік сияқты сезім орнығады .
Рухани-адамгершілік
сезімді қалыптастыратын педагогикалық факторлар: отбасы
мүшелерінің дұрыс қарым-қатынасы, баланы
адамгершілікке тәрбиелейді.
Түйіндей
келе, отбасындағы тәрбиеде үлкендердің басқа отбасы
мүшелерімен дұрыс қарым-қатынас құруы - жас
ұрпақты ізгілікке тәрбиелейді деген сенімін нығайту
керек. Сонымен үш құрамды ұрпақты отбасының
тәрбиелік мүмкіндігі толық мәнінде пайдаланылмайды.
Бұл мәселе әлі де зерттеуді қажет етеді.
Қоңыр қазақтың өзіне тән барша
қасиетін ана сүтімен, жусан иісімен, күйдің
күмбірімен, саумал иісті самалдың лебімен бойына дарытқан,
көкірегі ояу, көзі ашық, халқының тарихын,
өнері мен мәдениетін, тұмса тұнық әдебиетін,
ғұрпын, салтын білетін, «Мен қазақпын!» дей алатын
азамат өзінің шықкан тегін, кіндік кесіп, кір жуған ата
жұртын қастерлеп, жеті атасын жадында тұтуы шарт. «Жеті атасын білген ұл жеті
рулы елді біледі» дегенді сөз салмақтап, ой баққан
атамыз қазақ тегін айтпаған болар. «Қырық рулы
елміз, қарға тамырлы қазақпыз» деген сөз де
баяғыдан келе жатыр. Бұл қазақтың
аралас-құралас, алыс берісті, құда жекжат,
жамағайын жұрағаттығын аңғартатын сонау
іргеміз сөгіліп қаймағымыз бұзылмаған заманадан
жеткен ұғым. Өткенімізді қарап отырсақ,. ел
бастаған көсем де ділмар шешен де, ақиық ақын, ел
қорғаны батыр да осы сөздерді жиі айтқан. Алысты
жақын тұтқан, жақынды бауыр тұтқан.
Туыстық желіні үзбеген. Береке-бірлікті бұзбаған.
Үлкені сөз бастаған, кішісі ағаның сөзін
қостаған. Сүттей ұйып ғұмыр кешкен. Ел
шетіне жау келсе даңкты бабаларының атын ұран қып
шақырып, канымыз, жанымыз бір, руымыз, туымыз бір, тегіміз, кегіміз бір,
еліміз, жеріміз бір, суымыз нуымыз бір Ер Түріктің
ұрпағы, алаштың азаматымыз десіп бәтуаласып, баталасып
бес қаруын асынып, ат құйрығын түйісіп бір
байрақтың түбінен табылған.
Қаймана
қазақ түз төсінде жолыға калса жеті атасын
таратысып, егжей-тегжей жөн сұраса келе: «Ой. сен өзі
бөтен болмадың, тіпті ет жақын туысым болып
шықтың, бізге жиен екенсің немесе нағашы не
құда екенсің ғой» десіп шұрқыраса табысып
құшақтары қабысып, әзілдері жарасып, ел
жұрт, бала шағаның амандық-саулығын сұрасып
бір жасасып қалады. Бұның бәрі халқымыздың
айрықша қасиеті. Басқа жұртқа
ұқсамайтын ерекшелігі. Қазақы бауырмалдылық.
Қазақтың казақтығының бір
ұшы осында жатыр. Бірақ кейінгі жылдары біз өзімізге табиғи
тән осы қасиетімізден де ажырап бара жатқандаймыз.
Қазір екінін бірі жеті атасын біле бермейді. Тіпті кіммен калай
туысатынын да ажырата алмайды. Ілуде біреуден: «Осы пәлен
шекең сенің кімің?» деп сұрасаң:
«Білмеймін. әйтеуір туысқанбыз, әке шешеміз көзі
тірісінде бауыр тұтып жүретін, бір жақындығы бар
шығар» дейді. Ал кейбір білгендерінің өзі мысалы, жиеншары
болса «әкемнің туған қарындасының баласының
баласы» деп шұбыртады. Қалай туысатынын түсінгенмен кімім
дерін білмей қиналады. Әсіресе кейінгі жастар туыстық
қатынастардың ара жігін ажыратып. жіліктеп айтуға
шорқақ [2].
Төңкеріске
дейін қазақ арасында патриархалық-рулық
қатынастың сілемі сақталып келгенін — олардағы
туысқандық қарым-қатынастан да анық көруге
болады. Айталық, жеті атаға дейін қыз алыспау, яғни
экзогамия заңына негізделген бұл жора олардың
санасындағы өте әріге кететін тектік жақындықты
ұмытпаушылықты көрсетеді. Мәселен, тікелей
мұрагері немесе әмеңгері қалмаған жағдайда
мал-мүліктің де, жесірдің де, өлген адамға
туысқандық жақындығына қарай немере, шөбере
немесе аталас және руластарының иелігіне өтуі —
қазақ арасында туыстық қатынастың беріктігіне
дәлел бола алады.
