Медиева С.Х.,  Нурдинова Т.Е., Момынхан Н.А.

              Е.А.Бөкетов атындағы  Қарағанды мемлекеттік   университеті

               Қазақ батырлық жырларының тәрбиелік мәні  

 

           Батырлық жырлар, батырлар жыры-ауыз әдебиетіндегі  ең бай да көне жанрлардың бірі. Қаһармандық эпос деп те аталады. Батырлық жырлар  халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстарды бейнелеп береді. Бірақ онда тарихи оқиғалар тізбегі өмірде болған қалпында емес, жырдың көркемдік шешіміне лайықты өріледі. Бас кейіпкердің жүріс-тұрысына, өзге елге ерлік сапарға шығуына және өз елін жаудан азат етуіне байланысты оқиғалар бір қаһарманның маңына топталып, соның бейнесін ашуға қызмет етеді. Эпос желісі белгілі бір тарихи дәуірге табан тіреп, соны көрсетіп отырғанымен, оған көбіне түрлі заманның оқиғаларын бір қаһарманға теліп жырлап беру тән. Батырлық жырлардың осы өзгешелігіне байланысты ғылыми ортада көптен бері түрлі тұжырымдар орын алып келеді. Ресейлік зерттеушілер (Б.А. Рыбаков, Р.С. Липец, т.б.) және кейбір қазақ ғалымдары (Әлкей Марғұлан , Әуелбек Қоңыратбаев  т.б.) эпостық жырлардағы тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға сүйене отырып, жыр мен тарихтың жақындығын тілге тиек етсе, енді бір топ ғалымдар (В.Я. Пропп, Б.Н. Путилов, т.б.) эпостың нақты тарихи оқиғаларға қатысы жанама түрде ғана көрінеді деген пікірді алға тартады. Соңғы кездері, эпостық жырларда тарихтың да, көркемдік шарттылықтың да белгілі бір дәрежеде орын алатынын, бұл екеуінің үнемі бірге әдіптеліп отыратынын негіздеген зерттеулер жарыққа шықты [5].

     Фольклордың өзге жанрларына қарағанда, Батырлық жырлардың көтерер жүгі анағұрлым үлкен. Халық  тарихында орын алған, не орын алуға тиіс оқиғалар мейлінше жинақталып, әрі іріленіп суреттелумен бірге, олардың ел-жұрт , мемлекет тағдырындағы шешуші мәніне де көңіл бөлінеді. Елді біріктірген, немесе ынтымағын ыдыратқан оқиғалар саяси-әлеум. түп-тамырымен бірге ашылып көрсетіледі. Осының бәрінің бел ортасында халықтың аңсары ауған, әсіре мадақталған, мұраттас қаһарманы жүреді. Оның іс-әрекетінде қара басының қамынан мейлінше жоғары елдік, халықтық мүдде қашан да бірінші кезекте тұрады. Сондықтан болар, жырлардағы үлкенді-кішілі оқиғалардың бәрі де сол қаһарманның іс-әрекеті мен түсінігі арқылы тізбектеліп өтіп жатады. Сол арқылы халық іс жүзінде тарихи оқиғалар мен қоғамдық-әлеум. жағдайларға өз көзқарасын білдіреді. Сөйтіп, қаһармандық эпос тарихтағы оқиғалардың халықтық тұрғыдан бейнеленген, оның халық санасындағы көркем тілмен баяндалған шежіресі қызметін атқарады. Батырлық жырлардың ғасырлар бойы қалыптасқан көркемдік дәстүрі бар. Оны жыр құрылымынан да, оқиғалардың орналасу ретінен де, кейіпкердің бастан-аяқ атқарған ісіндегі бірыңғай тектестіктен де көреміз.[1]

         Әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі өзіне тән мәдени мұрасын оқу-тәрбиеге енгізудің ықпалы зор.Ұлттық тәрбие жүрекке жақын болғанымен, ауқымы шексіз, белгілі бір жүйеге келтірілмеген тың дүниелер.

        Оқу үрдісінде аса маңызды буын болып табылатын білім беру мен тәрбие ісін ұлттық мұрат, мемлекеттік мүдде тұрғысынан зерделей отырып дамыту - тәуелсіз еліміздің келешегін тәрбиелеуге өз өмірлерін арнаған ұстаздар қауымына үлкен талаптар жүктейді. Әсіресе, Елбасының тікелей бастамасынан бастау алып, бүгінде елдік іске ұласқан «Мәдени мұра» бағдарламасының түп мақсатына зер салар болсақ, халықтық қазынаның қадір-қасиетін, ұлттық ұлағатты мәдени жәдігерлер негізінде жас ұрпақтың санасына сіңіру болып табылатынын көреміз.

          Жас ұрпақтың жігерін жанып, асыл сезімдерін ұштауға әдебиет пен өнер шығармаларының тигізетін ықпалы шексіз. Әдебиетіміз бен өнеріміздің қуатты күшін қазақтың тәуелсіз мемлекетін нығайтуға, ұлттық бірлікке, жастарды Отан сүюге баулуға, азаматтық міндеттерге үндеуге пайдалану алдыңғы кезекте тұр.

        Ұлттық мәдениетіміздің ең үлкен бір саласы - көркем әдебиет десек, сол әдебиеттің ертеден келе жатқан әлеуметтік жүгі мол, кең өрісті саласының бірі - батырлар жыры. Батырлар жырының көркемдік ерекшелігі мен мәні туралы Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан сияқты көптеген ғалымдарымыздың құнды еңбектері бар. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі батырлар жырының мазмұн байлығы мен ой тереңдігі, кейіпкерлердің даралығы туралы тың пікірлері толық зерттеліп бітті деп айта алмаймыз.  Халық ауыз әдебиеті уағыздаған сан-салалы ғибраттар батырлар жырында молынан кездесетіндіктен, әр ұстаз соның мән-мазмұнын ашып, оқушы жанына сіңіруге талаптануда.

         Ауыз әдебиетінің ең үлкен саласының бірі ретінде батырлар жырын педагогика ғылымы саласынан зерттесе, патриоттық тәрбие туралы ұғымдар ашылар еді. Белгілі әдебиетші ғалым Ә.Қоңыратбаев: « Ел, халық санасымен жасалған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жырында ел тәуелсіздігін сыртқы жаулардан қорғау сарыны үстем» деген. Шынында да, батырлар жырында патриоттық сезімді ардақтап, батырлықты мадақтаған, ақылдылық, парасаттылық, достық тәрізді адамгершілік игі қасиеттер дәріптелген[6].

           Қай халық болсын өзінің батырлар жырында елеулі оқиғаларды көркем бейне арқылы жинақтап, өзінше бағалайды, өзінің көзқарасын білдіреді. Сол бейне - халықтың алып қуатының, қажымас қайратының, сарқылмас күйінің көрінісі. Олар жеке басының қамын ойламайды, елдің амандығы, бүтіндігі үшін отқа күйіп, суға батудан тайынбайтын ержүрек қаһармандар. Айталық, «Алпамыс батыр» жыры халықтың бірлігін, тұтастығын, ынтымағын армандаудан туған. Бірлігі бар ел ғана жауға қарсы тұрып, туған жердің қасиетті топырағын жауға таптатпайды деген түйін жатыр. Елдің тұтастығын сақтап, жауына қарсы айбат көрсетіп, халқына қамқор болатын - оның батыр ұлдары. Алпамыс-сондай ерен ерлердің бірі. Ол Тайшық ханның қанды шеңгелінен елін аман алып қаламын деп , оның құрған қақпанына байқаусызда түсіп,жеті жыл қапас зынданда отырады. Жырда Алпамыс тек қана қара күштің иесі емес, адамгершілік қасиеті өте жоғары, он саусағынан өнер тамған шебер екендігі білінеді. Сонымен қатар, Отанын, ата-анасын, туған-туыстарын құлай сүйген нәзік жан [3].