Туыстық
қатынас өлгеннің артында қалған
мұраға иелік етуге ғана байланысты емес. Өйткені
туысқандық қарым-қатынас бір-біріне әр
түрлі жағдайда көмек көрсету кезінде де анық
байқалады. Мәселен, қыз ұзату, келін түсіру, енші
бөліп беру сияқты қуаныш кезінде, немесе кісісі өлген
үйге аза салу, оның жетісі, қырқы, жүзі
және жылын беру, әки әр түрлі кездейсоқ
апаттарға (жұт, өрт т.б.) ұшырап, мал-мүліктен
жұрдай болған туысқа туыстық жақындығына
немесе өз шама-шарқына қарай «косқаным» деп көмек
көрсету әдеті бұған дәлел. Мұндай
көмек қазақ арасында «жылу», «немеурін», «үме» деп
аталған. Осындай туыстық, қала берді рулық ауызбірлік,
ынтымақтық нәтижесінде «көп жиылса көл» болар
деген мақал калыптасса керек.
Бір-біріне
көмек беру әдеті өте ертеде қалыптасқан,
яғни оның түп тамыры рулық құрылысқа
кететіні даусыз. Сондықтан да ол кездегі әрбір ру
мүшесінің қоғамдағы орны, салмағы бірдей
болды. Келе-келе жеке меншіктің, таптың шығуына байланысты
өзара сілетсіз көмектің де мәні өзгерді,
таптық сипат алды. Туыстық көмек дегенді желеу етіп,
ауқатты, ықпалды адамдар өздеріне көбірек көмек
жинаса, яғни оған маңайдағы толып жаткан ел түгел
үлес қосса, кедейлерге арналған көмекке қосылатын
үлестердің мүшелері де тым шағын болумен бірге,
оған азғантай ғана жақын туыстар қосылатын.
«Алмақтың да салмағы бар» немесе «Бай — байға, сай
сайға құяды» деген мақалдың өзі осыны
дәлелдейді.
Қазақта
туыстық қатынастарды өзара сабақтас үш
жұртка топқа бөліп атайды. Біріншісі — адамның
әкесі жағынан туысатын өз жұрты әйелдер
төркін жұртым деп атайды. Екіншісі шешесі жағынан туысатын
нағашы жұрты. Ал. үшіншісі әйелі не күйеуі
жағынан туысатын қайын жұрты.
Адамның
өз жұрты жеті ұрпаққа таратылып аталады. Олар
айтушының атасы мен әжесі (апасы); әжесі мен шешесі анасы):
өзі; ұлы мен қызы, ұлдан туған немере мен
қыздан туған жиен; немереден туған шөбере мен жиеннен
туған жиеншар және жетінші ұрпақ — шөбереден
туған немене шөпшек) мен жиеншардан туған туажат. Ал
үлкен әкесінен атасынан) арғы ата-бабаларын арғы атам,
бабам ұлы бабам, ұлы анам деп атайды немес үшінші,
төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші атамыз деп рет санына қарай да
айта береді. Арғы аталарымен бірге туысқан еркек кіндікті
адамдардан тарайтын ұрпақтарды аталас жақыным, ағайыным
дейді. Әкесінің аға, інісінің балаларын немере
ағам, немере апайым, немере іні, немере қарындасым немесе біз бір-бірімізбен
бір атадан тарайтын немере туысқанбыз деседі. Осы немере
жақындардың ұл-қызы мен үлкен
әкесінің аға інісінің немерелері айтушы адамға
шөбере туыс болып келеді. Қазақ арасындағы
туысқандық қарым-қатынас тек ерлер тарапынан ғана
болып қоймайды, қыздар ұрпағы, жиендер мен нағашы
арасындағы қарым-қатынас та ерекше көңіл аударуды
қажет етеді. Сондықтан болар, жиен көңілі түскен
нәрсесін: жүйрік ат, қыран бүркіт, қаршыға,
алғыр тазы, берен мылтық т.б. осы сияқты бұйымтайын
нағашысы қолынан бермесе, жиен жолынан алуға ерікті, ол
үшін жиен айыпты болмайды. Жиеннің қаңдай еркелігі
болсын, нағашы жұрты көтереді де, оған әрдайым
қамқорлық жасап отырады.
Туыстық
жүйе атауларымен бірге, қазақта
құдандалыққа негізделген жақындық атаулары
да молшылық. Бірақ бұларға байланысты атау 3—4
ұрпақтан аспайды да, құдалар арасындағы қарым-қатынас
осы шеңбердің көлемінде ғана болып тұрады.
Қазақтағы туыстық және жақындық
жүйе әлі жете зерттелмеген мәселе.
Әдебиеттер:
1. Жарықбаев
Қ.Б., Қалиев С.Қ. Қазақтың
тәлім-тәрбиесі. – Алматы, 1998
2. Оразбекова К.А.
Ұлттық психология мен халық тәрбиесі
болашақтың бастауы хақында. – А.: Дәуір, 2000. - 152 б.