       Эпостық жырлардың басты тақырыбы – Отаншылдық, ұлтжандылық, туған жер мен елді қорғау мәселесі. «Алпамыс батырда» қаһарманның қас дұшпаны Тайшық ханның қызы Қаракөзайымның Алпамысқа достық қолын созуы, «Ер Тарғында» хан қызы Ақжүністің Тарғынды таңдауын көрсетудің негізінде отаншылдық идеясы жатыр.

         Батырлар жырындағы патриоттық сезімдерді бүгінгі ұрпақтың санасына ұстаздық шеберлікпен біртіндеп сіңіру қажет. Себебі: батырлар жырында ел тағдыры, келер ұрпақ қамы, адамгершілік, ар-ождан мәселелері жан-жақты сөз болады. Ар-ұятты қашанда бірінші қойған батырлар үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу жағынан алдарына жан салмаған.

         Еліміздің ежелден дәріптеп, қастерлеп келген батырлар жырының асылын тарихтың рухани көш-керуеніне ілестіріп отыру арқылы бүгінгі және болашақ ұрпақ қамын қамдау өскелең өмірдің талабы болып отыр. Елбасы Н.Назарбаев: «Халықтың тарихи зердесін ояту керек, еліміздің өмірінде өшпес із қалдырған қоғам және мемлекет қайраткерлерінің келбетін жұрттың жадында жаңғыртуымыз керек. Бірақ бұл жұмыс жүйелі, зерделі зерттеулердің, білікті сараптамалардың негізінде барынша дәйекті тұрғыда жүргізілуі тиіс» деген («Егемен Қазақстан»,14.04.2001 ж.). Бұл талаптар орыстың ұлы жазушысы Л.Н.Толстойдың «Өткенді жақсы білмейінше, келешекке сапар шегу айсыз қараңғыда сүрлеу соқпақ іздеп адасумен пара-пар» деген ойымен сабақтасып жатыр.Сондықтан да еліміздің болашақ тұтқасын қолдарына ұстағалы отырған бүгінгі жеткіншектерге адамзаттың ақыл-ойы мен мәдениетінің дамуындағы бағалы байлықтың бәрін игере отырып,ең әуелі, туған елі мен жері дегенде көкірегі қарс айрылатан азамат етіп тәрбиелеу қажет.Тәуелсіздікке қол жеткізген тарихқа көз жүгіртіп, оны ұрпақ санасына сіңіре отырып, өз Отанын сүйетін, мақтан тұтатын және оның қамын жейтін, ол үшін күресе білетін азамат тәрбиелеу-біздің басты міндетіміз.

       Ауыз әдебиетінің бағы заманнан ескірмей ұрпақтан–ұрпаққа ауысып отырған күрделі де мол бір саласы-батырлар жыры. Бұл жырларды жыршы–жыраулар ғасырлар бойы қобызға немесе домбырыға қосып, белгілі бір әнмен айтып, ауыздан-ауызға таратып келген. Қазақ батырлар жырындағы басты қаһарман елін сүйген батыр, ал оның басты мақсат-мұраты-халқын, Отанын басқыншы жаудан қорғау. Батырлар жырларынан ерте замандағы баласы жоқ қарттың, бастаушысы жоқ елдің басқадан жәбір-жапа көретіні де танылады. Басқыншылардан қорғайтын батыр жайлы жырлар ел қиялында осындай зарығу, торығу тұсында туады. Мұндай батырды халық қартайған ата-ананың амандығы үшін қажет деп біліп, оның көршілес рулармен де күш біріктіруін көздейді. "Алпамыс батыр”, "Қобыланды батыр”, "Ер Тарғын”, "Қамбар батыр” сықылды қазақ батырлар жырларында қалмақ, моңғол басқыншыларының шабуылы баяндалып, қазақ батырларының сол күрестегі ерлігі жырланады. Олардың отаншылдығы мен адалдығы, уәдеге беріктігі зұлымдық пен қиянатқа қарсы қойылады [4].

         Батырлыр жыры эмоциялық әсермен тыңдаушының ынтасын арттырып, көріктілігімен көкейге қонады, ол шаттандырады, ондағы трагедиялық және қуанышты жайларды тебірене сезініп, ыстық жаспен, ынталы ықыласпен қабылдайды. Сондықтан ақын болмаса да, асыл жырларды  жаттап алушылар көп болған. Жаттампаздық құрғақ жаттау емес, жадында  жақсыны сақтап, өнегелі өмірге пайдалана  білуді халық әрқашан да мақсат еткен. Ел Ер Тарғындай ер болуды, Қобыландыдай батыр болуды, Қамбардай қамқоршы болуды ұрпақтарына үлгі еткен.

        “Сөз сүйектен өтеді” деген халық сөз өнерін тәрбиенің күшті қаруы етіп, өмірге пайдалана білді. Өмірдің өзі түсіндіретін халық философиясы ауыз әдебиеті болды. “Қара қылды қақ жаратын” әділдік, арды, намысты аяққа басқан зұлымдық, ел сүйінген ерлік, дарқан ойлы даналық, қояннан жаман қорқақтық батырлар жырында айқын сарапталып, ақылмен екшеленіп, ерекше әсерлерімен тыңдаушыларын баурап отырды.

        Қаршадайынан халықтың батырлық жырларын сүйе тыңдап өскен әрбір жас еліне пайда тигізетін ер болуды армандады. Жеке адамдардың жетесіне жеткен қара бастың қамын ойлайтын психологияға осындай жырлардағы халықтық ойлар қарсы қойылып отырды. Халық ер мен езді, ақылды мен ақымақты, еңбекшіл мен тірліксізді айқын бағалап, ұрпақтарына жақсыны үйретті, жаманнан жирентті [2].

       Тәрбие мүддесіне сай халық эпостық шығармаларға тыңдаушы сезінетіндей етіп эмоциялық әсері күшті сюжеттер ендірді, мінездеу мен шарықтау шегі неғұрлым әсерлі болуын қарастырды, жеке образдар көркем де шебер жасалынып, есте мәңгі қалатындай әсерлі болды, ой түйіндері өнегелі өрнекпен құрылды.

        Бағдарлай зерттеп байқасақ, бір ғана батырлар жырының өзінде тәрбиенің алуан түрі бар. Дене шынықтыру тәрбиесі, ақыл-ой тәрбиесі, эстетикалық тәрбие, отансүйгіштік тәрбие, еңбексүйгіштік тәрбие, еңбек тәрбиесі- батырлық жырлардың табиғатындағы мақсатты мұрат – міне, осылар.

         Қорыта айтқанда,  « Патриотизм өзінен-өзі келетін қасиет емес. «Отанды сүй» деп жалаң айғайлау жастарды патриотизмге тәрбиелеу боп табыла бермейді, міне,  мынадай Отанды сүй деп тәрбиелесек, сірә, сол ұғымды болар. Ол үшін ауқымды мемлекеттік бағдарлама, мәдениет жөніндегі заң керек » деген Д.Исабековтің пікірі өте орынды.               

 

                                   Пайдаланылған әдебиеттер
1. Ә.Б. Қоңыратбаев «Қазақ фольклорының тарихы».Алматы, «Ана тілі»1991 ж.
2. Д.С. Исабеков ХХ ғасыр: «Қазақ мәдениеті, тілі мен өнері» 2011ж
3. М.Н. Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті». «Алпамыс батыр»,1959 ж.
4. М.Н. Ғабдуллин «Қазақ халқының ауыз әдебиеті». «Ер Тарғын».А.,1959 ж.
5. Қ.Б.«Жұмалиев Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері».А.,1958 ж.
6. Батырлар жыры. 1-том.А.  «Жазушы», 2006 ж.